Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Сұлулық. Атам қазақтың қасиет тұтқан 7 санындай 7 әріптен құралған осы сөздің төңірегінде ойым дөңгелегелі біраз күн. Жүйріктігі желмен жарысқан тұлпардай ой шіркін көкке шарлады, жерді кезді. Тұрақ тауып тоқтаған жері – ежелгі эпостағы Гүлбаршын мен қыз Құртқа, Ақжүніс пен Назым, қасқа жолды еншілеген Қасым ханның анасы Жақсыбике, ел билеген Айғаным, қол бастаған Бопай, Домалақ ана, Айша бибі, Абақ ана, хакім Абайды дүниеге әкелген – Ұлжан, тәрбиелеген – Зере .... Көз алдымнан тізбектеліп қазақ әйелі өтіп жатты, өтіп жатты. Сұлу сурет жазушы Мұхтар Мағауиннің сөзіне табан тіреді: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі». Іле ойым «Бүгінгі таңда жаһандану деп аталатын алпауытпен жан алысып, жан берісіп арпалысқан сымбаты келісті, ақылы озық, ойы терең, өресі биік, елге де, ерге де құт болып жүрген қазақ әйелі кім?» деген сұрақты төтесінен қойып, тік шаншылып алдыма тұра қалды. Тізбектелген қазақ әйелінің көші тағы да жетелеп ала жөнелді. Екпіні апшыны қуырған уақыт әміршінің билігі ғасырдың жартысын алқымдағанға дейінгі уақытта талайлармен табақтас етіпті, шүкір дедім. Көштің алдына суырылып шыға берген тұлғаны тани кеттім: Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекова. Ой шіркін бұлаң етіп тағы да алға түсті. Өмір жолымдағы сан тараулы соқпақтағы ең тәлімді сапар – таусылмайтын кендей білімді игеруге жетелеген, өзім ұлт зиялысы деп ардақтайтын қадірлі ұстазым, синтаксистің тарланы Рақыш Әмірдің ғылыми мектебі десем, жазушы М. Мағауиннің қазақ әйеліне берген анықтамасына дәлме-дәл келетін Жанат апайыммен, ғылым мұхитында ой інжуін талғампаздықпен теріп, сөз маржанын мөлдіретіп тізіп жүрген ғалым Жанат Тұрарбекқызымен тоғыстырған жол – осы мектеп. Таныстығымыз рухани әкеміздің дастарқанында, 80 жылдық мерейтойының қарсаңында бастау алған-тын, ұстазыма деген ұлы құрметімді айшықтауға талпынған мақаламның дайын екенін тілге тиек еткенімде, ұстазымның риза көңіліне қоса бірінші рет жүздесіп отырған Жанат апайдың ілтипаты көңілдің құсын көкке шарықтатқан. Кішілікті кісілігімен жымдастырғаны таңдандырған. Ішкі түйсік сыртқы сұлулығы тамсандырып отырған жанның, хакім Абай айтқандай, өзгелерден ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озып тұрғандығынан хабардар еткен.
Тегінде, адам баласының саналы ғұмырындағы адамдық келбеті мен шығар биігі кіндік қаны тамған туған топырақтың құдыретінен бастау алып, тал бесікте анасынан естіген әлдиі мен отбасында көрген ұлағатымен ұштаса келе, білім нәрін сепкен ұстаз тәлімімен астасатындығы анық. Ойымды Жанат апайдың тел өскен құрбысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Баян Бекетова туралы мақаласындағы « ...ақындық атты айрықша өнердің адам бойында көктеп, өсіп, өнуіне ықпал ететін бірнеше фактор бар, соның ең бастылары: Тек, Туған жер және «бала оқытуды кәсіп емес, Құдайдан бұйырған ұлы міндет» (Ы.Алтынсарин) деп санайтын Ұстаз» деген сөзі құптайды. Халқы «Жыр аққуы» деп қастерлеген ақынның туған жері туралы «Мен көзімізді ашқалы Қостұрадай тауымыз, бұрала аққан Боралдай атты өзеніміз, Қазбанбеттей қызғалдақты қырқаларымыз, егіні жайқалған жазира даламыздың ақ төсінде тербеліп өстік. Сұлу келіншектей сәмбі талына көз суардық, шағаладай болып гүлдейтін жиденің жұпарын қанбай жұттық, тіп-тік Бәйтеректеріне қызықтық. Оның біздің кіндігімізбен байлаулы Туған Жер деп аталатын Кие екенін ұқтық!!! Бұл қасиетті топырақты қазақтың Ұлы батыры, аймүйізді кемел биі Бәйдібек баба мен ұлтымыздың үлгісі, дана Домалақ анамыз және Бес анамыздың мәңгілік мекенін тапқан жердегі әруақтар тербеп жатады» деп толғанады. Туған табиғатының тұмса сұлулығын тал бойына сіңіріп өскен Жанат Тұрарбекқызының өмір жолының сұлулана өрілуінің, еліне көрік беруінің негізі де осында.
Қолыма аяулы анасы мен ардақты әкесінің 80 жылдығына орай жарыққа шығарған «Анашым – алтын тәжім» деп аталатын хаттар жинағы (Алматы, 2020) мен «Асқар тауым, ардағым» (Алматы, 2014) естеліктер жинағы түскенде шөл далада жұтым суға зар болған тіршілік иесінің кәусар бұлаққа бас қойған күйін кештім, авторының ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, еліне көрік берген СҰЛУЛЫҚ иесі екенін түсіндім. Жанат Тұрарбекқызының мен білетін, ұлттық тілді, ұлттық педагогиканы зерделеген ҒАЛЫМ ретіндегі сұлулығы ақын Мұқтар Шахановтың сөзімен айтқанда «Кез келгеннің уысына түспейтін, кез келгеннің бақшасында піспейтін» АДАМ ретіндегі сұлулықпен астаса берді. Жоғарыда айтқанымдай, өзім өзгелерден ақылы, білімі, ары, мінезі артық деп танып жүрген апайымның бойындағы бар қасиеттің сыры шыққан ТЕГІНДЕ екенін таныдым. Танығанымда Жанат Тұрарбекқызының «Абайтанудың алғашқы соқпағы: тұрлаулы тұғыр, берік бағдар» атты мақаласындағы Абай әлемін танудың факторлары мен бағдарлары ретінде ұсынған «Тектік-әлеуметтік факторлары» тізбектеліп көз алдыма келді.
1) Тектік фактор: Ақын құрбысы Баян Бекетова «Жанат, менің баяғы ақ бантигі желбіреп, ақ тұлымды Боралдай бойында, ауылдың шаңында қол ұстасып, егіз қозыдай бірге өскен Жанатым, қаншама керемет, салмағы қорғасындай, нәзіктігі көбіктей дүниелер, ғылыми еңбектер, монографиялар, бүкіл қазақ баласы оқитын «Қазақ тілі» оқулықтарын жазды. Соның нәтижесінде профессор, доктор атанды. ... қапас қамалдарды бұзып, алынбас асуларды асып, өзінің ойлағанынан да алып биіктерді бағындырған жаны жәннаттай, жүрегі үлбіреген гүлдей, сезімі үрдей ғажайып жан – менің Жанатым», – деп сипаттаған Жанат Тұрарбекқызының барша жетістігінің, адами келбетінің биіктігінің негізінде шыққан ТЕГІНІҢ асылдығы жатыр дер ем. Жанат апаймен жолы қиылысқан жанның қай-қайсысы да қостайтын бір қасиеті – жүзінен төгілетін нұрмен жалғасатын мейірімділігі атасы Дәулетбек пен әжесі Меңліқыз біз айналасына шуақ шашқан, бар қазақтың анасы деп танитын қасиетті Домалақ ананың басына түнеп, құдайдан тілеп алған әкесі Тұрарбектен дарыған екен деп түйдім. Бұған жетелеген Жанат апайдың мына сөзі: «Әжем мен өзіңізден он үш жас үлкендігі бар әпкеңіздің көңіл шуағына шомылып өскендіктен шығар, сірә, сіздің бүкіл болмысыңыз мейірімге тұнып тұрар еді». Сондай-ақ, адамзат баласына Жаратылыстан берілген ерекше сыйға, Ұлы мүмкіндікке - СӨЗ-ге қызмет ету бақытының бұйыруы да ТЕГІНДЕГІ қасиеттен деп бағамдадым. Өйткені келіндері «Молда ене» деп атаған ескіше сауатты, көзі ашық әжесі Меңліқыздың бесік тербетіп отырып айтқан жырлары, құрап айтқан өлең сөздері арқылы сөз табиғатына үңілуге деген қызығушылық туыпты:
Ұйықта, ұйықта, бөпешім,
Жілік шағып берейін.
Марғасқаның құйрығын
Жіпке тізіп берейін, - деп әндеткен әжемнен:
– Әже, Марғасқа деген ит пе? – деп сұрайтынмын (өйткені көршіміздің Аққасқа дейтін иті болатын). Әжем менің алаңсыз бала көңілмен айтылған аңғал сөзіме рахаттана күліп алып:
– О, құлыным, иттің құйрығын жіпке тізуші ме еді, марғасқа деген қошқар ғой, Ақылыңнан айналдым, сөз түсінген құлағыңнан айналдым... Жәмила, осы Жанатайым мұғалім болады-ау шамасы? Менің айтқан өлеңіме құлағын түріп жатқанын қарасайшы, – дейтін [3,45-б.]. Бұл да арғы атасынан келе жатқан көріпкелдік қасиеті бар әженің немересінің болашағына қаланған кірпіш, ақжолтай тілек. Яғни, Жанат апайдың сөзге шебер тілдік тұлға, ұлағатты ұстаз болып қалыптасуының негізі бесігіндегі көрген тәрбиесінде, естіген бесік жырында жатыр.
«Анашым – алтын тәжім» жинағын оқып отырып, сөз бастаса шешендігіне, көш бастаса көсемдігіне тамсанатын ерек қасиеттің Жанат апайдың бойына қонақтауының өзегінде анасының сүтімен дарыған қасиеттің жатқандығын ұқтым. Анасының баладай пәк тап-таза болмысын, қылау түспеген кісілігін, адам баласына сеніммен қарайтын аппақ ниетін, даладай дарқан көңілін өнеге тұтқандығы өмірінің бағдаршамы десек, ол кісінің қаламынан туған жыр шумақтары Жанат апайдың бойындағы қадыр-қасиеттің көрсеткіші іспетті. Сөзіме дәлел – «Ұрпағыма өсиет» өлеңі:
Бисмиллаһи рахман-и-рахым!
Айналайын, ұл-қызым, айтайын саған өсиет,
Адалдық пен шыншылдық – бабадан келген қасиет.
Ұрпақтарым көбейіп, өсе берсін өркендеп,
Бір Алладан тіледім, қабыл болсын ақ ниет!
Айналайын, ұл-қызым, бақ-дәулет қонсын басыңа,
Береке, байлық жетелеп, Қыдыр келсін қасыңа.
Қанша байлық келсе де, қанша бақыт қонса да,
Елден артық болдым деп көкірек керіп тасыма.
Байлық пен бақыт келсе де, ел ішінде мақтанба,
Өзіңнен тумай ұл болмас, қанша әлпештеп бақсаң да.
Байлық бақыт көп болса, бір Аллаға шүкір де,
Елден артық болдым деп ақылың болса мастанба.
****
Өлеңге ақынмын деп мақтанбаймын,
Алдыма өлең сөзден жан салмаймын.
Айтамын қара сөзден өлең құрап,
Айтуға өлең таппай сандалмаймын.
«Алманың жақсы болмағы ағашынан, адамның жақсы болмағы нағашыдан» деген сөзді айтқан атам қазақтың даналығына тағы да бас идім. Бұған себеп болған – «Текті жұрттың тұяғысыз, анашым!» - деп толғаған Жанат апайдың өз сөзі: «Менің нағашы жұртым – қасиетті Бәйдібек би мен Домалақ анадан тарайтын Дулаттың ішінде Шымыр, Шымырдың ішінде – Темір, Темірдің ішінде – Ердес Темір. Арғы нағашыларымның ішінде қаласа, асау Арыс өзенін теріс ағызатындай құдіреті бар Арысбай деген үлкен молда атамыз болған екен. Ол кісі небір ауруларды Құранның аяттарымен емдеп жазатын әруақты кісі екен. Менің нағашыларыма осындай ғажап қасиетпен қатар сөз өнері дарыпты. Арғы атамыз Молдабектен Айқынбай, Шынтай, Өскен тарайды. Өскен атамыз жас күнінен шешендігімен, суырып салма айтыскерлігімен Сайрам өңірінде танымал тұлғаға айналған дейді. Сонымен қатар ол кісі атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарайтындай келбетті, өте көркем жігіт екен. Ешкімге өлең сөзден дес бермеген нағашымның сөзге жүйріктігі ел ішінде аңыз боп тарапты». Осы тұста ойыма жазушы Ғабит Мүсіреповтің айтқан мына сөзі оралды: «Дүниеде адам баласының ұлы қасиеті екеу-ақ: ой ұлылығы, сұлулық ұлылығы. Көркем айтылған ой – ұлы, ойландыра алған сұлулық – ұлы». Тұла бойына осы екі ұлы қасиет те дарыған Жанат Тұрарбекқызымен өмір көшінде жолымның түйіскеніне қуандым.
2) Дүниелік-білім факторы. «Адамның нағыз байлығы затта емес, ақыл-парасатта, рухани байлықта», - деп орыс жазушысы В.Сухомлинский айтқандай, Жанат Тұрарбекқызының келбетіндегі айналасындағыларды тәнті ететіні – парасат биігіндегі орны мен әлемінің рухани байлығы. Апайдың осынау байлықты иеленуінің негізі қайда жатқанын «Қалдырған ізің мәңгілік ...» деген кітабы түсіндірді. Өмірі өнегеге, тағдыры тағылымға толы, ісі ізгіліктен өрілген жандармен бірге жүруі, олардың мейірімі мен шапағатын сезінуі жетелеген екен. Өз сөзімен айтқанда: «Олардың әр сөзін алтынға балап, тірлігінен тәлім алу үлкен сын әрі сый деп санаймын. Сын болатын себебі өзгеден бұрын өзіне үлкен талап қоятын жанның талғамынан шығу, оның ой-өрісіне лайық өрелілік таныту оңай емес. Ал сый болатыны ондай кісімен кездескен сайын жаңа бір тағылым табу, жаңа бір сабақ алу арқылы үйрене білсең үйретері таусылмас қазынаға кенелгендей сезімде боласың». Ал Жанат апайды байлыққа кенелткен жандар қазақ ғылымы мен руханиятында зор беделге ие – ғылымдағы да, өмірдегі де тұғырын биік қалаған білімпаз тұлға, ұлт қайраткері К. Нәрібаев, Ы. Алтынсарин атындағы Қазақтың білім проблемалары институтын басқарған ғалым, өзі қазақтың бағына біткен тарлан тұлға, ұлтжанды қайраткер деп танитын Н. Нұрахметов, жазушы, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді терең зерттеген ғалым Б. Адамбаев, Ы. Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Жаңылхан Досымбекқызы сынды тұлғалар. Осы жерде хакім Абайдан мына жолдар тілімнің ұшына үйіріле берді:
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге
Көкірегінде болсын көз.
Жанат апайдың өз сөзімен айтқанда: «... көзге көрінбейтін, тек түйсікпен сезіліп, жүрекпен ұғынылатын Үйрету мен Үйрену, Таныту мен Тану, Жеткізу мен Түйсіну сипатындағы тылсым байланысты дана Абайдан артып кім айта алар дейсіз?!».
3) Оқу-білім факторы. Ұлттық ғылымның негізін салушы А. Байтұрсынұлы «Ғасырлар тезінен, халықтың талғам елегінен өтіп, оның болмысымен бүтін бітімге айналған интелелектуалдық байлық пен материалдық игіліктің қорын «білім сабасы» деп атаса, Жанат апайдың өзі білім сабасына кездейсоқ нәрсе құйылмайтынын, ең керек дүниелер жинақталатынын шегелеп айтады. Бұл ойы өзінің өмір жолында ілім-білімді талғампаздықпен игеруінен болса керек. Сөздің сырын ұғынуға деген талпынысы сонаау әжесінің бесік жырынан бастау алды десек, мектеп қабырғасындағы Малдыбай ағайы мен Әсем апайы, Дулат ақынның тілімен айтқанда, «сары алтынның буына» сомдалғандай сұлу да сындарлы, мазмұнды да мағыналы сөздің иесі Шекер ағайы, сахна атты сұлу әлемнің төріне жетелеген, өнердің киелілігін ұғындырған Дариға апайы берген білімнің қоры қанатын қатайтып, қабырғасын бекітіп, «Өмір» деген ұлы көштегі «Мамандық» деген тұғырдағы орнын нұсқапты. Мұны Жанат апай «Қалдырған ізің мәңгілік ...» деген кітабында сұлу сөз, айшықты тілмен әдемілеп өрнектейді.
Ал СӨЗ деген құдыреттің сырын ұғуға талаптанып, «филолог» мамандығы бойынша білім сабасын толықтыруға анасы жақта да, әкесі жақта да бар суырып салма ақындық қасиеттің ықпалы тиген болса керек. Бүгінгі таңда ұлт ғылымын жаңа белеске көтеру жолында табанды еңбек етіп жүрген Жанат Тұрарбекқызының «филология» әлеміндегі білімділігімен, оқыту шеберлігінің даралығымен, кісілік келбетінің биіктігімен дараланатын ҰСТАЗДАРЫНЫҢ қатары филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Сайранбаевтан басталып, егемен елдің жаңарған білім жүйесінің іргетасын қалаған тұғырлы тұлға, ғибратты ғалым, қазақ тілін оқыту әдістемесін дамытқан, әдіснамасын жасаған, оны жаңа сапалық биіктерге көтерген ұлт зиялысы, жаңа ілімнің көшбасшысы филология ғылымдарының докторы, профессор Р. Әмірдің және өзі ғылым шыңының шынары деп атап, өмірдегі бағыт алар Темірқазығым деп айшықтайтын педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф. Оразбаеваның атымен толығады. Көріп отырғанымыздай, ғылым жолында, педагогикалық қызметі жолында сапарлас болған ТҰЛҒАЛАР Жанат апайдың бойындағы біз тамсанатын кісілік қасиеттердің қалыптасуына әсер еткені сөзсіз. «Қалдырған ізің мәңгілік ...» деген кітабында өзі баяндағанындай: «Ғылым – түсінген адамға Алладан қонған бақ. Бақ болатын себебі ғылымның арқасында адам Ғаламдық Ақиқатты тани алады. Өйткені ғылым адамның танымын тереңдетеді. Ал таным тереңдеген сайын өре биіктейтіні – Ақиқат аксиомасы. Өресі биік жан мынау шексіз ғаламда өзінің орны мен мәнін салмақтай алады. Олар ешқашан бергенін бұлдамайды, өткенін тұлдамайды. Оны мансаптың буы да елітпейді, мақтанның оты да ерітпейді. Осы тұста тағы да хакім Абайға жүгінуге тура келеді. Ол «Еңбегін сатусыз жасайтын жан – адамның әулиесі» демеуші ме еді?! Әрине, ол үшін бойда талант, жүректе шоқ, жігерде от, сезімде саралық, ойда даралық болуы – басты шарт. Осы қасиеттің бәрі бір адамның бойында өзара үйлесім тапқанда оның кісілік келбеті де қалыптасады. Ал кісіліктің өлшемі – кішілік». Осы айтылғандар Жанат Тұрарбекқызының келбетін танытып, арманын желкен етіп, бағдар тұтқан көкжиегіне ұмтылған кез келген көзі ашық, көкірегі ояу жанға қозғау салса керек.
Жанат Тұрарбекқызының тұлғалық қасиеттерін саралауды мақсат тұтсақ, табиғи дарын, биік талғампаздық, шығармашылық қабілет, көшбасшылық қасиет тәрізді ерек қасиеттері Тұлғалық-интеллектуалдық болмысын айқын танытары анық. Ал бұл тамырын тереңнен тартқан Жанат апайдың екі отызды жетегіне алған мерейлі жасының құрметіне жазылып отырған шағын мақаланың шеңберіне сыя қоймайды. Сондықтан оны уақыт-тақсырдың еншісіне қалдырып, жоғарыда айтылған ойлардың негізінде хакім Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп тәпсірлеген көркем мінезі, әдемі әдебі, нұрлы ақылы Жанат Тұрарбекқызының сыртқы келбеті мен ішкі әлемін СҰЛУЛЫҚ деген әлемде тоғыстырып тұрғанын паш етейік. Ал бұл қасиет қазақтың әрбір қызының болмысымен тұтаса өрілсе, қанеки!
Бар саналы ғұмырын білім, ғылым жолына арнаған сұлу қазақ әйелі Жанат Тұрарбекқызына талтүске иек асқан мерейлі жасыңыз құтты болсын дей келе, жақсы лебізімді Бөлтірік шешеннің мына сөзімен сабақтастырамын:
Жақсымен жолдас болған,
Ел ұстанған тілектей болады.
Қыз ұстаған жібектей болады
Жадыраған жаздай болады,
Айдын көлдегі қаздай болады,
Отау ортасындағы оттай болады,
От ортасындағы шоқтай болады,
Тұрағы алтын шырақтай болады.
Тұяғы асыл пырақтай болады
Мұнша дәулет кімге тұрақтай алады?!
Мұнша дәулет өзіңіздей жанмен жолдас болып, ісіңізді үлгі тұтқан бар қазақтың қызына тұрақтай алатынына кәміл сенімдімін, Жанат Тұрарбекқызы! Болса екен бар қазақтың қызы сіздей!!!
ӘЛИЯ ЕЛШІБАЙ,
Филология ғылымдарының кандидаты