Көбелек ғұмыр

Oinet.kz 16-08-2024 2695

Кенжекейім көбелек құмар. Бұл мінезін осындағы кейбір әпкелеріне ұқсатамын. Бұрын көбелек көрсе болды, қуып ала жөнелетін. Қазір керісінше, көбелектің әрбір әрекетін сырттай қызықтайтын болыпты. Бойжетіп қалғанының белгісі болар.

Screenshot_7.jpg

Көбелектің қылығын қызықтап тұрған қызымның қылығын мен де сырттай бақылап тұрмын. Күні кеше ғана көбелек құсатып бантик тағып алып, көбелек құсап ұшып-қонып жүретін балақай болатын. Бүгін басқаша. Ертең қандай болар екен... Ертеңді кім болжапты?!

Ойланып кетсем керек. «Әке» деген қызымның даусынан селк ете қалдым. Сосын:

- Иә, қызым, тыңдап тұрмын, – дедім баяу ғана.

- Әке... Көбелектер неге тез өліп қалады. Ешкімге жазығы жоқ қой? – деді қызым дауысы дірілдеп.

Сәл ойланып барып:

- Қызым, сен олардың жазықты болып, өлгенін қалаймысың? – дедім.

Кенжекейім бірден:

«Жоқ», – деді де, жүзін көбелек ұшып кеткен жаққа қарай бұрып әкетті.

«Көз жасын көрсетпеуді үйреніпті. Қызым расымен де бойжетіп қалған екен» деп ойладым мен әрі қуанып әрі қобалжып.....

Әлеуметтік желіден алынды

Мұқағали ішіп жүрген заманда бәріміз де ішіп жүргенбіз
Қазақ компасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу