Жүсіпбек Аймауытұлы: «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды»

Oinet.kz 11-11-2018 990

«Орыстың білімін алуға, өнерін білуге, жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігін еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, сақ болуы керек. Осындай әдетті күшейтуге себеп болатын күншығыс халқының табиғатында тағы бір мінез бар. Ол: антқұмар, зиннатқұмар, әйелшілдік, адымын алыстатпайтын ұсақтық, қайратсыздық, жалқаулық. Көңілдегісі болмаса, біздің тұқымдар тез табаны қайтып, қажып қалады. Мақсатының жолына құрбан болуға шыдамайды. Бұ да есте болсын.

Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды. Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын. Қазаққа зор кеуде ақсүйектің, ақша жегіш жалтырауық шенеуніктің, сұлу сөзді, құрғақ бектің керегі жоқ; адал күшімен өгіздей өрге сүйрейтін жұмысшы керек. Сол жұмысшы – оқығандар. Бекерге кеткен сағат, босқа өткізген минут – ұлт ісіне зор шығын.

Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойлаңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғамыз, олай болса, мойынымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр».

Жүсіпбек Аймауытұлының «Ұлтты сүю» мақаласынан.

«Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл.

Мұқағали Мақатаев. Бесік басында
Құранды мұсылмандарға қайтарған қазақтар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу