Миғраждан келген тоғыз зат (қисса)
Пайғамбар пырақпен миғражға ұшқанда Аршыдан өтіп, шексіз, үлкен дарияға тап болады. Сол жерге келгенде пырақ:
– Ей, Мұхамбет, мына дариядан мен түгіл, бірде-бір періште өте алмайды. Дарияның шеті жоқ, шегі жоқ. Ұшқан мақұлық дарияның ортасына да жете алмайды. Сондықтан мен ары қарай алып өте алмаймын, – дейді. Мұхамбет пырақты қоя беріп, дарияның жағасына келгенде, Жебірейіл періште жайнамаз әкеледі.
– Ей, Мұхамбет, мына жайнамазға отырсаң, ол сені демде дариядан өткізеді. Алланың дәргейіне жеткізеді, – дейді. Пайғамбар жайнамазға мініп, екі рәкәт намаз оқиды. Жайнамаз ұша жөнелді. Көзді ашып-жұмғанша оны дарияның арғы бетіне жеткізіп, Алланың дәргейіне әкелді. «Намаз – мұсылманның миғражы» деген нақыл сөз осыдан қалса керек-ті. Пайғамбар жайнамазды тастамай, үмбетіне ала келіпті.
Тәңірі тағала ақ дастархан жайып, досын күтіп алады. Пайғамбар дастархан басына жайғасады. Күллі періште қызмет етуді мәртебе санайды.
Сол кезде Ұлық Алла періштелеріне:
– Менің сүйікті пайғамбарымның шынтағы мамыққа тисін, – дейді. Періштелер пайғамбарымыздың оң иығына жастық әкеліп қойыпты. Содан бастап мұсылман қауымында қонаққа жастық ұсынатын дәстүр пайда болады. Қазақтар жастықты миғраждан келген киелі зат деп сенеді. «Жастықты астыңа басып отырма», «жастықты теппе» дейтіні содан екен.
Алла тағала пайғамбарға:
– Достым, не қалайсың? Бүгін сұрағаныңның бәрін беремін. Мен сені екі дүниенің нығметіне қатар бөлеймін. Мына дастархандағы ас-ауқат жаннәттің ең асыл тағамдарынан саған арнайы дайындалып жасалған. Дастарханнан дәм ал, – дейді. Сол кезде Мұхамбет пайғамбар:
– Менің үмбетім де осы дастарханнан үлес ала ма? – деп сұрайды.
– Жоқ, тек саған ғана. Мен бұл тағамдарды сенің бір өзің үшін ғана әзірлеттім.
– Олай болса, үмбетіме бұйырмаған астан тойып ішуге менің ар-ұятым жібермейді, – деп, дәмге қол созбай отырып алыпты.
– Онда мына дастарханды берейін. Ішіне ырыс, дәулет, берекені жасырдым. Үмбетіңе айт. Егер дастарханын таза ұстап, адал асқа ғана жаятын болса, күллі ырысты сол дастархан арқылы табылады.
Пайғамбар дастарханды өзімен берге миғраждан ала келген екен. Үмбеттеріне «шаңыраққа береке кірсін десеңдер, дастарханға арам ас жолатпаңдар, аяқасты етпеңдер» деп өсиет қалдырыпты.
Миғраждан қайтар сәтінде Ұлық Алла періштелеріне:
– Мұхамбеттің иығына зүміреттен жасалған шапан жабыңдар. Басына сәлде ораңдар. Сәлде ер үмбетінің қорғаны болсын, – дейді. Періштелер пайғамбарға салтанатымен зерлі шапан жабады, басына сәлде орайды. Сол кезде пайғамбар:
– Сәлде ердің қорғаны болса, әйелдің қорғаны не болмақ? – деп сұрапты. Ұлық Алла:
– Әйел затты үмбетіңе орамал беремін. Орамалы олардың әрі көркі, әрі қорғаны, әрі иба-әдебі болады, – депті.
Миғраждағы осы оқиғадан соң қазақ арасында құрметті қонағына шапан жабу, басына бөрік кигізу, әйел адамға «орамал тон болмайды, жол болады» деп, ақ орамал сыйлау сияқты салттар орныққан.
Пайғамбар миғраж сапарынан мұсылман үмбетіне тоғыз түрлі қасиетті зат ала келіпті. Олар: жастық, дастархан, шапан, сәлде, орамал, жайнамаз, сәлемдесу үлгісі, Құран, намаз екен. Мұны «пайғамбардың базарлығы» деп атайды. Ел арасында Құранды құрметтеу, дастарханды баспау, киім-кешекті, бас киімді, орамалды аяқасты етпеу, жастықты, жайнамазды қадірлеу сияқты ырымдар осыған орай шығыпты.
«Отбасы xрестоматиясы»