Арман Әлменбет. Нағыз батырлық

Oinet.kz 07-09-2020 910

Арман Әлменбет.jpg

Үйге ағамның Бекен деген досы келді. Жасы елу бесте.

Күтіп алып, үйге ертіп келдім. Не көліктен түскенде, не үйге кірерде темекі тартқан жоқ. Бұ кісілердің қатары міндетті түрде сөйтетін сияқты еді.

Шай-пай ішіп жайланған соң:

- Темекі тартпайсыз-ау дейм? - деп сұрадым ақырын ғана.

- Қойып кеттім, - деді Бекен көке. - Екі жыл болды.

- Қашаннан тартушы едіңіз?

- Сегізінші кластан бастап тартқанмын.

- Мәссаған.

- Бекер шығындалып, бекер денсаулықты құртып жүріппіз ғой. Рахат екен.

- Қалай қойдыңыз сонда?

- Екі жыл бұрын Сәтбайдан Қарағандыға - ұлдың қолына көшетін болдым ғой. Со кезде әй, ертең ана жақта немерелер бар, қалай болады деп ойландым. Мына жақта жарайды, екеуден екеу. Емін-еркін. Содан балконда оңаша отырып, енді қояйыншы деп өз-өзіме уәде бердім. Қатарынан үш штукты тарттым да, осымен болды дедім. Бірақ ешкімге айтқан жоқпын. Бір қалтама сағыз, бір қалтама ұсақтап-ұсақтап құрт, тағы бір қалтама кәмпит толтырып алдым. Күніне екі пәшкіні бітіріп, үшіншісін бастап жүрген адаммын ғой, ә дегенде қиын болды. Тартқың келеді. Сол кезде сағыз, құрт, кәмпит - біреуін аузыма сап жіберем. Ылғи кәмпит жеуге болмайды, тіске зиян, құртты да көп жей алмайсың. Сосын солай араластырдым. Ақырын-ақырын басылды. Қалта да босады.

Елдің бәрі, тіпті үйдегі тәтең де сенбей қойды. Сыртқа шыққанда ғана тартып жүрген шығарсың дейді. Өзімді өзім алдап не көрініпті деймін.

Міне, екі жыл болды. Сенбі-жексенбі күндері сыртқа шығып жүгіремін. Сосын жаттығу жасаймын. Үйдің артында аллея, спорт алаңы бар. Басқа күндері енді немерені балабақшаға апарасың, жұмыс бар, үлгермейсің ғой.

Баяғыда бір батыр айтыпты ғой, жекпе-жекке шығу, қанды-қырғын соғыс дегендер жай, ең үлкен екі батырлығым, біреуі аузыма кірген жыланды басын шайнап өлтіргенім, екіншісі ешкі қотыр болғанда қасынбай, шыдағаным деп. Нағыз батырлық адамның өз-өзіне ие болуы деп отыр ғой ол жерде...

Бауырым. Бауырлар туралы эссе
Сүлеймен патша мен жағымпаз уәзір
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу