Қазақта қызының артынан ешқашан бесік апармаған

Oinet.kz 14-10-2021 2961

Өткенде базарға немереме отыратын орындық, «ходуног» алуға барғанмын. Менімен бірге жағаласып екі келіншек бала орындығының сапасын, бағасын сұрап жатты. Айтуларынша, баланың жабдығын түгендеп жүрген нағашы жұрты екен.

Screenshot_14.jpg

Екі келіншектің бірі маған:

– Сіз де балаға бесік апарғалы жүрсіз бе? Біз бесік алдық, енді қалған дүниесін түгендеп жүрміз, – деді.

Мен өз немереме алып жүрмін десем:

– Келініңіздің шешесі жоқ па? – дейді.

– Шешесі бар, бірақ немере өзімдікі ғой, сол үшін өзім алып жүрмін, – десем:

– Қазақтың салты бойынша, нағашы жұрты әкелу керек қой. Неге айтпайсыз? – деп қояды.

Бұрынғы ата бабаларымызда болмаған салт дәстүрді бұрмалап, «қазақтың салты бойынша» деген сөздеріне қайран қалдым. Халқымыздың тұрмысынан әсте ажырамаған қаншама салт-дәстүрі бүгінде ұмытылып, ал ұмыт қалмай, бізге жеткені біраз өзгеріске ұшырады.

Кезінде қазақ баласы өз жұртының, соның ішінде өз әкесі жатқан бесікте тербетіліп өссе, бүгін бұл дәстүрдің өңі теріс айналған. Қазір басқа әулетке ұзатылған қызы босанғаннан кейін баланың бесігін қыз жақ, яғни нағашы жұрты дайындайды. Тіпті енді туған сәби үшін ас та төк ысырапқа жол береді. Баланың төрт мезгіл киімі мен түрлі ойыншығы, басқа да қажет заттарымен қоса бесігін де әкеледі.

Қазір адамдар арасында бақталастық басым. Асыра сілтеп, балаға арба, манеж, велосипед, әткеншек, қол арба, ойыншықтың түр-түрін әкеліп жатады. Бұл ысырапшылдық, асыра сілтеу.

Оны көріп біреулер несие алып, қарызға батып, тыраштанып жатады.

Қазақта «шыққан қыз шиден тысқары» деген сөз бар. Қыз бала – жат жұрттық. Ол «бір әулеттің түтінін түтетіп, отын өшірмей, сол әулетті бақытты етемін» деп барады. Сондықтан да кеткен қызға «барған жеріңде балдай батып, судай сіңіп кет» деп айтады. Қыз – өзі келін болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Демек баласы да сол әулеттің үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек.

Қазақта қызының артынан бесік апармаған. Осы дәстүрдің қайдан шыққаны белгісіз, бұл – салт-дәстүрді бұрмалау! Бала деген өзінің әкесі немесе ағалары жатқан бесікте жатуы керек. Мұның да астарында үлкен мән жатыр. Осыны адамдар түсінсе екен. Қазіргі таңда қызды ұзатып, дүние мүлкін бергенімен қоймай, дүниеге келген нәрестеге де нағашы жұрты шашылады: бесігімен қоса, бүкіл киім-кешегінен бастап ойыншықтарына дейін нағашыларының мойынына артып қою үрдіске айналып бара жатыр.

Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін бұрмалап, кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізе алмай отырғанымыз өкінішті.

Ләззат ТОҚМОЛДАЕВА.

(«Фейсбуктегі» жазбасы)

Психологиялық тест: Ұнаған суретті таңдап өз мінез-құлқыңызды таныңыз
Каспийді Аралдың тағдыры күтіп тұр ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу