Қабан неден бәділ болды? (аңыз)
Қабан әу баста адам еді. Бірақ шық бермес, сараң, ниеті пасық, арам еді. Ой-өрісі мақтау сүйгіш балаң еді. Көңілінде хақ ілімнің сәулесі жоқ қараңғы еді. Балық аулап күнелтетін, торын сүйреп күнде өтетін. Құдайға жалбарынып, «Құрған торыма балық толсын, балықтарым алып болсын» деп тілейтін. Балықсыз оның күні қараң еді. Бірақ қайырлы іс пен жомарттыққа шабан еді. Құдай тілегін беріп, күнде олжалы қайтатын. Бірақ жұртпен олжасы тұрмақ, балығының қылтығымен де бөліспейтін. Зекет сұраса, қорс етіп, ашуланатын. Осы мінезіне қарап жұрт оны «тоң жүзді қабан», «тоң жүз» деп атады. Бірде Қабан әдетінше олжалы шығып, балығын арқалап келе жатқанда алдынан аш-жалаңаш бір мүсәпір шықты. Оның бала-шағасы екі күннен бері нәр татпай, ашығып жатыр еді. Ол жалынып, бір тілім нан сұрады. Қабан оған қарамай, өзенді жағалап жүре берді. Мүсәпір зар жылап аяғына жығылды. Қабан ашуланып қорс етті де, кеудесінен итеріп жіберді. Аштықтан қалжыраған байғұс жерге жалп етіп құлады да, еңкілдеп жылады. «Жүрегің жібімес не қылған тоң жүзді адамсың. Адам атыңнан садақа кет!» деп қарғады. Мүсәпірдің наласы ұрып, сол сәтте Қабан жануарға айналып шыға келеді. Оның доңыз аталуы «тоң жүзді» дегеннен шығыпты. Қабан аты әу бастағы азан шақырған есімі екен. Бір қызығы Қабанның арқалаған балығы да денесіне жабысып, бітісіп кетіпті. Аштық кезінде қабанның жон арқасынан ет кесіп алуға болады дейді аңызда. Бұл ет – қабанның емес, баяғы арқалаған балықтың адал еті екен деседі.
«Отбасы хрестоматиясы»