Ғабиден Қожахмет. Бесігінде сәби жатыр бұлқынып

Oinet.kz 06-10-2019 678

Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Бесігінде сәби жатыр бұлқынып

Болу үшін күні ертең де ұлты нық,
Тани білсін, бесігінен жұрты ұғып.
Ана - әуенге қосып бірге уілін,
Тал бесікте сәби жатыр бұлқынып.

"Көз тимесін, көркемін - ай, көркемін!"
Дейді - дағы еркелетіп тентегін.
Ана - жүрек баурап оны әнімен,
Арман етер өз ұлының ертеңін:

"Істерімен тым алысқа баратын,
Әр ісінде жұлдыз болып жанатын.
Дидары мен сымбатына көрген жұрт
Аһ ұрысып, таңдай қағып қалатын.
Ерлігімен қыз жүрегін өртеткен,
Серт берсе егер, семсердей боп серт еткен.
Мына әлемнің ханзадасы секілді,
Түсе қалған сияқты аңыз, ертектен.
Ана - әлдимен тербетілген бесікте
Дәл осындай ұл жатпасын кім білген!

Халқын сүйер ұлан етіп жаратқан,
Кенде етпеген елін ас пен тамақтан.
Бай - бағланды көзіне бір ілмеген
Назымдайын қызды өзіне қаратқан.
Бар тілегі елі жайлы ойланған,
Қанжығасы тек сол үшін майланған.
Аш болса елі, жігіт - жүрек уайымдап,
Тоқ болса елі, көңілі сонда жайланған.
Ана - әлдимен нұрланған бұл бесікте
Қамбар сынды ұл жатпасын кім білген!

Кек кернесе, найзағай боп сермелген,
Әр қимылы қандай ғана ерден кем?!
Қамшыдай қаһары бар қарудың
Алуан сырын ат үстінде меңгерген.
Ақ пейілін аша білген досқа сан,
Лайық деп қоста соны, қостасаң.
Күштілерді өз орнына қойғызып,
Әлсіздерді басынбаған ешқашан.
Намыстары өр боп көкке самғаған,
Екі сөйлеу қанында ешбір болмаған.
Ірілігі мінезінен танылып,
Бүлінгеннен бүлдіргі ешбір алмаған.
Сар даланы күңірентіп ән салған,
Әндеріне тыңдаушысы тамсанған.
Өнерде де озық туған жігітті
Алақанға салып елі қарсы алған.
Ондай ұлдар күнде туа бере ме,
Мәди сынды, Иманжүсіп секілді
Бұл бесікте ұл жатпасын кім білген!

Сол кезде - ақ жұрт ұлт көсемі санаған,
Ұлтқа лайық елдік құру қалаған.
Халқы үшін қызметті өзіне
Ғұмырлық бір парызым деп санаған.
Армандары ел - жұртым деп көктеген,
Мұң теңізін өз басы үшін шекпеген.
Алашының оқығаны саналы
"Әлеке" деп, алдын кесіп өтпеген.
Көкірегі білімменен нұрланған,
Мұңданса да, ұлт қамы үшін мұңданған.
Тірлігінде қылған әрбір ісінен
Ұрпағына аңыз болып, сыр қалған.
Туатұғын өз ұлтының бағына,
Асығатын ұлтпен бірге таңына.
"Әй, қап!" десіп жүретұғын жұртының
Жалау болар күні ертең - ақ жанына.
Ана - әлдимен нұрланған бұл бесікте
Әлихандай ұл жатпасын кім білген!"

Бесігінде - ақ бала - үміт, бала - бақ,
Ана - арман жүр ой теңізін жағалап.
Сақтау үшін жат көздердің сұғынан,
Мұндай ұлан, ана, сізге аманат!

Қылығымен болашаққа ұмтылып,
Күтетұғын ертеңінен ұлты үміт.
Анасының арманынан қуат ап:
"Алпамыстай ағамша тез өссем!.." деп,
Соны арман ғып, сәби жатыр бұлқынып.

Ғабиден Қожахмет. Бұл - біздің көк туымыз желбіреген!
Ашық сабақ: Австралияның жер бедері мен пайдалы қазбалары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу