Зұлмат жылдардың жаңғырығы

Oinet.kz 09-12-2021 886

Screenshot_1.jpg

Таяу күндері мемлекет басшысы, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудаланғандарды ақтау бойынша жұмыстар жүргізу туралы үкіметке берген тапсырмаларына екі жыл толды.  Содан бері Президент Жарлығына сай елімізде түрлі салалардың мамандарының басын қосқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның» бөлімшелері құрылып, жергілікті, шетелдік архивтердегі құжаттарды қайта сүзіп, кезінде заңсыздықпен сотталған, қуғындалғандардың ішінде толық ақталуға жататындарды анықтап республикалық комиссияға ұсынып отыр. Соңғы сөздің нүктесі де, яғни ақтау туралы соңғы шешім де сол комиссия құзіретіне жатады.

Шымкент қаласы бойынша да осы бағыттағы жұмыстар жанданып, қаладағы ғалым тарихшы, өлкетанушы, тұлғатанушы мамандардан құралған комиссия құрамы мен жұмыстары жүйеленіп жолға қойыла бастады. Аталған комиссия он бір бағыт бойынша жұмыс топтарына бөлініп нәтижелі еңбектер жасауда. Соның ішінде жетінші бағыттағы, яғни «Большевиктік-сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күштеп ұжымдастыру, басқа да саяси науқандардың құрбандарын зерттеу, қорытынды мен ұсыныстар дайындау жөніндегі топтың» мүшесі ретінде жұмыс істеуге ұсыныс түскенде, мен ортағасырлар тарихының маманы ретінде ол комисссияға сол тақырыптар аясында жүрген маман тарихшылардың барғаны дұрыс деген пікірде болғанымды жасырмаймын. Алайда, «бара көрейік» деген көңілмен архивке келіп, зұлмат жылдар материалдарымен танысқан соң мәселенің тереңдігі мен өзектілігі күннен күнге айқындала түсті десем артық айтқандық емес. Өйткені, әрбір істің соңында бір-бір тағдырдың «мені де қараңдаршы» дегендей әсер беретінін сезінесің... .

Халық үшін «нәубет» десе, «нәубет жылдар» болғанын заң түгілі, жай ғана адамгершіліктің нормаларын сақталуының болмағанын айғақтай түсетін материалдарды қолға алғанда бұрынғыдан да терең түсінгендей күй кешеді екенсің. Солар арқылы Президент бастамасының терең мазмұны күннен күнге айқындала беретініне кәміл сенім пайда болады. Басыңызға басталған игілікті бастама болашақта аяғына жетпей тоқтап қалмаса екен деген тілек ойлар оралады. Енді сөзіміз құрғақ болып қалмас үшін архивтен көргендеріміз бен түйгендеріміздің бірқатарларын өздеріңізбен бөліскенді жөн санаймыз. 

Түркістан облыстық архивінде сол жылдардағы «науқаншылдықпен» жүргізілген ұжымдастыру, алып-сатарлықпен күресте асыра сілтеушіліктерге жол берген тұстарды байқататын істердің тігінділері жетерлік екен. Олардың арасында сот, тергеу материалдары бойынша істің толық аяқталғандары да, болмаса, істің аяғы қалай аяқталғанын тарихшылар ізденіп жүріп нүктесін қоятындары да аз емес. Іс қозғалғандардың да әлеуметтік жағдайы, сауаттылық деңгейлері, қоғамдағы қызметтері де әрқилы. Баспасөз беттерінен елдің назарында болған тарихи тұлғаларға байланысты материалдардың жарияланып жүргенін ескере келе біз қоғамдағы жай шаруалар мен кәсіп иелерінің сол жылдардағы тартқан зардаптары туралы сөз қоғағанды дұрыс деп шештік. Өйткені, сол бір зұлмат жылдарда тек қызметте отырғандар ғана емес, қатардағы еңбекші қауымда тоталитарлық жүйенің зардаптарын тартты. Мысалы, Қазақстанға Ресейдің ішкі аудандарынан келгендердің бірі - Шевченко Екатерина Ивановна 1891 ж. (іс папкасындағы ҚазССР Жоғары соты қорытындысында 1895 жыл деп көрсетілген 23.04.1943 ж.) Одесса облысының Херсон қаласында туған. Шымкентте Узбекская 28 үйде тұрған. 50-ді алқымдаған әйел осында тұрып, күнкөріс үшін базардағы колхозшылардан пістенің келісін 5-6 сомнан алып, оны стакандап 60 тиыннан сатқаны үшін айыпталып ұсталған. Сондағы жалпы тапқаны әр килоға шаққанда 7-8 сомнан келеді екен. 

Бүгінгі нарықтық экономикада іскерлік саналатын саудаға бейімділік пен алып-сату істері социалистік елдегі еңбекті қанаудың бір түрі саналғаны белгілі. Сондықтан  1940 ж.18 шілдесіндегі 1-ші қала сотының НКВД РКМ басшысы Вильсон бекіткен қаулыға сай тұтқындалған ол сол жылы 24 тамызда Шымкент қаласы 3 халық соты алыпсатарлық жасағаны үшін 6 жылға соттаған. Сот шешіміне қарсы арыз шағымдары жоғары инстанциялық соттар тарапынан қанағаттандырылмаған (Түркістан облыстық архиві. Фонд 384 опись1, дело 60, связка 5). Былайша айтқанда 5 кило пістеге 6 жыл арқалаған. Онысымен тұрмай 3 жылға сайлау құқығынан айыру сияқты қосымша жазасы тағы бар.

Тағы бір жағдай кеңестік тергеушілер назарынан барлық алыпсатарлықпен айналысушы адамдардың қолындағы тауардың мейлі ол зат немесе мал болса да алғашқы құны туралы мәліметтердің болуы дер едік. Тіпті, кімнің затты кімнен алғаны, нені қаншаға алғанын милиция қызметкерлері «жақсы хабардар» болғаны таң қалдырады. Енді тауар зат түрінде болса, баға тұрақты болса оны алыпсатуда ешкімнің де асыра баға қойғанын қолдай қоймасы анық. Ал малдың бағасының оны бағуға кеткен шығындар мен уақыттарды есепке алмауы таңғалдырады. Өйткені, малдың жасы мен денетұрқы да өскен соң бағасы да қымбаттау болатыны жай адамға белгілі. Бірақ «қырағы милиция» олармен келіспейді. Мысалы, архивтен Тюренко Лаврентий Петрович (ұлты сыған) пен баласы Тюренко  Петр Лаврентьевичтердің жылқы малын Өбекстан мен Қазақстан арасындағы базарларда алыпсатарлықпен айналысқаны үшін сотты болғаны туралы материалдарды кездестірдік.

1939 жылы Өзбек ССР  Мырзашөл және Жаңа жол аудандары аумақтарынан әрқайсынан 2 бастан жылқы алып 12.12.1939 жылы Шымкент қаласындағы мал базарында сатайын деп тұрған жерінде ұсталған. Әрбір жалқының бастапқы құнына 2-3 мың сом қойып сатуға әрекет еткен. 23.12.1939 жылы 107 баппен айыптау қойылған. 1940 ж.24 қаңтар Халық соты үкімімен РСФСР ҚК 107 бабына сай әрқайсысына 5 жылдан жаза кескен. Адвокат Паульдің 1940 24 қаңтардағы қалалық кассасиялық сотқа жазған қарсылық талап арызы қанағаттанғыз қалдырылған. Істі болғандардың сауатсыз болғаны түсініктерді тергеуші қолымен жазылып, оқып берген деген жауабы мен сонда бармақпен қол қоюынан байқалады. Олар Жамбыл түрмесінде отырған.

Осындай материалдарды қарап отырып бүгінгі күні күнкөріс пен жанбағыс үшін базарлардан мал алып-сатып жүрген азаматтардың кәсібінің кешегі күні «заңнан тыс деп айыпталатынын» еске алудың өзі қорқынышты болса керек. Дегенмен осындай деректер арқылы көпшілік жұрттың Ел Тәуелсіздігі мен азаматтардың кәсіп жасауға еркіндігінің қадірін ұғына түсетіні тағы бар. 

Әрине, бір мақала аясында кешегі тарихымызда орын алған зұлмат жылдардың зұлымдықтарын айтып тауысу мүмкін емес, ол мақсат та емес. Біздің айтпағымыз Ел Президентінің бастамасы арқылы елдегі жүргізіліп жатқан жұмыстардың қоғамды гумандандыру мен тарихи сананы оятуға, солар арқылы «Рухани жаңғыруға» жетелей түсетініне көптің тағы бір мәрте назарын аудару.

Қайрат АНАРБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімі басшысының міндетін атқарушы

Болса екен бар қазақтың қызы сіздей!
О дүниеге екі мәрте барып қайтқан әйел
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу