Ғабиден Қожахмет. Құт болсын бақытыңның орамалы
Құт болсын бақытыңның орамалы
(Сіңлілердің әпкелерге тілектері)
Демейміз күн күңгірт боп, таң адасты,
Сонда да, әпке, шаттық, мұң араласты.
Біздің үйден басталған бір соқпақ жол
Сені бізден бақытқа ала қашты.
Ала қашты, қайтейік, шаттығыңа,
Ұзатып салды өзіңді бақ қырына.
Қарамайды екен - ау қыз бақыты
Босағаның бөгделік, жаттығына.
Бұйыртқан содан қыздың несібесін,
Елемесең, өмірден кешігесің.
Ілестің сен де, әпке, бүгін, міне,
Сол бақыттың мәңгілік көшіне шын.
Ілес, әпке, соңыңа қарамағын,
Сонда ырғақты, бақытты болады әнің.
Түтіні түзу ұшқан өз үйіңде
Желбіреп жүреді енді орамалың.
***
Той басталды, ала келіп ізгі үнін,
Тергендей - ақ шаттық - жырдың біз гүлін.
Толқыныспен, қуанышты әнменен
Ұзатылып бара жатсыз сіз бүгін.
Бақыт жолы соқпақ емес белгісіз,
Махаббат та қиял емес сенгісіз.
Сондықтан да сол қастерлі жолменен
Ұзатылып бара жатсыз енді Сіз.
Дегендей - ақ осы жолда еленгін,
Алыс болсын дегендей - ақ сенен мұң.
Айтылады аппақ қардай тілектер,
Сізге тілеп жақсылығын Әлемнің.
Сіз теруге бара жатсыз бақ гүлін,
Арай болып алдыңыздан атты Күн.
Осы жолда босағасын аттайтын
Сезініңіз шаңырақтың шаттығын.
Аралаңыз адалдықтың құт - бағын,
Килікпесін бақытты осы жұпқа мұң.
Босағасын киелі етіп отаудың,
Берік етсін шаңырағыңыздың уықтарын.
Тұрсын шаттық жаныңызда жаңғырып,
Алдыңыздан атсын әр кез таң күліп.
Жездемізбен қадамыңыз қол ұстасқан
Бақыт жолға айналсыншы мәңгілік!
***
Қалдырып қимас сәтін қыз күніңнің,
Толқытып, артқа тастап бізді бүгін.
Барасың, әпке, асығып бақытыңа,
Жар болу дегендей - ақ ізгі ұғым.
Барасың іштегі бір қозғап үнді,
Тойыңда тілекшіден сөз де ағылды.
Сағынып жүресің - ау енді, әпке,
Куәсі қыз күніңнің - өз бағыңды.
Белгілі босағаңды бағаларың,
Жарыңмен тату болсын араларың.
Сол бағың - сүйген жардың шаңырағы,
Таққан соң келіндіктің орамалын.
Жұбайлық жолдың солай ізгі өрнегі,
Ойлаттың бақыт жайлы бізге әрнені.
Сол баққа соқпақ салар әрбір қыздың
Тұтамдай екен, әпке, қыз - дәурені.
***
Асығып олар бақыт көктеміне,
Тілекші болдық шаттық сәттеріне.
Бақыттың биігіне ұмтылдыңыз
Ақ көйлек киіп сіз де, әпке, міне.
Дарытып сіздерге енді бата - нұрды,
Сезімнің таңы бақ боп ата білді.
Жазсын деп тойыңызда біз тілейік
Бір сізге сыйлы келін атануды.
Ниет қып тек жақсылық жолығарын,
Әрбір күн қоссын бақтың бағына әнін.
Берік қып өмір бақыт босағасын,
Нұр шалсын жас отаудың шаңырағын!
***
Білемін, әпке, өзің де бағаландың,
Бақ жолын жүрегіңмен қалап алдың.
Аттайсың енді өзге босағаны,
Сезесің қасиетін орамалдың.
Бағыңа өмір дейтін қосады ағын,
Мінсіз боп тұрсын әрбір жасағаның.
Сенемін, әпке, саған, өзің аттар
Ұғасың қасиетін босағаның.
Тілекші саған, әпке, бәрі бүгін,
Қарсы алар бақытпенен таңы гүлін.
Шақырды сол таңыңа қыз соқпағың,
Ендігі түсінер деп жар ұғымын.
Сің, әпке, сол жұртыңа бағалан да,
Өмірдің жаман жағын қалап алма.
Сыйлай біл келіндіктің қасиетін,
Қастерлеп түйген бақыт - орамалға.
***
Той шаттығы сезіліп күйден бүгін,
Ғашық жүрек аялар сүйген гүлін.
Сенің тойың, әпкетай, бақыт тойы,
Сен қалыңдық көйлегін киген күнің.
Оянғанда бақыт боп алдан күні,
Сол үміттің, мінеки, жалғанды үні.
Бүгінгі той, шаттық той - сенің тойың,
Ата - ананың осы еді арман - күні.
Қашанда қуанышқа кенде ме елім,
Үміт артты саған да сенген елің.
Ақтадың да өмірде сол сенімді,
Атандың, міне, ардақты сен де келін.
Салды, міне, жас отау бастапқы әнін,
Қалар ем сол әуеннің асқақтауын.
Сен әдемі көріндің сол бір сазбен,
Сенімiңдi өмiрде қостап жарың.
Шырқаңдар бақыт - саздың мың түрлі әнін,
Қалармын өмір - бақтың құлпырғанын.
Саған бақыт тілер ем үзілмейтін,
Тілер ем кірпігіңде мұң тұрмауын.
Сен едің шаңырақтың бір шынары,
Атандың бүгін жардың гүл - сыңары.
Жұбайлар қалап тіккен ақ отаудан
Бақыттың енді үзілмей тұрсын әні.
Дегенде шаттық күнің атыпты нық,
Тұрсыншы әр бір кезде уақыт күліп.
Төрінен жас отаудың қашанда да
Ұзамай жүрсінші енді бақыттылық.
Бас иген даналықтың сөздеріне,
Нұр жайнар жас отау да көзге, міне.
Айдыннан ұшып шыққан аққуымыз
Қонып тұр бақыт іздеп өз көліне.
Дақ түспей әулет артқан сенімге мін,
Болсыншы өзің қонған көлің керім.
Жұбайлар жарастықпен қол ұстасқан
Бақыттан тұрсын мәңгi өмірлерің!
***
Десе де жылды сынақ, уақытты - сын,
Шын сезім өз бақытын татыпты шын.
Өмірде қол ұстасқан сүйген жармен
Әпке, сен, шынында да, бақыттысың!
Қарамай пенде - ғұмыр күйбеңіне,
Барасың өзің қалап сүйгеніңе.
Бақ қонсын, бақыт қонсын әрдайым да
Сендердің шаттық толы үйлеріңе.
Бойжеттің, ақыл - серік, адаспадың,
Ұнайды сүйгеніңмен жарасқаның.
Сіңлің тілейді енді өздеріңе
Осынау соқпақ - жолдың бақ ашқанын.
Сендер жақ болсын бақыт, бақ алаңы,
Жұлдызың жоғарылап барады әлі.
Құт болсын өмір бойы, әпке, саған
Сен таққан бақытыңның орамалы,
Әпке!
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы