Інжірдің қасиеті (аңыз)
Адам ата мен Хауа ана пейіштен қуылғанда, інжір ағашы оларға бес жапырақ берген екен. Олар жапырақпен ұятты жерін жауыпты. Жаппар Хақ інжірге риза болып, қасиет дарытады:
—Адам ауырса, жемісіңді жеп, шипа тапсын! Нәрлі сөліңді ішіп рақаттансын! Сенің ішің де, сыртқы қабығың да адамға пайдалы болады, - дейді. Содан бастап інжір адам сүйсініп жейтін жеміске айналды.
Адам ата мен Хауа ана жерде киім тігуді үйренген соң, үстіндегі жапырақтары қурап, жерге түседі. Оның біреуін киік жеп еді, мүйізіне жұпар иіс бітеді. Екіншісінен імбір өсіп шығады. Ол да пайдалы асқа айналады. Үшіншісін ара жеп еді, бал шығарады. Төртіншісін жібек құрты жеп, одан жібек өнетін болады. Бесіншісін Адам ата жерге егіп:
— Жабыққанда сыйым, тарыққанда киім болдың. Енді ұрпағым да иініне іліп жүрсін, - дейді. Тілегі қабыл болып, одан мақта өсіп шығады. Адам одан жіп иіріп, киім тоқып киюді үйренген екен.
«Отбасы хрестоматиясы»