Филология. Реферат. Мақал-мәтелдердің мағыналық тіркестерге қарай жіктелуі
Мақал-мәтелдер – халық шежіресі, ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатқан ауыз әдебиетінің үлгілеріне жататын халықтың асыл қазынасы. Мақал-мәтелдер – халық шығармашылығының көне жанры. Олар көне заманда пайда болды, және өз пайда болу тарихымен ғасырлар тереңіне кетеді. Олардың көбі жазу шықпай тұрып пайда болды. Сондықтан олардың алғашқы қайнар көздері туралы мәселе ашық болып саналады.
Мақал-мәтелдердің табиғатына тән қасиет – олар белгілі бір тілде сөйлеуші халықтың өткен өмірі мен барлық болмысының куәгері іспеттес оның дүниетанымы мен даналығын бойына сақтап, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей ауысып келе жатқан асыл мұра, рухани қазына болып саналады.
Қазақ халқы, басқа халықтар секілді, жазусыз, өнерсіз болмаған кездің өзінде-ақ, ауыз әдебиетінің әр түрлі үлгілерін тудырып, солар арқылы тұрмыс-тіршілігінің әр алуан жақтарын суреттеген: қоғамдық өмірін, дүниеге көзқарасын, таптық күресін, арман-мүддесін, т.б. бейнелеп көрсеткен. Осы негізде туған және ауыз әдебиетінің күрделі бір түрі деп халықтың мақал-мәтелдерін айтамыз [1, 26].
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Ш. Уәлиханов. Ш. Уәлиханов пен Н.Н. Березин архивтерінде XIX ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден аса мақал-мәтелдер сақталған. Сондай-ақ, қазақ ауыз әдебиетінің басқа үлгілерімен бірге қазақ мақалдары мен мәтелдерін де жинақтап, жеке жинақтар шығарып, қазақ тілі мен әдебиетінің, тіл ғылымының, мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан Ы. Алтынсарин, Ә. Диваев, В. Радлов, Ш. Ибрагимов, М. Терентьев, т.б. сынды ағартушы-ғалымдардың еңбегі ерекше. Қазақ мақал-мәтелдерінің ғылыми тұрғыдан зерттелуіне арналған іргелі монографиялық зерттеулер де, мақалалар да баршылық. Солардың ішінен ғалым Б. Шалабаев алғашқылардың бірі болып, аталмыш тұрақты тіркестер тобын арнайы қарастырып, олардың негізгі мағыналық топтарын, жанрлық ерекшеліктерін анықтады. М. Ғабдуллин өзінің «Қазақ халкының ауыз әдебиеті» деген еңбегінде қазақ халкының шаруашылығын, кәсібін, тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын мақал-мәтелдердің өмір танытқыштық мәні мен қызметін айқындаса, С. Нұрышев оларды даму тарихы тұрғысынан қарастырды.
Мақал-мәтелдерді зерттеуде біршама ғалымдардың еңбегін атап көрсетуге болады. Мақал-мәтелдердің тілдік табиғаты олардың басқа тұрақты тіркестермен ұқсастықтары немесе ерекшеліктері А. Байтұрсынов, І. Кеңесбаев, Р. Сәрсенбаев, Б. Адамбаев, Ә. Қайдар, С. Нұрышев, Ғ. Мұсабаев, М. Ғабдуллин, Ғ. Тұрабаева салыстырмалы-салғастырмалы тұрғыдан А. Нұрмаханов, Э. Мұқышева, А. Дондаева, Д. Беғалықызы т.б жұмыстарында қарастырылған.
Мақал-мәтелдер тіл білімінде әр түрлі бағытта қарастырылып келеді. Отандық ғалымдар арасында өз зерттеу еңбектеріне мақал-мәтелдер тақырыбын арқау етіп алған ғалымдар жетерлік. Атап айтар болсақ, Б. Адамбаевтың мақал-мәтелдер және шешендік сөздер деген өзара байланысты екі бөлімнен тұратын «Халық даналығы» атты монографиясы, Р. Сарсенбаевтың «Қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктері», Ғ. Тұрабаеваның «Окказиональные преобразования пословиц и поговорок в казахском языке», А. Донбаеваның «Араб және қазақ мақал-мәтелдерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері» атты кандидаттық диссертациялары мақал-мәтелдердің түрлі қырынан зерттелгендігін көрсетеді.
Мақал-мәтелдерді негізінен паремиология ғылымы зерттейді. Паремиология – мақал-мәтелдер мен әр алуан қанатты-нақыл сөздерді жан-жақты зерттеуге байланысты пайда болған тіл білімінің дербес те жаңа салаларының бірі.
«Қазақ халқы да өзге халықтар сияқты – әр – қилы заманннан өтіп, сұрыптала сұлуланып, жинала сақталып, бүгінгі күнге жеткен көл – көсір фольклоры бар халық. Соның ішінде мақал – мәтелдерге өте бай ел. Тегінде, қазақ мақал – мәтелдерінің қағазға түсуі, кітапқа кіруі, кешеулеу басталғанына және тірнектеушісі оншама көп болмағанына қарамастан, бұл күндерде кітап болып халық қолында жүрген қазынамызды олқысына да алмаймыз, місе де тұтпаймыз [2, 432].
Мақал-мәтелдер – ауызша халық шығармашылығының кең тараған жанры.
Мақал-мәтелдердің тақырыбы алуан түрлі, себебі мақал-мәтелдердің бойына бір ғана көркем сөз тәсілінің ауқымына сыя бермейтін көптеген басқа да қасиеттер мол шоғырланған. Мұнда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытылады.
Мақал мен мәтел егіз жанр, тіпті бір жанр деп қарастыруға болады. Дегенмен мағынасына, құрылысына, атқаратын қызметіне жі ті қарағанда кейбір өзіндік айырмашылықтары да жоқ емес. Мақал аяқталған ойды білдіреді, өз алдына тұрып та дербес мағына береді. Ғалым К. Аханов пен М. Ғабдуллиннің пікірлеріне сүйенсек, мәтел синтаксистік құрылымы толық емес, жеке тұрып тиянақты ойды бере алмайтын, тек айтылған ойды ажарлай, айқындау үшін қолданылатын, сөз оралымы қалыптасқан сөйлем, пікірдің элементі деуге болады. Мақалдарды мәтелдерден айыра білу қажет. Мақалдың басты өзгешелігі болып оның бі тімі және дидактикалық мазмұны табылады. Мақал-мәтелдер – сөздік құрамның халық өміріндегі әрқилы кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды жете саралайды. Мақал – мәтелдердің тілдік сипатын, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктерін, бір – бірінен айырмасын түсіну қажет. Мақал мен мәтел бір – біріне ұқсас болғанымен, құрылымы, білдіретін мағынасы жағынан бірдей емес [2, 224].
Мақал – араб сөзі; мағынасы «тиісті орнында айтылатын сөз» деген ұғымды білдіреді. Мақал – өмір құбылыстарын жинақтап көрсететін және оларға баға беріп, қорытынды пікір айтылатын халық даналығы. Мәтел – ой-пікірі астарлы, басқа нәрсеге меңзей айтылатын сөз өнері. Мақал-мәтелдердің тақырыбы алуан түрлі. Олардың басты маңызды ерекшеліктерімен бірге бір-бірінен өзара айырмашылықтары да бар. Мақал-мәтелдер – халық педагогикасы элементтерінің бір түрі, халықтың жиі қолданатын тәрбие құралы. Қазақ халқы ұлттық ерекшелігіне сәйкес мақал-мәтелдерге бай. Ауыздан ауызға тарайтын бұл жанрды халық күн сайын толықтырып отырады.
Мақал – халықтың ғасырлар бойғы дүниетанымы, тәжірибесі жинақталып берілген, мазмұны жағынан ғибрат, өсиет сияқты, ізгі қасиеттерді уағыздайтын, құрылымы жағынан әрі көркем, әрі ырғақты, ықшам нақыл сөз. Мақал формасы жағынан аяқталған сөйлем іспеттес. Мақал-мәтелдердің мағыналық тіркестерге қарай жіктелуін мынадан көруімізге болады:
Мақалдардың көпшілігі екі компонентті, яғни құрмалас сөйлем типтес болып келеді. (түстік өмірің болса, кештік мал жина; ер бір рет өле ді, ез мың рет өледі т.б.) Мағынасы жағынан екі компонентті мақалдың алдынғы бөлімінде әр нәрсенің жайы не әрекетінің жағдайы, шарты байымдалса, кейінгі бөлімінде соған қатысты қорытынды, түйінді пікір тұжырымдалады (бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады; ер арыса аруақ, ат арыса тулақ т.б.). Бірақ мақалда айтылатын ойдын өзара шарттылығы міндетті болмай, логикалық жағынан бір – біріне ұқсас өмірдегі құбылыстар оның екі бөлімінде де байымдау түрінде берілуі мүмкін. Мысалы: Су басынан бұзылады, балық басынан шіриді; адам құлақтан азады, көңілден семіреді т.б. Мақал дәл мағынасында да, ауыс мағынасында да айтылады. Мысалы: Туған жердей, жер болмас, туған елдей ел болмас, еңбек ширатады, өмір үйретеді, дәл мағынасында, ал ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; адам аласы ішінде, мал аласы сыртында; иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар дегендер ауыс мағынада жұмсалып тұр. Дегенмен қазақ мақалдарының ішінде ауыс мағыналы түрлері де көптеп кездеседі.
