Ұлы жүздің анасы атанған Домалақ ана қалай тұрмысқа шықты?
Нұрила он жасында құдықтан су алуға барады. Бір кезде аңдаусызда қыздың қолы тиген қауға ілгектен сырғып шығып, шыңырау түбіне құлай зымырай жөнеледі.
Жылқының қылынан ескен арқанды байқамай ұстаған Нұрила қауға екпінімен төменге қарай құлайды. Белуарынан келетін суық құдық суында Нұрила дірдек қағып, зорға шыдап тұрады. Бір кезде Бәйдібек қасындағы бір топ жігіттерімен әлгі құдықтың басына келіп қалады да, Нұриланы құдықтан шығарып алады.
Нұрила кейін өзіне құда түскендерге құдық басындағы уақиғаны баяндайды. «Білегімді ұстаған кісі — Бәйдібек, менің болашақ ерім сол болмақ. Өзге адамға күйеуге шықпаймын»,—деп көңілінде жүрген сырды айтып салады.
Нұрила Бәйдібекті ұнатып, екеуі бірін-бірі көрмесе тұра алмайтын жағдайға жетіпті. Екі жастың ыстық ықыласын іштей сезіп, сырттай байқап жүрген Мақтым Ағзам атамыз Бәйдібек батырды шақыртып алып:
«Балам, мен саған Нұриламды берейін, тұқымың қисапсыз мол болады. Жаркенттен Ташкентке дейін, Атыраудан Алтайға дейін сенің ұрпағың, тұқым-тұяғың қанат жаяды. Жалғыз айтар аталық тілегім — қызымды ренжіте көрме. Аялап, мәпелеп, аққудай әлпештеп ұста! Бұл қызымның бір бойында мың асыл қасиеті бар»,—депті.
Сонымен, екі баласына егіліп-төгіліп отырып, ақ батасын берген екен.