Қазақ компасы

Oinet.kz 16-08-2024 2667

Төрт түліктің күйін күйттеген қазақ халқы күндіз демей, түн демей көшіп - қонып, жоғын іздеп, малын өрістетіп отырған. Сөйтіп жүріп біздің халық табиғатпен ерекше етене болған. Соның айғағының бірі – астрономия. 

Screenshot_8.jpg

Аспан әлемін академиялардың айналасында емес, ақ даланың төрінде жүріп - ақ зерттеп, жұлдыздарға қарап-ақ ауа райын болжап отыратын болған. Ендеше Жақып Мырзаханның «Қазақ әдебиетінің айдыны» (Шыңжаң жастар - өрендер баспасы, 2006 ж.) атты кітабына негізделе отырып халық астрономиясына шолу жасап көрейік. 

Қазақтың компасы аспандағы жұлдызы еді. Сол жұлдыздарға қарап бағыт - бағдарын айырған. Әр біріне жеке - жеке ат қойып қана қоймай, кейбір жұлдыздар жайлы өлең, ертегі, аңыз, мақал - мәтел, жұмбақ шығарған. 

Ертедегі астрономия ғалымдары өздері күзеткен жұлдыздардың аспандағы орнына негізделіп бір жұлдыз тобын бір жұлдыз шоғыры етіп белгілеген. Сөйтіп аспандағы жұлдыздарды 88 жұлдыз шоғырына бөлген көрінеді. Жай көзбен күзеткенде күн бейне көк аспанның жерге жақын бергі бетінде айналып жүргендей көрінеді. Бір жылдың ішінде күннің айналу жолындағы басып өтетін орындары да үздіксіз өзгеріп отырады. Күннің айналыс орбитасында 12 жұлдыз шоғыры бар. Күннің әрбір жұлдыз шоғырын басып өтуіне шамамен 30 күн уақыт кетеді. Күн айналып белгілі бір жұлдыз шоғырының тұсына барғанда күннің қалқасында қалып, көрінбей қалады. 

Ертедегі гректіктер күннің айналыс орбитасындағы 12 жұлдыз шоғырын жануарлардың атымен атаған. Қазақ календарындағы жұлдыз шоғырларының аттарының бірнешеуінен басқасының аты гректердің қойған аттарымен ұқсас. 

Қазақ календарындағы 12 жұлдыз шоғырының жер шарының айналу бағыты бойынша келетін рет-тәртібі мынадай: Шаян жұлдыз шоғыры (қаңтар), Арыстан жұлдыз шоғыры (ақпан), Бикеш жұлдыз шоғыры (наурыз), Таразы жұлдыз шоғыры (сәуір), Сарышаян жұлдыз шоғыры (мамыр), Мерген жұлдыз шоғыры (маусым), Ешкімүйіз жұлдыз шоғыры (шілде), Суқұюшы жұлдыз шоғыры (тамыз), Балықтар жұлдыз шоғыры (қыркүйек), Тоқты жұлдыз шоғыры (қазан), Торпақ жұлдыз шоғыры (қараша), Егіздер жұлдыз шоғыры (желтоқсан). 

Қазақтың ең үлкен жол бастаушы жұлдызы – ТЕМІРҚАЗЫҚ. Оның орны өзгермейтін болғандықтан да аты солай қойылған. Яғни ол кіші аю шоқжұлдызындағы екінші жұлдыздық шамада көрінетін жарық жұлдыз. Темірқазық Жераршының солтүстік полюс нүктесіне өте жақын орналасқандықтан да үнемі солтүстікті көрсетіп тұрады.  Темірқазықтың екі жағында Ақбозат, Көкбозат ат деп аталатын екі жұлдыз бар. Аңыздарда Ақбозат пен Көкбозат сол Темірқазыққа арқандалып қойылған делінеді. 

ЖЕТІҚАРАҚШЫНЫ қазақтар аспанның сағаты деп есептеген. Шөміш пішіндегі жеті жарық жұлдыз аспанның Солтүстік жарты шарындағы үлкен аю шоқжұлдызының ең жарық жұлдыздары. Ол Темірқазықты жердің өз өсінде айналуына орай әр күні айналып жүргендей көрінеді. Күзді күні ұзақ таңдарда қой күзетушілер Жетіқарақшының орнына қарап кезектесіп қой күзеткен екен. 

Қазақтар марсты ҚЫЗЫЛ ЖҰЛДЫЗ,, кометаны ҚҰЙРЫҚТЫ ЖҰЛДЫЗ деп атаған. Қыс күндері құйрықты жұлдыз көрінісімен малдарын қоралаған. Түнде қой күзетіндегі күзетшілер шолпан жұлдыз туысымен таңның атқанын аңғарған. 

Қазақтар Юпитерді ЕСЕКҚЫРҒАН деп атаған.  Есекқырған – Күн жүйесінің бесінші ғаламшары. Ол Қызылжұлдыз бен Сатурн (Қоңырқай) ғаламшарларының арасында орналасқан. Халқымызда ол туралы аңыз да бар. Аңызда былай делінеді: ертеде есекке мінген бір жолаушы Есекқырғанды көріп шолпан туған екен деп шатасады да, таң атуға жақын екен деп ойлап есегін отқа қоя береді де өзі алаңсыз ұйқыға кетеді. Сөйтіп есегін қасқыр жеп кетеді. 

Халқымыз Меркурийді бірнеше түрлі атаған. Оның Арқар, Үшарқар, Таразы деген аттары болған көрінеді. Шілденің ақыры Үшарқар көрінсе, жаздың аяқталып, күздің басталғанын білдірген. Халық арасында «Таразы туса таң салқын, бидай - тары піседі» деген мақал содан қалса керек. 

Арқар жұлдызынан оңтүстікке қарай түзу сызық бойлап қарасақ жарқыраған СҮМБІЛЕ жұлдызын көреміз. Сириусты қазақтар Сүмбіле деп атаған. Ол үлкен Арлан шоқжұлдызында, аспанның орталық жарты шарына орналасқан. Халқымыз Сүмбіле туысымен жаз өтіп күн суытады, шыбынсыз қоңыр күзде мал жақсы семіреді дейді. «Сүмбіле туса су қатар», «Сүмбіле туар сүмпиіп, ат семірер құнтиып» деген мақалдар содан шықса керек. Бұл мезгілде ел астығын қамбалап, шөбін жинап, отынын даярлап қыстың қамына кірісетін болған. 

Үркер шоқ жұлдызына қарап ауа райының көптеген өзгерісін алдын ала болжап отырған халқымыз күн айналып Торпақ жұлдызы шоғырына барған кезде Үркердің көрінбей қалатынын байқаған. Бұл мезгілді шілде деп атаған. Үркер мен айдың қозғалысы бір түзу сызық үстіне келген осы айдың бірінші күні жел соғу, жаңбыр немесе қар жауу сияқты өзгерістер болған. Егер бұл күні ондай өзгеріс болмаса сол ай жайлы болады деп есептеген. Маусымның соңы, шілденің басында Үркер көрінбей кетеді. Ел мұны «Үркер жерге түсіпті», Үркер жерге түспей күн жылымайды деп айтады. Ал Үркер жерге түскен 40 күнді шілденің шіліңгірі деп атаған. Үркер суға түссе жауын-шашынды, құрғаққа түссе жел көп болады. Ал тасқа түссе күн аптап ыстық болады деп есептеген. 40 күннен кейін Үркер қайта көрінген кезде өсімдік тамыр тартуын тоқтатып, жеміс бере бастайды. Осылайша көшпенді қазақ Үркердің қозғалысына қарап малының күйін күйттеп, жағдайын жасап отырған. «Үркер жерге түспей жер қызбайды», «Үркерлі айдың бәрі қыс» деген мақал осыдан қалса керек. 

Үркер мен айдың тоғысуына негізделген ерекше ай санағы бар. Ай мен Үркер бір жылда 13 рет тоғысады. Мұның ішінде екі реткі тоғысу құбылысын жай көзбен көруге болмайды. Бұндағы себеп, Үркер шамамен 40 күндей уақыт «жерге түседі». Ай мен Үркердің бір реткі тоғысуынан келесі реткі тоғысуына дейін 27, 32 тәулік немесе 27 тулік 8 сағат уақыт кетеді. Қазақ халқы ертеде осындай тоғыс ай есебінен пайдаланған. Мұндай календар ай ылғи әр айдың тақ жаңасына (1, 3, 5, ...) тоғайды деп қарайды. Егер тоғысу айдың жұп жаңасына (2, 4, 6, ...) тура келіп қалса. Үйреншікті әдет бойынша оны кейінгі тақ айға қосып жібереді. Мысалы, егер тоғысу айдың жұп жаңасы 8-іне тура келсе, сонда да шартты түрде «бұл ай 9 тоғыстың айы еді, бірақ күн ауысып 8-іне тоғап қалды» деп ескертіп отыратын болған. Бұны қазақта айдың тоғыс есебі деп атаған. 

Ал ортақ қолданылып жүрген календар мен күн календары өте ұқсап кетеді. Бұл жұлдыз календары деп те аталады. Мұнда 12 аймен тең болған эклиптиканың 12 ордасы ойластырылған. Ортақ қолданып жүрген календар бір жылда 12 ай, бір айда 30 күн бар деп есептейді. Мұнда 3 ай, яғни 90 күн бір маусым болады. Осылайша есептегенде бір жылда 360 күн болады. Бірақ жаңаша календармен есептегенде бір жыл 365 күн болу керек (толық жыл 366 күн болады). Ертеде парсылықтар кем қалған бес-алты күнді тамыз немесе мизан айына қосып, бұл күндерді «жасырын қосылған күндер» немесе «толықтама күндер» дейді. Соғдылар «жасырын қосылатын күнді» сол жылдың соңғы айларына қосады. Ал қазақтар кем қалған 5 - 6 күнді жаңаша жыл есебіндегі мамырдың соңғы күндеріне қосады әрі бұл кем қалған бес күнді «бес қонақ», «бес арқар» немесе «бес байтал» деп айтады. 

Майгүл Сұлтан

Көбелек ғұмыр
Дәрігер: «Ақшаң жоқ болса, медицина да жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу