Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Таңға жуық зар етті телефоным. «Е, Аллам, тыныштық болғай» деп-ақ көтеріп ем, болмады. «Тез жетші. Әминадан айырылып қалдық» деп жылады ар жақта біреу. Астанадамын. Алыстамын. Жарығым-ай, қыршыннан қиылып кеткенің-ай! Кеппеген көзімнің жасы-ай...
Беу-беулетіп жеттік Алматыға. Түс ауып кеткен кез болатын. Қаралы үй. Зарлы үй. Аңырап мен де кіре бердім. Сіңілім мені құшағына басып үлгермей, отырған жерінде сұлқ түсті. Дүрлігіп кеттік бәріміз. Су шашып, жалынып жүріп оятып алдық...
– Балапаным ау, «өлемін» деп кетіп пе ең? Білмей де қалдық қой... Сұп-сұлу боп, қасы-көзіңді бояп, қол бұлғап кете бергенің-ай! Аңырап соңыңда қалғаным-ай... – деп жатыр көзін ашысымен.
Мектеп бітіргеніне он жыл болған. Сыныптастармен кездесу. Апат. Жете алмапты. Жазмыш-ай! Көрер жарығының ерте таусылғаны-ай!..
– Туғанда өзің шомылдырып, тырнақ, шашын бірінші боп алып ең, ақтық сапарға да өзің жуындырып шығарып сал.
Мұндайды естіртіп кете барғаның-ай, мына маған... Қарлығамнан үш жасың кем. Ұзатып, тойыңда киіт кигенім жөн емес пе еді? Өксігімді баса алмай, қан қысымым секіріп тұрса да, кірдім сен жатқан бөлмеге. Мұздай еденде жатыр екенсің. Қасымда Зылиқа жеңгең де бар. «Соққы іштен болған, тек іш-құрылысқа зақым келген. Кесуге қарсы екенімізді айтып, мәйітханадан сатып алдық. Тәніне түскен жарақат жоқ. Қорықпасаң болады» дегеніне қарамастан бетіңе жабылған ақ шытты бірден аша алмай, біраз отырдық жаныңда. Бір кезде есік ашылып, ішке кірген Гүлбаршын:
– Молда келді. «Мәйітте бөгде зат қалмасын. Туғанда қалай келсе, солай аттануы керек» деп ескертті де:
– Отырмаңдар. Жуындырған соң, рухы жеңілдік табады, – деп асықтырды.
Аштым бетіңді. Мөлдіреп жатыр екенсің. Отызға да жетпедің-ау. Қасы-көзің қиылып. Әсемдікті сүйюші ең...
– Балам-ай, бізді бұған қалай ғана қиып кете бардың? Мына көзіңдегі кірпігіңді қайтып жұламыз? – деп жылады бір кезде Зылиқа.Сонда ғана мән бердім, расында кірпік жалғап алған екен.
– Енді қайттық? Бәлкім басын жуып, бетіне су тигізсек, өзі түсіп қалар... – деп болжадым мен.
Сөйттік. Түспеді. Былқ еткен де жоқ. Тартып көруге жүрек те, қол да бармады. Ол ғана емес, аяқ-қолдың тырнағы боялған, өскен боп шықты. Екі кемпір не білеміз? Қарлығамды шақырдым. Жылап-еңіреп кірді байғұсым, сүйекке түсуі алғаш. Оның да кірпігі ұзын. Тырнағы да. Қазіргі жастың бәрінікі осы болды ғой.
– Балам, мынаны қалай кетіреміз? – деп сұрадым одан.
Сұп-сұр боп кетті қызым.
– Салонға бару керек. Арнайы сұйықтығы болады. Былай ала алмаймыз, – деген ол өз сөзінің орынсыз екенін өзі де білген соң:
– Жұлып алуымыз керек пе енді сонда? – деп жылады соңында.
Біз де қосылып егілдік оған. Қалай өйтпекпіз? Бастысы кім істейді мұны? Ары қипақтап, бері қипақтап, мен көрмек болдым, не шара... Балапаным ау, өлі болсаң да, сені мұндайға қалай қиямын? Қолым қалтырап, ұстаған кірпікті тартуға әлім жетіңкіремей, Қарлығаның сұңқылдап жылағаны одан бетер жігерімді ұрлап бара жатты.
– Қысқарт, енді, иттің баласы! – деп зірк еттім оған. – Не керегі бар еді осының? Қарашы жүректі езгендеріңді?
Жым болды. Тартып кеп қалдым сол кезде. Тіліп түскендей болды жотамды біреу. Не көргенім мен сезгенімді тірі жан білмесін. Басқа бермесін өзгенің. Өзіммен ала кетейін.
Екінші көзі бар еді әлі...
Аяғының тырнағын әуреленіп жатып өшірдік. Кетуі қиын сия боп шықты. Көкесінді бірақ, қолына келгенде көрдік. Өзінікі емес боп шықты ол да, сояудай. Не өшіруге, не кесуге келмеді. Қайшы тиген сайын түбімен қопарыла берді. Амал нешік:
– Мұны да жұлуымыз керек пе? – деп сұрадым Қарлығадан.
Өз тырнақтарын уысына жасырған қызым үнсіз жылай берді.
– Жарығым-ау, сені өз қолыммен өлтіргендей көңілмен өмір сүретін еттің ау мына мені, – деп көзімнің жасын етегіме сүртіп тастадым да, қайта қолын алдым.
Айналайындар, уақыт айтып біте ме, сұлулықтың да жөні бар. Қимаңдаршы артта қалғандарды мұндай азапқа. Бәрібір барар жақта қажеті жоқ көрінді жалғандықтың.