Арзан пәтер, арзан көлік сататын алаяқтардың құпиясы

Oinet.kz 14-09-2016 2563

Үйсіз күй болмасы белгілі. Өз баспанаң болмаса, пәтерден-пәтерге ауысып, қаңғырып жүретінің жасырын емес. Әрі үй иесінің қас-қабағына қарап, ыңғайсызданатының тағы бар. Егер оған ұнамай қалсаң, кез келген уақытта жүгіңмен бірге сыртқа лақтырып тастайды. Кезінде Кеңес Одағы тұсында небір марқасқа ақын-жазушылар әбден үй азабын тартып, ішіп кетіпті. Бұл жайлы небір аңызға бергісіз әңгімелер айтылды. 

Screenshot_25.jpg

Біз де осындай бақытсыздықты бастан кешпес үшін жаздыгүні қаладан пәтер сатып алған едік. Бірақ, адам деген тоймайды ғой. Бір бөлмелі пәтерді сатып, орнына екі бөлмелі пәтер алмақ болдық. Не керек, жарнама газеттерін парақтап, жарнама сайттарын ақтара бастадық. Үй деген бағасын ешқашан жоғалтпайтын көрінеді. Айқайлап тұр! Түрлі бағаларды көрдік. Үйін «сылап-сипап», аспандағы бағаны сұрағандар аз емес. Енді бірінің бағасы көңілден шықса да, үй көңілден шықпай, біраз әурелендік. Бірде мынандай жағдай болды. Үй де, баға да көңілден шықты. Бірақ, баға шектен тыс көңілден шықты. Дұрысы, көңілге  қонбады. Хабарландыру ілетін www.olx.kz сайтында монолитті көпқабатты тұрғын үйдегі толықтай еурожөндеуден өткен, қымбат жиһаздары бар 1 бөлмелі пәтерді егесі бар болғаны 5 миллион 500 мың теңгеге бағалапты. Шыны керек, қуандық. Дегенмен, үй жайлы толыққанды дерек берілмепті. Яғни, ең негізгі ақпарат - нақты мекен-жайы көрсетілмеген. Сонда да болса ойымызда ештеңе жоқ, иесіне телефон шалмақ болдық. Бірақ, хабарландыруда пәтер егесінің нөмірі +9 600... деп жазылған. Шешінген судан тайынбас, нөмір шетелдікі болса да, қоңырау соқтық. Өкінішке қарай, орысша сайрайтын оператор әйелден «мұндай нөмір жоқ» дегендей жауап алдық. Әрине, мұндай су тегін пәтерді қимай-ақ тұрмыз. Соңғы үміт – хабарландыру астына: «Сіздің үйіңізді сатып алмақ болып, телефон шалып едім, нөміріңіз істен шығыпты. Сізбен қалай байланысуға болады?» деп жазып жібердік. 

Арада бір күн өткенде, біздің электронды поштаға хат келді. Орысша. Тым ұзақ. Дегенмен, тілі жатық, бір деммен оқып шықтық. Үй иегесі ойын сауатты жеткізе білген. Өте сауатты! Психологиялық сарында жазылған бұл хат құдды көркем шығарма. Хатты оқып болған соң, барлық тірлікті жиып қойып, үй алу қамына кірісіп кете жаздадық. Бәрі түсінікті болу үшін мен хатты сіздерге ықшамдап ұсынғалы отырмын:

«Сәлеметсіз бе! Мен кеше сіздің пікіріңізді оқыдым. Егер менің жарнамам сізге кедергі келтірсе және күттіріп қойсам алдын ала кешірім сұраймын. Бұл хатымда мен сізге пәтерімді неліктен арзанға бергім келетінін түсіндіргім келеді:

1 бөлмелі пәтер. Мекен-жайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, Ғани Ілияев – Шәймерденов көшелерінің қиылысы. Яссауи тұрғын үй кешені. Үй монолитті. 2008 жылға қарай пайдалануға берілген. Менің пәтерім 6-шы қабатта орналасқан. Ал, үй 13 қабатты. Бағасы – 5 жарым миллион теңге. 

Мен Қазақстандағы бүкіл бизнесімді саттым. Себебі, мен Еуропаға қоныс аударған балаларыммен бірге тұрғым келеді. Мен уақытымды жоғалтпай үйді өзім сатуға бел байладым. Себебі, мен алаяқ риэлторларға (Құдай сақтасын!) мүлдем сенбеймін! Әрине, үйді өз бағасына сатқым келсе, мұнда ұзақ бөгеліп қалатыным анық. Ал, мені Грекияда балаларым тағатсыздана күтіп отыр. Сондықтан да мен үйді өз бағасынан 2 есе төменге сатпақпын. Дегенмен, қояр талаптарым бар: 

Қазір мен Еуропадамын. Сондықтан да, мен Шымкентке құжат рәсімдеу үшін тек нақты клиенттерге ғана ұшып келемін. Жай ғана үйді көріп, қайтып кететін адамдармен байланысқым келмейді. Сол себепті, сіз пәтер ақысын алдын-ала төлейсіз. Қорықпаңыз, мен ешқандай да алаяқ емеспін! Егер сіз расында пәтерді алғыңыз келсе, ақшаны Афины қаласына (Грекия) «Золотая Корона», «Western Union», «Unistream», «Контакт», «Лидер» немесе «Мигом» сынды ақша аударымдарын жасайтын қызмет түрлері арқылы аударасыз. Бір күнде 5000 долларға дейін аударым жасауға болады. Сол себепті, сіз ақшаны 2-3 күн ішінде жібересіз. 

Бірақ, ақшаны алатын кісінің аты-жөнін сіз жазасыз. Яғни, ақшаны менің атыма емес, кез-келген туысыңызға, ата-анаңызға, әйеліңізге жібересіз. Міне, көрдіңіз бе, ақша аударымын менің атыма жасамайсыз! Осы арқылы сіз өзіңіздің ақшаңызды 100 пайыз сақтай аласыз! Мен сіздің ақшаңызға тиісе алмаймын. Бұл жерде мен сіздің мүддеңізді ескеріп отырмын. 

Ең соңында, ақша аударымын жасағаныңызды дәлелдеуіңіз керек. Ол үшін менің электронды поштама төлем жасаған туралы квитанцияңызды сканерден өткізіп немесе фото күйінде жібересіз. Бұл арқылы сіз шынымен үйді сатып алатынызды көрсетесіз. Сосын мен Грекиядан ұшып келіп, сізбен бірге ақша аударымын жасаған банкке барамын. Сіз ол жерден менің көзімше ақшаны аласыз. Содан кейін нотариусқа барып, үйді сіздің атыңызға аударамын. Осы операция орындалған соң, мен сізден ақшаны қолма-қол санап аламын. 

Суреттен көргеніңіздей, пәтер керемет жағдайда. Пәтер менікі. Құжаттары дұрыс. Келген кезде көрсетем. Пәтерді арзан сататын тағы бір себебім – оны алдын-ала көре алмайсыз. Себебі, мен алаяқтарға әбден алдандым. Енді мұндайға жол бермеймін. Сол үшін жоғарыдағы талаптар арқылы қаржылық қауіпсіздігімді қамтамасыз етіп отырмын. Сұрақтарыңыз болса, +30-211-198-48-64 нөміріне хабарласа аласыз».     

Әрине, бастапқыда алаяқ шығар деп ойлайсыз. Бірақ, хатты қайтара оқып шыққан соң, көңіліңіз нілдей бұзылады. Ең кемі 15 миллион теңге тұратын пәтерді 5,5 милионға бермекші. Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді. Былай қарасаңыз, ештеңеден ұтылмайтын секілдісіз. Ақшаны өз ата-анаңызға, әйтеуір жақыныңызға аударасыз. Оны сол кісіден басқа ешкім ала алмайды. Аударылған ақшаны алуға барғанда құжатыңызды көрсетесіз ғой. Сонда ғана сізге ақшаны қолыңызға ұстатады. Ал, әлгі Грекиядағы кәсіпкер ақшаны құжатсыз мүлдем ала алмайды. Яғни, бәрі дұрыс. Алаңдауға негіз жоқ. Деп ойлайсыз. Әйтсе де, егер көзі ашық, оқыған адам болсаңыз, бұндайға сенбейсіз ғой, бәрібір. Дегенмен, сенетіндер бар екен. Өкінішке қарай, өте көп. Арасында лауазымды қызметте істейтіндер саны аз емес. Мен осы жөнінде кішігірім зерттеу жұмысымен айналысып көрген едім, көкейімде жүрген көптеген сауалдарға жауап алғандай болдым. 

«Үйді арзанға сатамын», «көлік сатамын» дегендей мұндай хабарландырулар соңғы 3 жылда күрт көбейіп кетіпті. Нарықтағы бағасынан 3 есе төмен үй сататындар ең алғаш Ресейде пайда болған. Биыл Қазақстанға келіп жеткен. Мұндай хабарландыруды еліміздегі түрлі жарнамалық басылымдар мен сайттардан оқтын-оқтын кездестіре аласыз. Бір қызығы, барлығы бір қолдан шыққан. Яғни, хабарландыру мәтіні жоғарыда көрсетілген үлгіде жазылады. Дегенмен, әлгі кәсіпкер Бірде Израильде, бірде Түркияда, тіпті Перуда да жүре береді. Сол жақта бала-шағалары бар көрінеді. Сататын үйлері де көп секілді. Ресейдегі, Белоруссиядағы, Украинадағы кәсібін тоқтатып, барлық үйін сатып біткен кәсіпкер енді Астанадағы, Алматыдағы, Шымкенттегі үйлерін патырлатып сатуда. Тіпті, көліктерін де саудалап жатыр. Барлық жерде ұзақ жыл (ең кемі 10 жыл) тұрақтап, кәсіппен айналысыпты. Бұл енді ақылға сыймайды.  

Үйді сатып алғыңыз келсе, ақшаны жоғарыдағы талап бойынша аударасыз. Осы жерде сұрақ туындайды. Сіз ақшаны өз туысыңызға жібересіз ғой. Аударылған ақшаны банктен жеке басыңызды куәландыратын құжатыңызды көрсетіп қана ала аласыз. Бұл жайлы «Халық» банкінің ресми сайтында да жазылған. Сонда ол  алаяқ нені көздеп отыр? Сөйтсек, мәселе мынада екен. Осыған дейін Мәскеуде тұратын 30-дар шамасындағы жоғары білімді жігіт осындай хабарландыру оқып қалмай ма? Сөйтіп, су тегін көлікке ойы кеткен. Дегенмен, ол да басында алаяқ деп сенбеген. Кейіннен ойлана келе ақша аударымын өзінің әйелінің атына жасайды. Үй егесіне аударым жасағанын айтады. Алайда, ол жігітке сенбей, аударым жасағаны туралы квитанцияны электронды поштасына жіберуін өтінеді. Егер шынымен аударса, дереу Перудан Мәскеуге ұшып келетінін айтады. Әлгі жігіт еш ойланбастан квитанцияны жібереді. Ертесіне әйелінің атына жіберілген ақша шотта ұшты-күйлі жоқ болып шыққан. Оны Перудан шығарып алыпты. Сөйтсе, жігіт квитанцияны жіберіп оңбай қателесіпті. Онда ақша аударымын растайтын MTCN код, толығырақ Money Transfer Control Number болады. Қазақша аударсақ, ақша аударымының бақылау нөмірі. Алаяқтарға 10 таңбалы осы нөмір жеткілікті көрінеді. Ал, жеке басты куәландыратын құжат ше? Онсыз ала алмайды ғой? Сөйтсек, бұл ешқандай мәселе емес екен. Әлемде кей елдерде тек 10 таңбалы санды білсең болды екен. Құажт көрсету міндетті емес. Яғни, банк қызметкері мен алаяқ арасында диалог былай өрбиді: 

- Әйелім менің атыма ақша аударып еді. Соны алуға келдім. 

- MTCN кодыңызды білесіз бе?

- Иә.

- Айтыңыз онда.

Әлгі алаяқ судыратып айтып, банктен қалтасы томпайып шығады. Банк қызметкері де ешқандай тәуекелге барып тұрған жоқ. Ал, бар болғаны өз міндетін орындады емес пе? Кодты терді, ақшаны берді. Бұдан бөлек, алаяқ банк қызметкерімен сыбайлас болуы да ғажап емес. Сонымен қатар, ақша аударымын жасайтын ұйымдарда да өз адамдары жұмыс істеуі бек мүмкін. Тағы біз білмейтін көптеген құпиялар бар.  

Банк қызметерлері ақша аударымын жасағанда алаяқтардан 100 пайыз қорғану мүмкін емес екенін айтады. Сол себепті, олар «Western Union», «Unistream», «Money Gramm» секілді көптеген ақша аударымын жасайтын қызмет түрлеріне жиі жүгінуге кеңес бермейді. Ірі кәсіпкерлер, экономикалық жағынан өте сауатты адамдар мұндай қызметті мүлдем пайдаланбайды. Себебі, қауіпсіз деп айтуға келмейтін бұл қызмет түрі көбіне қайырымдылық қорына ақша аудару үшін көрсетіледі екен. Және ең бастысы, MTCN кодыңызғы ешкімге көрсетпеңіз де, айтпаңыз. 

Алаяқтар өздерін Виктор Крамер, Рублев Виктор,  Павлов деп таныстырады. Олар жайлы Google көкеден сұрасаңыз, айтып береді. Олар кәсіпқой психологтар! Іші-бауырыңызға кіріп кетеді. Жақында телефоныма шетелдік нөмірмен қоңырау соқты. Тұтқаны көтеріп едім, «Мен өткенда хабарландыру берген адаммын. Есімім Виктор. Сіз үйді аламын деп жазып едіңіз. Қазір үйімді сатып алғысы келетіндер өте көп. Дегенмен, сіз бірінші болып сұраған соң, бір ауыз айтуды жөн көріп отырмын» деп сайрап, психологиялық айла-тәсілдерді қолдана бастады. Мен де өтірік білмегенсіп, ақша жіберетін болдым. Ертесіне ол телефон соққанда, «аударым жасадым» деп хабарладым. Ол квитанцияны салып жіберуді өтінді. Мен «жарайды» деп, квитанция емес, «Алаяқ! Тауып алсам быт-шытыңды шығарамын» деп жазып жібердім. Сонда сыпайы сөйлейтін Виктор аузына келгенді айтып, жауап қайтарды. Алаяқ екенін дәлелдейтін бір-екі сілтеме жолдап едім, үні өшті. Қысқасы, бетпердесі шешілді. Құрметті оқырмандар, ешқашан алдын-ала ақша аударымын жасамаңыздар деп кеңес бергім келеді.    

Абылай Есімбай

Тіл – Тәуелсіздік тұғыры
Әкесі тірі адамға бас мүжуге бола ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу