Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Жиенәлі келіні Балжан әжеміздің Ырғыз қырғыны туралы естелігі: Менің әжем сол көтеріліске қатысқан сарбаздарға тамақ-қымыз тасып, азық жеткізушілердің ішінде болған. Ол кісінің айтуы бойынша ел толқып, қиналған азаматтар үш рет келіп көтеріліске басшылық жаса деп, сол кездегі елдің басшы ақсақалы Түменбайға өтініш айтса керек. Хан ата екі рет «болмайды, елді босқа дүрліктірмейік, қырып аламыз, бала-шағаға обал болады» десе керек, келісім бермепті, үшінші келгендерінде көніпті. Әжем айтып отыратын мынандай өлең жолдарының ұзын-ырғағы есімде қалыпты:
Аманкөл-Тоқа үш болыс,
Жігіттері жиылдың.
Қарсымыз деп орысқа,
Қол баста деп қиылдың.
Бабаның жолы ақ дедің,
Аққа құдай жақ дедің.
Елге бәле келгенде,
Шығатын жолын тап дедің, – деп басталатын,
…………………………………
Орыс оғын боратты
Азаптады көп атты.
Қарусыз қалың жайсаңды,
Шапқан шөптей құлатты.
Әрі қарай көтеріліс жеңілгенде, кейбір шет қалғандарға айтқаны:
Қымыз ішіп күмпілдеп,
Көйлегіңе сыймадың.
Сары орыс қарсы келгенде,
Жаныңды жауға қимадың…
Тағы осылай жалғаса береді.
Осы соғысқа біздің әулеттің жігіттері тегіс қатысыпты. Олай дейтінім, ер жігіттердің қырық бес жасқа дейінгілерінің бәрі тегіс әскерге алыныпты, тек бір әулеттен жалғызбасты және науқастары ғана сарбазға бармапты, бірақ олар да бүкіл елдің малын бағып, ағайынның шаруасын істепті. Іштерінде өз еріктерімен жүрген жасы үлкен кісілер де кездескен. Мысалы, хан сайланған Түменбай сол кезде алпыстар шамасында екен. Өзі өте ірі, әжемнің айтуынша, өзіне сай ірі сарыала атқа мініп жүреді екен. Түменбай елге де, үкіметке де белгілі адам екен, ел сарбаз жинауды бастағанда бәрін тәртіппен өткізуге тырысыпты. Елдегі өзі секілді беделді адамдармен қайта-қайта жиналыс өткізіп, басшыларын белгілепті, әскер тәртібін Әйменнің Сыдығы деген оқыған азамат қолға алыпты. Әр жерде көтерілген ел кеңес қызметкерлерін тұтқындап, кей жерде шектен шыққандарын жазаламақ болыпты. Сонда Түменбай бастаған басшылар тұтқындарды өлтіртпепті, «ағайын ұрысса да өлімге қимайды» дейді екен. Мысалы, Жайсаңбай басында 14-15 адам кепілге беріліпті, оларды елден шығармай ұстапты. Ал он шақты белсенді не болса да елмен бірге боламыз деп, халық жағына шығыпты. Ел өзіміз халық үкіметін құрамыз дейді екен. Әжем көтерілісшілердің қырылғанын, Хан атаның жау қолынан қаза болып қалай жерленгенін айтушы еді.
«Ел іші дүмпу. Әңгіме көп. Торғай, Шалқар жағынан әскер шығыпты деген гу-гу естіледі. Біз ауылда едік, сол күні мені тамақ дайындауға қалдырған. Үй шаруасымен жүргенмін. Есіме түссе қазірге дейін қорқамын, бір кезде хан ата үйі жақтан тым зарлы, тым ащы дауыс естілді. Ел болып тұра жүгірдік. Есіміз шығып келсек, атаның сарыала аты қан-қан болып ауылға келіпті. Өз көзіммен көрдім, үлкен сарыала аттың мінер жағы жалынан аққан қан бақайына дейін жетіпті, әлі күнге дейін есіме түссе денем түршігеді. Ауылдағы көбі әйелдер, қалған бала-шаға уда-шу болып қалды. Келесі күні ақсақалдар хан ата денесін де алып келді, сүйекті көрген кісілер атаны қылышпен кескілеген екен деп те айтып келді. Мылтық, пулемет атылып жұрт қашқанда ол намазын оқып тұра берген екен деген сөздер де айтылды. Әйелдер, ел болып жоқтау айттық. Басшысынан айырылған елге екі күннен кейін әскер келіп, атаның баласын аманатқа алып кетіпті. Айтқандары, жер көрсететін адам керек дейді, Таранның отрядына қосыламыз депті. Бір-екі ақсақал «бізді ал, жол білеміз, бала жас қой, қалсын» деген екен, оған көнбепті. Ақсақалдар оны аманатқа алғаны, енді тағы ел көтерілсе оны өлтіреді деп ұйғарым жасады. Мен сүйектерді жинасқандарға – қабіршілерге тамақ апарып бердім, бүкіл жота қанға толғанын көзіммен көрдім. Көп адамдардың мәйіттерін бір жерге қойыпты. Бұндай сұмдықты Алла енді ешкімге көрсетпесін. Бірақ әскер кеткен соң ел басылмады, дауылды күндей шулады. Кейін ханның баласын ұрып-қинап, түрмеге салыпты дегенді есіттім. Содан елден береке кетті, жұрт шулап көшпек болды. Бірақ жазалаушылар көшкендерді ұстап, бетке ұстар азаматтарын соттап жатты. Бәрібір ағылған су секілді, көшем деушілерді бөгеу мүмкін емес еді. Жұрттың жарты бөлігі көшіп кетті, кейбірі Жаманқала жаққа (Орск) орыс асты дегенді естідік. Әсіресе әулетінде жарақаттанушылары барлары көп қозғалды. Біздің аталар әулетін аңдушылар көп болды, кара күзге дейін қозғала алмадық. Жаз бойы және күзде жазалаушылар жиі өтіп жүрді, олар «панды» қуып жүрміз дейді, олары көшушілерді қуғандары. Әр өткен сайын бір бөлек малды айдап кетеді. Жергілікті халықпен дұрыс сөйлеспейді, бас салып айғайлайды. Сондағы айтатындары, «сендер бандының жақтасысыңдар, оларды тығып отырсыңдар» дейді. Біз қолдағы малдың көбін жасырып, бөлек бағып көшуге даярланып жүргенбіз. Бір күні көрші үйдегі құрдастың (Мұңайтпас баласы Сыдықтың) келіншегі таңсәріден толғақ қысып, абыр-сабыр болып жатқанбыз. Түс ауа бір кезде «Ойбай, әтірат келіп қалды!» деген айғай шықты, жас жігіттерді кейіндеу ұстап отырғанбыз, үйде ылғи қатын-қалаш еді. Біздің жастауларымыз қорыққаннан жас келін босанып жатқан үйге кіріп кеттік. Мен солармен бірге едім, қатты қорықтық. Бір кезде ағаш үйдің есігінен бинтовканың пышағын тығып, біреу: «Кім бар, тез шығыңдар» деді. Енем бастап бәріміз шықтық, келгендер жиырма шақты атты әтрат екен.Бәрі жалтыраған белдік таққан жас адамдар екен. Енем: «Қазақ екенсіңдер, құдайға қараңдар, мына жерде жас келін босанып жатыр, щошытпаңдар» деді. Бастығы бір иманжүзді жас жігіт екен, аты Нұрғали деген Байұлы еліненмін депті. «Біз пандыны қуған әтратпыз, сендерге тимейміз, сусын беріңдер, біз Қарақұмға банды қуып барамыз. Олар мылтықпен қаруланған мергендер, осыдан аман-сау қаламын ба білмеймін, мына қатын ер бала туса атын Нұрғали қойыңдар» деді. Сонда келін босанып Нұрғали ағаң туып еді».(Сол Нұрғали Сыдықов ағамыз елге белгілі мұғалім болды, 2016 жылы Қарашатауда қайтыс болды, бейіті сол жерде, ұрпақтары Ақтөбеде тұрады). Бір күні ала таңда біз де көштік, ертеде ел жүрген жолмен емес, бір қиғаш-қиғаш жолмен жүрдік.Біз әйелдер көш жолын толық білмейміз ғой, бірақ бұрын жолшыбай тоқтайтын жерлер белгілі еді, бұл жолы жүрген жолдарымыз ыңғайсыздау болды. Енемізден сұрасақ, біз қуғын келе ме деп бір айналма жолға түсіппіз. Ол кісілер де аллалап күрсіне береді, көш өте ауыр болды, мал екеш малға дейін басқа жол болғасын ба, әлде бірнәрсені сезді ме, бытырап созыла берді. Тіпті бір өткелдерде мұзға түспей атты айдаушыларды қатты қинады. Сонда енеміздің мал жарықтық енді келмейтінін сезіп тұр-ау деп көзіне жас алғаны есімде. Елдің қабағы қатулы, бұрын көште жастар жарқылдап, үлкендер қауқылдасып жататын, ал біздің көшіміз бетін, әрмән қылсын, қаралы көшке ұқсады. Біз көбіне қараңғылықта жылжып, күндіз демалып, ұзақ жүрдік. Бір кезде дарияға жеттік, тағы да малды арғы жағаға шығару мұң болды, көкала көк мұз жігіттер киіз төсеп, құм шашып шаққа өттік. Сол күні тоқтаған жерде артымыздан Шырақ (Жәшік Елубаев – сол кездегі Ырғыздағы ауатком қызметкері) жіберген хабаршы жетті, ол жақсы хабар әкеліпті. Жәкең ақсақалдарға қайтсын деген хабар жіберіпті, өкімет мінапас (манифест деген болса керек) жариялапты, көтерісшілерге кешірім жасалыпты. Сталиннің өзі отырықшылықтандыруда асыра сілтеу болыпты депті. Елге комиссия келетін болыпты, оның ішіне жергілікті адамдар да кіретін болыпты, енді мал жинау, қудалау болмайды екен. Ақсақалдар екі күн ойланып қайтамыз деп шешті. Біз елге қайттық. Бірақ елге қайтқанмен халыққа тыныштық болмады, жиі-жиі тексерушілер келіп, жұрттың мазасын алды. Елдің көбінің малы ортаға салынды, бір жерде отырып жан-жақтан құралған малды бағу да оңай болмады, басқарушылар да жиі ауысып жиналған мал жарты жылда күрт азайды. Егіні жоқ ел малы болмаған соң азды, аштыққа ұшырады. Тіпті кей жерлерде отырықшылықты таратып жіберіп жатты, ондайда аман қалған бірлі-жарым мал қайтарылатын. Ел бытырап, жаяу-жалпы беті ауған жағына көше бастады, аш халықты ұстап тұруға ешкімнің шамасы келмей қалды. 1933 жылы біз де үлкендердің айтуымен Ақтасты деген жерге көштік, бұл сол кезде аудандық жер бөлімінде жұмыс істеген Шырақ бастаған басшылардың ұйғарымы екен. Біз алғашқы лекпен жеттік, көшуге шамасы жетпей қалғандар көп болды, ұмытпасам олар келесі жылға дейін көшті. Біздер алғашқыда бұл жерден ауған жағалбайлылар тастап кеткен зілмәнкеге орналастық. Біз азғантай қолдағы малды жеткіздік. Басында әрбір әулет бөлек қоныстанды, ірілері колхоз болды, кішіректері бөлімшелер болды. Есімде қалғаны кіші атам үйіндегі енем (Бәлшей әже) кейінгі келгендерге үй дайындатып, ас қамдатып қамқорлық жасап жүретін. Сондай адамдардың арқасында көптеген қиналып шаққа жеткен адамдар қатарға қосылып кетті. Шамамен 1933 жылдан егін еге бастадық, құдай қарасып бірінші жылдан егін бітік шығып, көп көмек берді. Бірнеше жыл егінді көбейтіп, мал басын өсіріп елдің есі кіре бастады, бірақ көп өтпей тағы да өкілдер келіп, тексерушілер де көбейді. Ана жерде, мына жерде ананы тағы алып кетіпті деген әңгімелер көбейе бастады, милиция жиі келіп кәмпескеге ұшырағандардың үйін тінтетін. Біздің әулеттен де Молда қайнағаны (Ашықбай молда) бір күнде ұстап кетті, айдап әкеткен өзімізге қарасты бір ағайынның баласы. Тағы бір көріп шошынған сұмдығым, өзіміздің ағайын азаматтың мәйітін Т. деген біздің елдің баласы – милиционер жігіт «қашқан бандыны ұстадым» деп, арбаға салып алып келгені. Бүкіл ауылдан ешкім бір ауыз сөз айта алмағанда, Еркем деген жас әйел милицияны қарғап зарлады. Сөйтіп, туысты туыстың өлтіргенін, бауырдың бауырға қарсы шыққанын да көрдік. Бұл жағдай үлкен қантөгіс басталғанға дейін созылды.
Мен әжем айтқандай кешірім жасалған құжат бар ма екен деп іздендім, таба алмадым. Бірақ Сталин айтты деген сөзге негіз болуы мүмкін бір құжат кезіктірдім. Ол 1930 жылы наурыздың 2 жұлдызында «Правда» газетінде жарияланған ВКП (б) Орталық Комитетінің Бас хатшысы Сталиннің «Головокружение от успехов» деген мақаласы. Ол мақалада қазақ жеріндегі кәмпескеге байланысты мынандай үзінді бар:
«…Или возьмём некоторые районы Туркестана, где благоприятных условий для немедленной организации колхозов ещё меньше, чем в северных областях потребительской полосы. Известно, что в ряде районов Туркестана были уже попытки «догнать и перегнать» передовые районы СССР путём угрозы военной силой, путём угрозы лишить поливной воды и промтоваров тех крестьян, которые не хотят пока что идти в колхозы. Что может быть общего между этой «политикой» унтера Пришибеева и политикой партии, опирающейся на добровольность и учёт местных особенностей в деле колхозного строительства? Ясно, что между ними нет и не может быть ничего общего. Кому нужны эти искривления, это чиновничье декретирование колхозного движения, эти недостойные угрозы по отношению к крестьянам? Никому, кроме наших врагов!».
Елдің басына туған осы бір зобалаңды сол кездегі ел басқарушылар да мойындаған екен.
Мыңжасар Айсауытов,
зейнеткер, техника ғылымының кандидаты
АҚТӨБЕ