Ғабиден Қожахмет. Арудың солдатқа хаты

Oinet.kz 07-10-2018 851

Арудың солдатқа хаты
Әскердесің,
Сенсіз жалғыз жүргенім
Болмаса тек -
Сеніменен біргемін.
Сүйген жүрек күн санайды осында,
Келді ме ант қабылдайтын күндерің?!

Күндер, күндер -
Күтер әлі алда мың,
Сеніменен ортақ, бірге арманым.
Отаныңа әскерде ант бергенің -
Сенің енді нағыз солдат болғаның!

Жарасады формасы әсем солдатқа,
Елеңдеме, алаңдама ел жаққа.
Сені адал күтемін деп әскерден,
Мен де ант бергем іштей бұл жақта.

Мейлі, айналып кетсе - дағы ғалам мың,
Саған деген сезіміме адалмын.
Күтіп жүрмін, жүректе бар сағыныш,
Орны бөлек болғандай - ақ бағаңның.

Маған жақсы үміт артып сенгенің,
Елесіңмен сағынышымды емдедің.
Сені күткен бұл жүректің тілегі -
Сенің маған аман - есен келгенің.

Хат жазамын сағынышпен жырақтан,
Жүрек бірге, тек өзіңді ұнатқам.
Жаттығуда болса ауыр, сол сәтте
Сөздерімді есіңе ал да, қуаттан.

Отанымыз - бізге бүгін іргелі ел,
Үміт күтер Отан үшін бізден ел.
Қызметіңді абыроймен аяқтап,
Бізге де әлі табысатын күн
келер!


Нәзік мұңы бірге кетіп көп күнмен,
Ұшады олар қыранға тән екпінмен:
Демалысқа қыстыгүні келсе де -
Ару қыздар, қарсы алыңдар шоқ гүлмен!

Жас жүректер сағынысқан болса анық -
Қарсы алыңдар жайраң қағып, ән салып.
Сездіңдер ме ол сендерді, ауылды
Осы жылда аңсағанын қаншалық!

Тынышбай Рахым
Сарбаздың Аруға сәлемі
Онда күз еді, тағы да енді күз келді,
Хазар жақтан ақша бұлттар жүзді енді.
Сол бұлттардан сарбаздың ұқ сәлемін,
Қауыштырар күн де жақын бізді енді.

Хат жазыстық, сыр айтыстық, ұғыстық,
Дегем талай: шекарамыз тыныштық.
Еліміздің шекарасын күзеттік,
Сол тыныштық - Отан үшін ырыс-құт.

Біз өткіздік әскердегі жылды, айды,
Енді көңіл жүрек әнін тыңдайды.
Сарбаздарға туған жері қол бұлғап,
Сағынышы бұрынғыдан ұлғайды.

Олар бүгін солдат болды - шыңдалды,
Өткізді де жауынгерлік сындарды.
Дейді енді: туған жер мен туысқа
Оралуға бізге қанша күн қалды.

Олар мұнда алды құрыш-тағылым,
Сәлемдерін елге жеткіз бәрінің.
Ұмытқан жоқ сарбаз бір сәт достарын,
Ойлады әр кез ата-анасын, Аруын.

Отан барда - қалмас ұлдар еленбей,
Қорған олар сауыт-болмыс берендей.
Өз көңілім өзің жаққа қол бұлғап -
Туған Отан - Сырға сәлем дегендей.

Кеше күз еді, тағы, міне, күз келді,
Сарбаз көңіл сағыныш боп жүзді енді.
Хазар жақтан тыныштық боп күлген күн
Аман-есен қауыштырсын біздерді!

Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Тәрбие сағат: Ғашықпын әрқашанда, Өмір, саған!
Ғабиден Қожахмет. Күз әуені
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу