Дәрігер: «Ақшаң жоқ болса, медицина да жоқ»

Oinet.kz 16-08-2024 3614

Жуырда Үндістанда емделген біздің бір келіншектің ауруханада зорланғаны туралы мәліметті оқып, ішім ашыды. Өкініштен. Амалсыздықтан. Өзім талай жылдар бойы осы салада қызмет жасап жүргендіктен өзімді өзім кінәлі сезіндім. Қайран үміт не істетпейді, қайда апармайды...

Screenshot_9.jpg

Сондықтан ауырып ем іздеп жүргендерге бір ауыз сөз айтуды жөн көрдім.

Біз өмір бойы отанымыздың тегін медицинасына әбден үйреніп, барлық жерде сондай деп ойлаймыз. Ол үлкен әрі өте қауіпті қателік! Дүние жүзінің барлығына жуық мемлекеттерінде медицина деген тақыр бизнес, яғни ақша табу. Біздің миымызда қалыптасқан қатты науқасқа қол ұшын беру, міндетті түрде ауруханаға жатқызу сияқты көптеген ұғымдар онда жүрмейді. «Өлсең өл ақшаң болмаса» - деген қағида онда жұмыс істейді. Оны ешқашан естен шығармаған жөн.

Ол жақта әр бұраудың сұрауы бар. Бір тал дәрі, бір тамшы суды ешкім тегін бермейді. Міндетті түрде сақтануың керек, немесе қалтаңнан толық құнын төлеуің керек. «АҚШАҢ ЖОҚ БОЛСА, МЕДИЦИНА ДА ЖОҚ!» - деп бетіңе басады.

Екіншіден, біз өз елімізде бастықпыз, ақынбыз, батырмыз. Ол жердегілерге біздің кім екеніміз бәрібір. Өз еліміздегі сияқты әдетке салынып айғайға салсаң, сол сәтте ауруханадан қуыласың. Бас дәрігерге барамын, министрге жазамын! - деген қорқытулар ешқашан жүрмейді.

Сондықтан егер басқа жаққа барып емделемін деген шешім қабылдасаңыз, алдымен оның арты неге ұласып кетуі мүмкін екенін ешқашан естен шығармаңыз. Бізде емделмейтін ауруды «емдеп жазамыз!» - дегендерге ешқашан сенбеңіз.

Емделіп жүрген дәрігеріңізбен ақылдасыңыз алдымен. Шынымен-ақ сол мемлекетте бізде жоқ емдеу тәсілдері бар ма, жоқ па деген мәліметті дәрігерден алғанда ғана ойланыңыз. Жарнама мен көршінің айтқанына ешқашан құлақ ілмеңіз.

Біздің сауатсыздығымыз біреудің табысы мен байлығы. Шет елдердің білікті ауруханалары ешқашан бос уәде бермейді. Олардың атынан сөйлесіп, науқастарға жалған үміт беріп ақша табуды көздегендер сол госпитальдің айналасында жорып жүрген «помогайкалар». Қазір біздің елде де ондайлар қаптап барады.

Сондықтан олардың көбісі түрлі шет елдің ауруханалырмен келісіп, олардың берген бағасын бірнеше есе арттырып, бейшара науқастарды алдаумен айналысады. Ондай мысалдар өте көп. Тіпті, науқасты қонақ үй емес, хостелге орналастырып, госпитальге қалай болса солай қарата салып, ақшаны жымқырып жоғалып кететіндер де жеткілікті. Ондай жағдайда не істейсің? Кімге жалынасың? Кімнен көмек сұрайсың өзің өлім аузында жатсаң?

Сондықтан сол делдалдардың кім екеніне, тәжірибесінің, ең болмаса медицинадан хабары барлығына көзіңіз жетсе ғана шет елге бару туралы ойланыңыз.

Тағы айта кететін жағдай, Аллаға шүкір, осы таңда біздің де мүмкіншіліктеріміз артып келеді. Астанада, Алматыда орналасқан медицина орталықтарында бар аппараттар әлемдегі кез келген мемлекеттен озбаса, кем түстпейді. Сонымен қатар, қазіргі таңда біздің науқыстарға беріп жатқан дәрі-дәрмектеріміз Европаның, Американың протколдарына енген ең тиімді және өте қымбат дәрілер. Яғни, сол жаққа барып миллиондаған қаржы шығарғанша оларды өзімізде тегін алуға болады.

Олардың әр қорабы шынымен-ақ миллион тенгеден басталады. Ол дәрілерді айлап, жылдап ішу керек. Әрине ондайға ешкімің қалтасы шыдамайды.

Сондықтан шет елге шығардан бұрын, өзімізде ауруыңыздың емі бар ма, жоқ па соны жан-жақты зерттегеніңіз абзал. Тек содан кейін ғана шешім қабылдағаныңыз жөн.

Тағы да біздің бір қасиетіміз – ол өзіміздің мамандарымызға еш сенбеу. Дәрігерге сенім болмаса жазылу мүмкін емес. Дәрігер де адам емес па? Сіз табалдырықты аттай сала оның айтқанын сынға алып, берген дәрісін ішпей, айтқанын басқалараға барып тексеріп жүрсеңіз әрине ол да сізге ресми протоколдарда барды ғана береді. Өйткені ертең жанжал туып, тексерулер жүргізіле басталса оған өкілетті органдардан қорғану қажет. Өздеріңіз білесіздер, қазір дәрігерлерді құртам деушілердің саны күннен күнге артып барады.

Неге екені, біз қалтамыздан шығарып ақшасын төлеген дәрігерге тегін емдейтін дәрігерге қарағанда көбірек сенеміз. Ал егерде ол Россиядан немесе алыс шет елден келген маман болса болды басымызды иіп, атйқанын мүлт етпей орындаймыз. Кейде олардың айтып, жазғандарын оқысаң күлкің келеді. Бір диагноздың немесе дәрі-дәрмектің сан алуан атауы бар. Соны пайдаланып, олар біздің мамандардың айтқанын басқаша жазып бере салады. Оны көрген науқастаымыз «міне, шындық осы екен, мыналар түк білмейді екен!» - деп бұрынғы күмәнін одан да арттырып, айтпағанды айтып, жазбағанды жазып жатады. Өкінішті әрине.

«Жоқ олай емес! Өткенде мен немесе менің туысым барғанда біздікілер мынадай қате жіберген!» - деп дәл осы қазір жазайын деушілерге айтатыным: асықпаңыздар, сабыр етіңіздер. Біздің салада 70 мыңнан астам дәрігер жұмыс жасайды. Бір қолдағы бес саусақ бірдей емес дегендей, әр маманның өз деңгейі, өз ойы бар. Сондықтан егер сіз барған дәрігер көңіліңізден шықпаса бүкіл дәрігерлер қауымына күйе жағардан бұрын облыс, республика деңгейіндегі мамандарға жолығыңыз, қаралыңыз. Егер сол дәрігерге сеніміңіз туса, одан айырылмаңыз, оның айтқанынан еш шықпаңыз, жарай ма? Сіз тағдырын тапсырған дәрігер ешқашан сізге көмегін аямайды, сеніңіз.

Ал енді: «Бітті, шет елге барамын!» - деп артқы шешімді қабылдаған болсаңыз сізге айтарым мынау.

Әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері бар емес па? Медицина саласы да сондай. Үндістанға барамын десеңіз ол жақта іздейтін бір ғана бағыт бар – ол донорлардың көпшілігі. Біздің қазақ өлсек те органымызды басқаға бермейміз, оны жақсы білесіз. Қаншама айтсақ та, әлі күнге дейін осы проблеманы шеше алмай келеміз. Өлгенде Аллаға біздің іш-құылысымыздың еш қажеті жоқ екенін дәрігерлер тұрмақ имамдар айтып жатса да біз келіспей келе жатырмыз.

Халқы миллиардтан асқан Үндістанда әрине органды тез табуға болады. Сондықтан ол елде бұл көмектің түрі табысты бизнеске айналған. Оны жасамайтын клиника аз ол жерде. Сондықтан біздің отандастарымыз трансплантация жасау үшін Үндістанды таңдайды.

Екінші себебі, ол осы операцияынң құнының қол жетімділігі.

Орган алмастыру ол базардан ет сатып алу емес қой. Әлемдегі ең күрделі операциялардың бірі осы орган алмастыру болып табылады. Сондықтан бағасы арзан деп Үндістан, Пәкістан тағы да сол сияқты мемлекеттерді таңдаған үлкен қателік.

Мемлекет емес, клиниканы таңдаңыз. Деңгейі жоғары, қабілетті мамандары бар, орталық қалаларда орналасқан аты затына сай клиника болмаса, жеке меншіктегі түрлі кішігірім клиниканы таңдап алып, ертесінде «ҚАП!» деп қалмаңыз. Таңдасаңыз Корея, түк болмаса Белоруссия мен Москваны қарастырыңыз, ең болмаса тілін түсінесіз, шағымыңызды жеткізе аласыз.

«Жоқ, мен тек қана шет елдерде емделемін!» - деген байлардың да талайын көріп жүрміз күнде. Оларға не дейміз? Өте жақсы, емделе беріңіздер балтырларыңыз сыздап, бастарыңыз ауырса. Бірақ ертең бір қатерлі ауруға жолықсаңыз, немесе (Құдай сақтасын, әрине) жол апатына ұшырап қалсаңыз осы өзіміздің қара көз дәрігерлерімізге келесіздер ғой. Сонда сол шет елге шашып жатқан ақшаларыңызды осы өз елімізге неге жаратпадым екен деп өкініп қалмаңыз. Соны ойлаған дұрыс сияқты.

АМАН БОЛАЙЫҚ БӘРІМІЗ!

Врач Эрик Абенович

Қазақ компасы
ҰЛТ МӘДЕНИЕТІН ЖАҢҒЫРТҚАН ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу