Филология. Реферат. Түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыс алмасулар

Oinet.kz 09-09-2020 1207

Тіл – үнемі даму үстіндегі жанды құбылыс, қатынас құралы қызметі нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан тілдік элементтердің тұтас бірлігі, сондықтан онда көптеген өзгерістер мен құбылыстардың, дыбыс алмасуларының болуы заңды құбылыс. Морфемалар құрамында, жігінде кейде фонетикалық заңдылықтармен түсіндіруге келмейтін әртүрлі дыбыстық өзгерістер кездеседі, ондай құбылыстарды фонология, морфонология тұрғысынан зерттеу қажеттілігі туындайды. Қазақ тіліндегі осындай дыбыс алмасулардың бірі – дыбыстардың сәйкестігі. Мақалада қазақ тіліндегі дыбыстардың сәйкестігі деп аталып келген ұғым морфонологиялық тұрғыдан қарастырылады. Фонетикалық дыбыс алмасу мен морфонологиялық дыбыс алмасудың айырмашылықтары талданады.


Мақалада жалпы тіл біліміндегі жас салалардың бірі ретінде қалыптасып келе жатқан морфонология саласы жайлы, қазіргі қазақ тіліндегі дауысты және дауыссыз дыбыстардың алмасуы морфонологиялық тұрғыдан қарастырылады.


Әлемдегі кез келген халықтың тілі сол ұлттың тарихымен тығыз байланысты екендігі белгілі. Халықтың өзімен, яғни тарихымен бірге жасасып келе жатқан тілдің барлық деңгейлеріндегі өзгерістер тіл білімінің тиісті салаларында қарастырылып келеді. Мысалы, фонетикада дыбыстардың табиғаты, акустикалық, артикуляциялық қасиеттері қарастырылса, фонологияда олардың қызметі зерттеледі. Бұл бағытта фонема – тілдің ең кішкене мағына ажыратқыш бірлігі, ал сөйлеудегі фонеманың көрінісі – фон, фонның көптеген түрлері болады,


бір фонемаға тән фондар аллофондар деп қарастырылады. Фонема фонологияның негізгі ұғымы ретінде қарастырыла отырып, оны зерттеу морфонологияға жол ашады. Морфонологияның негізгі міндеттерінің бірі – морфонологиялық дыбыс алмасулар ұғымына не жататынын нақты сипаттап, оларды фонетикалық, фонологиялық дыбыс алмасулардан ажыратып беру. Морфонологиялық алмасуларды (кейбір зерттеулерде «фонемалардың алмасуы», кейбір зерттеулерде «дыбыстардың алмасуы», кейбір зерттеулерде «дыбыс сәйкестігі», кейбір зерттеулерде «дыбыстық өзгерістер» деп аталады) көптеген ғалымдар бірнеше морфонологиялық алмасулар бір тілде ғана кездеседі, екінші тілдерде дәл сондай алмасулар жүзеге аспайды деген тұжырымға келген.


Түркі тілдерінің дыбыстық жүйесіне тән дыбыс алмасулары жөнінде зерттеуші М.Моллованың пікірі мынадай: «спонтанды ауысулар, яғни бір фонеманың екінші фонемаға сәйкес келуі – фонетикалық құбылыс, ал дауыстылардың ешқандай мән жүктелмей алмасулары – тарихи құбылыс» [1, 56]. Бұл пікір дыбыс алмасуларының тіл тарихымен байланысын растай түседі.


Позициялық алмасуларды якут, тува тілдері материалының негізінде морфологиялық тұрғыдан қарастырған тіл мамандарының бірі В.И. Золхоев. Ол морфемалардың фонемалық құрылымын анықтау морфонологияның міндеті деп көрсетеді [2]. Алайда дыбыстар сәйкестігінің морфонологияға қатысы жайлы пікір білдірмеген. Ғалым еңбегінің морфонема ұғымын түркі морфонологиясында қалыптастыруда маңызы зор.


Татар тілінің зерттеушісі М.З. Закиев «Түркі морфонологиясы туралы» мақаласында түркі тілдері морфонологиясының орыс және басқа да үндіеуропа тілдерінен ерекшеленетіндігін, осы уақытқа дейін оның бағыт-бағдарының толық зерттеліп, анықталмағандығын ескертеді. Ғалым тарихи дыбыс алмасуды морфонология шеңберінде, ал позициялық дыбыс алмасуды фонетика және морфонология шеңберінде қарастыру қажеттігін айтады, яғни фонетикада олардың артикуляциялық ерекшеліктері, морфонологияда морфемалар құрамында қолданылуы қарастырылады. Ол алмасатын дыбыстардың барлығын «морфонема» деп атауды ұсынады [3].


Түркітануда да көптеген ғалымдар түркі тілдерінің табиғатын, өзіне тән ерекшеліктерін ескере отырып, сөздердің кірігуі, ықшамдалуы, фонетикалық ережелер аясынан ауытқып жата-


тын кейбір құбылыстарды, морфемалар құрамындағы дыбыстардың еркін алмасуын морфонологиялық тұрғыдан қарастырады.


Сөздер құрамындағы дыбыстардың алмасуын көбіне жергілікті тіл ерекшеліктері деп қарау, солай қабылдау қалыптасқан. Дегенмен морфемалар құрамында дыбыстардың алмасып қолданылуына, жергілікті тіл ерекшеліктерінің пайда болуына әсер ететін тілдік және экстралингвистикалық факторлар болады. Кейбір ғалымдардың пікірінше, диалектілік ерекшеліктер – өткен замандардың ізі, осы күні кездеспейтін, бір кездердегі тілдік және диалектілік жүйелердің қалдығы, жұрнағы. Олар қашан да жалпы халықтық сөйлеу негізіне сүйенетін қазіргі говорлардың табиғи элементтеріне айналып кеткен. Мәселен, әдеби тілдің даму барысында өзгеріске ұшырап, басқаша вариантта жұмсалатындары да ауызекі тілде кездесе береді.


Кез келген тілдегі дыбыстардың алмасуын кездейсоқ жағдай деп түсіндіруге болмайды. Дыбыстардың алмасуында өзіндік «заңдылықтар» болуы мүмкін. Тіліміздегі дыбыс алмасуларының негізі жалпы түркі тілдерінің фонетикалық ерекшеліктеріне ортақ құбылыстармен сабақтасып жатыр деп санаймыз.


Жеке айтылған дыбыстар дыбыстар тіркесімінде айтылғаннан ерекше болады. Бірінен кейін бірі тізіліп айтылғанда кәдімгі нормадан ауытқушылықтың болуы әбден мүмкін. Жеке бір дыбысты айтқанда дыбыстау мүшелері өзінің қызметін орындап болып, бастапқы қалпына тез оралады. Ал морфемалар құрамындағы дыбыстарды айтқанда, мұндай процесс болмайды, дыбыстау мүшелері ары қарай жұмысын жалғастыра береді. Осы жағдайда дыбыстар бір-біріне әсер етеді, морфемалар бірбірімен кірігеді, дауысты дыбыстар дауыссыздармен, дауыссыздар дауыстылармен жымдасып айтылады. Осындай жағдайда дыбыстар әртүрлі өзгерістерге түседі. Осылайша комбинаторлық өзгерістер жүзеге асатыны белгілі. Дыбыстардың өзгерісіне психологиялық факторлар да әсер етеді. Мұндай жағдайда дыбыстардың өзгерісіне аналогияның да әсері басым. Яғни естілуі бойынша ұқсату арқылы кейбір морфемалар құрамында болатын дыбыстық өзгерістерді А. Айғабылұлы қазір – кәзір – әзір варианттарының соңғы сыңары -ше жұрнағын қабылдап, әзірше – әзірінше варианттары пайда болады, ал оның әзірінше нұсқасының пайда болуын өзінше, мейлінше сияқты сөздердің аналогиясымен байланысты пайда болған деп жорамалдайды [4, 79]. Осындай жағдайлардан


барып дыбыстық өзгерістердің пайда болуы мүмкін. С.Е. Маловтың мәліметінше, 1893 жылы В. Томсен және басқа түркітанушыларды Орхон-енисей ескерткіштерінің мағынасын талдап түсінгенде қазіргі түркі тілдерінде ұяң дыбыстар қолданылатын позицияларда қатаң дыбыстардың кездесетіндігі таң қалдырған. Мысалы, алты «altı» және алты (ал-ты) «aldı», алды емес, ант «yemin» қазіргідей ант, және анта (ан-та) «orada», барты (бар-ты) «gitti» [5, 214]. Бұдан ғалымдардың қатаң-ұяң дыбыстардың алмасуы көне түркі тілінде кездесетінін байқағандығын түсінеміз.


Қазіргі қазақ тіліндегі дыбыстар алмасуы белгілі бір кезеңдерде сөзжасам тәсілі ретінде қызмет атқарған деген де пікірлер бар. Мысалы, Н.К. Дмитриев түркі тілдеріндегі сөзжасамдық морфология тәсілінің үш жолы барын көрсеткен: біріншіден, бір-біріне синтаксистік ерекшелігі бойынша ажыратылатын етістік және есім негіздерінің формальді сәйкестігі. Екіншіден, фонетикалық алмасу арқылы етістік және есім негіздерінің дифференциясы. Үшіншіден, сөз табына нақты ажырататын афиксация механизмінің пайда болуы [6, 27]. Осыған ұқсас пікір көптеген түркітанушы ғалымдардың еңбегінде дыбыс алмасуларының қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздердің семантикалық жағынан дамуына әсер ететіні жайлы да кездеседі.


Әдеби тілдегі кейбір сөздердің ауызекі сөйлеу тілінде басқаша немесе әдеби тілде бірнеше нұсқасының қатар қолданылуы сөз құрамындағы дыбыстардың алмасуынан болатыны белгілі. Бұл құбылыс түркітануда «сингармониялық варианттар», «сингармониялық параллельдер» немесе «фонетикалық дыбыс сәйкестігі», «дыбыстардың спонтанды (игерусіз) өзгерісі» деп әртүрлі аталып жүр. Олардың пайда болу, қалыптасу себептері де әртүрлі түсіндіріліп келеді.


Тіл білімінде сөз варианттары, дыбыстар сәйкестігі мәселесі аз зерттелген жоқ. Варианттылық мәселесі синхрониялық тұрғыдан да, диахрониялық тұрғыдан да тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі болып келеді. Жалпы осы варианттылық мәселесі тіл білімінің барлық саласына қатысты. Көбінесе лексикология, диалектология, әлеуметтік лингвистика тұрғысынан зерттеліп, қарастырылған. Тіл білімінде Прага лингвистикалық мектебі өкілдерінің еңбектерінен кейін «вариант», «инвариант» ұғымдары фонологиялық тұрғыдан қарастырыла бастады.


Академик Ә.Т. Қайдар қазақ тіліндегі бір буынды түбірлер варианттарының фонологиялық, морфологиялық және сыртқы факторлардың әсерінен пайда болатындығын көрсеткен. Бір буынды түбірлер варианттылығынан ұзақ жылдар бойы тығыз байланыста болғанын байқаймыз. Фонологиялық, морфологиялық факторлардың әр тілде өз заңдылықтары бойынша қолданылатынын ескерте келіп, ғалым бір буынды түбірлердің варианттарын «фономорфологиялық» деп атайды. Ғалым дыбыстардың сәйкестігі мен дыбыстардың алмасуын екіге бөліп қарастырады. Дыбыстардың алмасуы түбірге қосымша жалғанғанда дыбыстардың бір-біріне регрессивті немесе прогрессивті әсерінен іске асады, мысалы, сөз – сөй -ла жұрнағы жалғанғанда з-й алмасуы іске асады. Ал дыбыс сәйкестіктері артикуляциялық базасының жақындығынан қалыптасады [7]. Академик ғалым ағамыздың бұл жерде түбір мәселесіне тереңдей үңілгендігін аңғарамыз. Ал біздің жұмысымыздың мақсаты қазіргі қазақ тіліндегі айқын көрінетін морфонологиялық алмасуларға сипаттама беру болып табылады.


Ал морфонологиялық құбылыстар артикуляция мен акустикаға байланысты болмағандықтан, оны фонетика ережелерімен түсіндіруге келмейді. Бір позицияда түрлі өзгеріс пайда болады, ауытқу жиі кездеседі. Түркітанушы М.А. Черкасский сингармониялық варианттар қырғыз тіліндегі ğomul – ğomul, қазақ тіліндегі izgi-äzgi, қарақалпақ тіліндегі qyralqural лексика-семантикалық жағынан ешқандай айырмашылығы жоқ, тек сөз құрамындағы дыбыстардың алмасуынан туған вариант сөздерді, ал қазақ тіліндегі äŋraь – yŋra, татар тіліндегі аčу – äčі , башқұрт тіліндегі qaіny – käіni сияқты құрамындағы дыбыстардың алмасу себебінен лексика-семантикалық жағынан алшақтап, дербес мағынаға ие бола бастаған сөздерді сингармониялық паралельдер деп атайды. Автор бұл құбылысты сингармониялық варианттар немесе сингармониялық паралель деп атаудың өзі шартты екенін ескерткен [8, 354].


