Shiza шымкеттіктерден кешірім сұрады
20-06-2022
Өнер саласында жүргеніне болмаса да Заттыбек Көпбосынұлы үлкен сахнаға шығып, әнші ретінде танылғаны бертінде ғана. Оңтүстіктің атын шығарып, абыройын асырып жүрген әнші әсіресе «Ақмаржан» әнімен танымал. Халық арасында айрықша сұранысқа ие болған бұл туындыны әлі күнге дейін той-томалақтардан жиі естиміз. Дегенмен, Заттыбектің шығармашылығында басқа да жаңалықтар аз емес. Жуырда шырайлы Шымкенттен Алматыға қоныстанған әншімен тілдесудің сәті түсті.
- Жуырда жаңадан шыққан ән жинағыңыз көпшілікке жол тартты. Осы жайлы кеңірек айтып берсеңіз.
- Бұл «Еркенің» алғашқы жұмысы болғандықтан, маған қызық болды. Еркін Сартаев «шығарып көрейік» деп ұсыныс білдірген соң көп ойланып жатпадым. Себебі қазіргі күні әншілерден рұқсат сұрамай-ақ қарақшылық жолмен ән жинақтарын шығарып жатқан студиялар көп. Жаңа дүниемді «Менің мектебім» деп атадым. Әр адамның есінде балалық шағы мен мектептегі күндері мәңгілік жатталып қалады ғой. Зымыраған уақытта шек бар ма?! Алтын ұядан ұшқанымызға да көзді-ашып жұмғанша, міне, жиырма жыл болыпты. Ән жинақтың маған ғана емес, замандастарыма ой тастайтын дүние болар деген сенімдемін.
- Алтын ұя демекші, мектепте сіз қандай оқушы болдыңыз?
- Әкем мұғалім болған соң ба, бала тәрбиесіне қатал болды. Биолог болғанымен бастауыш сыныпқа сабақ берді. Сондықтан тәртіпсіз оқушылардың қатарынан көрінген жоқпын. Жақсы оқыдым. Қоғамдық жұмыстарға атсалысып, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, мектеп ішілік, аудандық шараларға белсене араласып жүретінмін. Біздің заманымыздағы мұғалімнің беделі өте жоғары еді. Олардың айтқаны – оқушы үшін бұлжымас заң. Үлкенге қарсы келу деген болған емес. Тіпті сабақ оқымағанымыз үшін мұғалімнен таяқ та жейтінбіз. Оның ұрысқанын, жазалағанын айтып барсаң, ата-анаң өзіңе ұрысатын: “Өзіңе де сол керек” - деп. Соның өзі қандай тәлім-тәрбие! Одан ұтпасақ, ұтылғанымыз жоқ. Есесіне бүгінгі ұстаздың дәрменсіздігіне жаның ашиды. Ал балалардың тәрбиесі тіптен басқа. Бәлкім қоғамдағы өзгерістер оқушының психологиясына әсер ететін шығар. Баласын еркіне жіберіп, тәртібіне жеңіл қараған ата-ана соңында өзі опық жейді.
- Шығармашылығыңызда “Ақмаржан” әнінің алар орны ерекше. Көпшілікке негізінен осы ән арқылы танылғаныңыз жасырын емес, Бұл әнді өз жүрек қалауыңызбен таңдадыңыз ба?
-Шынымды айтсам,осы ән мені танытады» деген ой үш ұйықтасам да түсіме кіріп шықпапты. “Ақмаржанды” халықтың жүрегінен кездейсоқ жол тапқан ән деп есептеймін. Әнін өзім жаздым, мәтіні - жазушылар одағының мүшесі, ақын Баян Бекетованікі. Поэзия оқығанды жаным сүйеді. Бірде сол кісінің «Үмітім менің» деген өлең жинағын оқығанмын. Содан өлеңнің мәтіні ұнап, аяқ астынан әуені келді. Көбі оның сөзін дұрыс түсінбей, күрішке қатысы бар деп ойлайды. Оның қызға да, күрішке де ешқандай қатысы жоқ.
- Тыңдарман әндеріңіздің бәрін жылы қабылдайды. Сіздің ән жазатын сазгерлігіңіз де бар. Репертуарыңызды қалай таңдайсыз?
- Репертуарды өзім таңдаймын. Ән өңдеушілердің де көмегі зор. Бақытжан Ауданбаев, Батырхан Дәуренбеков, Ержан Серікбав сынды сазгерлермен, жас ақындар Біржан Байтуов, Шынберген Сүлейменовпен шығармашылық байланыстамын. Мен алдымен мәтінге қарап ән шығарамын. Ал заманауи әуендерді әнді өңдеу барысында жасауға болады. Әнді айына жазатын соншалықты ізденімпаз адам емеспін. Жылына төрт бес әнді жарыққа шығарамын. Ән сұрайтындар да, ән жазып беріңізші деп өтініш жасайтындар көп. Кейде әнімді есітіп, «мына әніңізді маған берші» деп, қалап алатындар да бар.
- Өнерге алғашқы қадамыңыз “Шаншардан” басталған екен. Сонда сіздің әншіліктен бөлек әртістік қабілетіңіз де бар ма?
- «Шаншарда» 1998-99 жылдары Уәлибек Әбдіраймовпен бірге шағын эпизодтарда ойнадым. Домбырамен терме, күй орындайтынмын. Кейін мектепте музыка пәнінен мұғалім болып, дәріс бердім. 2007 жылы “Ақмаржан” жарық көріп, көпшілікке таныла бастады. Сөйтіп ел мен туралы сұрастыра бастады. Ббұл маған Алланың берген мүмкіндігі шығар деп ойлаймын. Әйтпесе, қаншама жақсы әншілер мықты әндер шығарып жатыр. Әдемі, әсерлі орындайтын әншілеріміз де жетерлік. Үлкен сахнаға кеш шықсам да өкінбеймін. Еңбегім текке кеткен жоқ.
-«Ғашық жүрек» фильміне түскен екенсіз. Фильмдегі кейіпкерлердің басым бөлігі өз бейнесін сомдаған секілді. Бұл рас па?
- Негізінен сол эпизод әзіл-қалжыңға құрылған сияқты. «Сонша әншінің арасында сенің әнің 8 рет тыңдалуы, экранға қайта-қайта шығарғаны қалай?», деп сұрағандар болды. Біреулер әніңді халыққа жеткізе алғаның ғой десе, біреулер сенің әніңді жақтырмаған шығар дейді. Өмірде сегіз рет болмаса да, жаңа әндерімді екі-үш мәрте тыңдайтын тыңдармандарымның бар екенін білемін. Эпизодта өз бейнемді ойнадым деп есептеймін. Арманым - бала кезімнен театр әртісі болу еді. Сол арманымнан алыс кеттім деп ойламаймын. Бірақ менен театр әртісі мен актер шықпайтын тәрізді. Бұдан бұрын «Еларнамен» бірге түсірген кинофильмге осындай эпизод берген болатын. Режиссердің талап еткен нәрсесін ойнай алмадым. Сондықтан киноға да анау айтқандай түсуге аса құштар емеспін.
- Жуырда Алматыға қоныс аударыпсыз. Шымқала сағындырған жоқ па?
- Өскен ортаңнан жырақ кету кімге де болсын, оңай тимейді. Бір түрлі елегізіп, іздеп тұрады екенсің. Әсем қала Алматыда араласатын достарым, әріптестерім жетерлік. Сонда да Оңтүстікке қарай бүйрегім бұрып тұрады. Шымкенттегі ағайын, достарым қуанышына жиі шақырып тұрады. Сондықтан хабар келсе, дереу жолға жиналамын.
Oinet.kz мұрағатынан