Төрт жасар қызға айналған кәрі кемпір
24-02-2022
Осы күні жұрттың қолжаулық қылып жүрген "қожалығын" он жасымда көрдім. Бір жылы күзде ауылға қожалардың Сыбаннан тарайтын бір ағайындары келеді. Бірі әкесі, бірі баласы еді. Бұлар келгеннен-ақ ауылға бір суық жат тәртіп ала келгендей болды. Бізді олардың үстіне ылғи тағзыммен сәлем беріп кіргізді. Жалаң аяқ кіргізбеді. Кемпір шешеміз батасын ал деп, алдына болымсыз қызмет істетті.
Олар кеткенде қара қазақ болып кеткен біз сияқты бейбастық балалары үшін қысылғандай болып жүрді. Бала күнімде ауылға келіп кетіп жататын қонақ ішінде солардай ауыр көрінген қонақ болмаған сияқты. Бұл екеуі нағыз қожа сияқты болатын. Бастарында сәлделері бар. Қайта-қайта намаз оқиды, намазды өте ұзақ оқиды. Ас артынан ылғи құран зулатады.
Біз екі-үш бала, бұлар отырған жерге көп жолағымыз келмей сырғалаңдап, жүрсек те таңертеңгі намазда қолдарында ұзын-ұзын тәсбиқ алып «зікір» салған уақытында ылғи есіктен қарап, қатты қызық көруші едік. Жат та, қызық та көрінетін. Солардан соң толық қожаны көрген емеспіз.
Оқуды бес-алты жасқа келген соң өзімнің үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кісінің алдынан хат танып, түркі оқитын болған соң 9-10 жасымда әкеммен бір туысқан ағам Қасымбек қасына алып, басында бір жыл Семейдегі Камали медресесінде мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға берді.