Башқұрт тілінің маманы Д.Г. Киекбаев сингармониялық варианттар немесе паралельдердің пайда болуын үндестік заңымен байланыстырады. Тілдің даму барысында үндестік заңы әртүрлі кезеңдерден өтіп, ал соңғы кезеңнің (паралельдердің пайда болуы) фонетика шеңберінен шығып семосиологияға, лексикаға қатысты тікелей қатысты болатындығын айтады. Д.Г. Киекбаев варианттардың пайда болуына үндестік заңының әсерін жуан-жіңішке, еріндік-езулік болып жіктелуімен байланыстырады [9]. Демек алдымен дыбыстар жуанжіңішке болып жіктелген, содан кейін үндестік заңы пайда болған. Ал дыбыстардың алмасуы арқылы пайда болған варианттарды «сингармониялық» деу шартты атау болып шығады.


Шай – шәй, жай – жәй, жайлы – жәйлі, жайымен – жәйімен, жайлап – жәйлеп, жайылым – жәйілім, жайлау – жәйлеу, жайбарақат – жәйбарақат сияқты сөздердегі а-ә алмасуын түркологтар ш, ж және й дыбыстарының алмасуын жұмсартушылық қасиетінің әсері деп түсіндіреді. Осыған ұқсас құбылыс басқа түркі тілдерінде де кездеседі. Б.А. Серебренников пен Н.З. Гаджиева а-ә алмасуын а дыбысының тұрақсыздығынан деп [10], ал М. Рясенен а-ның жіңішкеруін ж және й дыбыстарының ортасында келгенде көрші дыбыстардың ықпалынан деп түсіндіреді.


Аталған құбылысты профессор А. Айғабылов фонетикалық өзгеріске жатқызбайды, себебі ж, ш, й дыбыстарының «ықпалы шексіз емес, бір сөзде әсері болса, екінші сөзде әсері жоқ. Бұл дыбыстардың арасында келген о, ұ, ы дыбыстары тіпті жіңішкеріп ө, ү, і түрінде дыбысталмайды. Мәселен, жой, шойын, сой, сый сияқты сөздердің жіңішке айтылуы кездеспейді. Демек, бұл құбылыстар – сөйлеу барысында қалыптасқан морфонологиялық құбылыстар» [4, 38].


Қорыта келгенде, дыбыс алмасулары фонетика мен морфология салаларының заңдылықтарына көне бермейтін, сөзжасам тәсілінің де талаптарына жауап бере бермейтін аралық (фонетика, морфология, семантиканың үшеуіне де белгілі бір дәрежеде қатысты) құбылыс болып табылады. Дыбыс алмасуларына байланысты құбылыстардың барлығы тілдің даму тарихымен тікелей байланысты болғандықтан, көп жағдайда фонологиялық шарттылық орын алады. Морфонологиялық құбылыстар артикуляция мен акустикаға байланысты болмағандықтан, оны фонетика ережелерімен түсініруге келмейді. Бір позицияда түрлі өзгеріс пайда болып, ауытқу жиі кездеседі. Сондықтан дыбыс алмасулары таза фонетикалық себептермен жүзеге аспайды және олардың өзгеруіне басқа да факторлардың әсері болады, олардың морфонологиялық құбылыс ретінде қарастырылуының басты себебі осы.


Әдебиетер


Моллова М.К. Истории тюркского вокализма // Вопросы языкознания. – 1966. – №2. – С. 56-65.

Золхоев В.И. Фонология и морфонология в агглютинативных языках. – Новосибирск, 1980. – 143 с. 3 Закиев М.З. О тюркской морфонологии // Советская тюркология. – Баку, 1984. – №7. – С. 11-18.

Айғабылұлы А. Қазіргі қазақ тілі. Морфонология. – Алматы, 1999. – 199 б.

Малов С.Е. Древние и новые тюркские языки // Известия АН СССР. Отделение литературы и языка. – М., 1952. – Т. ХІ. Вып. 2. – С. 135-143.

Строй тюркских языков. – М., 1978. – 618 с.

Кайдаров А. Структура односложных корней в казахском языке. – Алма-Ата, 1986. – 388 с. 8 Черкасский М.А. Тюркский вокализм и сингармонизм. – М.: Наука, 1965. – 142 с.

Киекбаев Д.Г. О передвижении гласных в башкирском языке // Ученые записки Башкирского государственного пединститута. – Уфа, 1956. – Вып. VIII. – С. 370-381.

Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. – М., 1986. – 302 с.

Ашық сабақ. Информатика. Қызметтік хаттың құрылымы
Ашық сабақ. Информатика. Интернет ресурстары (қолданбалы курсы)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу