Естай мен Қайым

Oinet.kz 03-10-2020 712

image.png

Сурет Қайым Мұхамедха­нов­тың жеке мұрағатынан алынды

Бұл суретті көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Мұхамедхан жақында өзінің фейсбуктегі парақшасында жария етті. Жарияланымның маңдайына «Қорлан» әнінің тарихы» деп жазылыпты. Бірі кәрілікке аяқ басқан, бірі жалындаған жас – суреттегі қос тұлғаны шырамытып отырған боларсыздар. Иә, сол жақтағы – көзінен от шашқан, шоқша сақалды ақсақал әйгілі «Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбайұлы, оң жақтағы – жиырмадан енді ғана асқан жас ғалым Қайым Мұхамедханов. Суреттің тарихына сәл кейінірек тоқталамыз. Әуелі сазгер мен зерттеушінің кездесуі жайында аз-кем әңгіме өрбітсек.

Дина Қайымқызы әкесінің Естай Беркімбайұлын ең алғаш рет 1939 жылы маусымның 21-інде Алматыда өткен Қазақстан жазушыларының екінші құрыл­тайында көргенін, көріп ерекше әсер алғанын, қос тұлға қайтарда бір пойызда, бір вагонда болып, абайтанушы Павлодарға бара жатқан сазгерді Семейде қалып, үйінде біраз уақыт мейман болуға шақырғанын жазады. Екі аптада талай сыр айтылып, талай әңгіме шертіліп, талай ән шырқалса керек. Алаш қаласындағы емен-жарқын кездесуде жас ғалым «Қорлан» әнінің тарихы жайында да сыр суыртпақтайды. «Алғашқы әнімнің аты – «Қорлан». 20 жа­сымда шығардым. Ол ға­шық­тық­тан туды. Сұңқар болы­сын­­дағы қыпшақ-өрік руы сұл­танның Қорлан деген қызы бар екен. Мен оны бір тойда бай­қап қалдым. Ән шырқап отыр­ғанмын. Ынталана тыңдаған топ­тан ерек екі қызға көзім түсті. Көр­кемдеуінің аты Қорлан екен. Тойға сіңлісі екеуі келіпті. Мен бірден ғашық болып қалдым. Сол кеште таныстық, сөйлестік. Ол да мені ұнатып қалыпты. Сөй­тіп екеуміз табыстық. Айы­рыл­масқа серттестік. Келесі жы­лы қызды алып қашатын бол­дым, себебі менде айттырар мал жоқ. Бірақ алып қаша алмадым. Әкесі қалайда біліп қойып, басқа біреуге ұзатып жіберді...»,  деп Естай Беркімбайұлы әйгі­лі әннің тарихын ең алғаш­қы­лардың қатарында Қайым Мұха­медханұлына айтып береді.

Дина Қайымқызы Естай ақын екі апта құрмет-қошемет көріп, үйіне қайтқанын, екеуі содан кейін 1945 жылы Абайдың 100 жыл­дығына арналған салтанатта жүздескенін тілге тиек етеді. «Тойды өткізу жөніндегі комис­сияның ғылыми хатшысы Қайым оны құрметті мейман ретінде әдейілеп шақырған. Естай сол жолы Қайыммен қоштасу өлеңін және фотосуретін кейін Ахмет Жұбановқа табыстап, олар сазгердің «Замана бұлбұлдары» кіта­бына енгізіліпті. Қайым Ес­таймен кездесулерін, оның «Қор­лан» әнінің тарихын дос-жол­дастарына айтып беріп жүрген. Сол әңгімелері бір күні газетте жариялансын. Басқа біреу өзінің көріп-білгені етіп қымсынбастан жазыпты. Оны естіген Қайым аға ашу шақырмай, сәл жымиып: «Е, мейлі. Әннің шығу тарихы халыққа тарай берсе болды емес пе?» дей салыпты», деп жазады асылдың сынығы өзінің фейсбуктегі парақшасында. Жә­не бұл естеліктер Алла Беля­ки­наның 2005 жылы Семейде жа­рық көрген «Человек-легенда» («Аңыз адам-ақиқат тұлға», орыс­ша нұсқасынан еркін аудар­ған Ғаббас Қабышұлы) кіта­бынан алынғанын келтіреді.

Сонымен сурет қай уақыт­та, қайда түсірілген? Абай­тану­шының қызының айтуынша, тарихи сурет 1939 жылы маусымның аяғы мен шілденің басында, Қ.Мұхамедхановтың үйінің ауласында, сол кездегі Красноармейская көшесі 65 мекенжайында түсірілген.

Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан» газеті

Ресейлік әсіреұлтшыл тарихшылар дәлелдей алмаған фактілер
Оспан батырдың басынан Шижинпиң неге қорқады?!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу