Әңгіме. Данышпан қазы
Алжир жұртының патшасы Бауақас деген қол астындағы қалалардың біреуінде бір данышпан қазы бар, онан өтірік айтып құтылмайды, даугердің қайсысының ісінің ақ екенін айтпай табады деп естіп, рас па екенін білейінші деп, купес кескінді киініп, қазыға қарай жүрді дейді.
Қалаға кіре бергенде, бір аяғы жоқ ақсақ тіленші қайыр сұрады. Бауақас қайыр беріп өтейін деп еді, тіленші етегінен ұстап айырылмады. - Мен қайыр бергенім жоқ па, енді не керек, - деді Бауақас.
Тіленші айтты: - Қайыр бердің, бірақ тағы қайыр қыл, мені мінгестіріп орам ортасына жеткізіп таста, әйтпесе базардағы ат пен түйелер басып кете ме деп қорқамын, - деді.
Бауақас тіленшіні мінгестіріп, орам ортасына жеткен соң, тіленшіні түсірейін деп тоқтады. Тіленші түспеді.
Бауақас айтты: - Енді неге тұрсың, түс, орам ортасына жеттік қой.
Тіленші айтты: - Неге түсейін, ат менікі, атыма дау еткің келсе, қазыға жүр.
Төңіректегі халық жиылып, бұлардың дауын есітеді, бәрі де айтты: - Қазыға барыңыз, ол қайсыңның ақ-қараңды табар, - деп.
Бауақас тіленшімен қазыға келісті. Келсе, қазының алдында бұрынырақ келіп тұрған да даугерлер бар екен. Қазы реттеп сұрап отырып, бір молда мен мұжықты шақырды. Бұл екеуі бір әйелге талас, молда менікі, мұжық менің әйелім дейді. Сөздерін тыңдап болып, оларға қазы айтты: - Әйелді мұнда қалдырып, өздеіңіз ертең келіңіз.
Олардан соң бір рет қасапшы мен май сатушы келді. Қасапшының тұла бойы қан, майшының үсті-басы май. Қасапшының қолында ұстаған ақшасы бар, майшы сол ақша ұстаған қолынан жібермей тұр. Қасапшы айтты: - Мен бұл майшыдан май сатып алып, ақшасын беруге қалтамнан шығарып едім, майшы ақшаңның бәрін тартып аламын деп қолымнан ұстады. Сол ұстаған қалпымен ақшаны тартып ала алмаған соң, саған бәле саламын деп сізге келді.
Малшы айтты: - Бұл сөзі өтірік, қазы, қасапшы маған май сатып алуға келген соң, бір бақыраш май құйып бердім. Сонда қасапшы айтты: - Бір алтын айырып берейін, - деп. - Мен айырып берейін деп қалтамнан ақшамды шығарып, алдымыздағы тақтайға қойғанымда, қасапшы ақшаны алып қашайын деп еді, қолымнан ұстай алып, жібермей сізге келдім.
Тыңдап болып қазы айтты: - Ақшаны мұнда қойып, өздеріңіз ертең келіңіз.
Енді кезек Бауақас пен тіленшіге келді. Бауақас бастан-аяқ істің мәнісін айтып еді, тіленші дауыстады: - Мұның сөзі өтірік. Мен атқа мініп қалаға келе жатыр едім, бұл көпес жерде отыр екен, қалаға жеткізіп таста деп өтінді. Сонан соң атыма мінгізіп қалаға келтірген соң, түс десем, аттан түспей, ат тіпті өзімдікі деп әуре етіп жүргені, - деді.
Қазы азырақ ойланып тұрып: - Атты мұнда қалдырып, өздеріңіз ертең келіңіз, - деді.
Келесі күні көп кісі жиылды қазының төресін естиміз деп.
Әуелі молда мен мұжық келді. Оларға қазы бұйырды: - Әйел молданікі, мұжыққа елу шыбық ұрыңыз.
Айтқанынша, сол жерде-ақ молда әйелін алып, мұжыққа жасауыл елу шыбық ұрды.
Екінші қасапшы мен майшы келді. Қазы: - Ақша, қасапшы, сенікі, майшыға шыбық ұрыңыз.
Үшінші Бауақас пен тілекші келді. Қазы Бауақастан сұрады: - Жиырма аттың ішінен атыңды танып алармысың?
Бауақас айтты: - Танырмын.
Тіленшіге айтты: - Сен де танырмысың? – деді қазы.
Ол да айтты: - Танырмын.
Сонан соң екеуің де маған еріңіз деп ат қораға алып келді. Қораға екеуі Бауақасты кіргізіп, ол көп аттардың ішінен тұп-тура барып өз атын ұстады. Оның артынан тіленшіні кіргізіп еді, ол да атты танып қасына барды. Сонан соң қазы орнына келіп отырып төре берді: - Ат, көпес, сенікі, тіленшіге елу шыбық соғыңыз.
Бұл істердің төресін беріп орнына келтірген соң, қазы үйіне барды. Бауақас қалмай ере келді. - Сен неге келесің, - деді қазы. – Әлде берген төрелігіме разы болмадыңыз ба? -Жоқ, - деді Бауақас, - төрелігіңізге разымын, бірақ білгім келеді: «Әйелдің молданікі екенін, ақшаның қасапшыныкі екенін, аттың менікі екенін қайдан білдіңіз?»
Қазы айтты: - Әйел турасында білгенім, таңертең әйелді үйіме шақырып, «қара сауытыма қара сия құй» дедім. Әйел жып-жылдам қара сауытты жуып, сонан соң қара сия құйып, бұл іске сонша ептілік көрсетті. Мұнан көрінді – қара сия сауытпенен айналысып көрген екендігі: мұжықтың әйелі болса, онда іске епті бола бермес еді. Осыдан молданың сөзі растығы білінді. Ақша турасында білгенім, ақшаны кеше кешке бір кесе суға салдым да, таңертең тұрып қарадым – судың бетіне май шықпас па екен деп, май шыққан жоқ екен. Мұнан көрінеді майшының сөзі өтірік, қасапшынікі дұрыс екендігі, не үшін десеңіз – майшының майлы қолымен ұстап тұтынған ақша болса, су бетіне ақшадан май жүзіп шығар еді. Бәрінен сіздің ат турасында қиынырақ болды; сен танығат атты тіленшіде таныды, бірақ менің де ойымда сендерге ат таныту емес еді. Ат қораға алып барып едім, сіз аттың қасына барғанда оқыранып, ат саған мойнын созды; тіленшінің қасына барғанда құлағын жымитып, аяғын көтерді – мұнан ат сенікі екендігі білінді, - деді.
Сонда Бауақас айтты: - Мен көпес емес, Бауақас деген патшаңмын. Сен турасында жұрттың айтуы дұрыс па екен деп бұл үшін келіп едім, айтқаныңдай бар екенсің. Енді тілегің болса тіле, - деді.
Қазы: - Маған сый керек емес. Патшамның осы мақтағаныда жетерлік сый, - деді.