Филология. Реферат. Қадыр Мырза Əлидің ғибратты əңгімелеріндегі сентенциялар

Oinet.kz 08-09-2020 1081

Бұл мақалада жазушы Қадыр Мырза Əлидің «Ғибратнама» жинағына енген ғибратты шағын əңгімелеріндегі сентенциялар қарастырылады. Қадыр Мырза Əлидің окказионалдық тіркестері, сентенциялары мен афоризмдері, жазушының тілдік тұлғасын танытатын құралдар екені айтылады. Мақалада сентенция терминінің қазақ жəне орыс тіл біліміндегі анықтамалары келтіріліп, сентенциялардың афоризмдерден айырмашылығы көрсетіледі. Жазушының «Төрткүл дүние», «Биялай мен қолғап», «Құбыжық», «Уайым мен Үміт», «Тығын мен спирт», «Ұршық», «Айырмашылық», «Сіз қалай ұйықтайсыз?» ғибратты шағын əңгімелеріндегі сентенциялардың беретін мəні ашылып, сонымен бірге олардың контекстен тыс қолданыла алу қабілеттілігі анықталады. Кейбір сентенциялардың халықтық нақылдармен үндестігі сөз етіледі. Шығармаларын философиялық түйіндермен, яғни сентенциялармен түйіндеу – жазушы Қадыр Мырза Əлидің жазу шеберлігі, өзіндік қолтаңбасы, стилі екені дəлелденеді.


Қадыр Мырза Əли – қазақ əдебиеті тарихында терең философиясымен, өзіндік стилімен ерекшеленетін тілдік тұлға. Зерттеуші Ж. Б. Ермекова «Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы» атты диссертациясында: «Тілдік тұлғаның айқындалуы барысында адамды өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиет – жекелік фактор маңызды рөл атқарады» деп көрсетеді [1, 19]. Осы тұрғыдан келгенде Қадыр Мырза Əлиді тілдік тұлға деуімізге толық негіз бар. Автордың окказионалдық тіркестері, философиялық түйінді афоризмдері мен сентенциялары – жазушыны өзгелерден ерекшелеп тұратын жекелік факторға жатады. Қаламгер шығармаларының философиялық түйінмен келетіндігі жайлы кезінде Д. Əбілов: «Философиялық түйіншіл Қадыр, алты ай шапса алқымы іспес арғымақтай құйғытып шабатын Ғафу, сыршыл сезімнің жыршысы Тұманбай мен Қуандық, Сағи, қысқа өлеңнің шебері Мұзафар, өжет толғанысты Фариза, Өтежан дарынымыз бар», деп тұтас бір буынның сипатын беріп кеткен. Ақынның «философиялық түйіншілдігі» тек поэзиясына ғана тəн сипат емес, сонымен бірге жаңа ғасырымызда жазылған прозалық шығармаларына да тəн. Бұл жазушының қалыптасқан өзіндік жазу өрнегін танытса керек. Жазу өрнегі, яғни стиль хақында З. Қабдолов: «...Əр жазушының бүкіл творчествосының өн бойынан идеялықкөркемдік негіздің (идея – тақырып, мінез тіл) тек сол жазушыға ғана тəн ерекшеліктерін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы творчествосының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайлардан да іздеп табуға болады. Міне, стиль – əр суреткерге тəн осындай творчестволық ерекшелік» [2, 331]. Демек, шығармаларын философиялық түйінмен түйіндеу – Қадыр Мырза Əлидің творчестволық ерекшелігі.


Жоғарыда атап өткеніміздей, шығарма соңын философиялық оймен түйіндеу, жазушының тек поэзиясына ғана тəн сипат емес, сонымен бірге прозалық шығармаларына да тəн. Шындығында да бұл жазушының бейнелеу шеберлігін, өзіндік суреткерлік тұлға-бітімін танытатын даралық өзгешелігі, жазу мəнері, қолтаңбасы.


Жазушының əр жылдары айтқан философиялық тұжырымдары, яғни афоризмдері мен қалжыңдары «Алмас жерде қалмас», «Үкілі үзінділер», «Сөзмерген немесе Қадырдың қалжыңдары» деген атаумен жарық көрді. 20082010 жж. Алматы қаласының бас газеті «Алматы ақшамы» газетінің əр бейсенбілік санында ақынның «су жаңа афоизмдері» «Алматы ақшамының» кітапханасы» атты айдармен тұрақты жарияланып келгені де оқырман қауымға белгілі [3]. Бұл афоризмдер «Адамның жауы – адам», «Арман қуғанның бəрі арманда кетеді», «Данышпан дарынның тасыған түрі», «Таң қуанып атады, күн ұялып батады», «Аурудың емі бар, Кəріліктің емі жоқ», «Ауыз былғайды, Жүрек тазалайды», «Біреудіңтүбіне ой жетсе, Біреудің түбіне той жетеді», т.б. тақырыптармен жарияланып тұрды.


Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған тақырып жазушының сентенциялары хақында болмақ. Сентенция термині туралы қазақ тіл білімінің терминдік сөздіктерінде бұл термин мүлде кездеспейді.


Дегенмен 2008 жылы «Мектеп» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» бұл терминге қысқаша түсінік берілген: СЕНТЕНЦИЯ з а т. Өсиет мəнді сөз» [4, 487]. (Бұл сөздікті құрастырушы автор Мұстапа Бұралқыұлы 1901-1979 жж. өмір сүрген энциклопедист-ғалым, орыс-қазақ тілдерін жетік білумен қатар тіл жəне əдебиеттану ғылымына да көп еңбек сіңірген сөз шебері, 1925 жылы жарық көрген қазақша-орысша сөздік авторларының бірі. Бұл сөздік 1960 жылдары жазылған [4]). Орыс тіл білімі сөздіктерінің ішінде де бұл термин аса көп ұшыраса бермейді.


«Большой лингвистический словарь» атты терминдер сөздігінде: СЕНТЕНЦИЯ (лат. Sententia ‘мнение, суждение’) – изречение нравоучительного характера. В роли сентенций часто выступают пословицы и поговорки, цитаты из произведений классиков и знаминитостей» деген анықтама берілсе [5, 541]. Википедия ашық энциклопедиясында: «Сентенция – (от лат. sententia, буквально мнение, суждение) краткая латинская апофегма, как правило из античного источника, цитируемая вне контекста» деген түсінік берілген [6].


Берілген анықтамалардан сентенция ұғымының ой, пікір, талқы, өсиет мəнді сөз екенін түсінеміз. Жəне бұл ой, пікірдің контекстен тыс қолданыла алатындығын білеміз. Демек, сентенциялар тіліміздегі мақал-мəтел, нақыл сөздер сынды даяр қалпында жұмсалуға қабілетті.


Қазақ тіл білімінің терминдік сөздіктерінде бұл терминге анықтама берілмегенімен, сентенцияны қазақ тіл біліміне мүлде бейтаныс ұғым дей алмаймыз. Оған дəлел ретінде 1998 жылы А.С. Əділованың «Сентенцияның тілдік табиғаты жəне стильдік қызметі» (Қадыр Мырза Əли шығармалары негізінде) атты кандидаттық диссертациясын айта аламыз. Диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны ретінде ақын Қадыр Мырза Əли поэзиясындағы сентенциялар алынған. Аталған зерттеу жұмысында ақынның 1973 жылы шыққан «Көш», 1981 жылғы «Көкпар» жəне 1992 жылы жарық көрген «Мəңгі майдан» өлеңдер жинағы қарастырылған. Диссертациялық жұмыста аталған үш кітаптан 180 сентенция жинақталып алынған жəне ол сентенциялар тақырыптық топтарға бөлініп қарастырылған [7].


Диссертациялық жұмысында А.С. Əділова сентенция терминінің лингвистикалық табиғатын ашу үшін, сентенцияның түрлері саналатын гнома, апофегма, максима терминдерінің мəніне тоқталады. Зерттеуші сентенция ұғымына мынадай анықтама береді: «Сентенция – афоризмнің бір түрі, авторы анық көрсетілмеген афоризм, яғни белгілі бір контекстен үзіп алуға келетін, ықшамдығымен, əсерлілігімен əрі интелектуалдық, əрі эстетикалық талапқа сай келетін, көбіне философиялық, дидактикалық поэзияның жемісі, көптің көңіліне ұялағандай қысқа құрылған нақыл сөз. Мұндағы тұжырым, негізінде, қарсы пікір тудырмастай, терең мəнді, артық-кемі жоқ, «жеті өлшенген» мазмұнды болып, көбіне ашық немесе бұйрық райда айтылады. Сентенция, əдетте, шығарманың соңын немесе шырқау шегін ұштай түсу үшін антикалық, қайта өрлеу жəне классицизм əдебиетінде кеңінен белгілі болған» [7, 24].


Аталған диссертациялық жұмыста автор афористика жанрының негізгі ұғымы афоризм терминіне арнайы тоқталады:


Афоризм (грекше aphorismos – қысқа нақыл) – «белгілі автордың ықшам, ұшталған түрде берілген жəне дəлдігімен, əсерлілігімен, пайымдауының тосындығымен ерекшеленетін, жалпыланып (жинақталып) айтылған ойы. Афоризмдер адам санасына өзінің айрықша формасымен əсер етеді, əрі оның негізгі мағынасы ойлану нəтижесінде ғана аңғарылады. Афоризм қаламгердің өз басынан өткерген, алайда дəлелдеуді қажет етпейтін шындықты рухани қорытып шығаруы нəтижесінде пайда болады. Афоризм, əдетте, көп мағыналы болып, өмір қайшылықтарының өткіншілігіне негізделеді [7, 27].


Зерттеуші сентенция мен афоризм ұғымдарының ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралай келе төмендегідей қорытындыға келеді: «Сентенция мен афоризмнің басты ортақ белгісі – авторы барлығы. Осынысы оларды əрі ұқсатады, əрі ерекшелейді, себебі сентенция арнайы ойлану, жүйелеу барысында туған ой емес, керісінше, жазу процесінде түрлі фактілерді қорытып, дəлелдеу, оқиғаларды байланыстыру үшін немесе сол автор ойына серпін берер «баспалдақ» ретінде контексте туса, афоризм жеке жанр туындысы, яғни белгілі бір жүйемен, арнайы ойлану, екшеу, сөз үнемдеу процесіне ұшырайтын ерекше формалы – ықшам, өткір, бейнелі тұтас (цельный), бөлшектеуге келмейтін туынды» [7, 28].


Жоғарыда келтірілген пікірден ұғатынымыз, сентенция контекстің қорытындысы, ықшам түйіні болса, афоризм арнайы жанр туындысы, қаламгердің өмір тəжірибесінен қорытқан ойы, философиялық түйіні.


Қадыр Мырза Əлидің «Ғибратнама» жинағына енген ғибратты шағын əңгімелерінде нақыл сөздер, қысқа түйіндер, яғни сентенциялар көптеп кездеседі. Жазушы жинағының атауын да бекерден бекер «Ғибратнама» қоймағаны белгілі. Бұл атаудың мəніне үңілу үшін қазақ əдеби тілінің түсіндірме сөздігіне жүгінеміз:


«ҒИБРАТНАМА [ар+ир] з а т. Нұсқа боларлық, есте сақтауға икемді, бейнелі түрде айтылған ақыл сөздер, даналық пікірлер жиынтығы» [8, 408].


Аталған жинаққа енген əңгімелерінде автор қоғамдағы өзекті мəселелерді, адам бойындағы жағымсыз мінез-құлықты, пендешілікті, сатқындықты терең астармен көрсете білген. Əр əңгімені оқи отырып сіз осы заманның бетбейнесін көріп, өзіңізге мол ғибрат алып, ой түйесіз. Əңгіме мəтіні қысқа, бірақ берер ғибраты өте үлкен.


Қадыр Мырза Əли «Ғибратнама» жинағындағы əңгімелерінде белгілі бір тақырыпты көтере отырып, оны соңын қысқа нақыл сөздермен, яғни сентенциялармен түйіндеп отырады. Енді сол шағын əңгімелердегі сентенцияларға тоқталу үшін мəтінге назар аударайық:


Төрткүл дүние


Арқалы Орындық, Кресло, Тақ үшеуі оңашада өзара сырласқандай болды. Əрқайсысы өзінің иесі туралы ешкім білмейтін қызыққызық əңгіме айтты.


Менің қожайыным, деді Арқалы Орындық, неге екені белгісіз, əбден сабырдан айрылып болды. Біресе оңға, біресе солға қисаяды. Немесе изеңдейді. Тіптен тыныштық жоқ. Желімдерім сөгіліп, шегелерім босап, қаусап қалатын түрім бар!

Менің қожайыным да бұрын сондай болған көрінеді. Арқалы Орындықта отырып, Креслоны ойлайтындардың бəрі де сондай мазасыз! Оған таң қалмаңыз!

Менің қожайыным, деді бір кезде Тақ əдетінше жан-жағына қайта-қайта қарап алып, анаған алай дейді, мынаған былай дейді. Бір сөзі бір сөзіне қайшы келеді. Қысқасы өтірікті көп айтады.

Ол енді адамның өзіне байланысты емес!

деді Тақтың жанында беті жабулы тұрған Баланың Түбегі.

Патшаның тəй-тəй басып жаңа жүре бастаған Мұрагері күніне бір сағат


сағат осы сарайда əкесінің жанына келіп ойнайтын. Бұл соның Түбегі.


Өзіне байланысты болмағыны қалай?!

Кəдімгідей. Бір кезде Патша да бала болған. Қаншама жыл менің үстімде отырды. Бірде бір өтірік айтқанын естігем жоқ! Өтірікті айтатын адамның өзі емес, оны айтқызатын отырған орыны!

Арқалы Орындық – Креслоға, Кресло – Таққа қарады... Тақ не дерін білмей қып-қызыл болып кетті [9, 387].


Осы шағын ғибратты əңгімеде автор Арқалы Орындық, Кресло, Тақ, Баланың Түбегі төртеуін кейіпкер етіп алып, оларды өзара диалогқа түсіреді. (Жазушының жинаққа енген əңгімелердегі кейіпкерлеріне есім беруінің өзі өте ерекше. Бұл əңгімелерден күнделікті тілімізде кездесетін антропонимдерді кездестірмейсіз. Бұл туралы «Қадыр Мырза Əлидің


«Ғибратнəме» шығармасындағы кейіпкер есімдердің ерекшеліктері» атты мақаламызда тоқталғанбыз [10].) Кейіпкерлерге өз қожайындарының мінез-құлқын айтқыза отырып, автор бүгінгі қоғамымыздағы мансап қуып, адами болмыстан айрылып, екіжүзділік, өтірік айту сынды жағымсыз қылықты бойларына сіңіріп бара жатқан адамдар бейнесін көрсетеді. Мəтін соңын автор пендешіліктен ада, пəк баланың түбегінің лебізімен былайша түйіндейді: «Өтірікті айтатын адамның өзі емес, оны айтқызатын отырған орыны!» Бұл əңгімеге автор бекерден бекер ересек адамдар мен жас сəбилердің қолданатын бұйымдарын алып отырған жоқ. Бұлай алуының мəні, барлық адам дүниеге келгенде пендешіліктен ада, пəк күйінде келеді, ал адами болмысын сақтап қалу əркімнің өзінің қолында деген ұғымға саяды. Бұндай ой автордың өлеңдерінде де кездеседі:


«Адам боп туу анадан Айуан боп кету өзіңнен».

Адамды өз шығармаларының басты тұлғасы еткен Қадыр Мырза Əли, бұл ғибратты нақыл сөздерімен, барлық адамзатты адами болмысты сақтап қалуға үндейді. Келесі беріліп отырған екі мəтіннің астарынан да автордың бізді адамшылық пен ізгілікке шақыратынын байқаймыз. Қоғамға, бейбіт заманға қауіп-қатер туғызатындар – адамшылықтан жұрдай жандар, яғни адамға ұқсас еместерден, адам болудан қалған жандардан болатынын еске салады. Мəтінге назар аударсақ:


Құбыжық


Бау-бақшаның қақ ортасына ұзын сырық шаншылып, сол сырықтың жоғары жағы тесіліп, көлденең шыбық өткізіліп, оған əбден ескірген көне шапан кигізіп қойған. Шапанның екі жеңіне екі қалбыр ілініп, олардың ішіне қиыршық тастар салынған. Сəл жел тұрса болды: жаман шапанның жеңі желбіреп, қалбырлар тынымсыз қозғала бастайды. Олар қозғалғаннан кейін, олардың ішіндегі қиыршық тастар қарап жата ма?! Қайдағы-жайдағы қорқынышты дыбыстар шығады. Кейде одан құстар түгіл, бала-шағалардың өзі шошиды. Ал итқұстың аты ит-құс!.. Дегенмен, хайуанат атаулы адамнан қорықпайды, осындай адамға ұқсас еместерден қорқады! [9, 408-409].


Айырмашылық


Бір емес, бірнеше жыл бойына хайуанаттар бағында, кейінірек циркте өнер көрсеткен кəрі Маймыл гастрольде жүргенде қашып шығып, өзі туып-өскен ну орманға қайтып оралды. Ол, əрине, құрдан-құр келген жоқ, талай-талай əңгіме ала келді. Соның ең бастысы – адамдар қақында.


Мен олардың студенттерге оқыған лекцияларын тыңдап көрдім, дейді кəрі Маймыл.

Өздері айтпасты айтып, істеместі істейді екен. Кейде тіпті төбе шашың тік тұрады! Олар бізді Адам бола алмай қалғандар деп есептейді. Ал мен оларды Адам болудан қалғандар деп санаймын!.. [9, 392-393].

Мына бір əңгіменің кейіпкері хайуанаттар болғанымен, олардың астарында адам жатқаны баршамызға түсінікті. Мəтінде жазушы Түлкі мен Қарсақты өзара сырластырып, соңында


«Қорқаудың жанында қалғып кету қауіпті!» деген түйінді ой айтады.


Сіз қалай ұйықтайсыз?


Түлкі мен Қарсақ он-он бес ай жолдас болды. Сол аз ғана уақыт ішінде Қарсақтың бір байқағаны – Түлкінің, ерекше ұйқысы: қалғып жатыр ма, ояу жатыр ма – белгісіз. Бір көзі жұмулы болса, бір көзі міндетті түрде ашық болады.


Түке! – деді бір орайы келгенде Қарсақ досы. – Сіз осы жалпы ұйықтайсыз ба?!

Оны неге сұрадың?

Бір көзіңіз жұмық, бір көзіңіз ашық жатады үнемі.

А-а-а! Ол – соңғы жылдары тапқан əдетім ғой. Бұрын кəдімгі басқа бауырларым сияқты екі көзімді де тарс жұмып, қамсыз қалғушы едім. Енді сонымнан айрылып қалғандаймын...

Неге?

Түрлі жағдайларға байланысты... Қорқау Қасқырмен біраз уақыт қоңсы болуыма тура келген. Жалпы кімнің ұйқысы болмасын... қатар жатқан көршісіне байланысты ғой! Қорқаудың жанында қалғып кету қауіпті! [9, 395]. Неліктен қорқаудың жанында қалғып кету қауіпті?! Себебі, қорқау халық танымында жағымсыз мəнге ие. Бұл сөз ауыспалы мағынада адамдардың залымдығы мен озбырлығын білдіреді. Сөзіміз дəлелді болу үшін Қазақ əдеби тілі сөздігіндегі бұл атаудың түсіндірмесін келтірейік: «ҚОРҚАУ з а т. 1. Малға шабатын ит тұқымдас жыртқыш аң. Алғаш ақырып қалған аруана аздан соң өзіне қарсы жүріп келе жатқан жарық жұлдыз тəріздес қызылды-жасылды отттардың дала қ о р қ а у л а р ы – көкжал қасқырлардың көздері екенін білді (С. Досанов, Қыран). 2. а у ы с. Жауыз, залым, озбыр. Сенің еліңнің əйелдері сұмпайы, еркектері нағыз қ о р қ а у, ал сен бəрінен жексұрынсың (Ж. Аймауытов, Шығ.)» [11, 92].

Демек, озбыр, жауыз адамнан жаманшылықтың бəрін күтуге болады. Сондықтан да автор мəтінді «Қорқаудың жанында қалғып кету қауіпті!» деген сентенциямен түйіндейді. Бұл сентенцияны контекстен тыс та қолдануымызға əбден болады. Көлемі жағынан ықшам, мəні астарлы.


Жазушының «Уайым мен Үміт» атты ғибратты əңгімесіндегі Уайым мен Үміт атты кейіпкерлер бір-біріне контекстік антоним болып тұр. Үміт – белгілібір істің, ойдың жүзеге асуына білдірілген сенім, дəме [12, 60] болса, Уайым – Адамның жан дүниесіндегі сағынышпен, рухани мұқтаждықты сезінумен байланысты құлазу, қайғыру сезімі; мұң [13, 644]. Яғни бұл екі кейіпкерлер мінезі бір-біріне қарама-қарсы. Бірі үнемі алда жақсылық болатынына сенсе, екіншісі үнемі сары уайымға салынып, қара аспанды жерге төндіріп отырады.


Контекстік антоним түзіп тұрған Үміт пен Уайымды кейіпкер етіп алу арқылы, автор адам арманының əр кез биік болу керектігін, жақсылыққа сену керектігін үндейді жəне ол ойын кейіпкер лебізі арқылы, мынадай сентенциямен түйіндейді: «Ерте ме, кеш пе адам арманына жетпей қоймайды. Тіпті бұл өмірде көрмесе, ол өмірде көреді қызығын!»


Уайым мен Үміт


Былай жүрсең – өтірік, былай жүрсең – өсек; былай – жүрсең ауру, былай жүрсең – азап. Қайда барсаң – қорқыттың көрі! Міне тағы да бір күн батып барады. Ертең де күн батады. Бүрсүгіні де күн батады. Көзді ашып жұмғанша ақырғы күнің де батып үлгереді! – деді əппақ ақ шүберектей боп-боз болған Уайым.

Қойыңызшы! – деді Үміт екі бетінің нұры тамып. – Қайдағыжайдағыны айтпай! Аспанды алақандай, жерді тебінгідей қыласыз да отырасыз. Күн бүгін батса, ертең шығады. Ертең батса, бүрсүгіні шығады. Ерте ме, кеш пе адам арманына жетпей қоймайды. Тіпті бұл өмірде көрмесе, ол өмірде көреді қызығын! [9, 401].

Бұл мəтіннің философиялық түйіні тек жақсылыққа сенуге шақырумен ғана шектелмейді, сонымен бірге бұл сентенцияда біздің діни сеніміміз бойынша адам өмірінің фəни мен бақидан тұратын да еске салады. Яғни, адам бұл өмірде көрмеген қызығын, о дүниеде көретіндігін, өмірдің жалғасатындығын айтады.


Төменде берілген «Биалай мен қолғап» шағын əңгімесінінен алар ғибратымыз өте үлкен. Атасы мен немересінің арасындағы əңгімеге құрылған бұл мəтін адамдарды бір-бірімен тату болуға шақырады, бірлікке үндейді. Жазушы Қадыр Мырза Əли бұл ойын мынадай сентенциямен түйіндейді: «Жақындық бар жерде жылу бар». Бұл сентенция конткестен тыс қолданылуға да сұранып тұрғандай əсер етеді, себебі «Жақындық бар жерде жылу бар» сентенциясы осы контекске баулаулы емес, оны күнделікті өміріміздегі басқа да жайттарға байланысты да қолдануымызға болады. Формасы жағынан да өте ықшам, берер мəні өте зор. Мəтінге зер салайық:


Биялай мен қолғап


Ата, ата! Биялай кисем қолым тоңбайды. Ал қолғап кисем-ақ болды тоңа бастайды. Неге олай?!

Биялайдың ішінде төрт саусағың біріне бірі жақын тұрып жылу береді. Ал қолғапта əр саусақ өз алдына дара қалады. Жалғыздың аты жалғыз. Біраздан кейін тоңа бастайтыны сол! Жақындық бар жерде жылу бар [9, 424].

Алдыңғы мəтінде атасының немересіне айтқан өсиеті берілсе, мына мəтінде əжесінің немересіне айтқан ақылы арқылы, барлық оқырманды еңбекқорлыққа, еңбексүйгіштікке үндейді. Əжесі немересіне «Еңбекті қуаныш деп түсінетін адам ешқашан қартаймайды» деп үлкен өсиет айтады.


Ұршық


Əжеміз қартайды. Бірақ соның өзінде қол қусырып қарап отыра алмайды. Ауылдағы ағайындарға келім-кетім адамдардан сəлем жолдап, түйенің шудасын, ешкінің түбітін алдырып тұрады. Күн көзі ашық, жайма-шуақ күндері немерелерін жанына жинап алып, түбітті қылшығынан тазартады, жүн түтеді.


Қолдың майы, шүйкенің шуашы сіңіп, əбден күстенген көне ұршықты суретші келіні қырнап-қырнап, сырлап-сырлап, содан кейін үстінен лак жүргізген. Енді көрсең, көздің жауын алады. Қысқа көйлекті, ұзын сирақты немере қызы сияқты өзінің. Немере демекші...


Қара! Қара! – деді үш-төрт жасар немере қызы. – Аумаған балерина! Бəшпайының ұшында тұрып шыр айналады. Билеп жүр!

Жо-оқ! Билеп жүрген жоқ! Жіп иіріп жатыр – деп түзетті одан сəл ересектеу немересі.

Екеуіңіздікі де дұрыс, деді Əжесі. – Дəлірек айтар болсақ, билеп жүріп шаруасын тындыруда. Шын көңілмен, шын ықыласпен істеген жұмыс қана сапалы болады. Еңбекті қуаныш деп түсінетін адам ешқашан қартаймайды. Біреуден бірдеңе үйрену керек болса, алдымен осы Ұршықтан үйренер едім! [9, 438439].

Келесі талдауға беріп отырған «Тығын мен Спирт» атты əңгімесінде жазушы мансапты көтере алмай, мастанатын жандар образын Спирт атты кейіпкердің бойына сыйғызады. Қадыр Мырза Əли «Ғибратнама» жинағына енген барлық əңгімесіне кейіпкер есімдерін жіті сараптап алған. Көркем мəтіндегі поэтонимдер автордың ойының жеткізілуіне, таңдаған жанрының толық ашылуына қызмет етеді. Сондықтан да шығармадағы поэтонимдер тегінен-тегін қойылмайды. Көркем мəтінде кездейсоқ кейіпкер есімдерінің болуы мүмкін емес. Бұл əңгімелерде оқырман кейіпкердің атын естіп-ақ оның образын көз алдына елестете алады. Спирт сұйықтығы тығынсыз қасиетін жояды. Оның тығынсыз күні жоқ. Тығынсыз тұрса ұшып, жоқ болатыны белгілі. Бұл атаумен ұшқалақ, ессіз, желөкпе адамның бейнесін беруге болады. Автор спирттің осындай қасиетін мəтінде шебер пайдалана алған:


Тығын мен Спирт


Сəл аузы ашылса болды Спирт:


Тығын барып тұрған диктатор! Аузыңды аштырмайды! Өмір бақи бізді тұншықтырумен келеді! – деп əлемге жар салады.

Туысқандары мен жанашыр жолдастары бірақ ақыл айтып көріп еді, Спирт ештеңе түсінбеді. Түсінгісі де келмеді. Тығыны сəл алынса болды:


Ағайындар! Азаматтар! Бізге көмектесіңдер! Құтқарыңдар Мына Тығыннан! Ол барып тұрған тұншықтырғыш! – деп байбалам салуын тоқтатпайды.

