Тотықұс неден бәділ болды? (аңыз)
Тоты құс – бір керігетпе адам еді. Оның шын есімі Бабағай болыпты. Мәнді сөз бен пәнді сөзді айыра алмас сорлы болды. Қыздың да, кемпірдің де даусын салып құбылтты. Шал-шауқанды мазақ етіп, көп алдында қынжылтты. Бірде бір әулие Құдайдың бірлігін, пайғамбарлардың ерлігін мақтап жамағаттың ортасында қисса айтып отыр еді. Бабағай оны мазақ етті. Әулие сөзін кемпірдің даусына салып түрлентті. Жұрт алдында Құдай досын күлкі етті. Сол сәтте илләһи сөздің киесі ұрды. Бабағай құсқа айналып, пыр етіп ұша жөнелді. Күлкісін жия алмай отырған жұрт сол заматта тәубесіне келді. Тіпті әулиенің өзі бұл кереметке таңғалды. Осыдан бастап хикметті сөзді әзіл қылжаққа айналдырмаңдар деген тыйым қалды. «Есті сөзді есер бұзар, ессіз сөзді ессіз тұтар» деген тәмсіл де осыдан шығыпты. Бабағайды кейін жұрт папағай, попугай атапты. Парсы жұрты оны туту деп атаған екен. Ол сөзіңді қайталап ойнайтын, кертартпа дегенді білдірді. Құдай тағала Бабағайдың ісінен сабақ алсын деп тоты құстың сөйлейтін қасиетін жоймады.
«Отбасы хрестоматиясы»