Соры қайнаған байғұс ана

Oinet.kz 24-02-2022 2814

Жанары әбден мұңға толған Алтын жүрегі қарс айырыла жаздап ағыл - тегіл жылап отыр. Көкірегін ашу кернеген байғұс ана бәрін тастап, қалада тұратын қызының үйіне келіп мұңын шағып отырған беті еді. Қыз шіркін, қашанда жанашыр ғой. Анасының мынадай хәліне жүрегі ауырып, екі көзінен мөлт- мөлт жас тамып, ол да жылап отыр. 

Screenshot_9.jpg

- Анашым, сізді қайтсем екен? Жыламаңызшы. Бәрі жақсы болады. Алладан үміт үзбейікші. Жыламашы, анашым,- деп шыр- пыр болуда. 

- Сенің барыңа да шүкір, жарығым! Барыңа шүкір,- деген Алтын терең күрсініп алып қалың ойға кетті.

Бұл отбасыдан береке қашқалы дәл бес жылдың жүзі болыпты. Айрандай ұйыған әдемі шаңырақ болатын.  

Екі ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, оларды бағып- қағып, ешкімнен кем қылмай өсіріп, енді жасы келген шағында келін мен баладан рахат көремін деген ананың үкілі үміті көкке ұшқандай. Күйеуі Сағит өте жуас адам. Ештеңемен шаруасы жоқ. Дүниені тауып, Алтынның алақанына салып береді. Басқасына бас қатырмайды. Бала тәрбиесіне, үйдегі болып жатқан мәселелерге де еркек болып араласпапты. Қолын бір сілтейді. Оған Алтын да үйреніп кеткен. Бәріне өзі жүгіреді, бәрін өзі жасайды. Мықты әйел. Мықты әйел еді. Тек... 

"Қойшының таяғынан, келіннің аяғынан" дегендей, бар қиындық үлкен ұлын үйлендіріп, шаңыраққа келін түсіргеннен кейін басталды. Басында жап- жақсы еді. Арадан 6-7 ай өтіп, келіні Дариға аяғы ауырлаған соң қылық шығара бастады. Тал түске дейін жатады. Қаласа тұрады, қаламаса кешке дейін бөлмесінен шықпай жата беретін болды. Таңертеңгі шәй, түскі ас, кешкі ас, үй жинау, кір жуу бәрі қайтадан Алтынның мойнына жүктелгендей. Аман- есен босанып алсын деген ниетпен келінге де үндемей, барлық жұмысты өзі атқарып жүре берді. Ұлы Самат азаннан қара кешке дейін жұмыста. Таң атпай кетеді, қас қарайғанда сүйретіліп зорға келеді үйге. Ұлының мазасын да алмайын деп бір жағы оған да үндемейтін. Бірақ, күннен күнге түрлі қылықтар шығара бастаған келіні Дариғаның бірте- бірте шынайы бетбетпердесі ашыла бастады.

Бір күні Алтын өзінің төркін жағында болатын тойға бармақшы болды. Үйдің тірлігін жасап жүре берсе, ештеңеге үлгермейтініне көзі жеткен соң, Дариғаның бөлмесінің есігін қақты. 

- Дарикош, тұра ғой, жарығым. Менің тойға кетуім керек. Жолай Ботаның (тұрмыстағы қызы) үйіне де соғып келемін. Көп болды көрмегелі. Тұрып шәйіңді іше ғой. Бірақ, бүгін тамақ істеп үлгермедім. Шамаң келсе, кешкі асты өзің бірдеңе етесің ғой,- деп есік алдында сөйлеп тұрғаны сол еді, маңдайына тарс етіп тиген есіктен ұшып түсіп, жерге сұлқ ете қалды. Есікті барынша жұлқынып ашқан келіні қасында аларып қарап тұр.

- Ары тұрмайсыз ба? Не деген адамсыз тегі? Не? Қайда кетейін деп жатырсыз? Үйдің тірлігін кім істейді? Маған қалды ма бәрі,- деп қолын бүйіріне таянып бедірейіп тұр. Ызаға булыққан Алтын көзінің жасы мөлт- мөлт етіп, орнынан тұрып шығып кетті.

Кешкі ас. Дастархан басына тамаққа жиналған бұл төртеуінде үн жоқ. Сағит та томсырайған күйде тамағын ішіп алып, орнынан тұрып кете салуды әдетке айналдырған. Әңгіме айту, бір- бірінен хәл сұрау деген қалып кеткені қашан?! Тек.. Шүйіркелесіп отырған Самат пен Дариға ғана. 

- Жаным, мен ертең қыдырғым келеді. Мына үйдің тірлігінен де шаршадым. Аяғым ауыр. Мен таза ауада демалғым келеді. Мені бір жерге алып баршы ертең. Саған демалыс қой иә,- деп мүләйімсіген келініне Алтын іштей жек көрінішпен қарап отырды.

Намысы келді. Ызаға булықты. Ұлына ертең демалыс екенін біледі. Осы кешкі аста қызы Ботаның үйіне апарып кел деп айтамын деп оқталып отыр еді.

- Болды, жаным. Сенің айтқаның заң ғой. Қалаған жеріңе апарып келемін.

Сен тек мұңаймашы, жарай ма,- деген Самат келіншегін айналып толғанып отыр. 

- Самат, балам, мені алдымен ертең Боташтың үйіне апарып тасташы. Қайтар жолда алып қайтарсыңдар. Жағдайларын білейін,- деді Алтын сабырлы үнмен. 

- Ооой, мам, сіз де қыстырыла саласыз осындайда. Барғыңыз келсе такси көп қой. Ақшаңызды беремін,- деген ұлы орнынан тұрып кетіп қалды. Анасының бетіндегі көгерген ізді де байқамады. Сол сәттегі Алтынның күй- жайын ешкім де түсінбеген еді. Туған ұлынан өзі қаламаған сөзді естіп, жаны жараланды. Бейшара ананың жылаған жүрегімен қоса қара аспан да сілкініп, көкте найзағай жарқ- жұрқ етіп, қара дауыл тұрып, құдды бір дала да күңіріненіп жатқандай еді.

Осылайша күн зулап өтіп жатты.

Арадан үш жыл уақыт өткенде бұл отбасыға суық хабар келіп жетті. Өскеменде құрылыс саласы бойынша жұмыс істеп жүрген Алтынның екінші ұлы Нұрбол биіктіктен құлап, мерт болыпты. Бұл қаза онсыз да жанын қоярға жер таппай жүрген Алтын үшін өте ауыр соққы, өте ауыр қайғы болды. 

Көзінен жас тоқтамай, өзімен өзі отырып алып егіліп жылай беретін болды. Үлкен ұлынан көрмеген рахатты осы Нұрболым үйленсе көрермін деп өзін өзі жұбатып жүретін. Алайда, мына қазадан кейін жігері құм болып үгітіліп, еңсесін бір тіктей алмай, ақырында ауруға шалдықты. Ұлының қазасынан кейін Сағит та ішімдікке бой алдырды. Құдайдың бір күнін қалт жібермейтін болды. Күнде үйде жанжал, ұрыс- керіс. Келіні Дариға бұл кезде үйді билеп алған еді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Дариға айтты, бітті. Сол заң.

Күн бейсенбі болатын. Нұрболдың бейсенбілік асын беріп болып, ел аяғы басылған соң Алтын кішкене мызғып алмақ болып есік алдында жатқан жастыққа жантая кетті. Көзі ілініп кетіпті. Бір кезде шаңқ ете қалған ащы дауыстан селк етіп оянды. "Бісміллә, не болды екен" деп екі өкпесін қолына алып, сыртқа жүгірді. Далада ойнап жүрген үш жасар немересі Әли құлап қалып жылап тұр екен. Алтын жүгіріп барып баланы жұбатпақ болып құшақтай алғаны сол екен, "жолама балаға, тарт қолыңды, жатып ішер масыл неме" деген келіні бұны жұлқып- жұлқып итеріп жіберді. Бұндай сөздерге еті үйреніп кеткен Алтын ләм деместең баланың жанына қайта барып, үстін қағып еркелетіп әуре. Сол- ақ екен, қақпа есігі ашылып, күйеуі Сағит қолына бір бөтелкесін ұстап алып, үйге сүйретіліп кіріп келе жатты. 

- Жетпегені осы еді енді. Қашан құтылар екем осы сендерден? Шаршаттыңдар мені сендер. Бірің алқаш, бірің ауру. Қашанғы бағамыз сендерді? Не өлмедіңдер, не қоймадыңдар,- деген Дариғаның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатты.

Сорлы ана қатты ашынғанынан киім- кешегін бір түйіншекке түйіп алып, көздерінен тарам- тарам жас төгіліп, артына жалтақ- жалтақ қараумен үйден ұзап бара жатты.  Байғұстың барар жері жалғыз қызы Ботаның шаңырағы еді. Ұлдан қайыр таппай, келінінің сорақы әрекеттеріне әбден тойған соры қайнаған кейуана етегі жасқа толып қызын паналап келген беті осы еді.

Төрт жасар қызға айналған кәрі кемпір
Күйеуіңе жаққың келсе, тым ащы болма, түкіріп тастайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу