Абай айнасы – рухани кемелдену: Рухани жетілу сатысы

Oinet.kz 22-02-2021 605

Screenshot_11.jpg

Абай айнасы – рухани кемелдену

Рухани жетілу сатысы

Рухани жетілу сатысындағы «толық адамның» материалдық даму сатысындағы «адамнан» бірнеше айырмашылығы бар. Әулиелер мен қарапайым адамдарды ажырату үшін және әркім өзінің рухани деңгейін көру үшін бұл айырмашылықтарды білу керек.

Барлық жан иелерінің әрекеттерінде екі мақсат болады. Біріншісі, өзінің құмарын қанағаттандыру, мұндай құмарлықты Абай «тән құмары» деді. Екіншісі, Жоғары Жанның құмарын қанағаттандыру, мұны Абай «жан құмары» деді. Осыған байланысты барлық әрекет рухани және материалдық болып бөлінеді.

Сонымен, бірінші айырмашылық адамдардың жан құмарын, не болмаса тән құмарын қанағаттандыруларында екен. «Өз қамы» деген түсінік «мен» және «менікі» деген тұжырымнан шығады. Яғни адамның барлық іс - әрекеті өзін неге балайтынына (жан немесе тән) және соған байланысты кімді сүйіп, кіммен бірігіп, өмірін не үшін құрбан ететініне байланысты.

Материалдық әрекет жасайтын адам өзін тәнге балап, «жалған эгоның» ықпалында болады. Соған байланысты «менікі» - оның тәнімен байланысты отбасы, бала - шағасы, мал - мүлкі, Отаны, т. б. Рухани әрекетте «мен» - жан, ал «менікі» - Алла тағала, яғни менің Жаратқан Ием.

Материалдық сатыдағылар төменгі, имандылықты қабылдап дәулетке жету деңгейінде барлығын жаратқан Алла тағала екенін біледі. Бірақ ол Алла тағала үшін әрекет жасамайды, тек қана Одан өзінің өмірінің жақсы болуын тілейді. «О, Алла тағала! Маған тамақ бере гөр, денсаулық бере гөр, Отаныма тыныштық бере гөр» және тағы - тағылар деп ол өзінің денесіне байланысты құндылықтарды сұрауы мүмкін. Сөйтіп адам Құдайға құлшылықты өзін қанағаттандыру үшін пайдаланады. Материалдық дегеніміз осы. Себебі ол әлі Абай көрсеткен өмірдің негізгі мақсатын білмейді, не болмаса толық сезініп - түйсінген жоқ. Бірақ ол материалдық қажетін Құдай тағаладан сұраған кезде Оны есіне түсіреді. Бұл адамның жанын біртіндеп тазартып, түбінде өмірдің негізгі мақсатына ұмтылуға әкеледі. Ал рухани адам өмір мақсатын түсініп, сол үшін барлық өмірін арнайды. Сондықтан ондай адам Алла тағаланы қанағаттандыруға ұмтылады. Ол өзіне ештеңені де сұрамайды, іс - әрекетінің барлығын тек қана Түп Иені қанағаттандыруға арнайды.

Дәулетке жету деңгейіндегі адам Алла тағаладан жәрдем сұрап ғибадат қылып, «Құдайдан қайтар» деп мешітке ақша құрбан етіп, балаларды Құдай жолына оқытып немесе артық қаражатын жетім - жесір, кемтар адамдарға беріп құрбандық жасайды. Оларға Абай «Еңбек ет, мал тап... Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей» дейді. Құрбандық жасағанда ол біртіндеп тазарады. Одан жоғары сезім қағанаты деңгейінде ол «менікіне» қоғамды, халықты, Отанын, адамзатты жатқызғандықтан, «Құдайдың маған бергені осылар ғой» деп солар үшін еңбек етіп, махаббатын арнайды. Сөйтіп ол үлкен қоғам қайраткері, ұлтжанды, патриот, гуманист болып, өзінің уақытын, күш - жігерін құрбан етпек. Адам ең жоғарғы себеп Құдай екенін толық түсініп - сезінбесе де, жоғары мақсатқа еңбек етіп жүргендіктен, ол біртіндеп бұл түсінікке келеді. Ал жан екенін сезіну деңгейіндегі жан иесі білім адамы ретінде бұл фәни өмірдің ықпалынан шыққан. Бірақ ол әлі Құдайға толық берілгісі келмейді. Оның имандылығығ яғни сенімі әлі Құдай жолына өзін толық құрбан етуге жете қойған жоқ. Ол білімін әрі қарай толықтырып, Құдай тағаланың хикметтерін біліп, түсінгеннен кейін Оған деген сүйіспеншілік пайда болып, өмірін арнап, құлшылық жолына түседі. Бұл оны басқалардан бөліп, рухани сатыға көтереді.

Сонымен аабй адам баласын төменгі бейберекет өмірден көтерілу үшін «имандылық қабылда», «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп тәртіпке шақырады. Дәулетке жету үшін «Еңбек ет, мал тап... Еңбек етсең ерінбей – тояды қарның тіленбей» десе, сезім қанағатына бөленіп, өмір бақытын көру үшін «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі – бос» деп халық бірлігіне үндейді, ал адамзат бірлігін ойлайтын гуманистерге «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді. Рухани сатыға көтерілу үшін «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» деп ең жоғарысы мақсатты көрсетеді. Абай осылай адамды жетілу жолымен негізгі мақсатқа әкеледә. Бұлардың ең жоғарғы рухани жетілу, себебі махаббат сүюдің ең жоғарғы нысанасына – Құдай тағалаға бағытталады, сонымен бірге «жаннан тәтті» деп ол сүюдің басқалардан артық дәреже қуатын көрсетеді. Адамның өзіне ең қымбаты жаны болса, сонымен бірге «жаннан тәтті» деген сөз бұл сүю одан да жоғары екенін білдіріп, ең қымбат дәрежені көрсетеді. Сондықтан рухани жетілу сатысы ең жоғарғысы, одан жоғары ештеңе жоқ. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Кітап үзіндісі: Жамандар жақсыларды көре алмайды
Жырымен жұртын оятқан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу