Түнде не үшін суға баруға болмайды?
Жынның басшысы Самандун Сүлейменге мың жүйрік тұлпар ұстап беріпті.
Сүлеймен оның қызметіне риза болып:
– Не сұрайсың? – дейді.
Самандун:
– Өзен-көлді ежелден мекен етуші едік. Оны бізден тартып алып, оны адам ұрпағына бердің. Бізге мекенімізді қайтар! – деп сұрайды.
Сүлеймен:
– Дегенің болсын. Бірақ түнде пайдаланасың. Күндіз адам баласының игілігінде, – дейді. Содан жын-жыбыр түнде өзен-көлді аралап, сайран құрады екен. Бір күні бір жігіт үйінде ішерге суы болмай, түнде өзенге барады. Барса, жындар су бермейді. Жігіт Сүлейменнің сарайына барып, болған жайды айтып береді. Сүлеймен жігітке бір дұға жазып береді де, Самандунға сәлем айтады:
– Суға барғанда мынаны оқы, Самандуннің есіне сал, – дейді. Жігіт суға барып дұғаны оқиды. Дұғасы мынадай екен:
«Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет». Оны естігенде Самандуннің барлық жынға:
– Бұл жердің шын егесі – Сүлеймен патша. Су беріңдер, – дейді. Содан бастап адамдар түнде су алғысы келсе: «Су иесі – Сүлеймен, су алуға рұқсат ет», – деп сұрайды екен.
Қазақ арасында «түнде суға барма, суға түспе» деген ырым осыдан қалыпты.