Мұхтар Мағауин. Қазақсыз - Қазақстан
Баяғыда, бала кезімде естіген өзгеше бір сөз қайта-қайта ойыма орала беретін болды. 1951 – бұдан алпыс екі жыл бұрынғы кез. Мен он бір жастамын, 5-класта оқимын. Кезекті география сабағында мұғалім Америка құрылығын еуропалықтардың ашуы, жаулауы, игеруі және ондағы құлдық тәртіп туралы әңгімеледі. Менің (болашақ пәленбай деген жазушы) тарихи танымым, әдеби білігім өз жасым ғана емес, өз тұсымнан да біршама жоғары еді – орта мектеп оқулықтары бойынша адамзат тарихынан жалпылай дәріс алғам және әлем әдебиетінің қазақ тіліне аударылған елеулі шығармаларын түгелдей дерлік оқып тауысқам, оның ішінде Америкадағы нәсілдік жағдай туралы Гарриет Бичер-Стоудың романы да бар. Енді, мұғалім қара түсті зәңгілерді Африкадан тұтқындап, кемелерге салып, жолай қырылғаннан қалғанын жаппай құлдыққа түсіретіні туралы айтқанда, мен еріксіз бір сұрақ қойып едім. «Зәңгілерді соншама жерден тасығанша, неге жергілікті халық – үндістерді құлдыққа жекпейді?» – деп. Сонда мұғалім айтты: «Отаршылдар үндістерді біржола қырып тастағанды тиімді санады. Егер оларды аман сақтап, құлдықта қалдырса, заманнан заман өткенде өсіп-өнеді, теңдікке ұмтылады, содан соң мына жер – біздің ата-мекеніміз деп күреске шығады, ал келгінші құлдар қаншама жетіссе де, бұл жер менің ежелгі жұртым деп дауласа алмайды. Сондықтан отаршылдар ел иесі байырғы халықты түп-тұяғымен жойып жіберу қажет деп санады».
Әлі күнге қайран қалам. Советтік заман идеологиясына мүлде қайшы, осыншама терең ұғымның тамыры неде? Өзі ойлап тапты ма, әлде кейінде жоққа сайған ұлттық сананың арыдан жеткен жаңғырығы ма? География мұғалімі Төлеуқан Жақыпов – ол кездегі ең басты жоғарғы оқу орны ҚазПИ-дің алғашқы толқын түлектерінің қатарынан екен. Алаш-Орда идеалдары әлі көмескі тарта қоймаған кезеңде қалыптасқан. Дайын тезисті санаға сіңіру үшін де үлкен пайым, парасат керек. Қайткенде де, қарапайым ауыл мұғалімінің көкірегінде тұнған мұң мен зілдің салмағын кім білген. Ақыры өзі де отаршыл алапаттың құрбаны болды – арада екі жыл өткенде, дәл іргеде жарылған қуатты, ең алғашқы сутегі бомбасының зардабынан айықпас сырқатқа ұшыраған ағайындар қатарында шәйіт кеткен еді.
Ол – Совет (Кеңес емес!) өкіметінің заманы. Енді – Тәуелсіздік аталатын жаңа дәуір. Бірақ бүгінгі Қазақстан өкіметінің (қазір «билік» дейтін болыпты) осындағы байырғы жұрт – қазақ халқына қатысты жүргізіп отырған барлық шаруасы, нақты саясаты мен көпе-көрнеу ішкі пиғылы бұдан екі ғасыр бұрынғы Америка құрлығындағы отаршылардың жергілікті үндіс халқына қатысты төтенше шараларын еске түсіреді. Әлбетте, тікелей, жаппай қырып-жою жоқ, оған мүмкіндік те табылмас еді, әйткенмен, тереңнен, нақты ойластырған және ішінара жүзеге асып та жатқан жүйелі қарекеті ешқандай күмәнсіз, ақиқат байламдар жасауға негіз береді – қазіргі Қазақстан өкіметі осы ел мен жерді мың жылдар бойы мекендеп келген қазақ халқына қарсы түбегейлі, пәрменді жұмыс жасап жатыр. «Егемендіктің» алғашқы бес-он жылында еппен, жымысқы қимылдап еді, соңғы он жылдықта, оның ішінде кейінгі екі-үш жылда ашық соғыс жариялады.
Енді жалпы жұртқа белгілі, аз-мұз сауаты бар, тым құрыса жарым-жартылай көзі ашық кез келген қазаққа мағлұм бүгінгі ахуалдың ең көрнекі, негізгі жағдаяттарын еске түсіре кетейік.
Осы «Егемендік» аталатын жиырма екі жыл ішінде:
– ежелгі қазақ жерінің асты мен үстіндегі барлық қазына мен байлық талауға түсті;
– адал еңбек емес, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, заңсыз иелік нәтижесінде жеміт байлар тобы және бар мүмкіндігі шектелген, күнкөріс жағдайының өзі қиындаған тақыр кедейлер табы қалыптасты;
– қазақ ауылы қирап, тозып бітті, үлкен шаһарлар төңірегіне қайыршылық пен шарасыздық жайлаған, тұрмыстық қызметі тапшы, кембағал, қотыраш қалашықтар өсіп шықты;
– белгілі бір әулет, ұйымдасқан топ, билеуші тап азғана уақыт ішінде қисапсыз байлық, барлық игілікке жеткен жағдайда, ел иесі, жер иесі жалпы жұрттың тұрмыс-ахуалы күн озған сайын төмендеп барады;
– ел ішінде жаппай коррупция, жойдасыз жемқорлық етек алды;
– аса зор көлемдегі және ұсақ-түйекке дейінгі парақорлық үйреншікті, дағдылы тұрмыс кебі ретінде қалыптасты;
– мемлекеттік қызмет, кез келген мансап – міндетті парыз емес, тек қана ішіп-жеу, байлық құрау, жеке бастың қажетін ғана өтейтін тиімді тетік деген түсінік орнықты;
– сот, прокуратура, құқық қорғау, заң мекемелері әділет атаулыны аяққа басып, тек жоғарыдан түскен нұсқау, немесе жеке бас пайдасы тұрғысынан ғана жұмыс жасайтын болды;
– қылмыскердің жазадан құтылуы, кінәсіз кісілердің бас еркінен айрылуы – үйреншікті құбылысқа айналды;
– күдіктіні жауапқа тарту кезінде, сотталғанның жазасын өтеу мезгілінде адамгершілікке қайшы әрекетпен азаптау, жанын қинау, тіпті ұрып өлтіру – совет тұсындағыдан да қатал, гестаполық тәсілдермен үйлес тұтқын тәртібі – әдепкі жағдайға саналды;
– ауыр тұрмыс, заңсыздық пен ұрлық-қарлық, адал еңбекпен мал табу мүмкіндігінің қиындығы, бейсауат жүрген кісінің өзінің жеке басының қатерлі жағдайы, арам байлар мен әкім-қаралардың жүгенсіз мінезі – жалпы жұртты аздырып, әділет, адалдық, кісілік туралы ұғымдар аяқ-асты болды;
– үлкендер дүниеден түңілсе, жастар үмітсіз торығу дертіне шалдықты, ақыры кәмелет жасына жаңа толған, тіпті толмаған өрендердің өзіне-өзі қол жұмсауы – әлемде жоқ деңгейде өріс алып отыр;
– мүлде бейкүнә, немесе көлденеңнен күдікті жеке кісілерге, халықаралық деңгейде ешбір теріс тізімде жоқ діни, рухани топтарға қарсы, олардың отбасын, жақын туыстарын қоса қамтитын мемлекеттік террор заң аясына сыйғызылды;
– үлп еткен наразылық, қарсылық атаулы аяусыз жанышталып жатыр;
– оппозиция қуғынмен, қудалаумен тозып бітті;
– баспасөз еркіндігі, жиын, ереуіл құқығы шектелген;
– үлкенді-кішілі әділетті сайлау атаулының елесі де жоқ, демократиялық құндылықтар құрғақ сөзбен алмасты;
– үстем тап – бұрынғы компартиялық номенклатураның әдіс-амалы, ісі мен күшінің екпінімен Қазақстан шегінде бір ғана кісінің өкімі – сырттан сыпайылап айтылып жүргендей, авторитарлық билік емес, тежеусіз диктатура орнады;
– осында айтылған және айтылмаған қаншама сорақы себептер нәтижесінде Қазақ елі бүгінде бүкіләлемдік шикізат отарына, ал Ресейдің еркі кем, бұйдалы, шын мәнісіндегі басыбайлы иелігіне айналды.
Әйтсе де, бұл арада біздің айтпағымыз – мүлде басқа мәселе. Отар елдің де шектеулі, азды-көпті құқығы болады. Отар елдің өзіндегі халық қадарынша тіршілік жасап, өсіп-өніп жатады. Оның үстіне манадан бері тізбеленіп отырған мәселелер біржақты көрінуі де мүмкін. Дау айтушылар табылады. Ұланғайыр жетістігіміз бар, бізде керемет, бәрі тамаша демек. Өз тарабымыздан үстесек, жалғыз қазақ емес, кез келген, кіріптар кептегі, немесе мемлекеттік құрылым өркендеп дамудың оңды жолын таңдай алмаған, артта қалған елге тән сыпат. Әлемде бұдан біршама бұрын еркіндік алғанымен, отарлық, жартылай отарлық бұғаудан шыға алмай отырған, кембағал қалыптағы қаншама жұрт бар. Қорқау өкімет, парақор шенеунік, заңсыздық пен зорлық-зомбылық, ауыр тұрмыс пен шарасыз тығырық – жалғыз біздің ғана еншіміз емес. Халқының әл-ауқаты бізден әлдеқайда төмен жағдайлар да ұшырасады. Алысқа тартпай, көршілес республикалар – еңбекке жарамды азаматтары ел ақтап кеткен туыстас ағайындарды еске салайық.
Бірақ біздің не Африкада, не Азияда болмаған және болуы да мүмкін емес, атойлап тұрған айрықша бір сыпатымыз бар. Ол – билеуші таптың өз халқына қатысты арам пиғылы және теріс әрекеті. Нақтылап айтсақ, жер иесі, соған орай ел иесі де болуға тиіс жергілікті, байырғы жұртқа қарсы күресі. Одан әрмен анықтап айтсақ – бүгінгі Қазақстан өкіметінің қазақ халқына қарсы, жоспарлы түрде, табанды, әрі дәйекті жағдайда жүзеге асыруға кіріскен ең басты жұмысы – әлем тарихы, халықтар шеруінде ұшыраспаған өзгеше құбылыс. Бірақ ақылға сыймас іс емес. Түп-тамырына бойласақ, заңды, табиғи жағдаят деп таныр едік.
Бұл арада қазіргі Қазақстан билігі – кешегі Советтік өкімнің жалғасы деп білу – мәселенің бір ғана жағы. Қашанда отаршыл тәртіптің ең негізгі тұрғысы – жер иесі болып табылатын халықты біржола құрту еді ғой. Патшалық Ресей, әсіресе Қызыл Ресей қазақ халқына зәбір мен қиянаттың барлық түрін қолданды, ақыры 1932–1933 жылдарғы ғаламат ашаршылық нәтижесінде ұлы халықтың сағын сындырды, бірақ қанша қырылса да, қазақ жер бетінен біржола өшпей қалды, сондықтан «Тың көтеру» науқаны ұйымдастырылды, байырғы жұрттың үстіне орысы бар, орманы бар, тағы қаншама халықты әкеліп төкті, сөйтіп жер иесін елеусіз азшылыққа айналдырды. Алайда ақыр түбінде дүние кері төңкерілді, бәрі өзгерді, тек бұрнағы коммунистік билік өз орнында қалыпты. Әуелден-ақ қазақты кемшін санаған, отаршылдың қызметіндегі, қарғылы қауым. Өкім атауы өзгерсе де, ұғым мен таным бұрынғыша. Оның үстіне, жаңа, төтенше бір түсінік қалыптасыпты. Ұлттық санадан тыс өкіметте жеке бастың пайдасы бірінші орынға шықпақ. Ел мүддесі есеп емес, мемлекеттік тұрғы – осы жеке басқа ғана қызмет ететін, сатуға, пайдалануға қолайлы, қажетті тетік қана. Бұл жолда сыртқы қиындықтарды жеңу оңай – күшті көршінің қалаған, сұрағанын бере беру, тіпті алыстағы алпауыттың өзінің қолын қақпау. Атың абырой тауып, билігің беки түседі, сырттағы жұртқа сенен жақсы кісі жоқ. Ал ішкі қиындық, соншама елеусіз болса да бар, немесе әжептәуір болып шығуы мүмкін. Оның аты – қазақ дейтін халық. Осы қазақты жуасытса, дауысынан айырып, жігерін жасытып, күшін қайтарса, бар мұраты орнына келмек. Сөйтіп, «Егемен» өкіметтің, атаулы, жалғыз кісі емес, компартияның жәдігөй мектебінен өткен тұтас бір қауымның қазақ халқына қарсы қауіп-қатерсіз, бейбіт, бірақ қатаң, әрі аяусыз соғысы басталып кетті.
Осы ішкі майданның жалпы жұртқа мағлұм негізгі бір тұрғыларын атап өтейік.
Бүгінде билік басында отырған парт-номенклатураның қазақ тәуелсіздігін қажетсімеген, бұрнағы отарлық кепте қалуға жанын салған, алыс-жақын төңірегінен мүлде бөтен, құлдық санасы – Орыс-Совет империясы ыдырай бастаған кезде айрықша көрініс берді. Туған халқының қаншама қан төккен, жүз елу жылдық мұраты сөз емес. Өз бастары ноқталы болса да, алдында астау, жеке жағдайы тым жақсы. Ақыры Балтық пен Украина тұрыпты, іргелес Орта-Азиялық елдер, оны айтасыз, империя ұйытқысы Ресейге дейін өз тәуелсіздігін жариялап біткен кезде, қақаған қыс, иен жұртта қалған Қазақ ССР-ының сатымсақ өкіметі мен қуыршақ Жоғарғы Кеңесі амалсыздың күнінен «Егемендік» алуға мәжбүр болды. Бұл екі ортада Мәскеумен аралықта қандай келіссөз атқарылғаны әзірше жабық тұр, кейін архивтен «Біз Ресей құрамында қалғымыз келеді» деген ғарызнама-өтініш шығып жатуы да ғажап емес, оның айқын мысалы – жаңадан туған республиканың қаншама ай бойы рубль аймағынан кеткісі келмеуі, яғни, Ресейге тәуелді қалатын экономикалық бірліктен айнымауы дер едік. Ақыры бұл кіріптарлық талап та қабыл алынбады, Ресей біздің жандайшаптарды рубль аймағынан теуіп шығарды, бұдан соң, төл теңгеміз айналымға түскенше, бұл кезде қолданудан шығып кеткен Ресей рублі вагонымен, составымен келіп, бүкіл Қазақстан ахуалына қаншама зиян тигізгені мәлім.
Өз ақшамыз шықты, бұл – тәуелсіздіктің ең көрнекі, нақты белгісі деп, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ арада бес-он жыл өтер-өтпесте осы ұлттық теңге Егемен өкіметіміздің көзіне жын болып көріне бастады. Банкноттар бетіндегі Абылайдың, Абайдың, Шоқанның, Құрманғазы мен Сүйінбайдың суреттері жоғалып, барлық жаңа ақша бұрынғы бір теңгелікте бедерленген Фараби бейнесімен алмастырылды. Бұл жағдай – әуелдегі үш теңгеліктен жүз теңгелікке дейінгі банкнот құнсызданып, айналымнан түскен себепті деп түсіндірілді. Әлбетте, Фараби де қазақтан алыс емес, ортағасырлық Отырардан шыққан түрік, сонымен қатар әлемдік тұлға, араб мемлекеттерінің ақшаларынан да көрініс тапқан, ендігі қазақ теңгесіне де жарасып тұр, бірақ Абайдың және басқа алыптарымыздың бейнелері де таңбаланса қайтер еді? Болмайды екен. Мұны аз десеңіз, жаңа ғасыр шегінде қазақ теңгесінің бетінде сандық бағасын айғақтаған жазу орыс тілінде де жазыла бастады. Яғни, бүкіләлемдік отар, оның ішінде Ресейдің атаусыз боданы мәртебесіне жеткен елдің шартты ақшасында айқын ұлттық нысан болмауы қажет екен. Тәуелсіз ел емессің, асып кеткенде Ресейдің бір бөлшегісің! – деген қағида, қатаң ескертудің әуелгі бір, нақты, көрнекі айғағы.
Осы теңгенің ұлтсыздануымен қатар, өмірдің барлық саласында да Қазақ елін тұтасымен ұлтсыздық кебіне түсіру – пәрменді, жоспарлы науқанға айналды. Сыпайылап айтқанда. Бәрін түгел таратып, бажайлап тізбелесек, тұтас бір кітап, әлденеше кітап жазылар еді.
«Егемендік» заманның алғашқы күндерінен бастап-ақ халықтың ақыл-ойы, жан-жүйесі, қорғанышы мен қамқоры саналатын ұлт зиялыларына қарсы күні бүгінге жалғасып келе жатқан былғаныш науқан басталды. Бұл кезде баяғы Колчак айтқан бас көтерер бес жүз қазақтың саны еселеп өсіп, әлденеше мыңға жеткен. Тайлы-таяғы, түп-тамырымен түгелдей құртып жібере алмайсың, сондықтан өрісін тарылтып, тұқыртып ұстау саясаты іске қосылды. «Зиялы қауым дегеніміз – зиянды қауым!» – деген жәдігөй ұран шығып, оған жалбағайлар мен далбақайлар қосылып, баспасөз бетінде тура жиырма жылдық науқан ұйымдастырылды. Бұл, бүгінгі сатымсақ өкімет үшін шынында да зиянды қауымның ең қомақты бөлігін – ғылыми интеллигенция құрайтын. Енді университет профессорының айлық ақысы апталық көжесіне жетпейтін болды. Қатардағы ғылым кандидаттары мүлде тапшылық жағдайда қалды, кейінгі талапкер жастардың бары – ғылымнан кетіп, жоғы – бұл жаққа жуымайтын болды. Көп ұзамай-ақ Ғылым академиясы таратылды. Құрметті академиктерге алданыш стипендия тағайындалды. Осы екі жағдай – Жоғарғы оқу мен Ғылым академиясының жұтқа ұшырауы – Қазақстандағы ғылым атаулының дағдарыс, тоқырауы ғана емес, кері кетуі, уақыт оза келе мүлде дерлік жойылуына ұласты. Бұл – бір оқпен атылған екі қоянның алғашқысы ғана. Екінші қоян – ғылым төңірегіндегі танымы кең, кеудесі зор, қашанда үлкен құрметте болған оқымысты қауымның ұжымдық құрылымы жойылып, бар тіршілігі сұрықсыз, қораш жағдайға түсіп, ғылым ғана емес, саясаттан да аулақтап, халқының сөзін сөйлеуден қалуы, үлкендері шаршап, өліп-жітіп, кішілері қажып, түңіліп, қоғам өмірінен шеттеуі деп білейік.
Советтік заманда ұлттық партия қызметін атқарған, қаһарлы желтоқсан оқиғаларының кезінде де халқының мұң-зары мен ашу-ызасын білдірген Жазушылар одағы да осы кепке ұшырады. Аты бар да, заты жоқ. Бұрын жазушылар кітап шығарып ақша алса, енді кітабын шығару үшін ақша төлейтін болды. Осы әрең-пәрең кітаптың өзінің таралымы жоққа жақын – бір мың, екі, үш мың. Қаламақы туралы айтудың өзі әдепсіздік саналады. Қазақ кітабы ешқандай қосымша пайда түсірмейді екен. Бұл кітап Совет өкіметінің алғашқы елу жылында да ешқандай пайда түсірмеген, бірақ сол замандағы аға жазушылар қап-қабымен ақша алған. Біз көрген соңғы жиырма бес жылда да қаламақы бұрынғыға жетпегенімен, әжептәуір болды, бірақ тақыр-таза зиян, яғни басып шығару үшін қыруар төлемі бар өлең кітаптарына тоқтау қойылмады, прозаның есебінен жабылатын, осындай, шығыны мол жинақтар шығарып жатқан ақындардың қаламақысы – түсімі көп прозашылардан артып та кететін. Егер баяғыдай елу-алпыс мыңмен шығарса, бүгінгі кітап та көп түсім берер еді. Ұлттық мәдениет, оның ішінде рухани қазына санатындағы көркем әдебиеттің мән-маңызы ақшамен есептелмейтінін айтып жатудың өзі артық. Аз ба, көп пе шығын жұмсалып отырған оқу, тәрбие жұмысы, сот пен полиция, тіпті әкімшілік, басқару мекемелері, ең аяғы бүгінгі қолжаулық парламентіңіз мемлекет қорына көпе-көрнеу санап беретін қандай қаражат құйып отыр екен. Мұның бәрі есеп емес. Ең бастысы – жазушылар қауымын жаныштау, бар дауысынан айыру, алаш жұртына ықпалын жою болатын.
Сонымен, жиырма жыл орайында алдыңғы ақсақалдар кетті, оған жалғас қарасақалдар қожырады, кейінгі жастар үйсіз, күйсіз, кітапсыз, жалаңаяқ жағдайға түсті, күн көсемді мадақтап өлең-жыр жазған, өкіметтің барлық саясатын қолдаған бес-алты сатымсақ жазарман болмаса, қалған қауымның бар дерті ғана емес, көпшілік жазуы да ішке түскен, күңкіл әңгімесі кухнядан аспайтын жағдайға жеткен.
Оқымысты, шығармашы жұрт – бүкіл зиялы қауымның дүниеден түңілмес қисыны жоқ. Халқына дауысы жетпейді, беделі кем, абыройы шамалы. Бүгінгі өкімет ақылын алмайды, айқайын естімейді, бәрін керісінше, өз қалауымен жасап келеді.
Біз зиялы қауымның әрқилы ахуалын, қоғам өмірінен қалай шеттегенін айтып отырмыз. Мұның бәрі туған халқыңның кембағал жағдайдағы ауыр тұрмысымен салыстырғанда түк те емес. Ауылдағы жаппай жұмыссыздық, қалалы жерге жеткен жастардың жүкші, арбашы, күнделікті жалдамалы кебіндегі сұрықсыз өмірі, қажымас қазақ әйелдерінің қара базарды жағалаған қалт-құлт тіршілігі – барды саусақпен санап, жоқты түгендеп біте алмайсыз. Жиырма екі жылдық жаңа отар жағдайында бүкіл қазақ жұртының мінез-құлқы өзгерген, дүние танымы басқа бір арнаға түскен, ниет-пиғылы бұзылып, бар мұраты тек қана күнкөріс қамына тірелген. Мұны аз десеңіз, «тәуелсіздік таңының» дүние тарыла бастаған алғашқы жылдарының өзінде «Қазақтың жауы – қазақ!» – деген ұран көтерілді. Театр сахнасынан баспасөз бетіне көшіп, күнделікті, жалпы жұрт аузындағы лепеске айналды. Бұл ретте біздің шалағай артистеріміз бен шаласауат журналист, жалбағай жазушыларымыздың еңбегі айрықша болды. 90-жылдардағы «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінде және «Жұлдыз» журналынан басқа барлық басылымдарда ең басты ұран болған, бұралқы ғана емес, ұлт тағдыры үшін мейлінше қатерлі қағиданы әуел баста жеке бір кісі ойлап тапты дегенге күмән келтірем. Жоғарыдан түскен нұсқау – жандайшаптар көтеріп жіберген, санасыз тобыр одан әрмен қоздатып әкеткен. Қайткенде де, қазақ қоғамының іріп бара жатқан, азып, тоза бастаған өтпелі кезеңіне тән көрініс болатын. Ойлап қарағанда, бұл ұраннан жалғыз-ақ қорытынды шығар еді. Қара қазақ біріне бірі жау болғанда, биік мәртебелі өкіметің неге қарауындағы халқына дос болуы керек?! Сендер біріңді-бірің түтіп жеңдер, бәріңді қосып, тәбеті тәуір өкіметің жәукемдесін. Шынында да солай болып шықты.
Егемендік межесі бес-алты жылға толар-толмаста қазақтың атамекен жерін сату туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Халықты жаңа бір игіліктің артықшылығына үндеп, әр тараптан пікір тартқан дүдәмал оспақтан соң, сырттай, тезінен дайындалып, үкімет қостап, алғашқы оқылымы парламентте мақұлданып та үлгерді. Осындай сұмдық хабар естілісімен, қазақ зиялылары түгел көтерілген еді. 1999 жыл, шілде айы болатын. Жазушылар одағының мәжіліс залында бүкіл шығармашылық ұйымдардың, ғылыми интеллигенцияның ең беделді өкілдері бас қосып, бір ауыздан қатаң қарсылық айтылды, сөйленген сөздің біразы және арнайы қарар республикалық баспасөз бетінде жарияланды. Сонымен тоқтау болып еді. Әйткенмен, арада үш жыл өтер-өтпесте парламент жер сату туралы мәселені төтесінен, қайта көтеріп, бүкілхалықтық талқыға салмастан, қайрылмас шешім қабылдапты. Жер сатылды.
Қазақ халқының арғы ата-бабадан бері, мыңдаған жыл бойы иеленген, төңіректің төрт бұрышынан анталаған жаумен қайтпай қаржысып, қисапсыз қан төгіп, кейінгі ұрпағына мирас еткен жері. Жер сатылды. Табанымыздың астындағы жалғыз тиянақ. Кім алды, не қалды? Қазір бізге шет жағасы ғана мағлұм. Ежелгі қазақ топырағы қолы жеткен, нақтылап айтсақ, өктем өкіметімізге көмектес, сыбайлас, жаны жақын, жат жұрттық қорқаулардың талапайына түсті. Ежелгі Қазақ елінің ең құнарлы өңір, ең құйқалы қоныстарының қаншасы атаңның өзі атын естіп білмеген жалмауыздардың иелігіне кесілгенін бүгінгі біз білмесек те, кейінгі заман айқындап береді.
Таң қаларлық ештеңе де жоқ. Жер сатылып, оның асты мен үстіндегі бар байлық жат жұрттардың үлесіне беріліп, яғни түгел төңірегінің көңілін тауып, әбден күшейген соң, Қазақстан аталатын республиканың президенті болып отырған Елбасы және Ғасыр ғұламасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақта бұдан бұрын мемлекет болған жоқ!» – деп жариялады. Әуелде қақас естідік пе деп едік. Жеті-сегіз жыл орайында, ең биік мінберден әлденеше рет қайталап пысықтады. «Мемлекет болған жоқ, шекарасы да болмады». Жаңалық емес еді. Одан көп бұрын Солженицын айтқан. Солженицыннан соң Жириновский неше мәрте шегелеген. Біздің жаңалық – мұндай сорақы сөздің осы елді басқарып отырған кісінің аузынан шығуы болатын. Бір қызығы – бұрнадан белгілі кеп болғанымен, ешкім де Назарбаев Солженицынды қайталап, Жириновскийге үн қосып отыр деп ойламады. «Осы тәуелсіздікті бізге өз қолымен алып берген» күн көсем: «Бәрін де мен жасадым», – деп тұр, қайткенде де артық кетті деп түйдік. Алайда Ғасыр ғұламасының атаулы лепесінің мән-мағынасы мүлде басқаша болатын. Алаңғасарлық та, аңқаулық та емес, тереңнен толғаған, алды-артын байыптаған нақты тұжырым. «Қазақта мемлекет болған жоқ, яғни алдағы заманда болуы да шарт емес; өзім құрған мемлекетті өзім тарата алам, патшалық заманымда не қылсам да орынды, заңды», – деген кеп.
Ал енді мемлекеті болмаған елдің тарихы бола ма? Тақау көршілермен шекарасы болмаған жұрттың өзіне тиесілі қоныс, мекені бола ма? Тарихты, жер иелігін айтасыз, өзіндік халқы бола ма? Жоқ, жоқ және жоқ! Қазақ деген халық жоқ. Атап айтылмаса да, дәп осындай қорытынды шығады. Бар болса да, құнсыз, елеусіз тобыр.
Болмаған мемлекеттің өткенін, жоқ тарихты тексеру, зерттеу қажет пе? Қажет емес, мүмкін де емес. Атаулы қағидадан кейін, тіпті одан көп бұрын қазақ тарихын тануға бейресми түрде тыйым салынды. Жоқ мемлекеттің алғашқы екі ханына Астанада орнатылуға тиіс және дайын тұрған, жап-жақсы, көрнекі кейіпті ескерткіш, төңірегіндегі жауынгер серік бейнелерімен қоса, әлдебір қоқысқа тасталып, оның орнына жаңа, шынайы тарихты бастаушы Алып Тұлғаның мүсіні қойылды. Ал Алматыда бұдан жиырма жыл бұрын белгіленген, 1932–1933 жылдарғы алапат ашаршылық құрбандарына арналмақ ескерткіш баяғы жатаған, мұқыл құлпытас қалпында тұр. Оны айтасыз, қазақ халқын орны толмас апатқа ұшыратып, әлемдегі ең үлкен халықтар қатарынан шығарған коммунистік геноцид, оның себеп, салдары жөнінде айтудың өзі орынсыз саналатын болды. Жүз елу жылдық орыс және орыс-совет отаршылдығы туралы сөз қылуға рұқсат жоқ. Коммунистік басқыншылықтың жаңа кезеңі – «Тың көтеру» науқаны әлі күнге мадақталып жатыр және өткенде пәленбай жылдығы өкіметтік тұрғыдан арнайы аталды.
Қазақтың есептен шығарылуының, бұрын болмаған мемлекетінің қазір де елесі жоғының ең айқын мысалы – «Бір жүз қырық ұлт» теориясы. Мән-мағынасы: қазақ – атаулы республика шегіндегі жеке-дара жұрт емес, осы елде «шат-шадыман тұрмыс кешіп, ынтымағы жарасқан» 140 халықтың қатарындағы қауым деген ұстаным. Қазақ – өз ата-жұртында мемлекет құрушы, жетекші халық емес, көптің бірі деген сөз.
Әлбетте, Қазақстан азаматы саналатын адам атаулы ұлтына, нәсіліне қарамастан, тең құқықты. Және бұл теңдік қазаққа да тиесілі. Азаматтық тұрғыда кісінің кісіден артықшылығы жоқ. Бірақ бұл арадағы кілтипан – байырғы жұрттың ұлттық статусы туралы. Сен – жер иесісің, әрі басқалармен салыстырғанда, өлшеусіз көпсің. Алайда ата-баба мекенінде тұрғаның есеп емес, ал көптігің – елеусіз жағдай екен. Елеусіз ғана емес, қажетсіз, тіпті қатерлі кілтипан. Егемен өкіметімнің ұғымынша, қазақ өзінің өгей отанында көпшілік болмауға тиіс.
Осыған орай, егемен саясатымыз 2009 жылғы ресми соңғы санақ көрсеткіші – республика шегіндегі қазақ халқының үлес салмағы 67 пайыздан астам дейтін, жалпы жұртқа хабарланып қойған бастапқы деректі әуелде Назарбаевтың аузымен 65 пайызға түсірді, осыдан соң 65-тің өзі көп көрініп, 63 пайызға дейін төмендетті. Шындығында, осы «алпыс үштің» өзі – қыруар сан, қазақ – республика көлеміндегі саны басым, жетекші ұлт деген сөз. Балтық бойындағы, алғашқы күндерінен бастап шын мәнісіндегі тәуелсіздік орнатқан үш елдегі байырғы халықтың үлес салмағы да әзірше осы 63 пайызға жетіп, жетпей жатыр. Алайда біздің отансыз, ұлтсыз өкіметке елдегі жалпы жұрттың үштен екісіне жуығын құрап отырған 10 миллионнан астам халықтың өзі бәкене көрінеді. Бәкене көрінбесе де, солай деп саналуға тиіс екен. Қалған қуысты 129 ұлт және «ұлыспен» тығындапты. Жиыны – 130 халық деп қойыңыз. Оған да тәуба, бұл 130-дың ішінде қазақ та бар, қапелімде ұмытып кетпеген. Содан бері төрт жыл өтті. Манағы ұлттар мен «ұлыстар» өз ішінен балалап көбейіп, 140 деген жуан санға жетіпті. Яғни, қазақтан басқа тағы да 139 ұлт пен «ұлыс». Енді есептеп қараңыз. Ең соңғы, жаңа дерек бойынша, биылғы 2013 жылдың орта шенінде республика халқының жиын саны 17 миллионнан асқан. Оның тура 11 миллионы – қазақ, жалпы жұрттың 65,2 пайызы. Бұдан соңғы ең ірі халық – орыс, 21,8 пайыз, одан кейінгі өзбек – 3, украин – 1,8, ұйғыр – 1,4, татар – 1,2, неміс – 1,1 пайыздан. Бұларға жалғас кәріс – 0,6, түрік – 0,6 пайыз тартады екен. Қазақпен қоса жинақтап келгенде, осы азды-көпті үлесі бар он халық – бүкіл республика жұртының 96,7 пайызын құрайды. Сонда қалған 130 ұлт пен «ұлыстың» үлесі – 3,3 пайыз ғана болып шықпақ. Бұлардың ішінде бес-он мың, бірер мыңы тұрыпты, бес-алты, тіпті екі-үш-ақ кісіден тұратын «ұлттар» мен «ұлыстар» бар. Өкіметтік ұйымдар іздеп бармаса, тірі жан түрін көрмеген 5 чукча, 4 нивх, 3 нганасан, 2 юкагир, 1 айн деген сияқты. Енді Тынық мұхит аралдарынан, Орталық Африка мен Амазонка жыңғылдарынан жалғыз-жарымдап тағы он, жиырма, тіпті, арам ақшамыз жетіп тұр, қырық-елу көз әкелсек, бүгінгі Қазақстан 200 ұлт пен «ұлыс» тату-тәтті, береке-байлықты, шат-шадыман тіршілік кешіп жатқан ұжмақ өлкесіне айналар еді. Осындай, күлкілі емес, сорақы жағдайларға қарап тұрып, бүгінгі Қазақстан өкіметін ұстап отырған алыптардың ақыл-есінің түзулігіне күмән келтіресің. Әлгіндей есепке салсақ, бұрнағы әлемдік империяның ұйытқысы болған Ұлыбританияда кем дегенде бір, екі мың, бәлкім, жер бетін жайлаған әлде үш, әлде бес мың халық түгел бар болып шығар еді. Ал Франция мен Германияда бес-алты жүз бен мың-мың жарымның аралығында. (Осы үш елдегі соншама жұрттың ішінде біреу, екеу, үшеу емес, әлденеше жүз, бәлкім, бірер мыңнан астам қазақ та бар.) Осыған орай, Ұлыбритания – әлемдегі барлық жұрттың отаны, Франция – бес жүз халықтың мекені, Германия – жеті жүз «ұлыстың» иелігі деп дабырлаған мақтан естілмейді. Алайда жаңа ғана айтқан, ақыл-естің бүтіндігіне күмән – орынсыз. Дәл осы мәселеде өкіметімнің мыйы шылқып тұр. Есеп те нақты: Қазақстан – қазақтың емес, осындағы 140 жұрттың ортақ қожалығы, қазақ мұндағы барлық байлық пен игіліктің жүзден бірдеңе бөлшегіне ғана еншілі дейтін сұрқия қағида. Бұл – берідегі, сыртқы перде. Шын мәнісінде Қазақстан – қазақ үшін құт мекен, туған отан болудан қалған.
Осы «ынтымағы жарасқан 140 ұлт пен ұлыс» қағидасының негізінде құрылған «Қазақстан халықтарының ассамблеясы» шын мәнісінде үй ішінен үй тігуге, осы халықтардың бірлігіне емес, айырымына қызмет қылып отыр. Жергілікті жұртқа бөтенсің, өз бетіңше тіршілік жаса деген сарын. Осы уақытқа дейін Ассамблея қазақ мүддесіне, қазақ тіліне қатысты ешқандай мәселе көтеріп, мәлімдеме жасап көрмепті. Керісінше, атаулы ұйымда басшылық қызметте болған кейбір азаматтардың қара-қасқа шовинистер тобынан табылған мысалдары бар. Сонымен қатар қазақ мұратына жат, өкіметтік ұстаным қалған барлық ұлтта байырғы жұртқа қарсылық, жек көру ыңғайындағы түсінік туғызып жатыр. Назарбаев болмаса, қазіргі қатаң тәртіп болмаса, бұл қазақтар орыстан бастап сойқан салып, ұйғыр мен кәріс, күрд пен әрмен – тағы қаншама жұртты түгел қырғынға ұшыратпақ екен. Сондықтан да қазақты басып ұстау керек дейтін қисын.
Міне, қараңыз. Осы он жеті миллионның ішіндегі ең хақысы кем жұрт кім? Қазақ. Бұл жағдай өмірдің барлық саласында атой салып тұр. Күнделікті көрініс қана емес, бұлжымас заң. Мәселен, екі жас – қазақ пен ұйғыр (шешен, күрд, кәріс, чукча...) төбелесіп қалсын. Мұндай жағдай тұрмыста болып тұрады. Орыс пен орыс, ұйғыр мен ұйғыр, кәріс пен кәріс, тіпті қазақ пен қазақ та жанжалдасып жатуы мүмкін. Әсіресе қазіргі жұрттың бәрінің терісі тарылған заманда. Біреуі кінәлі, немесе екеуі де жазықты. Ал бізде ғажайып әділдік орнады. Қандай жағдайда да қазақ кінәлі деп танылады. Әлгі қожайын ұлттың қолынан кісі өлсе де, есеп емес. Жанжалды кім бастаса да, қазақ айыпты. Оның ішінде манағы атылып, пышақ салынып, тепкіленіп өлген марқұмның өзі қылмыскер танылуы мүмкін. Ал тірілер – таяқ жеген, көзі шығып, қолы сынған қазақтар әділ соттың алдында жеңіл-желпі емес, қатаң жазаға – пәленбай жылдық түрмеге кесіледі. Бұл қалай деп ара түскен көлденең жұрт түгілі, ақиқатын жазған баспасөз өкілдерінің өзі қолма-қол жауапқа тартылмақ. Нәтижесінде жергілікті қазақ өзінің адамдық құқығын қорғай алмайтын мүсәпір халге жетті. Тек қылмыстық істерде ғана емес. Күнделікті өмірдің, тұрмыстың барлық саласында. Қазақстанда тұрып жатқан, азаматтық хақысы артық кез келген ұлт пен «ұлыс» өкілі байырғы қазақты қалай қорласа да айыбы жоқ. Ал қазақ қыбыр етіп көрсін, тіпті қара күш емес, сыпайы сөзге жүгінсін – ұлт араздығын қоздырған қылмыскер болып шығады. Қазақты жәбірлеу, оның ұлттық намысын аяққа таптау, өткен тарихын, тілін, мың жылдық мәдениетін, ұлттық құндылықтарын жоққа санап және былғап, былапыттау – Қазақстан шегінде шығып жатқан, дәйексіз электрондық құралдарды айтпайық, тасқа басылған газет-журналдар бетінде үйреншікті құбылысқа айналған. Қой деп айтатын, тыйым салатын өкіметің жоқ. Қайта, керісінше, тарихы жоқ, мемлекеті болмаған, яғни екі аяқты адам атаулыға тән жетістік пен игілік атаулыдан жұрдай деп, бәрін қоздырып отырған осы «Егемен» өкіметің, оның Күн көсемі мен жандайшап қосшылары емес пе?! Жат жұрттық отандастар сенің қазір де жетісіп кетпегеніңді көзімен көріп отыр. Егемен Қазақстан республикасында қазақ тілінде толық хабар беретін жалғыз теле-арна жиырма жыл өткенде әрең ашылды, әйтеуір өз тіліңде сөйлеп тұр демесең, аузы қисық, көзі қитар.
Қазақ рухани тұрғыда, тұрмыс ахуалында ғана емес, заң алдында да кемшін жағдайға түсірілді. Көбіне-көп қазақтығынан басқа жазығы жоқ. Сонау 1918–20 жылдардағы сияқты, ешқандай тергеу, тексерусіз, жекелеп те, тобымен де атып тастауға болады, бала-шағасы, үй-жайымен қоса, түгелдей өртеп жіберуге, іргетасымен бірге жарып, қопарып, аспанға ұшыруға болады; террорист екен дейді, бірақ айғағы да, дәлелі де жоқ, және бұл қарусыз азамат, қорғансыз бала-шаға, қатын-қалаштың жөн-жобасы мүлде айтылмаған күйінде қалады. Бар кінәсі мешітке барып, намаз оқитын, тіпті бейсауат, өз бетінше жүрген мұндай террористерді кейде тобымен ұстап, отыз-қырық, он бес-жиырмадан соттап жатады, сот мәжілістері жабық өтеді, үкімі қатал – он жылдан жиырма бес жылға дейін, баяғы Советтік Үлкен террор кезіндегі «жапон шпиондары» тәрізді. Соңғы үш-төрт жыл орайында әлденеше отбасы үй-жайымен қоса жарылып, кем дегенде екі жүзден астам «террорист» қатаң тәртіпті түрмеге тығылды.
Ең ғажабы, осыншама содырлар жайлаған Қазақстанда әлі күнге бірде-бір атаулы террористік шабуыл болмапты. Түсінікті жағдай, біздің қырағы чекистер алдын алып жатыр ғой. Өкіметім солай деп сендіргісі келеді. Алайда ақымақтың өзіне түсінікті жағдай. Мұның бәрі – қазақты жаныштау, үркітіп, қорқытып қою, бар еркінен айрылған көнбіс, исалмас тобырға айналдыру әрекеті ғана. Ақыры – Жаңаөзен. Міне, біздің қаһарман қорғаушыларымыздың бауыры жазылып, бусана атқан күні. Алайда бар арманын түгесе алмаған сияқты. Кез келген сәтте әлденендей наразылық білдіріп, бас көтерген жұртты жамсатып салуға дайын отыр. Жұрт болғанда – тек қазақты ғана.
Ақтөбеде, немесе Атырауда бір орысты атып көрсін. Алматыда әлдебір ұйғырдың, Шымкентте қайсыбір күрдтің мұрны қанап көрсін. Егер Маңғыстауда ереуілге шыққан, тіпті шықпаған, көшеде жай ғана серуендеп жүрген бес орыс болса, біздің сүйікті өкіметіміз мылтық атпақ түгілі, таяғын көтермес еді. Егемен билік үшін ең қатерлі жау – қазақ болып тұр. Заңнан тыс, сондықтан да қорғансыз, не істесең де, қарымтасы, қайтарымы жоқ деп біледі.
Жерді сату, қазақтың бар байлығын талапайға түсіру – қаншама ауыр ахуал болса да, ел-жұртымыз – қазақ аталатын халықтың іргесі бүтін ғой дедік. Өкімет жаулық райынан қайтпаса да, халқымыз ес жияр, өсіп-өніп, көбейіп, ақыр түбінде өзінің еншілі сыбағасына қол созар дедік. Сөйтсек, туған халқынан егемен, төңірегіне түгел тәуелді өкіметіміз бұл жағын бізден бұрынырақ ойлап қойыпты. Қазақ халқы кембағал жағдай, қайыршылық тұрмыс үстінде ұрпақ өсірмеуі, өнбеуі, өз жұртында басым көпшілікке айналмауы қажет екен. Халық санағының әуелгі, ресми нәтижесін бұрмалау, яғни өз республикасының шегіндегі қазақтың жиын санын мүмкін болғанынша кемітіп көрсету – бұл саясаттың аңдаусызда сыртқа шығып қалған бір ғана белгісі екен. Енді анық қатер қаупін аңдаған соң, егемен өкіметім ашық, пәрменді әрекетке көшті. Қайткенде де Қазақстан шегіндегі қазақ көбеймеуі керек!
Бұл зұлымдық пиғыл осыдан жиырма жыл бұрын көрініс берген. Қазақ халқы тәуелсіздік алыпты, өзінің ұлттық туын көтеріп, байырғы мемлекетін жаңғыртып, қайтадан еңселі ел болыпты деген қуанышты хабар, бүкіл әлемге таралған нақты айғақтан соң, шеттегі қазақ атаулы тарихи отанына оралуға асықты. Алғашқы қуатты толқын – ұлы көш Моңғол ұлысының тарабынан басталды. Келесі кезекте Қытай халық республикасындағы байырғы қазақтар тұрды. Бұрнағы советтік республикалар – жақын көрші Өзбекстан, оның ішінде автономиялық Қарақалпақ және Түркменстан, тіпті Ресей Федерациясындағы қандастар түгелдей дерлік елеңдеп отырды және бірталай жұрт алды-артына қарамай, ата-жұртқа көше бастады. Егемен өкіметіміз ауыр жағдайда қалған еді. Жақтырмаса да, тоқтау сала алмайды, өздерінің өкімі әлі де берік бекіп болған жоқ.
Бірақ ұлы көшті тоқтатпаса да, тасырқатып, бөгеп, кесел келтіруге бет бұрды. Көшіп келген оралман жұрттың алдына жүз сан тосқауыл қойылды. Уақыт озған сайын жағдай жеңілдеу орнына қиындай берді. Өкіметіңнің өзі ұнатпай отырған панасызды кім басынбас. Сүйретпе сылтаулар, көпе-көрнеу зорлық, ар-ұят, адамдық намысты қорлайтын әрқилы әрекет үстіне қисынсыз парақорлық қосылды. Қазақстаннның азаматтығын алу – қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей жағдайға жетті. Соған қарамастан, оралмандар тасқыны арта түсті. Ежелгі ата-жұртына орнығып, болашақ ұрпағын өз елінің тағдырымен қосуға ниет еткен жанкешті қазақтардың көрген қиындығы, естіген балағаты, ауыр тұрмысы жалпыға мәлім, қайсыбірін санап бітерсіз. Өкіметтің ресми, жауапкер тұлғаларының әр кездегі аңдаусыз, немесе есеппен айтылған, қазаққа ғана қарсы емес, адамгершілікке қайшы сөздері мен былғаныш істері тарих бетінде таңбаланып тұр.
Осының бәріне қарамастан, ұлы көш саябыр тартса да тоқталмады. Енді, міне, 2009 жылғы санақтың жан шошырлық қорытындысы – қазақ 67 пайызға жетіпті!.. Сұмдық қой. Егемен өкіметім жандәрмен төтенше амалдар ойластыра бастады. Бірақ қазаққа қандай қысас жасаса да, айтарлықтай нәтиже бермей жатыр. Ақыры... міне, алақай, Жаңаөзен көмекке келіпті. Өкіметімнің көктен тілегені аяқ астынан шықты. Атты, азаптады, түрмеге тықты. Қорқытып, үркітіп, қазақ рухын біржола жаныштағандай сезінді. Бірақ ең басты нәтиже, Жаңаөзен қырғынының ең мәуелі жемісі – оралман мәселесі болып шықты. Кеше ғана Совет Одағының құрамында бірге жасаған, осы Маңғыстау өңірімен көршілес Түркменстаннан келген аталас қауым – басқа бір планетаның тұрғындары сияқты. Біз шырқап алға басып кеткенде, бұлар жабайылар елінде қалған, сауатсыз, санасыз, содыр. Бәріне осы оралмандар кінәлі.Тек Маңғыстау өңірі ғана емес, Қазақстанның Түстігі мен Шығысы, Орталығы мен Батысына Моңғолдан, Қытайдан, Ресей мен Өзбектен келген оралман атаулы – біздің Қазақстан мемлекеті, шындығында Егемен өкіметіміз үшін айрықша қатерлі дұшпан екен. Сөйтіп, оралман мәселесі түбегейлі шешіліп, әрқилы тарихи жағдайда шетте қалған қазақтың ата-жұрт, атаулы республикасына қайтып келуіне тоқтау салынды. Міне, екі жыл болды. Тәрізі, мәңгілік тыйым. Егер бүгінгі туған халқынан біржола егемен өкіметім мәңгіге болмаса да, тақаудағы бес-он жыл осы орнында тұрса, іс аяғы құрдымға кетпек. Мақсат, себебі біреу-ақ – қазақ халқы Қазақстанда басым көпшілікке айналмауы керек! Осындай нақты есеп. Қазаққа қарсы, адамгершілікке шет әрекет екені көпе-көрнеу. Бірақ менің құрдасым, Ғасыр ғұламасы, әлемде теңдесі жоқ саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан өкіметі айылын жимайды, ештеңеден именбейді. Ал, не істейсің? Қолыңнан келсе, қылып ал! Шулайсың, дүрлігесің, қоясың, көнесің деп отыр.
Қазақтың бүгінгі, өзінің ата-жұртындағы, адамгершіліктен тыс, қорлықты, кембағал ахуалын түгендеп біту мүмкін емес, тізе берсең, сөздің ұшығына жетпейсің. Түйіп айтқанда, өкіметімнің бар ісі – қазақ өнбеуге тиіс, өспеуге тиіс, еңсесі жазылып, бой көтермеуге тиіс деген қатаң қағида шеңберінде.
Ұлы көш тоқтады. Мүмкін, екі-үш жыл, мүмкін, бес-он жыл. Бәлкім, құрдасымыз екеуіміз бірге жететін 2050 жылға дейін және одан кейін де. Бірақ осы қапысыз есептің өзінде еріксіз қате бар. Бүгінгі қазақ халқының республика шегіндегі жиын саны – 11 миллион. Мұншама жанды түгелімен қырып тастай алмайсыз, Арктикаға, немесе Антарктикаға көшіріп жіберу қолдан келмейді. Оның үстіне бұл 11 миллион жыл сайын кемі екі жүз мыңға өсіп жатыр. Қазақтың бар қатынының жатырын буып ұстау мүмкін емес. Енді төрт-бес жылдан соң 12 миллион болады, пайыздық есебі – 70-тен асады. Әуелгі коммунизм межесі – 2030, кейінгі ұжмақ елесі – 2050... және одан арғы жылдарда тағы да еселеп көбейеді. Егер осы аралықта Жер шары қақ айрылып жарылса, онда да арман жоқ, қазіргі отаршыл орыспен, болашақ отаршыл қытаймен бірге кетеміз. Жарылмайды, кетпейміз. Кететін – бірі өкіміне сенген, бірі жазуына сенген екі кісі және сол екеуінің ана жақтағы шіріген бай, мына жақтағы құбатөбел, ашқұрсақ замандас кісілері ғана. Қазіргі жас – ел ағасы болады, қазіргі бала – ұлттың тұғыры болады. Біз әрқайсымыз өз тарабымыздан атқара алмаған, яғни қазақты тақыр-таза құртуға қауқары жетпеген және керісінше, өсіріп, еркіндікке де шығара алмаған, қарама-қайшы әрекет атаулының күні өтеді, жаңа замандағы жаңа ұрпақ шын мәнісіндегі тәуелсіздік туын көтереді! Қазақты ауыздықтап әкелген Кеден одағы да, отаршылдық заманын қайта туғызатын басқа одақтар да адыра қалмақ.
Иә, енді ғана еске түсіп отыр. Мемлекеттік тіл жайында айтпаппыз. Бүгінгі күнде Қазақстан аталатын елдегі мемлекеттік тіл – орыс тілі. Жағдайы өте жақсы. Қазақ тілі, менің ана тілімнің жағдайы одан да артық. Қазақ аталатын 11 миллион халықтың анық 10–10,5 миллионы, бәлкім, одан әлдеқайда көпшілігі осы тілде сөйлейді. Он бес ғасырлық ұланғайыр әдебиет туғызған, бүгінде ұлттық мұратты айғақтайтын қуатты үлгілер жасап жатқан, жаңа дәуірде жаңа өріске шыққан ұлы тіл. Өкіметің мен парламентің қолданбаса, одан кеміп қалған жері жоқ. Қай заманда компартия құрылтайлары, басқа да қоғамдық үлкен жиындар қазақша өтіп еді. Қашан қожайын жұрт, билеуші тап сенің қазақша сөйлегеніңді ұнатып еді. Бәрі орысша болатын. Қазір де солай. Ұлттық мемлекетің жоқ, соған орай ұлттық тілің де қағажу көріп отыр. Қазіргі, қазақ атын жамылған дүбара құрылым – Қазақ елі, нағыз Қазақстан болып қайта жаңғырған кезде президентің де, парламентің де қазақша сөйлейтін болады. Сен жалынып сұрамасаң да. Өз күндері үшін.
Осымен бүгінгі, тақырыбымызға тікелей қатысты, кеудеде тұнған қыжылдың бір парасы ғана сыртқа шықты деп біліңіз. Біз ашқан жаңалық емес, жалпы жұртқа белгілі, ақиқат жағдай деп мана ескерттік.
Иә, тағы да. Айтып тауыса алмас сұмдық. Түңіліп, түгесіліп отырып, бастапқы сөзіміздің түйінін ұмытып барады екенбіз. Қазіргі Қазақстан өкіметі неге қазаққа қарсы деген. Айтпай-ақ түсінікті болса керек. Азды-көпті уақыт өтеді. Енді дүние кері айналған кезде осыншама жойдасыз қылмыстың сұрауы болмай ма: Жерді кім сатты? Қазына-байлықты талауға берген кім? – деген. Ұйғыр сұрамайды. Кәріс пен күрд, дұңған мен чукча, тіпті орыстың өзі сұрамайды. Бір заманда жер иесі болған, енді ес жиып, еркін елінің тізгінін алған қазақ сұрайды. Менің ата-бабамның неше мың жылдық қонысы, менің халқым иеленуге тиіс қазына-байлық дейді. Қазақ жер бетінен көшіп кетсе, осының бәрін кім жоқтамақ. Біздің бүгінгі түр-тұлғасы қазақ, бірақ бар ындыны бұзық, ниет-пиғылы кәпір қожайындарымыз оншама ақылсыз болмай шықты. Қазақ одан әрмен кетсін, тек бауырыма басқан байлығым өзімде қалсын, өткендегі қылмысты істерім ұмытылсын деген есеп. Оның үстіне Қазақстанды әлемдік отар қалпында ұстауға мүдделі алып көршілердің тілін табасың да, жайлы орныңда нық отырасың. Екі жаққа бірдей тиімді ойын. Аралықтағы құнсыз қазақ қана құрбанға шалынбақ. Ал біздің байыбымыз басқаша. Қаншама жанықсаңыз да, қалай тыпырласаңыз да, іске аспайтын далбаса қиял.
Ол анық – қазақ халқы Жер-әлеммен бірге жасайды!
Мұхтар Мағауин
16–20.ІХ.2013,
Карловы Вары