Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Әдетте қарапайым түрде ойлансаң бізге дейінгі зерттеушілер ашылуға тиісті жаңалықтың бәрін тындырып тастаған сияқты сезіледі. Бірақ, ғылым қашанда жаңалықты, жандануды қалап тұратынын жасыра алмаймыз. Сондай-ақ, мемлекет, қоғам, адам өмірінің өзгеруіне сай жаңа идеялар жарыққа келіп, адамзат өркениетін өрге оздыратын ғылыми дүниелер жарыққа шығып отырады. Осы тұрғыдан келгенде, басқа қоғамдық ғылымдар секілді Орталық Азия елдеріндегі журналистика да қалыптасу, даму процесін бастан кешті. Егер журналистикасының жекелеген элементтері Орталық Азия елдерінде ХІХ ғасырда көріне бастады десек, ХХ ғасырда бұл ғылым саласы баспасөздің түлеуіне қатысты сол тұстағы қоғамның барлық саласына ықпал ете бастады.
Қазақ халқының талантты перзенті Ахмет Байтұрсыновтың: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген нақыл сөзі бар. Демек, баспасөз әр дәуірде, әр кезеңде, әр жағдайда халықтың айналасында болып жатқан дүниені көруіне, оның сан түрді базынасын естуге және сол тұрғыдағы жұрттың пікірін жалпақ әлемге жеткізуге барынша еңбек етті. Өкінішке орай, Кеңестік режим Орталық Азия елдеріндегі ХХ ғасырдың басында шыққан кейбір газет журналдарды көруге, ондағы тарихи, танымдық, ақпараттық дүниелерді пайдалануға тиым салды. Есесіне, Кеңес Одағы ыдырап, Орталық Азиядағы бірқатар елдер тәуелсіздік алуына байланысты жетпіс жыл бойы зерттеушілерге қол жетімсіз болып келген дүниелер ашыққа шыға бастады. Тіпті, тәуелсіздіктен кейін тарихтың кейбір ақтаңдақ беттерін қайта қарап, зерттеуге мүмкіндік туды. Сол қатарда ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1916 жылы Орталық Азиядағы бірнеше мемлекетті қамтыған ұлт-азаттық көтерілісі туралы да тың ізденістерге жол ашылды. Тарихшы ғалымдар мен жазушылар осы бағытта білек сыбана еңбек етіп, архивты ақтарып-төңкеріп, көптеген құнды дүниені халық таразысына ұсынды. Сонымен аталарымыз жасаған ерлік күрестің тәуелсіздік жолындағы ұмтылыстарға жасаған әсері алғашқы адымда айқындалды. Сөйтіп 1979 жылғы «Қазақ ССР тарихындағы» және 1916 жылғы көтеріліс жеңіл-желпі сөз болған «Қазақ совет энциклопедиясындағы» 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс туралы айтылған жеңіл-желпі пікірлерге нүкте қойылды. Тарихтың басқа да құпия беттері ашыла түсті.
Өкінішке орай, Орталық Азияның әр өңірінде орын алдған көтерілістің сипаты, дамуы, нәтижесі туралы сол тұстағы баспасөзде жарық көрген мақалаларды топтастырып, публицистиқалық еңбектерді журналистикалық іздену арқылы тануға еріншектік танытып келеміз. Көп жағдайда баспасөзді ғылыми тұжырымы әлсіз деп қарау немесе баспасөз материалын мезгілдік өнім ретінде бағалауда әдеттеніп қалғанбыз. Сондықтан тарихшы ғалымдарға ерік беріп, шаң басқан архивтерге жүгінеміз. Мұны жоққа шығармақшы емеспін. Алайда 1916 жылғы көтеріліс тұрғысынан келгенде, өткен ғасырдың 1910 – 1925 жылдар аралығындағы қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек тілдерінде шыққан газет-журналдардағы көтеріліске қатысты жарияланымдарды зерттеудің қажеттілігі басым деп сезіндім. Порфессор М. Қойгелдиевтің пайымынша: «...газет материалдары ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығындағы қазақ қоғамында болып өткен түрлі қоғамдық поцестерді зерттеп тану үшін аса бағалы деректер». Өйткені, сол тұстағы архив материалдарының дені көтерілісті жазалаушылар тұрғысынан жазылды. Ондағы деректердің басым көпшілігі бұратана халықтарды қаралау мен жазалауға, оларды надан, тағы, жауыз етіп көрсетуге бағытталған. Ал газет-журналдар көтеріліске шыққан жергілікті халықтың мұң-мұқтажы мен қайғы-қасіретін жақтап жазды. Тіпті, сол кездегі Орталық Азия елдеріндегі шиеленісті жағждайларды да, қоғамдық теңсіздікті, әлеуметтік тұрғыда туындаға қарама-қарсылықты баспасөз арқылы біліп, ақиқатқа жақындай түсуге болады. Сондықтан 1916 жылғы көтерілістің себеп-салдарын білу, нәтижесін анықтау, айтылмай келген ақиқаттардың дерегін табу үшін сол кездегі баспасөзді жалықпай ақтаруға тұра келді.
Алдымен Қазақтан Республикасының Ұлттық кітапханасының сирек қорында сақталған төте жазумен жазылған газет-журналдарды ақтарып шығуға тұра келді. Бұл мәселе бұған дейінде осы тақырыпты зерттеп жүрген қазақ тарихшыларының назарынан тыс қалды деген ойдан аулақпын. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Тарихшылар қауымдастығы бірлесіп дайындаған «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» сериясымен шыққан 21 томдық жинақтың 2 кітабында «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Жас азамат», Бірлік туы», «Үш жүз», «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» қатарлы төте жазумен шыққан газеттерде жарық көрген мақалалардың крилицияға түсірілген бірқатар нұсқасы енгізілген. Өкінішке орай, ол 1916 жылғы көтеріліс жайлы толық нұсқа емес еді. Өйткені, тағы да басқа газет-журналдар мен 1926 жылы көтерілістің 10 жылдығына орай түрлі басылымда жарық көрген мақалалардың да әлі күнге толық нұсқасы дайындалмағанын байқап қалдым (кейбір кітаптар мен жинақтарда жекелеген нұсқасы берілгені болмаса). Сонымен қатар, бұл тақырып, қырғыз, ұйғыр, башқұрт, татар, ноғай, өзбек, орыс, қытай тілінде (Тәжік тілді басылымдарды ақтаруға тіл жетпей жүр) шыққан газет-журналдарда да аз жазылмапты. Бірақ, оны жинақтап, ғылыми тұжырым жасау ісі әлі қолға алынбаған.
Сол үшін алғашқы адымда Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының сирек қорлар мен қолжазбалар бөлімінде төте жазумен қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, башқұрт, ноғай, татар тілінде шыққан 128 газет-журналды ақтарып шығуға тұра келді. Оның 84-і қазақ тілінде шыққан газет пен журналға тиесілі. Соның ішінде 1913 – 1918 жылдар аралығында жарық көрген, Алаш партиясының орган газеті болған «Қазақ» гезеті «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттері бұл тақырыпты жалықпай жазыпты. Сондықтан мен мәселеге қатысты дерек көзі ретінде, «Қазақ», «Бірлік туы», «Сарыарқа» газеттерінде жарық көрген мартериалдардың құндылығы өте жоғары деп санадым. Осыдан бастап, «Қазақ» газетінде (жоғарыда аталған кітапқа енбей қалған) жарияланған дүниелердің толық нұсқасын тірнектеп жинауды қолға алдым. Сондай-ақ, ізденіс барысында қырғыз, башқұрт, татар, ноғай, ұйғыр, қытай тілді басылымдардағы мақалаларда топталып қалды. Бір қызығы, ортақ тақырып жайындағы олардың айтар ойы басқа, нәтижесі бөлек, кейде бірімен бірі қарама-қайшы келетін тұстары бар екен. Сол үшін әр тілде шыққан мақалаларды бөліп, жіктеп, сосын барып ортақ ой қорытқым келді.
Көтерілістің қазақ тілді баспасөздегі көрінісі
Қазақтан солдат алу мәселесі
Осы күнге дейін мен 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі тек Қазақстанда, оның ішінде Алматы облысында ғана болған деп келіп едім. Осы тақырыпты тереңдей келе аталмыш көтерілістің ең алғаш Тәжікстан да басталып, одан Өзбекстанда, сосын Қырғызстанда орын алып, Қазақстанда жалғасып, оның соңы Қытайды шарпығанын (қашқындық, босқындық) толық түсіне бастадым. Қазақстанның өзінде тұтас елді шарпыған ірі дүрбелеңді зерттеушілердің пікір бірлігі жоқ. Әркім өз атасына тартып, ортақ бекімге келе алмай жүргені де анық. Қысқасы, 1916 жылғы көтеріліс бір өңірлік емес, тұтас орта Азиялық немесе тұтас адамзаттық бостандық жолындағы күресі деп тану керек деген ойдамын. Сол жылы, сол уақытта Индия мен Алжирияда да дәл осындай ұлт-азаттық көтерілісі болғаны белгілі. Мүмкін, бәрінің біз сезіне қоймаған ішкі үндестігі бар шығар. Бұл жайлы алдағы жазбаларымызда толыққанды айтатын боламыз. Десе де, қазақ даласында бұрқ ете түскен көтерілістің білтесін қазақтан солдат алу мәселесі тұтандырғаны анық.
Ресейдің 1914 – 1916 жылдардағы соғыс қимылдары барысында қыруар адам күшінен айырылуы адам ресрус мәселесін шиеленістіре түсті. Осы ретте үкімет олқылықтың орнын толтыру үшін алуан түрлі шаралар қолданды. Сондай шаралардың бірі Орталық Азия мен Сібірдің «бұратана халықтарын» қорғаныс жұмыстарына тарту болды. 1915 жылғы қыркүйекте орыс армиясының әскери-құрылыс жұмыстарының бастығы Чаев М. Тынышбаевты қазақтардың әскери қызметке алынуының ықтимал екендігінен хабардар етті. Осы ықтимал мәселеге орай, оның нақтылы себептерін анықтау тұрғысында сол жылдың ноябрінен бастап, «Қазақ» газетінде «Қазақтан солдат алу» («Қазақ» газеті, №153, 3-бет), «Қазақтан солдат алу туралы» ((«Қазақ» газеті, №154, 1915 жыл, бейсенбі, 22 октабрь), «Қазақтан солдат алу мәселесінде ноғай газеталарының пікірі» («Қазақ» газеті, №154, 1915 жыл, бейсенбі, 22 октябрь 3-бет), «Оңдар съезы» ((«Қазақ» газеті, №159, 1915 жыл, 29 ноябрь, жексенбі, 1-бет) қатарлы бірнеше материал жариялап, қазақтарды әскерге шақыру мәселесін талқылады.
Бұл дүниелердің осыған дейінгі 1916 жылғы ұлт-азаттығы туралы көтерілістер туралы шыққан жинақтарға неліктен енгізілмей келгенін білмеймін. Мүмкін, тарих тұрғысынан бұлар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісімен қатыссыз деп қараған шығар. Бірақ журналистика тұрғысынан ойлайтын болсақ, «Қазақ» газетінің осыдан кейінгі «Патшаның 25 июнь Жарлығының» жариялануы, көтерілістің туындауы, көтерілістен кейінгі қашқын қазақ-қырғазға көмек көрсету барысындағы оқиғаларды жазуға негіз болғаны анық. Тіпті, бұл материалдар сол тұстағы қазақ зиялыларының қазақтан солдат алуға қатысты ұстанымын тарихи тұрғыда түсінуге жол ашады. Сонымен қатар, «25 июль Жарлығы» шығудан бұрынғы осы датаға қатысты Гос.Думада көтерілген мәселелерді ішкі Ресейдегі, Башқұрт, Ноғай, татар газеттерінде жарияланған мақалалар негізінде дайындалған материалдар сериясының да бүгінгі көзбен танудың маңыздылығы жоғары болмақ.
Әсілінде, қазақтан солдат алу мәселесі 1883 жылы ІІІ Александр патшаның таж киген тойына барған қазақ өкілдері қазақ халқын казак-орыс қызметіне алуды өздері өтінген. Бұл мәселе түскен соғыс министрі Сухомлинов заманында да көтерілді. Қазақтан солдат алуды бұл да ұнатпады. «Қазақ» газетінің жазуынша, қазақтан солдат алу мәселесі ең алдамен "Русское слово", "Новое время", "Биржевые ведмости", "Утро России» сияқты ішкі Ресейде шығатын газеттерде 1915 жылдың екінші жартысында жариялана бастаған. Газеттегі мақала бойынша қазақтан солдат алуға сол тұстағы Военный министр Сухомлинов қарсы болып келген. Осы мәселе жайында жазылған хабарларды теріп, жиып жазған «Биржуия видемосты» газетасында мына сөздер айтылып тұр: ... Сухомлинов тұсында қазақтан салдат алу закон жобасын жасаудан бұрын, алуға болар-болмас жағын анықтау үшін мағлумат жиып, қарап, тексеру тиіс деп қарар қылынған. Ол мағлуматтарды жиып, немесе қарап, тексеріп болғаннан кейін қазақтан солдат алуға болмайтындығын баяндаушы 1914 жылы, юуль айы шамасында записка дайындаған. Запискада қазақ солдат болуға жарамайды. Жарамайтын мәнісі мынау деген: Қазақ көшпелі, көшпелілік пен мемлекетшілік бірі бірімен үйлеспейтін нәрселер. Қазақтың мәдениеті төмен. Орысша білмейді, жазу танымайды. Солдат тамағын тамақсынбайды, әскер қызметіне шыдамайды» [«Қазақ» газеті, №153].
Бұл пікірге бас штаптың бастығы жандарал Михневич: «Биржевые ведмости» газетінің жазушысымен сөйлескен шақта мына пікірді айтқан: «Мен қазақты өз міндетін орнына келтіруге жарайтын жұрт деп білемін. Қазақ жауынгер жұрт. Талай түрлі замандарды басынан өткеріп, көргені бар жұрт. Атқа жүруге ұста, көзі қырағы, мергендігі һәм жақсы. Осы сындарына қарағанда қазақтан жақсы әскер жасауға болады деп қараймын. Қазақтан солдат алғанда өнетіні не десек, одан өнетіні аз емес. Қазақ 12 миллион шамалы жұрт. Оның алты миллионы Түркістан мен шеткі облыстарда, алты миллионы қалалы жерде. Бұлай болған соң санына қарағанда көп, сынына қарағанда жақсы әскер шығады» [«Қазақ» газеті, №153] . Бұл мәселе төңірегінде «Биржевые ведмости» газетінің жазушысы Жер министрлігіндегі адамынан сұрағанда: «Қазақтар дұрыстық пен әскер қызметін атқармас деп ойлау, қазақты орынсыз кемітіп, қорлау болады. Қазақ талай істі басынан атқарған халық. Бұлар соғыста артықша пайдалы болып табылар. Қазақтарды орыс мәдениетінен қашық жатыр, оларға мемлекетшілік қалпымыз жат деген пікір дұрыс емес. Соңғы жылдары отырықшы болып жер иеленіміз, жер кесіп бер деген арыздар қазақтан көп келіп жатыр», – деп жауап береді[«Қазақ» газеті, №153]. «Русское слово» газетінде: «2 разряд ратниктерін жию туралы Г. Думада закон жобасы қаралғанда Ақмола, Семей, Торғай облысының қазағынан солдат алса, қайтер еді» деген сөз болған[«Қазақ» газеті, №153]. Оны әскер ісіне қатысты мекемелер ұнатпаған. Қазақтан солдат алу мәселесін Мұсылман депутаттары да барынша қолдағанымен, олардың ұмтылысынан түк шықпаған.
Керісінше осы тұста қазақтан солдат алудан гөрі, палшиндердің (орысша ополчение – соғыс кезінде, сондай-ақ, басқа қажет болған жағдайларда құрылатын кәсіби емес әскер) қатарын көбейтіп, оны шет аймақтарға жіберу туралы пікір көтерілген. Бұл туралы «Утро России» газеті: «Биыл Г. Думада екінші разряд палшиндерді соғысқа жіберу үшін жию мәселесі қаралған уақытында Ақмола. Торғай, Семей, Жетісу облыстарының қазақтарынан солдат қызметіне ала бастау мәселесі қозғалған екен. Бұл туралы жасалған жобамен бірге тапсырылған баяндамада қазақтардың саяси мәдени, діні, қалпы, күн елту реті туралы көп сөздер айтылып келіп, соларға қарағанда қазақтардан солдат алудың қолайсыз болғандығы баян етілген», – деп жазады [«Қазақ» газеті, №153]
Бірақ кейбір үкімет мекемелері мен пиресблен мекемесі һәм қазақтарға жуық тұрған басқа мекемелер жоғары пікірді негізсіз деп ұнатпаған. Бұл іске Гос Думадағы мұсылман депутаттары басқаша көзбен қараған: «Қазақтардың көшіп жүруі алғы һәм мәңгілік емес. Қазақ жеріне мұжық көшіру ісі үдеген сайын қазақтар өз тұрмыс һәм күнелту реттерін жаңа жолға салып келеді. Қазақтардың көзі қырағы, салт жүруге тақымы мықты. Соған қарағанда олардан ең жақсы әскер жасауға болады»[«Қазақ» газеті, №154]. Сөйтіп мұсылман депутаттар алты миллион қазақты баяндамадағы жазылған келемежден құтқарып, Россиядағы басқа ұлттармен қатар, солдаттыққа алу керек деп қараған. Кейбір министрлер де бұл пікірді қуаттаған. Пирсблен мекемесі: «Қазақтан салдат алу бек жарайды. Қазақ надан деген пікір бекер. Қазақ көргені көп, көргенді жұрт деп отыр» [«Қазақ» газеті, №154]. Мұнан басқа солдат алуды қуаттаушылар: 1) мұсылман депутаттары, 2) мұсылман газеттері, 3) қазақтың кейбіреулері. Әрине, бұл мекмелердің қазақтан солдат алудың өзіндік көздеген ойлары болғаны анық. «Ол көздегендері қысқасынан айтқанда мынау: Мемлекет сүйеніші әскер» [«Қазақ» газеті, №154]. Сөйтесе де, бұл мекемелер арасында солдат берген жұрттың салмағы молайып, санға қосылып, тізгін ұстатпай кетпей ме деген күдік-күмәнда болмай қалмайды.
Бұған бас пирисблен мекемесінің бастығы Глинканың: «Қазақ надан, салдат міндетін атқармайды. Зимистуа жұмысына жарамайды» деп ішкі Ресейлік газеттерге жазғаны дәлел бола алады. Осыдан-ақ, сол тұстағы отаршыл империяның қазаққа бір нәрсені бергісі келгенде «надандық» пен «солдатқа жарамайды» дегенді алға тартып, соны сылтау ететінін көрініп тұр. «Орынборское слова» да «Нимурод» деген кісі: «Бұлардың қазақтар орыс тілін білмейді дегені дәлелсіз. Дәлелсіздігін айғақтау үшін тереңге кетпей-ақ, осы соғыстан мысал алуға болады. Осы соғыста Францияда қол астындағы қазақтан да наданырақ, тағы халықтар салдаттыққа алынды. Бұларда француз тілін білмеуші еді. Франция мәдениеті біздікінен кем бе? Франциядағы тағы жұрттар біздің қазақтан артық па?Француздар, солар конпіс, пайдалы әскер болды деп мақтап отыр. Тағы олардан бір миллондай әскер жинап отыр», – деген дәлелді сөз айтады [«Қазақ» газеті, №166] .
Екінші қазақтан солдат алуды қуаттайтын мұсылман депутаттарының да өз есібіне өзінде болғаны анық. Бұл туралы мұсылман газеттері: «Солдатқа барған жастар дүние көріп, жол танып, жөн біліп, ысылып келер. Сөйтіп, қазақ арасында мәдениет жоғарылайды», – деп жазды» [«Қазақ» газеті, №154]. Айта кетерлігі, мұсылман депутаттары мен мұсылман газеттерінің көздегені қазаққа жамандық емес, жақсылық. Олар сол жақсылықтың жолын тағы да сенімсіздік пен ішкі қайшылықтарға айналдырып жіберген. Оны «Уақытә газетінде шыққан мақалаға орай «Қазақ» газетінде дайындалған мына бір абзастан білуге болады. «Үйден өрт шыққан кезде әйнек сынғанына қарамайды» деп. Ол рас. Бірақ қазақтан салдат жинау соғыс үшін елден тері-терсек, темір, шойын, мыс жинаудау деп ойлауда жарамайды. Қазақтан салдат алатын закон шықса бесіктегі баладан бастап, тоқсандағы шалға дейін алынсын дейміз. Пәлендей деп жас мөлшері көрсетілер. Ол жастың анығын білерлік метірке қайда. Қазақтың жасын білу нағыз былықпа іс. Рас, қазақта бей ресми список деген бар екен. Ондағы жастың бірі де дұрыс емес, Ауылнайлар кімнің жасының нешеде екенін сұрамастан сыртынан жаза салады. Өйткені оның жасына қарап тұрған қазақ арасында бұрын жұмыс жоқ. Ауылы һәм улысының жазуынша өз партиясы болса, 20 жастағының 40-та болып шығуы, қарсы партия болса 40 жастағы 20 да болып шығуы оп-оңай» » [«Қазақ» газеті, №154].
Орынсыз тағылған осы кінәні де «Қазақ» газеті барынша сынайды: «Қазақтан солдат алса, құқығы ұлғаяды, салмағы молаяды. Мәдениеті жоғарылайды деген – мұның бәрі әдемі сөз. Бірақ сол тұстың көзімен қарағанда, қазақ тізгінін Россияға бергелі екі жүз жылға жақын заман болды. Бұл қазақ метркесін түзетуге жеткілікті уақыт еді» [«Қазақ» газеті, №154]. Бұл өз жерінде өзінің бас бостандығына ие бола алмаған қазақ баласының бәріне ортақ қиындық еді. Татар тілінде шығатын «Тұрмыш» жазады: «Қазақ бауырларымыздың хал-жайы, шаруасы жағынан қарағанда солдаттық олардың өздері үшін де аса керекті. Көшіп жүріп шаруа істеу мұнан былай әлбетте мүмкін болатын бір іс емес. Мәдениет дүниясымен араласу, отырықшы болып мәдениетке аяқ салған ұлттармен қатынасу һәм олардың күнелту реттерін білу бек керекті бір іс. Қазақстанның кең даласының ішінен шықпаған бұл бауырларымыз солдаттыққа алынса, басқа ұлттардың тұрмысы, дүниеге қарасы һәм жалпы хал-жайымен таныс болашақ. Мұның Қазақстанның жалпы тіршілігіне тәсірі зор болады» » [«Қазақ» газеті, №154].
Саяси жағынан қарағанда бұл мәселенің керектігі басым. «Бұратандарды» тыл жұмысына шақыра отырып, үкімет арзан жұмысшы күшін пайдаланып қалуға бел байлады және жасақты армияны толықтыруға керек орыс жұмысшылары мен шаруаларын босатып алғасы келді. Екінші жағынан, өкімет орындары қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз және сол сияқты басқа да халықтарға қару беруден қауіптенді, болашақта олар қаруды Ресейге қарсы жұмсайды деп қорықты. Егер қазақ баласы солдаттыққа алынса, қазақтар қала салып отырықшы болу, мешіт, мектеп және медреселер салу, мүфтилік ашу, Думаға сайлану және басқа да мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Алайда, олардың осы ойын терең ұғынған үкімет қазақты солдаттыққа алу мәселесін кешіктіре берді. Олардың түпкілікті ойын дөп басқан «Юлдыз» газеті: «1914-ші жылғы 27-ші декабрь законында айтылғанына қарағанда, кейінгі туындар қауіпті ескере отырып, дала облыстарындағы бұратана халықтар, Түркістан халқы, Кубан һәм теріскей облыстардағы мұсылмандар салдат қызметіне алынбайды» деп жазды» [«Қазақ» газеті, №154].
Бір ұлттың тіршілігіне қайтатын мұндай керекті мәселені шешу үшін, оны түрлі жақтан тексеріп өту керек. Бұл үшін сол ұлттың шаруасын, табиғатын, мінезін һәм оның тілегін нық білу, жіті аңғару керек. Өкінішке орай, қазақтан шыққан, қазақтың сөзін сөйлейтін депутаттардың болмауы себепті қазақтан солдат алу мәселесі 1915 жылы 21 ноябрьде Петроградта өткен Оңдардың һәм анархист партиясының съезінде де қаралмай қалады. Съезге сот министрі Щегловитов, Ішкі істер министрінің товаришы Белецкий, Гос Дума шілені Марков, Замысловский, профессор Любиков толып жатқан архиерейлер қатысса, съезді қошаметтеп Ішкі іс министрі Хуостов, сот министрі Хуочтов, жол министрі Трипов телеграммен құттықтады[№159]. Осындай лауазымы салмақты адамдар қатысқан съезде қазақтан солдат алу мәселесі тағы да шешімін таппай тынды. Бұл съездің газетте мәлім болған қаулысы: «Жоғарыда айтылған депутат Блогиннің жасаған программасына қарсы алыспақ. Оң газеталардың көмегінде болып, сол газеталарды қысу шарасында болмақ. Бұратана жұрттарға теңшілік беру-бермеуді соғыстан кейін өзіміз білеміз» деген дауырықпа ой ғана[«Қазақ» газеті, №159].
«Қазақ» газеті, №166, 24 януар, 1916 жыл, жексембі, 1-бетінде солдаттық мәселесіне қатысты бірнеше адамның пікірі берілді. Мұнда Салмақбай Көсемісұлы «25 март 1891 жылы шыққан осы күні дәуірі жүріп тұрған Степное положение шығарған Гос Советтің үкімі бойынша Ақмола, Семей, Жетісу, Орал һәм Торғай облысының қазақтары» солдаттық қызметінен ілгері заманда бұйрық болғанша ғана босатылады деген ойын білдірсе, Ахмет Жанталыұлы: «...Әр облыстан бipep кici Петроградқа өкіл жіберу. Бұлар өкіметке һәм депутаттарға қазақ жайын, тілегін білдіру керек.
Қазақ тілектері мынадай:
1. Қазақтан солдат алынатын болса, оның тіршілік қалпы ойсырап зиян көрмеуіне әртүрлі шаралар қылып, бұрыннан солдат беріп үйренген жұрттардай жеңілдікке жетісу;
2. Қазақты "қазақ - орыс" қылу. Қазақ - орыс положениеciмен жер алу;
3. Қазақтан алынған жерді өз алдына үйлестіру, бастарын өзінен қою;
4. Депутаттық сұрау;
5. Земство һәм оқу кіpгізy» деген ұсыныстарын айтады. Негізінде бұл ұсыныстар арқылы «Қазақ» газеті халықты осындай ұсыныстар арқылы ақырындап тәрбиелеп, солдат алуға ұрай көптеген бері қол жеткізе алмаған саяси теңдікке ұмтылды. Алайда, осы ұсыныстардың қаншалықты деңгейде қаралғаны, орындалғаны жөнінде нақты дәлел жоқ.
Қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары солдат алу мәселесінде «бұл істі шұғыл атқаруға болмайды, алдымен халықты дайындау керек» деген пікірде болды. Қазақтың солдат болуда ең кедергі келтіретін жағдай жалпы халықтың орыс тілін білмеуі, ел ішінде мектептер ашылып, жергілікті басқаруды әділетті жолға қойса, мемлекеттің өзіне тиімді болатынын ел тізгінін ұстаған адамдар жақсы түсінді. Сонымен қатар, қазақта метрке жоқ еді, әуелі халықтың жасын айқындайтын, оны бір жүйеге келтіру шараларын жүзеге асыру керек еді. Ең бастысы қазақ солдатқа алына қалғанда, ол жаяу солдат бола алмайды. Ел ішінде қазақ та казак-орыс секілді айбынды атты әскер бола алады, ол үшін оның құқын казак-орысқа теңеп, тіршілік жағдайын жақсарту шаралары қолға алынса деген арман тілек болғаны да рас. Қалай дегенмен де осы соғыс үстінде қазақтың солдатқа алынуы тым асығыс. «Маусым жарлығы» қарсаңында көзі ашық, көкірегі ояу адамдар осындай пікірде болатын.
Бұл жерде солдат болу мен казак болудың айырмасы жермен көктей еді. Оны «Қазақ» газеті былай түсіндіреді. «Енді қарайық: Казак болу ма? Солдат болу ма? Қазаққа қайсысы пайдалы болар? Солдат болу мұжық дәрежесінде болу. Мұжық сыбағасы жерден 15 дисетина, казак сыбағасы жақсы жерден 30 десетина, жер жаман болса, сыбаға десетина артпақ. Онда да мұжық сыбағасы мен казак сыбағасының арасындағы айырмасы сақталмақ. Яғни, мұжық сыбағасы бойынша 30 дисетинадан келетін жерден казак сыбағасы бойынша аз болса 60 дисетина келмек» [«Қазақ» газеті, №179] . Газеттің бұл пікіріне қараша халық келіспейді. Осы тұрғыдағы ел пікірін «Қазақ» газетінің №179 санындағы «Жоқшы» деген бүркеншік атпен жазылған пікірде көрсетеді: «Қазаққа казак болу жайсыз, рухын жоятын ауыр жұмыс, өйткені, казак болғанда қазақ баласы 18 жасынан бастап 33-ке шейін 15 жыл (3 жыл даярлану, 12 жыл анық қызмет) әскерлік абігерінде сандалып жүреді. Жылдың 3-4 айын ойын үйренуді өткізетін болған соң былайға оқитынның көбі де соған бару-қайту қайғысына шығын етіп, көңіл бөлініп шаруасына төселе алмайды. Бұл онсызда жалқау, надан, кедей біздің қазақ жұрты үшін қырсыздыққа үйретуге үлкен себеп», – дейді ол [«Қазақ» газеті, №184].
1916 жылы 9 фебральда Гос Дума ашылды. Думада негізіген «1)Земиства, 2) Коперация, 3) 1890 жылғы земиски полеженяны өзгерту 4)
Арақ ішуді түпкілікті жоғалту, 5) Земиства һәм шаһар ұйымдарының съезі, 6) Бұратана жұрттардың правасын теңгеру, 7) 1907 жыл 3 июнь законы бойынша депутаттықтан шеттетілген жұрттардан депутат алу, 8) түрлі бостандықтар, 9) Саяси айыпкерлерге бостандық, 10) Матбұхатқа бостандық, 11) Жиылыстар, қауымдар жасауға еркіншілік, 12) Филландия конситуциясын қайтару, 13) Жер билігі мәселесін әділшілікте тұра шешіп, 9 ноябрь законын өзгерту, 14) Дінге еркіншілік, 15) Г.Думаның үкіметке запрос жасау құқын күшейту... һәм басқалар» қаралды [«Қазақ» газеті, №168]. «Қазақ» газеті осы думаның ашылуына орай Самардан Әлихан Бөкейұлы, Орынбордан Ахмет Байтұрсынұлы, Ақтөбе уезінен Нысанғали Бегімбетов қалың елдің: «1. Қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау. 2. Солдат алудан бұрын метрке түзеу үшін мифтилікке қарау. 3. Лажысыздан алынатын болғанда жаяу солдат болмай, атты әскер болу. Қазақ орыспен правада теңгерілу» [«Қазақ» газеті, №170] сияқты үш талап-тілегін арқалап, Петрогродқа аттанғанын жазады. Әскери министр мен үкімет адамдарына жолыққан олар бұл мәселенің кейінге қалдырылғаны туралы жауап алып қайтады.
Бұл тілектерін Думаның кеңесіне кіргізе алмайды. Олар Петроград барған соң депутаттар арқылы іс анықталды, ашылды. Қазақтан салдат алу туралы жасалған закон жобасы бар деген газеттердің сөздері бекер болып шықты. Мұсылман депутаттары қазақты солдаттықтан бос қалдыру қорлық, қалдырмас керек деп, қазақтан солдат алуды қуаттайды деген газеттердің сөздері бекерге шықты. Газеттердің закон жобасы жасалды деп алып қашып жүрген сөздері мынадай болса керек: «1914-шы жылы юуль ішінде, соғыс басталардың нақ алдында бірнеше күн ғана бұрын министрлер кеңесіне салуға соғыс министрі тарапынан жазылған доклатная запуска болған. Бірақ ол записка сөздерінде қазақтан солдат алсын демеген, қайта алмасқа керек деген» [«Қазақ» газеті, №171]. Бұл пікірді қуаттауға толып жатқан дәлелдер келтірілген. «Қазақ» газетінде жазылуынша, олардың бұл ұсыныс-тілегін Думаның 15 фебраль мәжілісінде депутат Антонов қана қолдайды. Соған орай Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар «Қазақ» газеті арқылы «Алаш азаматына» деген тақырыппен үндеу жариялайды.
«Біздің жұртқа айтарымыз: бұған көнбеске болмайды, мұны бұрын да сан рет айттық. ...Көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар? Көнгенде – шаруаға кемшілік те келер, барған жігіт қазаға да, бейнетке де ұшырар. Бірақ елдің іргесі бұзылмас. Көнбегенде көретін ауырлық – бағынып тұрған хүкіметтің жарлығынан бас тартсақ, жау жағадан алғанда бас қорғап үйде қаламыз деп, мемлекетке қамшымыздың ұшын бермесек, хүкімет бізге құр өкпелеп қоймас, күш жұмсар, ол күшті законға сүйеніп істер».
Бұл – сол кездегі қазақ оқығандарының ұстанымы. Ал, күллі қазақ даласындағы халықтың пікірі мүлде бөлек. Майданға бала бере алмайды. Болды! Бітті! Сөз қысқа! Айла-саясаты жоқ, бұрқ еткен халық ашуы. Яғни, алдыңғы қатарлы ақыл ой мен бұқара елдің арасында қарама-қайшылық осылай орын алды. Осындай жағдайға қарап қазақтың империя үшін соғысуға мүлде дайын еместігін көре аламыз. Әйтсе де, Ресей үкіметі қазақтың хал-ахуалын түсініп, іс істеуге ұмтылмады. Соның кесірінен наразылық басталды. Ал, Қарқара қасіретін туғызған тарихи себеп – соғысқа қара жұмысқа адам алу мәселесі тек шиқанның аузы ғана. Оның жылдар бойы жиналып, сыздаған соқтасы тым тереңде.
«Қазақ» газеті, №172, 9 март, 1916 жыл, сәрсенбі,1-, 2-ші беттегі «ПТРОГРАД ХАТЫ ІІ НЕ ІСТЕУГЕ?» атты мақалада екі түрлі негізгі мәселе көтеріледі. Алдымен газет қазақтан солдат алу туралы заң жобасы бекітілген жағдайда қазақ жастарын қандай әскерге жіберу туралы өз ойларын жұрттың талқысына салады. «Әскердің түрі бірдей емес. Жаяу әскер бар, атты әскер бар. Жаяу әскер орысша «Солдат» деп аталады. Атты әскердің өзі екі түрлі болады: бірі орысша «Куалерист» деп, екіншісі «Казак» деп аталады. Соңғысын яғни «Казакты» біздің қазақтың орынбор жағындағы «атты казак» деп, Сібір жағындағысы «казак-орыс» деп атайды. Осы айтылған әскердің үш түрінің жүріс-тұрысында парық көп. Салдаттың жүрісі баяу, тұрысы казармада. Кауалеристің жүрісі атты, тұрысы казармада, казактың жүрісі атты, тұрысы үйінде (соғысқа барарда ғана үйін тастайды). Басқаларға қарағанда казатық сыбаға жағынан артықтығы бар. Қазақтан әскер алу туралы закон жобасы жасалып, дума кеңесіне қазір түскенде бізден солдат істеу ме? куалерицит істеу ме? казак істеу ме?» Әрине, бұл мәселенің жұрт арасында кең талқыға түсті дей алмаймыз. Өйткені «Қазақ» газеті ол кездегі тұтас қазақ даласына толықтай жете алған жоқ. Таулы жер, шет жайлаған елдер солдат алу мәселісін түсінбегендіктен өздерінше болжам жасап, дүрлігіп жатты. Бұл ел ішіндегі түсінбеушілікті одан сайын көбейте түсті.
«Қазақ» газетінің №173, 16 март, 1916 жыл, 1-, 2-ші бетінде «ПЕТРОГРАД ХАТЫ ІІІ ТАҒЫ НЕ ІСТЕУГЕ?» атты мақалада Думадағы депутаттық мәселесі сөз болады. «Россияда 6 миллион қазақпыз деп аузымызды толтырып сөйлегенде, топ-толық сияқты көрінеміз. Іске келгенде пыштай болып семіп, ол толықтығымыз жоғалады. 5 миллион еврей түгілі, 1 миллион армен істеп отырған істі істей алмаймыз. Мұсылмандардың бюро аша алмай отырғаны санының аздығынан, ауқаты жетпей қорланғаннан емес, саяси саңлауының жоқтығынан». Осыдан кейін қазақ зиялылары бас болып мұсылман фракциясының жанынан бюро ашу мәселесін қозғап, бастама көтереді. «Қазақ» газетінің жазуына қарағанда, сол тұстағы бір депутаттың жылдық шығымы былай есептеледі. «Күніне 10 сомнан жылына 3600 сом. Фатыр һәм канциллария шығыны 7-8 жүз сом, барлығы 4 мың 500 сомдай болады. Бұл бір адамға. Екі адамға екі есе көбірек керек. Яғни 9 мың сом. Қазіргі қымбатшылықта Петрогродта күніне 10 сомнан кем ақшамен тұруға мүмкін емес» [«Қазақ» газеті, №173]. Өкінішке орай, қазақ баласы осы шығынды ортақ көтеруге құлық танытпайды. Нәтижесінде 1916 жылы шақрылған ІІІ Думаға тағы да қазақтан депутат сайланбай қалады. Демек, думада депутаты болмаған жұрттың сөзі де биліктің жоғары сатысына жетпейтінін белгілі. Осы жағдайдың себебінен қазақ зиялылары қазақ даласындағы шиеленіскен қайшылықты жоғары лауазымды тұлғаларға жеткізуге жол таба алмайды. Керісінше, осы тұста коммунистердің қатарына өткен қызыл қазақтардың жолы оңынан туа бастайды. Олар қазақ зиялылары билік пен халық арасындағы шиеленіскен қайшылықты шешудің жолын қарастырып жатқанда қараңғы жұртты көтеріліске шығарудың түрлі әдіс-айласын сайлап жатты.
«Қазақ» газеті, №174, 23 март, 1916 жыл, 1-бет. «ПЕТРОГРОД ХАТЫ IV МҰСЫЛМАН ФРАКЦИЯСЫНА» атты мақалада «Мұсылман депутаттарының думаның сыртқы блогында қосылу-қосылмау керектігі кеңеске салынды. Блогка қосылу-қосылмау турасында кеңестегілердің пікірі екіге бөлінді. Екіге бөлінуінің себебі: Блогты керек қылғанда өзі іздеп барып қосылмаса шақырып басқалардың қосылуын керек қылып отырған блог жоқ. Кімде кім блогқа қосыламын десе, блогтың программасына мойын ұсынып, сонан соң басқа жаққа бұрылмайтын болып қосылмақ». «СІБІР ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ МӘЖІЛІСІНЕ» атты мақаладла қазаққа жер керектігі туралы айтылады. Бірақ, ол мәселені газет жазғанымен, атқарылуына қозғау сала алмайды.
Өкінішке қарай, осы қадамдар Алаш зиялыларын елге барынша жеккөрінішті етіп көрсетті. Оның жауабын Мыржақып Дулатов «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы, №145 нөмерінде былай жазады: «Ол кезде қазақта жалғыз-ақ «Қазақ» газеті бар еді. Ол заманның жуан ортасында болмаған, ащы-тұщыны татпаған бүгінгі ұрпақ «Қазақ» газетін енді оқыса, «Бейшара қандай жасқаншақ, қандай қорқақ, былай жазса болмаспа еді, олай жазса болмаспа еді?» дер еді. Ол кездегі газеттердің бет-аузыналапес қылып шығаратын цензураны бүгінгі жастар көрген жоқ қой. Өз ойыңды, өз бойыңды өзің ұрлап, «Осылай жазсам, жұрт бірдеме қылып түсінер-ау» деп ишаралап, жасқанып, жалтақтап отыруды бүгінгі жастар көрген емес».
Қысқасы, «Қазақ» газетіндегі қазақтан солдат алуға қатысты мақалаларды сүзіп шыққанда осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты туындауы ықтимал аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтап қалудың қамына кіріскенін көруге болады. Сондықтан да, олар қазақтарды патша Жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп санады. Екіншіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтерудің болдырмауға тырысты. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына үміт артты. Осы мақсаттарын «Қазақ» газеті арқылы жалпақ жұртқа жеткізуге тырысты.
Бала күнімізде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіндегі босқындықты көріп, көңілдері жүдеген, азап-тозаққа өртеніп, өзегін өкініш оты шарпыған аталаларымыздың әңгімесін естіп өстік. Шыны керек, ол кезде аталарымыздың айтқандары қиял-ғажайып ертегісі сияқты сезілетін. Әлі күнге дейін Оңғарбай ақсақалдың айтқан естелігі есімнен кетпейді.
Бір де Оңғарбай атам: «... Таң ата ағайынды үш әкеден тарайтын үлкені бар, кішісі бар, еркегі бар, әйелі бар 17 адам атқа қондық. Үлкендері балаларды алдына өңгеріп, артына мінгестіріп алып жүрді. Мен ол кезде алты жастағы бала едім. Қайда жиналғанымызды, қайда баратынымызды басында түсінген жоқпыз. Тау бөктеріндегі малшы ауылдың малы мен иті де көші-қонға әбден төселіп алған. Адамдар атқа міне бастаған да өредегі құлындар мен өрістегі жылқы мен ірі қара, қотандағы қойлар да көшке дайындала бастады. Түн қараңғылығын жамылып, жолға шықтық. Бізден бір күн бұрын жол шалуға кеткен жігіттер өзен өткелдеріне, жол айырықтарына, сай ауыздарына белгі қойып отырыпты. Көш сол белгі бойынша жылжып отырды. Екі күн суыт жүріп, айналасы ашық, екі беті құз жартасты терең сайға іліндік.
– Осы сайды өрлеп, аман-есен өзеннен өтсек арғы бетке жетеміз, – деп атам Әбді жігерімізді жанып қояды.
Ұзақ жолға шыдамай балалар аттан құлай берген соң екі күбіні атқа теңдеп, бізді соған салып қойған. Мен шешем Марзияның атына артылған күбі де келе жатырмын. Сайға ендей кіріп, асуға жақындағанда жұрттың күдігі де сейіле бастап еді. Бір кезде тарс етіп атылған мылтық дауысы естілді.
– Қап, әкеңнің, Атықай құрттың бізді, – деген атамның зор дауысы тауды жаңғырықтырып жіберді.
Атықай ашаршылық жылдары ата-ана, туыс-туғанынан айырылып, жалғыз қалғанда атам асырап баққан ұл екен. Көш қозғалған күні ізім-ғайым жоғалып кеткен.
Кезеңді иелеп алған әскерилер жан-жақтан атқылап, плометтер сақылдап кетті. Артқа қайтар жол жоқ. Сайдың аузын қарсы жақтың адамдары иелеп алғаны белгілі. Не болса да, алдыға қарай жүру керек. Алдымен жылқы мен сиырды шұрқыратып, кезеңге қарай айдады. Әр жерде оқ тиген малдар тыпырлап, жанымен әлек болып жатыр. Бір-екі туысқанымыз оққа ұшті. Жан үшін жанталас басталып кетті. Бізді күбіден шығарып, сиырдың құйрығынан ұстатып, шешелеріміз артыныздан иетеріп өрлеп келеміз. Үлкендер екіге бөлініп, бірі көшті қозғап, енді біреулері ұры соқпақпен кезеңге қарай тартты. Атыс қараңғы түскенше жалғасты. Тек кезеңнен атам екеуіміз ғана аман-есен асып түстік. Қалған он бес адам сол сайда қырылып қалды, – деп мүлде түсініксіз әңгімені айтқаны әлі күнге есімде.
Біз атамның айтқанына сенбейтінбіз. Бірақ, атамның шын айтқанын, оларды кімдердің қырып-жойып, қанды қасап жасағанын тағы да сарғайған парақтардан таптым.
«25 маусым жарлығы» шыға салысымен Түркістан өлкесіне әскери жағдай енгізілді. Айта кетерлігі, осыған дейін патша өкіметі қазақ-қырғыз жеріне қанша әскер қойғаны туралы көп айтыла бермейді. Оның үстіне көтеріліс кезінде көтерілісшілерді басу үшін тағы да қанша әскердің енгізілгені де жасырын қалып отыр.
Жетісуды алғаннан бері орыстың өкімі күшке таянып, әскер, қамшы, абақтымен ел билеп келе жатқандығы айтылып келеді. Қалай да орыс өкіметі Жетісуға орыс келтіріп, оны «сенімсіз көшпеліге» күзетші қылды. Оларға жабдық үлестірді. Казак-орыстың еркек кіндігіне мылтық, жабдық үлестіріліп және туысымен жер кесіп берілді. 1914 жылғы неміспен соғыс шыққанда Жетісу орыстарына мылтық-қару қайта үлестірілді. Оғымен бердеңке берілді. Бұларға өзін-өзі қорғаушы дружина жасауға ерік етілді.
Бұл туралы Ілияс Жансүгіров Мәскеу архивтерін ақтарып-теңкеріп, ақиқатты анық жазып кетіпті. Соны оқып көрелік:
«...Жетісуда көтеріліс болатынының алдында Қапалда, Алматыда және Жаркентте бір-бір сақтық әскерінің дружинасы. Бұлардың әрқайсысында 885-тен бесатар бар еді. Бақтыда 221 мылтықпен бір рота және Аягөзде 55 мылтықпен бес қарауылдық команда бар еді. Лепсіде 90 мылтық, Пішпекте 194, Қарақолда 75, Нарында 75 мылтық бар еді және Пішпектің жергілікті командасында 24, Алматының жергілікті командасында 44 бесатар бар еді. Бұдан басқа Алматыдағы зеңбірек қоймасында 101 мылтық бар еді. Мұның үстінде жабдықсыз атты запастың 3 бөлімі болды. Мұның үстіне Бақтыда, Жаркентте, Нарында казак-орыстың бір-бірден полкі, 100-ден, 120-дан қылыш бар еді. Алматыдағы казак-орыс запасында 264 қылыш, Бақты, Нарын, Алматы мен Қапалдағы дружинаның екі-екіден пулеметі болды. Осы жоғарыда көрсетілгендерден Алматының дружинасының 1-ротасы Әулиеатаға, 20 казак-орыс, 30 ратник Бақтыдан Шәуешекке барып тұрды. Сөйтіп өкімет қолындағы күштің ұзын саны 3736 адам еді. Бірақ казак-орыстың ауруларын санамағанда, анық сойыл соғары 500-ден аспайтын. Көтеріліс туындап, «облыс соғыс халында» деп жарияланғанда Жетісу 17 учаскеге бөлінді. Әрбір учаскенің басында бір-бір комендант белгіленді. Олардың қолында белгілі мөлшерде әскер күші болды. Аякөзде, Бақтыда, Талдықорғанда, Ақсуда (Пішпек), Тоқпақта, Загорныйда (қырғыз), Қарқарада, Қырғызсайда (Жаркент), Қарақолда, Нарында және Зайтса пикі мен Ұзынағашта учаскелік началник пен пристаптардың әрқайсысында 15 аттыдан солдаты болды. Бұлар ең керекті күш саналды. Өйткені, приставтар өзінің қарулы солдаттарымен өз учаскесін не жұмыс болса да тынбай аралап тұрды. Бұл қазақ-қырғыз көңілін басуға үлкен Алматыдағы горнизонда,
Алматы оязында тәртіп сақтауға, қала-қаланы қорғауға қатты кірісті. Пішпектегі горнизон таратылмады. Онда 100-дей ратник атқа мінгізілді және жазалау отрядының барлығы да аттыдан болды».
Көтеріліс туылған соң әр ояздың әскер санын тағы да молайтты.
(Лепсіде: Аягөзде 40, Бақтыда 50, Шұбарағашта 50 атты ратникпен Бақтыда казак-орыс сотясы (жүзі).
Қапалда: Ақсуда 15, Қапалда 20, Алтынемелді 20 атты ратник.
Жаркентте: Жаркент қаласында казак-орыстың бір жүзі, Қарқарада 40 атты ратник пен Нарында казак-орыс жүзі.
Алматыда: Казак-орыс жүзі.
Бұлар алғашқы қойылған әскер күші еді. Мұның көбі күзет жұмысын атқарады».
«Жетісудағы әскердің аздығы Жетісудағы көтеріліске қосымша болды. Өйткені ақыл көзіндегі қазақ-қырғыз Жетісудағы әскер азайғандығынан орыс тұқымы ұрысқа кетіп азайды деп ойлады. Орыс әкімдері Герман-Түрікті жеңіп, қиратып жатырмыз деп дақпырт салса да, Ресей Күшінің майданда әлсірегендігін көпшілік көңілі түсінгендей болды. Орыстың мылтық атуға жарайтыны ұрысқа кетіп болды. Мұның басына үлкен зауал туды деп ел күңкіл қыла бастады. Еуропа соғыс басталған соң-ақ Жетісудағы казак-орыстардың егінін ылғи қазақ-қырғыздан лаушы алып орғыздырды. Пішенін шаптырды, боғын құйдырды. Осыдан қазақ-қырғыз орыс біржола таусылды дегенді айтатын болды».
Жетісудағы өкімет адамдары ел толқи бастағанда жаман састы. Шеттен келетін әскер көмегін тығыз мұндағы орыстардан ұйыстырды.
Алматыда алғаш көтеріліс көріне бастағанда жаяудан 300 солдат, аттыдан 460-тай солдат жасалды. Алматы қоймасынан 2 зеңбірек алынды және Жаркент пен Қапалдан бір-бір рота Алматыға жіберуге хабар қылынды. Әулиеатадағы 6 рота әскер қайта шақырылды (тамыздың 7-сінен №2658 телеграмма). Тамыздың 23-індегі телеграмамен 2000 бесатар және орыстарға бердеңке жіберуін Ташкеннен өтінді.
«Жетісудағы көтерілісті басуға Ташкенен асығыс ретте әскерлер шықты: 1)подполклвник Гейцеттің отряды: мұнда екі рота, екі зеңбірек, казак-орыстың бір жүздігі. 4 пулемет. Саперлар командасы, телефон, телеграф жабдығымен, Бұлар тамыздың 9-ында жүргізілді. 2) подполковник Алатрцевтың отряды. Мұнда оқшылардың 4 ротасы, бір зеңбірек, бір жүздік казак-орыс саперлар командасы, 160 шолғыншы бар еді. Бұлар тамыздың 15-інде шықты. Осы екі отряд екуі де Пішпек, Тоқпаққа жүргізілді. 3) капитан Бурныйдың отряды Скоблевтен Әндіжан арқылы Нарынға жүргізілді. Мұнда оқшылардан 3 ротасы, 4 пулемет, казак-орыстың жүздігі, 80 атты шолғыншы, саперлер командасы, екі тау зеңбірегі бар. Бұлар тамыздың 17-інде шықты. 4) Орынбор-Семей арқылы Термізден Сібірдің 240 дружинасы 8 пулемет, 28 атты шолғыншы жүргізілді. 5) Самарқаннан 243 кісі Самар дружинасы,. 6) Скоблевтен 732 кісі Саратов дружинасы және 2 жүздік казак-орыс Жетісуға жүргізілді. 7) Пішпектің өзіненде екі ерікті атты дружина жасалды. Мұның бірі 200 кісілік орыс та, енді бірі 100 кісілік дүңген және 150 кісідей төменгі шенді мен қызметтен босатылған саркідір солдаттар.
Бұдан басқа барлық ояздың начальнигіне казак-орыс, крестиянның атысқа жарайтынынан өзін қорғау отряды жасалуға бұйрық қылынды. Тамыздың 13-інде Қарқара жайлауында отрядқа көмекке Жаркенттен казак-орыс 3 полкының бір жүздігі жіберілген. Тамыздың 7-18-іне шейін Жетісудағы тұрғын казак-орыстан отряд жасау жұмысына тығыз кірісті. Бұдан барлық облыста 7 жүздік (сотя) ұйымдастырылды. Мұның 4-еуі Алматыда, үшеуі Жаркент оязында, Қапалда жасалды. Мұның үш-төрт жүздігі Тоқпақ, Самсоновка маңайында қырғынға шықты. 1-жүздік Алматыны қорғады. 5-6-7-жүздіктерді Қапалда, Жаркентте жасалып, Қапалда-Қырғызсайда тұрды.
Шекаралық аудандардың тыныштығының сақталуы Ресей мемлекеті үшін де, онда көшіп-қонып жүрген қазақ рулары үшін де маңызды мәселе еді. «Ресей империясы Қарқара өңірін шекаралық аудан ретінде әр кез жіті бақылауда ұстаған. Өйткені, бұл өңірдің халқы империяның жүргізген саясатына наразылық танытып, қарсылық көрсетіп жатса «көршілес жатқан Қытай аумағына ауа көшіп өтіп кетуі мүмкін» деген күдігі басым болған.
Елдің жаппай өре түрегелуіне, арты қарулы қақтығысқа ұласып, халықтың босқыншылыққа ұшырауына билік тарапынан істелген зорлық, өктемдік пен жергілікті әкімшіліктердегі белден басқан заңсыздықтар мұрындық болды. Орыс билігінің қазақтармен ара-қатынасы туралы Мұхамеджан Тынышпаев заңсыз әрекеттер ояз бастығының көмекшісі Хлыновскийдің уақытша қызметке алынуынан басталғанын жазады. Сол тұста қазақтарда метркенің жоқтығы да үлкен түсініспеушілікке тіреді. Жұмсышлар қатарын көбейту үшін старшындар жалған мәлімет топтауды әдетке айналдыр алды: «Міне, Мағау Ілияс баласы, Таловка қысымының бірінші улысының қазағы, жасы 16 да. Туғаннан бері дәптерінде жазусыз. 1914 жылғы спискіде старшын 21-де деп жазып қойған, биыл 23-де болады. Старшынға бұның қалай десе, білмеймін дейді» [«Қазақ» газеті, №191].
Орыстың әскери деректерінде Қарқара көтерілісіне тамыз-қыркүйек айларында бес мыңнан астам адам қатысқаны айтылады. Ал, Сейдәлім Тәнекеевтің есебінде қазақ жасақтарының саны 20 мыңнан асады («1916 Қарқара-Албан көтерілісі». Алматы, 2002 жыл). Оған, Қарқара аймағын мекен еткен кедей шаруалар: қазақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, татар, дүнген сынды ұлт өкілдері де қосылып, бір кісідей патша жендеттеріне қарсы шығады. Бұл дерек көп жағдайда жасырын қалып келеді.
Бір қызығы, архив құжаттарындағы протоколдардың бәрінде орыс шығыны туралы ғана жазылған ақпараттарды кездестіруге болады. Оның ұзын ырғасы былай:
«Өкімет тарапынан жоғарғы науқан жүргізіліп қыстай есеп алумен болды. Есепке қатысқандар өте қиыншылық көрді. Пошта аттары таланған. Станциялар таланған. Телеграфтар үзілген. Қатынас ауыр. Сондай қиыншылықтар орыс арасындағы есеп алу жұмысы 1917 жылдың көкек айына дейін созақтады. Сонда шығындалдым деп берілген арыздар 9992, оны ақшаға шаққандағы шығын мөлшері 13315038, жалпы сомаға шаққандағы пайызы 9,9 пайыз. Барлық облыста өртенген, бүлінген, үріккен елдің тастап кеткен қыстауларының барлығын санақ мекемесі:18453 қора дейді. Оның бағасы. 34948825 сом деп есептейді. Сол жалпы бүлінген үйдің 1712-і казак-орыс крестьяндарының тұрғын үйлері. Мұның шағылған бағасы 20739385 сом. Бұл жалпы бүлінген үйдің шағылған сомасының 6,06 проценті. Осы санақтарға қарағанда шашылған орыс малы төрт ояз дуанындағы жалпы орыс малының 87,1 процентін, барлық облыстағы жалпы орыс малының 33 процентін, барлық қазақ-қырғызбен қосқанда жалпы мал санының 45 процентін алады. Орыстардан жоғалған, бүлінген ауыл шаруа жабдығы жалпы ақшаға шаққанда 1224848 сом 97 тиын болды дейді санақ.
Орыстан әсіресе бүлінген егін болды. Өйткені көтеріліс уағында даладағы егінді орыстар қорғай алмады. Жауыққан қазақ-қырғыз малын жауып жіберді. Кей жерде өртеп те кетті. Әсіресе, Жетісу орыстары 5-теп, 10-нан малай ұстап, егінді салатын еді. Көтеріліс ұшыққанда ел толқысымен орыста малай қалмай, қашып кетті. Орыс егіндері егіс далада қалды. Алуға мұршасы келмеді. Мезгілімен орыстар астығын да ала алмады. Көп астық алынбай, қар астында қалды. Жалпы бүлінген егістік 55722 десе. Мұның сомасы мөлшермен 6069532 сомдай болады. Орыстардың үй-мүліктерінің шашылған есебін 5812213 сом» (Ілияс Жансүгіров).
Өкінішке орай, қырылған қазақ-қырғыздың саны мен қолды болған дүние мүлкі, тапталған намысы осы күнге дейін жоқталған жоқ. Бұл жердеде далада қараусыз қалған қазақ-қырғыздың малы есепке алынбаған. Көтеріліс кезінде шағылған бүлінген үйлердің 6,06 пайызы ғана орыс-казакка немесе мұжықтарға тиесілі. Ал 93 пайыз бүлінген қазақ-қарғыздың үйлері жайлы ақпарат жоқ. Көтеріліс жасаған қазақ-қырғыздан қырылған кісісінің есебі алынбаған да, Жетісудағы орыстың жоғалған қаз-тауығының да есебі қалмай түгенделген. Бірақ, «Ат аунаған жерде түк қалады» дегендей, сол бүліншілікте қор болған қазақ-қырғыздың маралдық және материалдық шығыны баспасөздерде тайға таңба басқандай жазылып қалды.
«Қазақ» газетінде 1916 жылы қазанның 16-сы Түркістан аймағының генерал-губернаторы генерал-адютант А.Н. Кропаткиннің төбе-ағалығымен ашылған мәжіліс туралы жазылады.
Жиында генерал-губернатор: «Қазақ-қырғыздан Текес бойы сияқты жерлердің барлығы алынуы керек. Көтерілген қазақ-қырғыз 1000-нан аса үйді өртеп, 2000-дай орысты өлтіріп кетті. Сол себепті осы жерлерді түгелімен қазақ-қырғыздан тартып алып, орысты отырғызуға жөні кеп тұрған нәрсе. Бірақ мемлекет мүлкін басқарушы тарапынан алуға көрсетілген жердің картадағы шекаралардың жетпеген жері көп. Қазақ-қырғыздан әдет-ғұрып, салт жағынан ғана бөлектелмей, жер жөнінен іргесі аулақ жатқан тұтас орыс жерін жасауға талпыну керек», - деп тапсырма берген. Сондай-ақ, «Ыстықкөлдің оң түстік және сол түстік жағындағы шекара таудың басы, Жаркент оязындағы тентек Албан қазақтарының бауырындағы Текес бойы тұтасымен, Шалкөде жалпағымен, Қарқара жайлауы тегіс алынсын. Пішпек оязындағы Кебен бойы, Шу бойының бірқатар жері қырғыздан алынып, орысқа берілсін» деп ұсыныс қылды.
Осындай ұсыныстың салдарынан:
1. Барлық Пішбек, Жаркент, Қарақол оязынан 37355 қазақ-қырғыз шаруасы (түтіні) 2510361 десе жерден ажырап қоныс аударылуға ұйғарылды.
ІІ. Тентек қазақ-қырғыздан тартып алынған жерге орыс отырғызу тұрасында мәжіліс Ыстықкөлдің екі жағына 5 казак-орыс қаласын (станция) орнатуды мақұл көрді. Қала салынатын жерлер: 1. Өріктіде, 2. Құрымда, 3. Бұрынғы дүнген қаласы Мәріннің орнында, 4. Бұрынғы орыс қаласы Гоголевка жанында, 5. Олақолда.
Сөйтіп мәжіліс алуға лайықты тапқан Ыстықкөл бойынан, Текес, Шалкөде, Қарқаралы қоса бұрынғы Стольпин қаласына шейін кілең орыс отырғызылған айрықша Қарақол оязы жасалсын. Ол оязда 2 пристав учаскесі болсын: бірі бұрынғы Стольпин қаласына, казак-орыстың Охотничьий деген қаласына орнығатын болсын. Егер Стольпин қаласында пристап тұратын болса, қырғыздың тепкінінен кетіп қалған қаланың бұрынғы тұрғын орыстары қайта отырғызылсын. Онда удайы әскер қарауылы қойылсын.
ІІІ. Қарақол оязынан, Пішбек оязынының бірқатар көтерілген Атеке, Сарбағыштан басқа болыстарын Нарын аймағына орналастыру керек» («Еңбекші қазақ», 145)...
Сол жиында Түркістан генерал-губернаторы Кропаткин былай деп сөз бастағаны бар: «Қасқырлардың бастықтарын ұстау өте керекті, қалған қойдың көпшілігін күнәсін кешсе де болады...» [«Қазақ», №196].
«16-жылдың көтерілісі кезінде Балқаштағы балықшы орысты сиыры ұрланған. Орыс сол маңда жасақпен тұрған штабскапитан Полторацкийге арыз қылды. Полторацкий сол жердегі қазақтардың адамдарын жинап алып «төле, төлемесеңдер іс насырға шабады» деп ақырды. Ондағы жиналған қазақтар: Садық Қасымбекұлы, Қамабек Ақшораұлы, Көлбай Иманбекұлы, Қасымбек Бақтиярұлы сөйлесіп, қорыққаннан 1300 теңге елден жинап берді. Бұл артынан Қарқаралы оязындағы Мұқты болысының ұрылары Арап, Оспанбай, Қалқаман деген ұрылардан шықты. Орыс оны қуған жоқ. Қазақ қуып ұрыдан да, орыстан да еш нәрсе өндіре алмады»[«Қазақ», №212].
«Қазақ» газетінің келесі бір нөмерінде Юуанов деген аңшы қаладан қырға бара жатқанда көршілері қайда бара жатқанын сұрайды. Сонда ол «Екі аяқты аң атуға бара жатырмын» деген ашынышты жауапты, қуана айтады. Қазақ-қырғыздың көрген азаба бұдан да ауыр еді.
«Көтеріліс басталғаннан кейін Тоқпақ пен Қошқардың арасындағы тауға 50 үйдей қырғыз тығылып қалған екен. Бұлар ылғи малды ауылдар екен. Қыркүйекте бұған 12 орыс шығады. Бәрі қарулы болады. Қырғыздарға орыстар Дүр Сауранбайұлынан сәлем айтады. Оларды үрікпей, қорықпай өз мекендеріне қайтуға өтінеді. Орыс та бұл қуаныш үшін «сүйінші» сұраған. Осы ел бұған иланып, «Орта көпір» деген жердегі қосына келеді. Орыстар еркекті тірідей бір жаққа айдайды да, дөң астында қырып салады. Әйелдерін таңдап, алтауын алып, Қарабұлаққа әкеліп қатын қылады. Қалған жанның бәрін қырып тастайды [Қазақ», №235].
Ал Жетісу облысындағы босқын қырғыз - қазақтардың ауыр жағдайларын айтып, «Қазақ» редакциясына «Босқын қырғыз - қазақтар" атты мақала жазып, жәрдем cұpaған материалды оқысаң төбе шашың тік тұрады.
"Қашқарлық сарт, дүнген, қытай жігіттерінің қолынан босқын қырғыз қазақтың қыз, қатындары алынып жатыр. Бұл бишараларды жоғарғы хайуандар қатынданып, бip қолдан бip қолға мал есебінде сатып, сауда-саттыққа айналдырған. 50 сомға, 70 - 80 сомға, ең қымбаты 100 сомға сатылған қыз, қатындар көп. Бұлардың бip сыпырасын аштан өліп бара жатқан соң қырғыз - қазақтың өздері де сатыпты. Жоғарғы "саудагерлер" біз адасып жүргенде тауып алдық, әкелерінен сатып алдық деп жауап береді. Қазақ - қырғыз қыздарын бip - eкi ай қатынданып, бес - он сом пайдасына екінші - үшінші кісіге сатып жібергендер де көп.
Бұл оқиғаларды көрмеген кісіге бәpi өтірік сияқты, көзі көрген, пенде болған адамның бұған дән шығар емес. Қазақ-қырғыздың баласы XX ғасырда осындай құлдыққа, қорлыққа ұшырар, мал орнына сатылар деп кім ойлаған ..." - дейді тілші.
«Қазақтың» 248-ші нөмірінде босқын қазақ-қырғыз 164 мың, қырылғаны 83 мың, қайтпай қалғаны 12 мың деп көрсетіліп елі.
Бұл төменгі көрсетілген есеп еді.
*Ескерту: Бұл жерде Торғай, Ырғыз, Семей, Лепсі көтерілістеріндегі қашқан, қырылған адамдардың санағы жүргізілмеген.
Жоғарыдағы есеп бойынша қашқаны 43 ұлыс,759 түтін болады. Оның қашқаны 250 түтін, қырылғаны 95 мың болады. Бұл есепке қарағанда босқандардың жартыдан астамы қырылған болады.
1)Пішпек уезінен Шөміш руының қазағы. Бұлар Сарбағыш, әтеке қырғыздарымен бірге қашқандар. Солармен бірге қашып шапқыншылық оқиғасына үшырап, Россия жағынан келген екі отрият оқ астына алып, сонан соң Таусамалына (Әулие ата уезәне) ноябрь айында жеткен. Малдан жұрдай айырылып, бала-шағасының тең жарымы қырылған.
2) Тоқпақ пен Пішбек уезіндегі қырғаздар һәм тау ушаске қарайтын 10 ұлыс қырғыз. Бұлардың бәрі қашып, жарым-жартысы баратын жеріне жетпей қайта қатқан.Бір жыл Ферғананың Күншыңыс жағында отырып, қыстай көктемге дейін қайта тіленіп, жеріне келді. Бұлардың арасында биыл көктемде егін салғандар да бар. Өзгелермен салыстырғанда бұлар аман дерлік.
3)Ақсу ушаскесінде август айында бір күнде 600-700 қырғыз қырылған 4) Прижнвал уезінен Маринка поселкесіндегі бұрынғы дүнген һәм
Бөлек ұлыс (шамамен 500 шамалы түтін) сарт, қалмақ деген ел. Бұлар үлкен қиыншылыққа түсіп, қырылған. Бұл күнде Қытай жерінде отыр.
5) Нарын ушаскесіндегі 5 ұлыс қырғыз. Бұлардың арасынан 400-500 түтін қашқан. Көбісі жазғытұрын келіп, көп елдің арасына тарап, кіріп кетті.
6) Алматы уезінен. Ботбай, Күн батыс Кастек өәм басқа елдерден 50, 80 үйден қашқан. Көбі қайтып келді.
7) Лепсі уезінен. Қарақол, Абыл һәм өзге елдерден бірен саран қашқандар. Бұлар малдарын тауысып, бірсіпыра қиыншылық көріп келді. Бірақ бастары аман деседі.
Жаркент уезіне қараған Мерке, Торайғыр, Байынқол, Иванов һәм Әділбек болыстарының бас адамдары «Қазақ» газетіне мынадай хат жазады:
"Жаркент уезіне қараған 14 болыс елдің көбі қытай жеріне босып бардық. Мал-мүліктерімізді қытай-қалмақ талап алды. Біз қытайды ел деп барсақ, қытайдан даладағы аң мен хайуан артық екен. Бостандық болғаннан кейін тipi қалғанымыз елге қарай шұбырдық. Жолда қаншамыз қырғын таптық. Ұл атадан, қыз анадан айырылды. Басымызға қиямет күні туды. Мысал, Мерке болысында 1169 үй бар еді, соның осы күні 310 үй ғана қалды. Өзгесінің қайда екенін білмейміз, әрине, қырылды ғой. Ел болған соң, арамызда шалқыған, мыңды айдаған байларымыз да көп еді, ең кедей деген үйдің күн көргіштігі бар еді. Бұл күнде бәріміз дерлік, бес - он ағаштың басын құрап, қара құрым киізден жауып лашық қылып отырмыз. Құдай басымызға мұндай пәле менен қоса азап салды, қашан ел - жұрт боламыз! Міне, ызғарлы қыс таянып қалды.
Енді қайтеміз?! Қырыламыз да! Осы уақытта дүние жүзінде біздей қор болған ел жоқ шығар» [Қазақ». № 248].
Жоғарғы ақпараттан қазақ-қырғыздан қаншалық жер алынбақшы болғаны, қай жерге қандай халық отырғызылмақ болғаны айтылған. Бұл қадамға өкімет сол жылы күзден бастап-ақ кірісті. Осындай ұлтаралық деңгейдегі қақтығыс орын алған жылдары кең байтақ жердегі жергілікті қазақтар мен орыс шаруаларының арасы қатты шиеленісті. Переселендер мен қырғыз-қазақтар бір-бірімен адам айтқысыз деңгейде жауласты. «Қазақ» газетінен оның сан түрін кездестіруге болады.
«Енді былтырғы болған бүліншілікте халықтың өзіне келтірген жерінің шамасын көрсетейік:
1) қашқан түтін шамасы 40 мың. Малдың бәрін атқа бағалағанда – Жаркент уезінде үй басына 21 ат екен. Перживаль, әсіресе Нарын онан бай болмаса, кедей емес еді. Үй басына 20 ат деп есеп қылсақ, ат бағасын 10 сомнан салсақ (бұл аз салған), бір үйдің малы 1000 сом – бәрі (1000х40000) 40 миллион.
2) Малдан басқа шаруашылығы – үй жай, егін, тағы өзгелдері (Жетісу қазақ-қырғыздың пуд жиыны) 24% жарым һәм малы 73%. Мұндай болғанда мұнысы 13 миллион 500 мың.
3) Өзге Россияда қалған Қытайға жетпей қайтқандары 5 мыңдай, 500 сомнан санағанда 2 миллион 500 мың. Барлығы 56 миллион. Кристияндардың көрсеткен зияны 32 миллион, азайтқанда 30 миллион.
Бұзылған көпірлер, жолдар һәм бұл туралы шыққан шығымдар 4 миллион – сонда барлығы 90 миллион болады. 90 миллион бүліншілік зияны көп болмаса, аз емес. Қазақ-қырғыз саны 50 миллион. 5 адамнан келгенде 1 миллион адам шығады. Сонда жылдық шығыны 15 сомнан болғанда 15 миллион. [«Қазақ», №255].
Жоғарыдағы көтеріліс кезіндегі орыс шығын мен қазақ-қарғыз шығының салыстырып көрсеңіз қайсысының көп зардап шеккенін анық аңғарасыз. Оны қойшы осындай күйзелген елді одан арман ашындырып, жайлау-қыстауын тартып алып, жер аудару, қонысынан бездіріп, намысын аяқ-асты етуден өткен азап жоқ шығар. Оның үстіне қазақ-қырғыз баласы өзінің қаншама жақсы-жайсаңдарынан айырылды. Ел-жұртын бастап, еркіндікке ұмтылған қаншама көтеріліс көсемдері жастай өлім құшты. Бұл туралы қазіргі зерттеушілер әр түрлі есімдерді айтып жүр. Бірақ көтеріліс көсемдерінің кім болғанын «Қазақ» газеті осыдан бір ғасыр бұрын былай жазады.
25-ШІ ИЮНЬ ЖАРЛЫҒЫНА ҚҰРБАН БОЛҒАН ҚЫРҒЫЗ ХАЛҚЫНЫҢ БАСШЫ АЗАМАТТАРЫ
Біздің қырғызда оқыған азаматтар һәм жұртқа қызмет етерлік басшы азаматтар санаулы еді. Сол санаулы азаматтарымыздың көбі былтырғы 25-ші июнь жарлығына құрбан болды. Былтырдан бері қайғы басып, қан жұтып, қырғын көрген қырғыздың халы алты Алашқа мәлім болды. Ендігі тірі қалғандары күн көру, жұрт болу үшін қамқор басшыларға зар болып тұрған заманда өзімізден шыққан аяулы азаматтарды жоқтап, тым болмаса, қолымыздан топырақ сала алмай арманда қалған бауырларымызға бағыштап, бір-екі ауыз ескерткіш сөз айтуды борыш санадым.
Мұғалім Ғышман Қошайұлы – Бұл жігіт жасында қырғыз арасында, онан кейін Перживал шәрінде оқып, ақырында Түркияға кетіп, дәрілмұғалім бітіріп, қайтып келді. Ғиман Түркиядан соғыс алдында ғана қайтып, елінде зор мектеп ашып, жүздеп бала оқытуға һәм қараңғы қырғызды ағартуға кірісіп еді. Өткен жылғы қайғылы оқиғада Сырт деген жерде орыс әскері тірідей ұстап әкетті. Сонан кейін түк дерек жоқ. Мұның өлтірілген жерінде көрушілер болған
Басшыдан жұтап отырған елге Ғышман секілді жігіттің өлімі оңай болған жоқ.
Қасымәлі қажы Мәмбетұлы – Прживаль уезі, Нарын ушаскесінде Шатен елі атақты жұрт иесі сыпаларымыздан Қасымәлі қажы дарға тартылып өлтірілді. Мархұмның өзімен бірге бір ұлы да дарға асылды. Мархұм ұлт қызметінен аянбайтын адам еді. Қажыға барып қайтқаннан кейін жақсы мектеп салдырып, халықтың көзін ашуға кірісіп еді. Түрлі топтарда халыққа пайдалы үгіттер сөйлейтін, жұрт тілін алатын аяулы адам еді.
Асхат Қанағатұлы – мархұм Асхат Пішпек уезінің жігіті, мұны Перживаль уезі, Алақол елінің жерінде ұстап алып, дарға асып өлтірді. Жазықсыз өлген жас ұлан Асхат мархұм әуелі қырғыз ішінде оқып, соңынан Уфадағы медресе Ғалияны бітіріп шығып, ұлт қызметіне кірісті. Атасы
Қанағат қажының салдырған медресесінде төте жолмен оқытып, ғылымға сусаған қырғыз балаларының көзін ашып жүр еді.
Мархұмның сүйегін өз жеріне апарып қоюға орыс рұхсат бермеді. Бостандық болған соң да жүрегі шайылып қалған сорлылар, өздігінен алып кетуден қорқып, Шкапскіден рхұсат сұрағанда, жақыны сұрамаса болмайды деп, тағы тоқтатып қойды. Түнеу күні Алматы прокурорынан мен өзім сұрап едім, уақытында илан қыламын деп ашық жауап бермеді. Міне, біздің жердегі бостандық.
Қанағат қажы Бөкейұлы – бұл кісі машмұр оқиғаның басында тұрып үкіметке қарсы іс істеушінің бірі Қанағат қажы. Алматы абақтысында жатып бостандықтан аз күн бұрын қаза тапты. Ұзын құлақ у беріп өлтіріпті дейді.
Андас Шалұлы – Нұрмамет елінің қырғызы. Июль айында Тоқпақ орыстары ұстап, басын кендір арқанмен байлап, буындырып өлтірген. Екі көзі шарасынан шығып, ағып түскен. Көрген адам бұл хаюандыққа шыдарлық болмаған.
Асылбек Әбікенұлы – Барсоңғыр елінің азаматы. 11-ші ноябрьде Салмауыр деген баласымен барлығы 25 адам өлтірілді.
Ғабдылкерім Майлыбайұлы – Күнбатыс Қаштек елінің азаматы. Жас жігіт жұртқа тоқтау айтамын деп жүргенде нақақтан атылып өлтірілді.
Әліш Дүйсенұлы – ұлтшыл, пікірлі жігіт еді. Өзі газет оқып һәм халық арасынан пайдалы пікір таратушы еді. Атып өлтірілді.
Қалғұл Субатайұлы – Алматы уезі, Шамалған елінің азаматы, дарға асылды.
Ұзақ Сауырықұлы – жаңжал уақытында Қарқарадан ұсталып, Перживальға келіп түрмеге салынып, сонда жатқанда өлтірілді.
Жаңабай – қоңырбөрік елінің азаматы, Перживал абақтысында Ұзақпен бірге жатып өлді. Мархұм жұртқа өнер-білім жайылуына еңбек етіпүгіт айтушы азамат еді.
Жауыз үкіметтің қанды жарлығынан құрбан болған бауырларым, топырақтарың жеңіл, жайларың жанат болсын! Арттарыңда жетім қалған сорлы қырғызға мейірімі жасаған рахым айласын! Көрген пәлеміздің алды-арты осы болсын. Қазақ, қырғыз баласына ғұмырлы абырой, бірлік-береке берсін.
Ишенғали Арабайұлы.
«Қазақ» гезеті, №259, 12 январ, 1917 жыл. 4-бет.
Қысқасы, сол тұстағы қазақ баспасөзі екі жақты көзқарас ұстанды. Біріншіден, патша өкіметінің бұранатана елге жасаған зорлық-зомбылығын жазумен қатар, құғын-сүргін көрген қазықпен қатар өзге де туысқан ұлттардың елдің материалдық және муралдық тұрғыдағы ащы азабын да таңбалап кетті. Демек, қазақ баспсөздері 1916 жылғы ұлт-азаттық күресін басқаша қырынан тануға мүмкіндік берді.
Жалғасы бар...
Қажет Андас