Қас пен кірпіктің пайда болуы (аңыз)
Адамда қас пен кірпік болмапты. Маңдайдан тер аққанда көздің ішіне кіріп, удай ашытыпты. Шаң-тозаң да көзге тез кіреді екен. Көз бір күні Құдайға арыз қылып:
– Иә, Алла, мен қиналдым. Шаң мен теріден сақтайтын қорған бер, – дейді. Мейірімді Алла дұғаны қабыл етіп, көздің төбесіне қасты, айналасына кірпікті қадапты.
Осыдан бастан аққан тер қасқа тіреліп, көзді айналып ағатын болыпты. Кірпіктер көзді шаң-тозаңнан қорғапты. Екеуі де көздің ажарын кіргізеді.
«Отбасы хрестоматиясы»