«Телефон бар, телефон... Арзан бағада телефон»
Шымкентте Тәуке хан мен А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысындағы «Гарант» дүкенінің маңынан өтіп бара жатсаңыз, өзіңізді бейнебір жұлдыздай сезінесіз. Егер қолыңызда телефон болса, онда тіптен. «Бауырым, телефоныңды сатасың ба?», «телефон аламыз, телефон», «арзан бағада телефон», «інім, бері кел, телефон көрсейші».
Сіз бұл маңнан мұндай қаратпа сөздерді жиі естисіз. Бұрын оларға мән бермей өте беруші едік. Жақында бізге телефон керек болды. Содан біз ең бірінші осы «Гарант» төңірегіне келдік. «Іздегеніңді осы жерден табуға болады» деген ақыл-кеңестен кейін.
«Гарантта» әрдайым өмір қыз-қыз қайнап жатады. Сіз мұнда телефонды екі жерден ала аласыз және сата аласыз. Осындағы қаптаған дүкендерден және дүкен сыртындағы топырлап жүргендерден. Көбіне Б/У (бұрын ұсталған ескі) телефондар сатылады. «Сотканың» саудасын қыздырғандардың жас шамалары да әртүрлі. Иегіне сақал қойып, балағын қысқартқан діндарларды да осы жерден көптеп кездестіруге болады. Бірақ саудагерлердің дені жастар. Олар тек телефонмен айналыспайды. Өзге техникаларды да алып сата береді. Негізінен мұнда телефоннан кейін ноутбук айналымда жиі жүреді. Бұл жерде негізгі мақсат - пайда көру. Неғұрлым арзан алып, сол жердегі сервис орталықтарында жамап-жасқап, жөндеп, үстіне баға қойып, қайта сату.
Мысалы, біз осыдан 1 жарымдай жыл бұрын «ASUS» ноутбугын алып едік. Процессоры - Intel inside core i3. Бейнекартасы – NVIDIA Geforce 820M. Операциялық жүйесі –Microsoft 10. Бағасы – 140 мың теңге болды. Ұқыпты ұстаған соң, жағдайы жақсы еді. Осыны қаншаға бағалайды екен деген қызығушылық пайда болған соң, сыртта жүрген сатушыларға ұсынып көрдік. «Тез арада ақша керек еді» деуді ұмытпадық. Әрі техниканы мүлдем білмейтіндей кейіп таныттық. Онда да ең кемі жарты бағасын беретін шығар деп ойлағанбыз. Жоқ. Қателесіппіз. Олар бар болғаны 25-35 мың теңге аралағын ұсынды. «Ноутбук әбден ескірген. Мына жері бұзылған, мына жері жөндеуге келмейді. Тез арада құтылмасаң ертең кеш болады» деп бізді әбден «шошытты». Сонымен қатар, жанымызда болған 2016 жылға қарай шыққан Samsung A3 (120 000 теңге) телефонын да быт-шыт қып жамандап, түкке алғысыз етіп тастап, тым арзан бағалады. 4-5 есе төмен. Мысалы, сіз қаланы мүлдем білмейтін болсаңыз, көптеген таксистер «оу, ол жер алыс екен. Кемі 1000 теңге болады» деп алдап, баратын жеріңізге тіке бармай, үш-төрт көшені айналып барады ғой. Міне, тура сол айла. Біз сатпайтын болып кете бергенде, «бауырым, тоқтай тұршы» деп жабысып, бағаны аз-маз көтерген болды. Келіспеп едік, тағы көтерді. «Қашып» құтылдық.
Сауда көрігін қыздыратындар - студенттер
Жалпы, «Гарант» маңында кез-келген адам кәсібін «рұқсатсыз» дөңгелете алмайды. Бұрыннан келе жатқан кәнігілер оған жол бермейді. Бұрынырақта мұнда заңсыз іс-әрекеттер өте көп орын алушы еді. Ұрланған телефондар жиі сатылатын. Сонымен қатар, алаяқтар да өріп жүретін. Мысалы, орта жастағы бір кісі осында Nokia C7 телефонын жөндетуге келген. Сатушы жігіт: «Жұмысы көп екен. Телефоныңызды тастап кетіңіз. 3 күннен соң дайын болады» деп айтпай ма?!. Әлгі кісі оған сеніп, телефонды тастап кеткен. Сонымен, арада 3 күн өткенде келсе, әлгі сатушы жігіт зым-зия жоқ. Қазір бұл жерде бәрі ретке келген секілді. «Гарантка» қарама-қарсы тұста полиция бекеті тұр. Күндіз-түні бейнекамера бақылап тұрады. Дүкендерде телефон алсаңыз, қасында міндетті түрде құжаты болады.
Ал, сыртта сауда жасайтындарда мұндай тәртіп көбіне сақтала бермейді. Біз сонда бір жас жігітпен сөйлестік. Оның ұсынған телефонын алатын болып, ұрланған ба, ұрланбаған ба, соны сұрадық. Әлгі жігіт ұрланбағанын, бірақ, қасында құжаты жоқ екенін айтты:
- Кеше ғана бір жігіттен сатып алдым. Телефон кешеден бері қосылулы тұр. Ұрланған телефондар сататын болсам, мені баяғыда ұстап алатын еді,-дейді.
Тауарға қанша мерзімге кепілдік беретінін сұрап едік, әлгі жігіт:
- Бұл ескі телефон ғой. Кепілдік берілмейді. Қазір сауда жоқ. Арзан беріп тұрмын. Алсаң ал, алмасаң қой, - деп айтты. «Сауда жоғы несі?» деп едік, ол сессия кезінде студенттер нөпірі қаптайтынын айтты. Неге сессия кезінде? Қызық. Сонымен, сессия кезінде көптеген телефондар су тегінге кетеді десе болады. Себебі, алыпсатарар да кәсіби психологтар ғой. Әрине, сессия тұсында ақшаға мұқтаж болған студенттер төмен бағаға амалсыз көнеді.
Негізі, мұнда жүйе бар: Алыпсатар/дүкен – сервис орталығы – дүкен/алыпсатар. Телефон жөндеу орталықтарында жұмыс қызу. Себебі, ескі телефон жиі бұзылғыш келеді. Оны клиенттер жөндетеді де жатады. Қайта бұзылады, қайта жөндейді. Және бір қызығы, дүкендерде «жап-жаңа» телефондар да бар екен. Бірақ, бұлар біз ойлағандай су жаңа емес, тек, түрлі телефондардардан бөлшектерді жиып құрастырған көрінеді. Мысалы, «Технодом», «Kcell» секілді жерлерде кең сұранысқа ие iPhone 5S 16GB – 130 000 теңге тұрса, «Гарант» маңынан 70 мыңға табуға болады. Дегенмен, Apple өнімі осында құрастырылған. Сапасына кепілдік берілмейді. Кез-келген уақытта бұзылып қалуы бек мүмкін. Ал, дүкен маңдайшасында «тауар кері қайтарылмайды» деп жазылған.
Білім емес, ақша қуған жастар
Біз клиент кейпінде біраз алыпсатарлармен саудаласа отырып, сыр суыртпақтадық. Сөйтсек, біразы осы қаладағы жоғары оқу орнында күндізгі бөлімде оқитындарын айтты. Күндізгі бөлім деген аты ғана. Университетке сессия кезінде ғана барады екен. Және құрқол емес. Университетке барып уақыт «жоғалтқанша», осылай ақша тапқан жөн дегендей ойларын білдірді. Ал, бұл қаншалықты жөн? Біз осы жайына оқытушылардан сұрап көріп едік:
Мадияр Саудбаев, журналистика бойынша PhD-докторы, Сулейман Демирел атындағы университет оқытушысы:
- Ел болашағы – білімді жастар. Оқыған адам – өндірушіге айналса, оқымағандар – тұтынушы қалпында қалады. Мысалға, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония секілді елдерді алайық. Мұнда оқуға түсу өте қиын. АҚШ-та аста-төк грант деген ұғымы жоқ десе болады. Және оқу ақысы өте қымбат. Сонда да болса жастар барын беріп, білім алуға ұмтылады, жанталасады. Ата-аналары өмір бойы баласының оқуы үшін тірнектеп ақша жинайды. Себебі, оқымаған баланың өмірі қиын өрбиді. Онда студенттер білімін үздіксіз жетілдіріп, әрқашан ізденісте жүреді. Себебі, қазір техника күннен-күнге дамып келеді. Яғни, даму үрдісі шапшаң. Осыған ілесе білу керек. Ілесу үшін білімің болу керек.
Өкінішке қарай, қазір елімізде студенттер білім қумай, ақша қуып кетеді. Әрі «жұмыс істеп жүрмін, ата-анама салмақ салып жатқан жоқпын» деп ойлайды. Меніңше, студент ең бірінші кезекте оқуды ойлау керек. Студент кезіңдегі жұмыс сені көп болса 2 жыл, 5 жыл яки 10 жыл асырауы мүмкін. Ал, сапалы білім – адамды өмір бойы асырайды. Асырап қана қоймай, нақты жетістіктерге жеткізеді.
Заман – білімдінікі
Дәл қазір телефон үлкен сұранысқа ие тауар. Екінің бірі емес, бәрі телефон ұстайды. Бала болсын, жас болсын, кәрі болсын. Онсыз өмір сүре алмайды. Сондықтан да «Гарант» маңынан адам қарасы үзілген емес. Ары-бері өткен жүргіншінің алдын кес-кестен «бауырым, телефон керек пе?» деген студенттер. Текке өткен студенттік өмір. Босқа өтіп жатқан уақыт. Сонда бұл жайтқа ешкімнің басы ауырып, жүрегі сыздамай ма? Қызық.
Абылайхан Есімбай,
"Рейтинг" газеті, 2017 ж