Менің арқамда халықтың жағдайы жақсарды
Өте ұқыпты, сәнді киінген біреу миымды маңыздай жеді.
«Мен өйтпесем, мен бүйтпесем, мен сөйтпесем»–деп ыңылдай берді.
– Біз сендейлердің болашағы үшін күн-түн демей еңбек еттік. Соның арқасында ауданымыздың әл-ауқаты жақсарып, экономикасы тұрақтады. Әсіресе, мал шаруашылығының, егін шаруашылығының өңі кірді,– деді айналасына алақтай қарап. Қабақ астындағы тынымсыз көзі жанындағы мені елеген де жоқ. Алақ-жұлақ етеді. «Сіз кімсіз?» – деген сұрағымды жаратпады. Саусақтарын шытырлатып,әңгімесін ары жалғады. –Менің арқамда ауылдың малы түгенделді. Қойлары қоздап, ешкілері лақтап, сиырлары бұзаулады. Шұрық-тесік, қоралары бүтінделіп, терезелері қаланды. Есіктері жаңаланды. Менің арқамда әркім қос-қостан ит бақты. Олар үш уақ жуынды ішті. Үй дейсіз ба, қора дейсіз ба, огород дейсіз бе ұрлықтан ада болды,– деді ентіге сөйлеп.
«Кешіріңіз, сонда сіз кімсіз?» – дедім таңғалып. Ол болса сұрағымды жауапсыз қалдырып: – Білесің бе, менің арқамда көшелер жарықтанды. Бұрыш-бұрыштың бәріне камералар ілінді. Күн-түн демей тәртіп сақшылары тұрғындардың қауіпсіздігін бақылап, тыныштығын күзетті. Менің арқамда адамдар салақтықтан арылып, ұқыптылыққа үйренді. Әсіресе, ақша ұстау, сақтау мәдениетін мықты меңгерді. Жалақыны мыж-мыж қалтаға қаттауды қойып, цейфке сақтайтын болды,– деді ахілеп-үхілеп.
Көріпкелдей бәрін баяндап тұрған адамды танымағаныма ұялдым. Ішімнен ауданды басқарған әкім я прокурор деп ойладым. Не болса да, сөз бермей сампылдап тұрған әлгіден кім екенін сұрадым.
– Аға, кешіріңіз! Ауыл үшін аянбай еңбек етіпсіз! Баламның баласы біліп жүретіндей әңгіме айттыңыз. Арасында өзіңізді таныстырып қойсаңыз,– дедім бір сәтте.
Ол бетіме сұраулы көзбен қарап тұрып «Мен, осы ауылды жиырма жыл шулатқан баукеспе ұрымын» – деді де жүріп кетті.
Серікжан Мұрасыл