Қазақстан Ресейге қарсы дауыс берді
03-05-2023
Мектепте оқитын кезімде математика пәнін ұнатпайтынмын. «Көбейту кестесінің, пайыз есебінің, теңдеу түбірі мен теңсіздігінің не қажеті бар?» деп ойлау жаратылыстану бағытына жаны жақын емес жандардың өз-өзіне қоятын жиі сауалы. Маған тоғыз сөз табының бірі «сан есім де жетеді» деп ойлаушы едім. Қателесіппін, саннан жаңылыссаң, сан соғасың. Математиканың жүрегі іспетті сандардың біздің өмірімізде алар орны ерекше. Біз дүниеге келген күннен бастап олар айналамызды қоршап алған. Айтпақшы, сандар да «сөйлейді» екен. Қандай да бір істі жүргізуге сәтті кезеңді, байлық шақыратын сандарды, отбасылы болуға оңтайлы уақытты, жалпы біздің болашағымызды осы сандар айтып бере алады дегенге сенесіз бе?
Кие мен сенім
Қазақ танымында ертеректен келе жатқан «киелі сандар» деген ұғым бар. Солардың ішіндегі ең ірісі, көп таралғаны – 7. «Жеті қазына», «жеті нан» «жеті жарғы», «жеті жоқ», «жеті құт», «жеті ата» деп жатамыз. Бұл біздің тарихымызда бар дүниелер, ал бірақ өмірде қасиетті сандарды қандай да бір ішкі сеніммен байланыстырып қолданамыз. Мәселен, бір сайыста жетінші болып өнер көрсететін болсақ, «киелі сан түсіпті, айым оңынан туса екен» деген ой автоматты түрде қалай миымызға сигнал беріп үлгергенін байқамай қаламыз. Бірақ бұл сиқыр емес, сәттілік те емес, іштегі сенім ғана. Киелі сан түсті екен деп, жүлде алу қисынға келмейді.
Әйгілі ережесіз жекпе-жек шебері Хабиб Нұрмағамбетов өзінің әр жеңісінің соңында сұқ саусағын шығарғанын көреміз. Кей азаматтарымыз қолымен бір санын көрсетіп суретке түсіп жатады. Бұл бір саны «Алладан басқа Тәңір жоқ, жалғыз жаратушы» деген сенімді білдіреді. Сол секілді, «он үште отау иесі». Бірақ мына заманда кім он үш жасында үйленбек? Жай ғана біздің ұлттық санамызға ұғым ретінде сіңіп қалған. Киелі сандарды ситуацияға байланысты бір үмітпен күнделікті өмірде қолданамыз, қасиетіне сенеміз.
Бүгінде адамдар сандардың киесінен бөлек үйлесімділігіне де мән беретін болған. Olx сату қолданбасынан ерекше сандарды іздеп, түрлі вип абонеттердің бағасын көріп шықтым. Көзіме оттай басылғаны құны 1 миллион теңге тұратын 8 747 16 00000 Tele2 нөмірі. Бұл ақшаға шыны керек соңғы үлгідегі ұялы телефонды алуға болады. Хабарлама берушіге іштей ашулануыңыз мүмкін. Бірақ ол жалғыз емес. Жүзден астам сатушы «алтын нөмір», «эксклюзив нөмір», «крутой номер» деген атаулармен 2 000 0000 теңгеге дейін өз саудаларын жүргізіп отыр. Хабарландырудың көп болғанына қарағанда, сұраныс та баршылық екені байқалып тұр.
Сонымен қатар, VIP нөмірмен сыйласатын автокөліктерді айтпай кету мүмкін емес. Яғни сандары мен әріптері бірдей нөмірлері бар автокөліктер жанымыздан өткенше, алыстағанша көзбен шығарып саламыз. Олардың бағасы 1 200 000 теңгеге дейін барады. Бұл жүріп - тұруға жарамды бір автокөліктің құны. Байқағаныңыздай күнделікті өмірде сандар арқылы өзіне деген сенімділігін арттырып, өте маңызды адам екенін сырт көзге осылайша көрсетіп жүретіндер де бар.
Болжам ба, сандырақ па?
Шамамен бұдан 1500 жыл бұрын Үндістанда сызықшамен белгіленген сандар пайда болған. Уақыт өте келе олар математика ғылымының тууына алып келді. Заман алға жылжыған сайын адам баласы таңғалып үлгермейтін жаңа дүниелерге кезігудеміз. Соңғы уақытта дәл осы сандар құдіретіне сеніп, болжам жасау әдетке айналып барады. Оны ғылыми тілде нумерология деп атайды. Яғни осы саламен күнкөріс қамын істеп жүрген (сандармен болашақты болжап жүрген) нумерологтардың айтуынша, бұл ежелден келе жатқан ілім. Грек елінде біздің эрамызға дейінгі бес мың жыл бұрын математика «атасы» Пифагор ойлап тапқан. «Әлемнің әміршісі сандар» деген пікірді ұстанған ол өз жақтастарымен бірге мектеп ашады. Білім ордасы діни мектепке ұқсас болған. Пифагоршылар сандардың мистикалық өміріне сенген. Әрбір нәрсенің артында белгілі бір сан тұрады деп ойлаған. Цифрлар өздерімен бірге қайырымдылық пен зұлымдылық, бақыт пен бақытсыздық ала келеді деп сенген екен. Ал бүгінгі күні нумерология жеке тұлғаның өзіне ғана тән мінез, мақсатқа ұмтылыс, күш-жігер сынды қабілеттерін анықтауға көмектеседі. Адамның өзі білмейтін құпияларын да ашуы мүмкін. Бірақ ол құпия ма, болжам ба, сандырақ па?
Қолында ұялы телефоны бар адамдардың барлығына Instagram әлеуметтік желісі қолжетімді. Қазіргі таңда өз бизнесін жарнама беру арқылы дөңгелетіп отырғандар да жетерлік. «Инста» әлемнің іздеу бөліміне «нумеролог» деп жазғаным сол еді, бірнеше адамның аккаунты шықты. Біріне кіріп қалғанымда «үш баланың анасы, декретте отырған табысты әйел» деп өзін таныстырған келіншектің бір емес бірнеше желілік маркетинг, үйде отырып ақша табу жарнамаларымен, ақыл сөздермен парақшасы толыққан. Бірақ ол тек қызмет көрсететінін айтып, сұхбат беруден бас тартты. Ішкі білімі жетпеді, білемін. Ондайлардың қатары да көп екенін ізденіс үстінде байқадым. Белгілі бір бағаға формулаларды сатып алып, екі минуттың ішінде нумеролог болып жүргендер қаншама?!
Instagram бойынша статистикалық мәліметтерге сүйенсек, нумерологтардың 80 пайызы әйелдер, қалғаны ер - азаматтар екен. Бірде белгілі әнші Сиви Махмудидің, журналист Асхат Садырбайдың парақшасынан ер нумерологқа жасаған жарнамасын көрдім. Бауыржан Жанабаев есімді азамат 5 жылдан бері осы ғылыммен айналысып келеді екен. Ең ірі клиенттері – эстрада жұлдыздары. Олардың қатарында Айқын Төлепберген, Жұлдыз Өмірғали, Назима, Ақбота Нұрабайқызы, Анара Батырхан да бар.
– Маған көбінесе әншілер келеді. Себебі халықтың алдында жүрген соң олар үшін қандай кезең сәтті немесе сәтсіздікке кез болатын уақыттарды алдын ала өздерінің туған күндері бойынша анықтап беремін. Нумерология – бақсы, балгерлікке жатпайды. Олар құмалақпен жол ашатын болса, біздің құрал тек сандар. Оның үстіне олар болашақты болжайды. Біз бар болғаны адамдарға өзінің туған күні арқылы космограммасын анықтап береміз. Клинеттеріміз белгілі бір кезеңге дейін өзінің энергия қорында шарықтау шегі, құлдырау кезеңдерін анықтап алады. Жұлдыздар шетелге демалысқа шығатын уақытына дейін қолайлы кезеңді айтамын, - дейді нумеролог Бауыржан Жанабаев. Мұнымен нумерологтардың көмегіне тек әншілер ғана жүгінеді деген пікір қалыптастыруға болмайды. Сондай-ақ кәсіпкерлер өздеріне бизнес серіктестер іздеу кезінде цифрларды қолданады. Немесе өзінің қол астына қызметкер алу кезінде де қабілеті мен мінезіне қанық болуы үшін болжам жүргізетіндер де бар.
Дін аясында
Әр адамның сенімі – жүрек түкпірінде, бірақ ақиқатты айнытпайтын дініміз, Құран Кәрім кітабымыз бар. Біз екі тарапқа бөлінген адамдардың бағыты мен пікірін құрметтейміз. Бір адамдар нумерологияны нағыз ғылымға балап жатса, екіншілері – Алладан басқа ешкім адамның болашағын болжай да, айта да алмайды дейді.
–Нумерология ілімі толық сиқырға жатпаса да, оның сандарға негізделгені сиқырмен байланысы бар екенін айқындайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім балгерге, сиқыршыға, не сәуегейге барып бір нәрсе сұрап, оның айтқандарын растаса, онда ол Мұхаммедке түскен нәрсеге күпірлік еткен болады», – деген. Ибн Халдун сандармен қандай да бір болжам жасау туралы: «Бұның барлығы қате тұжырымдар ғана. Олар (нумерологтар) бұл әдісті ой-санасы толық жетілмегендерді алдап-арбау үшін қолданады», - деген. Нумерология және соған ұқсас басқа да тылсым күштермен айналысуға, соларға жүгінуге шариғатымыз қатаң түрде тыйым салған. Себебі, оның дүние тіршілігіміз үшін де, ақыреттегі жағдайымыз үшін де ешбір пайдасы жоқ. Оған уақыт бөлу – бос әурешілік. Сонымен қатар, сандар болжамына сеніп, Алланың құдіретіне, тағдырына шәк келтіру үлкен күнә саналады, - дейді ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл.
Ойшыл әрі ақын Гете айтқан екен: «Сандар әлемді басқармайды, бірақ қалай басқару керектігін үйретеді» деп. Расымен де, нумерологтар кейде санды адамзаттан жоғары қойып жатады. Әр адамның өзінің ақша коды, байлық коды, сәттілік саны бар делік. Бірақ оның бетіне қарап отырып немесе әмиянға сол цифрларды жазып қойғаннан бір нәрсе өздігінен өзгереді деген ақылға қонбайды. Сенім әрбір жанның жеке басына байланысты болғандықтан, шешім шығару біздің іс емес. Болашақ кімге де болсын қызық. Десек те, «аңқау елге арамза молданың» күйін кешпей, еңбекпен тапқан ақшаны құр болжам сөзге құртпаған абзал. Ең ұлы сценарист – Құдай!
Мария Сәулебекқызы