Мақалдардың арасында синонимдестік те көптеп кездеседі. Мысалы: Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол; жекен жерінде көгереді, ер елінде көгерер; әркімнің өз жері – Мысыр шаһары т.б. мақалдар бір – бірімен синонимдік қатынаста тұр.
Ал мәтелге келсек, жоғарыда мақалға берілген анықтаманы оған да беруге болады. Мәтел де халық даналығынан туған, мағынасы уағыз, өсиетке негізделген, құрылымы көркем, ырғақты, әрі ықшам сөз үлгісі. Мәтелдің мақалдан айырмасы – мәтелде айтылатын ой-пікір мақалдағыдай емес, негізінен жанама түрде астарлау, меңзеу түрінде берілетіндігінде [4, 352].
Мысалы:
Кісідегінің кілті аспанда, естіген құлақта жазық жоқ, сұлуынан жылуы, күлегештің тұзы жеңіл, таз – әулекі, соқыр – әңгүдік деген мәтелдерде мақалдағыдай байымдау, оны қорытындылау жоқ, тек бір жағдайды жанамалап, меңзеп, тұспалдап білдіру ғана бар. Демек, мақал мен мәтелдің айырмасы – олардың мағынасына байланысты, ой-пікірдің (мағынасының) білдірілу тәсілінде. Ой-пікір, ұғым мақалда неғұрлым анық, ашық айтылса, мәтелде тұспалдап, жанамалап, меңзеп айтылады. Мәтел құрылымы жағынан көбінесе жай сөйлем іспеттес, бір құрылымнан тұрады.
Мысалы:
Саудада достық жоқ, қорыққанға қос көрінеді, заманына қарай амалы, бөрік кигеннің намысы бір, ер кезек үшке дейін, соқыр ат қотыр атқа үйір, тентек шоқпар жинайды т.
Көркем сөз өнерінің тілдік және поэтикалық бұлақтары санатына жататын мақал – мәтелдер мән – мазмұнның тереңдігімен, өткірлігімен, өміршеңдігімен ерекшеленеді. Көлемінің ықшамдылығына қарамастан, бейнелі тілдік бірліктер нақты да күрделі ойдың себеп – салдарын, халықтың өнер тәжірибесінің қорытындысы мен дәлелін қатар білдіреді. Онда халықтың тарихы, саяси өмірі, тыныс – тіршілігі, дүниетанымы, рухани және материалдық мәдениеті жан – жақты көрініс тапқан. Терең ойды алдай қалыпқа сыйғызған халық даналығын, шешендігі мен асқан шеберлігін танытатын да осы ұлттық сипатқа ие мәдени ентаңбалы (маркерлі) тұрақты орамдар. Әрбір халықтың тарихи даму кезеңдеріндегі сан алуан өзгерістер тілдің лексикалық – грамматикалық жүйесінде өзіндік із қалдырып отырғаны белгілі, алайда, өзінің біртұтас жүйесін, тұлға – тұрпаты мен мән мағынасын сақтап қалған тілдік бірліктер – сөздік құрамдағы мақал – мәтелдер [5, 31].
Мақал – мәтел арқылы біз әр елдің тек өзіне ғана тән ерекшеліктерін байқай отырып, барлық елге мынадай ортақ бір заңдылықты аңғарамыз: мақал – мәтел – әрбір халықтың рухани қазынасы, ұмытылмай ұрпақтан-ұрпаққа жаттала тарайтын өнеге, үлгі-өсиет және де адам пікірінің дәнекері, аталы сөздің жемісі.
Әдебиеттер
Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. – Алматы, 1982. – 258 б.
Асқар О. Қазақ және Әлем халықтарының таңдамалы мақал–мәтелдері. – Алматы, 2005. – 241 б.
Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақал-мәтелдері. – Алматы: Раритет, 2004. – 267 б.
Нысаналин А. Қазақтың мақал-мәтелдері. – Алматы: ҚАЗақпарат, 2004. – 22 б.
Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті меселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998.