Спирттің бұл дауынан ең алдымен Тығынның өзі жалықты. Завод басшыларына барып, басқа жұмысқа ауыспақ болып еді, босатпады. Содан кейін амалы таусылған Тығын үн жоқ, түн жоқ өзіне тапсырылған даукес Спирттің аузын ашық тастап, тайып тұрды. Оны ешкім байқамады. Шкафтың ішінде, басқа шишалардың тасасында көзге көрінбей тұрған Спирт, Тығаннан құтылып, біраз желікті. Күнімен лепірді, түнімен лепірді. Не ойласа, соны айтты. Тиіспейтіндерге тиісті... Ақыры бір-екі аптаның ішінде ұшып-ұшып, ауаға сіңіп тынды. Не өзі, не сөзі қалмады.


Еркіндікті естілер ғана көтереді. Спирт сияқты желөкпе немелер бостандықтың қадірін қайдан білсін?! [9, 436].


Мəтіндегі «Еркіндікті естілер ғана көтереді» сентенциясы халқымыздың «Семіздікті қой ғана көтереді» деген мақалымен үндес келеді. Демек, бұл сентенцияның əртүрлі ситуцияда жеке қолданыла алу мүмкіндігі үлкен. Бұл тек уақыттың еншісіндегі жайт.


Қадыр Мырза Əли прозасында кездесетін сентенцияларды талдай келе түсінгеніміз, əр мəтінін (мейлі поэзия не проза болсын) осындай нақыл сөздермен, яғни сентенциялармен түйіндеу, бұл – ұлы қаламгердің өзіндік өрнегі, қайталанбас шеберлігі. Қадыр Мырза Əли бағасын өз заманында алған ақын, жазушы. «Философиялық түйішіл» ақын тек поэзиясында ғана философиялық ойлар айтып, халқын ізгілікке шақырған жоқ, сонымен бірге, прозасында да халқына дəл осындай керемет түйінді нақыл сөздер қалдырды. Қадыр афоризмдері өз алдына бір төбе болса, оның контекстегі сентенциялары да афоризмдеріндей жеке-дара қолданылуға сұранып тұрған кесек түйіндер.


 


Əдебиеттер


Ермекова Ж.Б. Мағжан Жұмабаевтың тілдік тұлғасы. Филол.ғыл.канд. ... дис. – Алматы, 2010. – 140 б. 2 Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992. – 352 б.

Алматы ақшамы газеті. – 2008-2010 жж. аралығы

Бұралқыұлы М. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: Мектеп, 2008. – 680 б.

Большой лнгвистический словарь / В.Д. Стариченок. – Ростов н /Д: Феникс, 2008. – 811 с. (Словари.) 6 ru.wikipedia.org/wiki/Сентанция

Əділова А.С. «Сентенцияның тілдік табиғаты жəне стильдік қызметі» (Қадыр Мырза Əли шығармалары негізінде) Филология ғылымдарының канд. диссерт. – Қарағанды, 1998. – 115 б.

Қазақ əдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. – 4 том / Құраст. Н. Əшімбаева, С. Ақаев, Қ. Рысбергенова жəне т.б. – Алматы: Арыс, 2007. – 752 б.

Қадыр Мырза Əли. Таңдамалы туындылардың көп томдығы. – Алматы: Қазығұрт, 2001.

«Қазіргі тіл білімінің басымдықтары мен түркі əлемі» халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары.– Алматы: Арыс, 2013. – Б. 159-162.

Қазақ əдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. – 10 том / Құраст. М. Малбақов, Н. Оңғарбаева, А. Үдербаев жəне т.б. – Алматы: Арыс, 2009. – 752 б.

Қазақ əдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. – 10 том / Құраст. А. Жаңабекова, Т. Жанұзақов, Б. Əбілқасымов жəне т.б. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. – 824 б.

Қазақ əдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. – 10 том / Құраст. М. Малбақов, Қ. Есенова, Б. Хинаят жəне т.б. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2011. – 800 б.

Ашық сабақ. Математика. Сәдуақас Боқаев өмірі мен шығармашылығы
Реферат. Шығарма. Эссе. Ұлы математиктер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу