Сұлтанбек Қожанов пен Салықбай бастаған ерлердің тәуелсіздік жолындағы ерлік істері

Oinet.kz 05-09-2020 1391

Сұлтанбек Қожанов.jpg

Кезінде «Бай-құлақтар мен дiнбасыларының кеңес өкiметiне қарсы контрреволюциялық қарулы көтерiлiсi» ретiнде сипатталып келген 1930 жылғы ақпанның 7–16 аралығында болған Созақ қасiретiнде халық қаны қисапсыз көп төгiлдi.

Бұл зобалаң, нәубеттiң шығу себебi – Қазақ өлкелiк партия комитетiне 1925-1931 жылдары жетекшiлiк еткен Ф.Голощекин елдi «мейлiнше кысқа мерзiм iшiнде отырықшылыққа көшiрудi» бұйырады. Мiне, осыдан барып, жаппай басталған колхоздастыру iсiнде бұрмалаушылықтар, асырасiлтеушiлiктер жер-жердегi сияқты Созақ ауданында да орын алды. «Асыра сiлтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын!» деген ұранды бетке ұстағандар ұжымдастыру ісінің басты талаптарын өрескел бұзып, халықтың қолындағы сауын және ұсақ малын сыпырып алып, бәрін ортақтастыруға салды. Ауданның жергiлiктi ерекшелiгiн ескермеуден, теңгермешілдіктен жаппай асырасiлтеушiлiк орын алды. Ұжымдастырудың салқыны бейбiт елге ауыр тидi. Ұжымшарға күштеп енгiзiлгендер тақыр кедейшiлiкке ұшырап, аштықтың зардабын тартты. Ауыл шаруашылығы салығын төлей алмағандардың мал-мүлкi тәркiленiп, Созақтың абақтысына жабылды. Билiктiң қолдауына ие болған жергiлiктi сауатсыз шолақ белсендiлер тарапынан жастарды «Қызыл отауға» күштеп алып бару, қыз-қырқын, келiншектерге көз салу, зорлық-зомбылық жасау сияқты өрескел iстер де болмай қалған жоқ.

Ауыл-ауылдан «колхозға бiрiкпеймiз!» деген наразылық сөздер естiле бастады. Он екiншi ауылда билiктен, шолақ белсендiлерден зәбiр-жапа көргендер бас қосып, зорлық-зомбылыққа қарсы бiрiгуге, наразылық бiлдiруге сөз байласты. Мойынқұмды қыстап отырған ауылдар бас қосып, кеңес құрды. Олардың жергiлiктi билiк орындарымен бейбiт келiсiмге келу жөнiндегi әрекеттерiнен еш нәтиже шықпады. Езiлген халық бас көтерерлерiнiң кезектi жиынында Сұлтанбек Шалақұлын басшы етiп сайлады, хан көтерді. Имамдыққа – Ыбырайымұлы Асадулла, бас уәзiрлiкке – Шылманбетұлы Сағындық, қазылыққа – Әлiпбайұлы Иманбек, бас сардарлыққа – атақты мерген Аралбайұлы Салықбай, өзге де сенiмдi адамдарды бекiттi. «Халықтың жаппай наразылығы көршi Сарысу, Түркiстан, Қызылорда, өзге де жерлерде бiр мезгiлде бой көтередi» деген келiсiм болып, ол жақтағылармен де байланыс орнатылды. Сұлтанбек хан бастаған топ көтерiлiске алдын-ала дайындық жасады. Ауыл-ауылдан жасақ дайындалып, қолға iлiккен айыр, орақ, найза, балта, iшiнара шитi мылтықпен қаруланды, көтерілісшілер ат-түйемен қамтылды. Кеңесшi-үгiтшiлерi арқылы ислам дiнiн уағыздап, Алла тағаланың ақ жолын дiннен безгендерден қорғауға үндедi. Ақпанның ақшұнақ аязында қасиеттi Рамазан айының соңғы күнi, ораза айттың алғашқы жұмасында таң намазынан соң бес жүзден астам көтерілісші қолдарына ақ ту алып, «Алла! Алла!» деп ұран тастап, Созақ қыстағына қарай қаптады. Көтерiлiстiң «Аллаһу» деп аталуының бір сыры осында болса, екінші бір сыры «һу» сөзі Алланың 99 сипатының бірін білдіреді. Демек, көтерілістің өзіне лайық идеологиясы болғаны ғой. Жылы киiмiнiң iшiнен денесiн кебiнмен орап, ақ өлiмге бас тiгiп шыққан естияр жандар да болды. Сол кезде алдын-ала келісілген уәде бойынша Мойынқұмның өзге өңiрiнен, тау жақтан, Созақ қыстағының өзiнен билiктегiлер мен шолақ белсендiлерге өшiгiп жүргендер қосылып, көше-көше адамға толып кеттi. Бас көтергендер алғашқы екпiнмен аудан, мекеме басшыларын, милиция қызметкерлерiн – барлығы он сегiз адамды, қолға түсiрiп, азаптады. Қарапайым халық өкiлдерi оларды таспен, күрекпен соғып, тепкiлеп өлтiрдi. Шаш қойғандарды аязды күні шаштарын ұстарамен алды. Кеңселердегі барлық қағазды өртедi. Қойма, дүкендегi дүние-мүлiк, азық-түлiктi талап алып, милиция бөлiмi мен әскери комиссариаттағы қаруды қолға түсiрдi. Қыстақты басып алған Сұлтанбек ханның штабы ақпанның 7-16-сы аралығында жұмыс iстеп, жалпы саны 2384 сарбазды бiрiктiрді деген дерек бар. Суық қару дайындайтын ұстахана ашып, оқ-дәрiмен атылатын мылтықтарды жөндеген. Көп кешікпей жазалаушы отрядтың келiп жететiнiн көтерiлiсшiлер білмеді емес, білді. Қарулы отрядтан қорғану мақсатында Қаратаудың Суындық және Балықшы асуына бекiнiс орнатты. Балықшы асуында Салықбайдың мергендер тобы қызыл әскерлермен атысып, бiразын шығынға ұшыратып, қалғанын керi шегiндiрдi. Сұлтанбек хан сарбаздарымен Қоғашықта Түркiстаннан шыққан Исаевтың отрядымен бетпе-бет кездестi. Жазалаушы отряд тау-тасқа бекiнiп алған сарбаздарды оңай ала алмады. Исаевтың әскерiне Қызылордадан Поляковтың, Ташкенттегi әскери училищеден Малышев бастаған 500 курсант төрт зеңбiрегiмен, Алматыдан Ақаевтың кавалерлер эскадроны келiп қосылды. Мәскеуден шыққан бронды пойыз Жаңақорғанға келiп аялдады. Шымкенттен Андреев басқарған, мықты әскери дайындықтан өткен, пулемет, зеңбiрекпен қаруланған отряд қарулы күшке келiп қосылып, шоқпар, айыр, шитi мылтықпен қаруланған дала қазақтарын ә дегеннен тықсырып тастады. Қаратаудың етегіндегі «Тамашейіт» деген жер атауы сол қанды қырғыннан қалған.

Шешушi шайқас Созақ қыстағының «Жаңа базар» төңiрегiнде өттi. Бақайшығына дейiн мұздай қаруланған қызыл отряд жасақтың соңғы тобын жан-жақтан қоршап алып, жойып жіберді. Осы қырғын шайқаста көтерiлiс басшыларының денi оққа ұшты. Дем берушiлерiнен айырылған жасақ бораған оққа табандап қарсы тұра алмай, жеңiлiске ұшырады. «Созақ ауданында 12–16 ақпан аралығында болған соғыста 126 бандит, 16 ақпандағы Созақ қыстағы үшiн болған шайқаста 200 белсендi бандит табанда атылды. Қолға түскен және оперативтi iс-шараларды жүзеге асырудың нәтижесiнде бандиттерi, дем берушiлерi, үгiтшiлерi, сондай-ақ, барлаушылары бар 389 адам тұтқындалды. Бандыны жою барысында хан және оның ұйтқысы болған орталығы талқандалды. Созақ операциясының нәтижесiнде 290 ат, 20 түйе, 150-дей оқ-дәрiмен атылатын қару, 100-шақты суық қару қолға түстi» деп жазылған тарихи құжатта. Ал, шынтуайтында оққа ұшып, ажал құшқандар саны бұдан әлдеқайда көп едi.

Көтерiлiстiң негiзгi ошағын талқандаған соң, жазалаушы отряд күдiктi дегеннiң бәрiн қолға түсiрiп, табан астында атып тастай бердi. Жазалаушы отряд алғашқы қақтығыста өлтірілген аудан прокурорының әр жасына 41 адамды қатар қойып, атып тастайды. Бір оқ қанша адамның денесінен тесіп өтетінін байқау үшін қатар қойып, сынап та көреді.  Орталық мешiттiң төрт жақ терезесiнен пулемет орнатып койып, жұма намазға жиылған елдi үлкен-кiшi демей жусатып салады. Көше кезiп, тiнткiлеп жүрiп күдiктi дегеннiң бәрiн аяусыз атып тастайды. Басы қосылып отырған жандарды күдікті ретінде дуалға қатар қойып ата берген. Өліктерді бірінің үстіне бірін тастаған құдықтың орнында белгі де бар. Ақпанның аязды күнi көшеде қызыл қанға бөккен өлiктердi атарбаға тиеп, қыстақтың шетiндегi Тастақсайға алып барып, тiк жардан құлатады.

Салықбай бастаған аз ғана мергендер тобы Бетпақдалада қолға түседi. Қашып жүрiп, ұрыс салып, бiраз әскер мен милиция қызметкерiн оққа ұшырғанымен «Салықбай мергендi жасырып жүрсiңдер!» деп бейкүнә халықты атып-шауып, қыспаққа ала берген соң мергендер өз еркiмен беріледі. Салықбай мергендi Шымкентке алып келiп, он жылға кесiп, Сiбiрге жер аударады. «Үштiктiң үкiмiмен» Салықбай мерген ату жазасына кесілуі керек еді. Алайда, дене бiтiмiнiң iрiлiгi мен денсаулығының мықтылығы Сталин атындағы «Беломор – Балтық» каналының өңшең сотты болғандардан жасақталған екпiндi құрылысындағы ауыр қара жұмысына лайықты деп танылып, бiр жолға ажалдан аман қалады. Ит тұмсығы батпайтын Байкалдың қалың орманы iшiнде кеңестер елiнiң түкпiр-түкпiрiнен ауыр сот кесiмiн арқалап келген сан мыңдаған жанның қатарында канал қазудың ауыр қара жұмысына жегiледi.

Ақ теңiз бен Онеж көлiн қосатын, ұзындығы 227 шақырымдық аса маңызды халық шаруашылығы жүгiн тасымалдайтын су жолы магистралiнiң құрылысын Сталиннiң өзi қадағалап отырды.

Құралайды көзге атқан мергендiгiнiң арқасында Салықбай ауыр қара жұмыстан босатылып, орман iшiнен аң атып, түрме асханасын етпен қамтамасыз етiп тұрады. «Беломор – Балтық» каналының құрылысы аяқталып, iске қосылған кезде Сталиннiң өзi келiп, Кеңес Одағы Орталық Атқару Комитетiнiң арнайы қаулысы бойынша алпыс мың адамның жазасын өтеу мерзiмi қысқартылады. Салықбай мерген де кесiмдi жазасын алты жылда мерзiмiнен бұрын өтеп, «Беломор – Балтық каналы құрылысына белсене қатысқаны үшiн» медалiн төсiне тағып, туған елi – Созаққа қайтып оралады.

Аудан орталығы – Шолаққорғанның iргесiндегi Жеткiншек елдi мекенiнде колхоз бақшасына қарауыл болып жүргенінде 1937 жылы аудандық iшкi iстер бөлiмiнде iстейтiн туысқаны – милиция қызметкерi ауыл маңындағы қалың шидiң арасына алып барып, атып тастайды. Содан Салықбай мергеннiң сүйегiнiң қайда жатқаны да белгiсiз болып қалады. Мергеннiң әйелi Ұлбала егiз ұл тапқанымен, олар шешектен қайтыс болып кетедi.

1947 жылы «халық жауының» әйелi де «колхозда еңбек күн таппады» деген жаламен шалғайдағы Еврей автономиялы облысының орталығы – Биробиджон қаласына жер аударылады. Адал еңбегiмен көзге түскен Ұлбаланы туған елiне қайтаруға болатынын айтып, хат жолдаған еңбекпен түзеу орнының қатынас қағазына Созақ аудандық прокуратурасы «халық жауының» әйелiн елiне қайтаруға болмайды» деген жауап жазып жiбередi. Сөйтiп, Ұлбаланың да сүйегi жат жерде қалып қояды. Осылайша бiр шаңырақ иелерi iз-түзсiз кетiп, соңынан ұрпақ қалмады. Көтерiлiстен кейiн де оған қатысқандардың жақын-туыстарын, күдiктiлердi тұтқынға алу, тергеусiз атып тастау ұзаққа созылады. Еркiндiктi аңсаған бейкүнә халықтың наразылығы қанды қырғынға, жаппай жазалауға ұшыраған соң, аман қалғандары бас сауғалап, жан-жаққа тарыдай шашылады. Қысқы аязда, жазғы шiлдеде тау-таста, құмда аштыққа ұшырағандар қынадай қырылып жатты. «Кiшi Октябрьден» тоз-тозы шыққан ел «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап, тау асуынан аман өткендерi Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркіменстанға қарай үдере қашты.

Сол қанды көтерiлiстен басталған 1931-1933 жылғы ашаршылықта Созақ елiнiң тең жартысы туған мекенiн тастап кеттi. Аудандық есеп-санақ мекемесiнiң мәлiметiнде 1930 жылдың 1 қаңтарында ауданда 12 мың түтiн болса, 1935 жылдың 1 қаңтарында 2915 үй ғана қалғаны көрсетiлген. 1928 жылғы аудандағы бiр миллион қойдан 7772-сі ғана қалады. Халық сенген партияның қолдан жасаған ашаршылық жылдары аудан халқының тең жартысы қуғын-сүргiнде жүрiп ажал құшты. 1930-1931 жылдары Созақ қыстағына таяу Дуана деген жерде көтерiлiске қатысқандардың жақындарын қамауда ұстаған жазалау лагерi жұмыс iстеді. Ұзына бойы атшаптырым алқапқа орналасқан күркешiктер орны әлi күнге сақталған. Жазалаушылар тұтқындарға белуардан жер қаздырып, төбесiн жаптырып, тар қапаста тұруға мәжбүрлеген. Қақаған аязда, аптап ыстықта көп адам жазалау лагерiнде өлiп кетедi. Ата-бабаларымыздың қаны төгілген қаралы аймақ өрістегі малдың тұяғына басылып, қоршалмастан, белгі де қойылмастан ескерусіз қалып қойған. Өзге елдерде мұндай қанды аймақтар ерлікке тағзым етер тарихи орындар ретінде мемлекеттік тұрғыда ерекше  күтімге алынып, сақталады.

Өкiнiшке қарай, әлi күнге 1930 жылғы ақпандағы елiмiздiң тәуелсiздiгi мен еркiндiгi жолында көп адамның өмiрiн қиған Қазақстандағы ең iрi халық наразылығы – Созақ көтерiлiсi егжей-тегжейлi зерттелiп, тарихтан өзiнiң түкпiлiктi бағасын алған жоқ. Созақ көтерiлiсiнен кейiн партия үшiн бұл шалғай аудан 70 жыл бойы жабық аймаққа айналды. Сырдария округтік партия комитеті «Созақ, Сарысу көтерілісінің сабақтары және алдағы тұрған міндеттер» атты қаулы қабылдайды. Тағдыры ауыр ауданды басқаруға басшы маман 70 жыл бойы сырттан жiберiлдi. Ауданнан өсiп шыққан бiрде-бiр кадр өзге жерге жауапты басшылық қызметтерге жоғарыламады. 1990 жылдың мамыр айында Созақ аудандық тарихи-ағарту ерiктi «Әдiлет» қоғамының алғашқы басқарма жиынында ұзақ жыл облыстық партия активiнде басшылық қызметтер атқарған қаламгер әрi сазгер Мұхамеджан Рүстемов сол кездегi саясаттың, қатаң жүйенiң көбесi сөгiлмей тұрған кездiң өзiнде Созақ көтерiлiсiне әдiлеттi баға беру туралы бастама көтердi. Сол кездегi аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Досыбай Шерiмқұлов қолдау көрсеткен Созақ аудандық тарихи-ағарту ерiктi қоғамының басқарма жиыны: «1930 жылы ақпанда Созақ ауданында болған халық қозғалысына «алашордашылардың, байлар мен ишандардың басшылығымен кеңес өкiметiне қарсы ұйымдастырылған контрреволюциялық қарулы көтерiлiс» деген баға әдiлетсiз, нақақтан-нақақ қазақ халқына жабылған жала деп есептелiп, ол алдағы кезде тарихи құжаттарда Ф.Голощекиннiң Қазақстан ауылдарында өткiзiлген «Кiшi Октябрь» саясатының «мейлiнше қысқа мерзiмде отырықшылыққа көшiру» бұйрығын орындаудың зардабынан елге жасалған озбырлықтан, зорлық-зомбылықтан, қиянаттан, аштықтан шыққан ашынған халықтың қозғалысы» деп тұжырымдалсын» деген қаулы қабылдады. Мұнан соң Шолаққорған ауылында көтерiлiс басшысы Сұлтанбек Шалақовтың есiмi берiлген көшеге мемориалдық тақта орнату рәсiмi болды. Созақ ауылында «Созақ көтерiлiсiне – 70 жыл» атындағы көше атауы берiлдi. Көтерiлiс құрбандарының әруағына Құран бағышталды. Осында келешекте көтерiлiс құрбандарына орнатылатын ескерткiштің тұғыры да құйылды. Ескерткiш жобасын жасауға байқау да жарияланған болатын. Шейiт кеткен ата-баба әруағын құрмет тұту мақсатында еңселi мұнара мен көтерiлiс басшысы Сұлтанбек Шалақовқа ескерткiш орнатуға құлшыныс бiлдiрген, жалпы осы шаруаның басы-қасында жүрген азаматтардың аты-жөндерi де сол жылдары тағдыры ауыр ауданда журналист болып қызмет атқарып жүрген кезiмде қойын дәптерiме жазылып қалыпты. Бiрақ, ел күткен сол мұнара белгi де, ескерткiш те әлi күнге бой көтермедi. Созақ көтерiлiсiнiң бас сардары болған, атақты мерген Салықбай Аралбаев 1937 жылға дейін Жеткіншек елді мекенінде еңбек етіп, өмiр сүрген еді. Сол Жеткiншек елдi мекенiне Салықбай мергеннің есiмiн беру туралы тұрғындардың өтiнiш-тiлегi де орындалмай келедi. Тарихтағы шындық оқиғаға қиянат жасалмасын десек, Шымкенттегі қызыл әскер жауынгерлерi жерленген ескерткiш орнына  Салықбай мергеннiң немесе халық батырларының қолына қару алып, елi мен жерiн қорғауға тастүйiн бекiнiп тұрған жиынтық бейнесiн орнату әділдіктің үлкені болып шығар еді. Амал қанша... Егер осы мәселелер жүзеге асып жатса, бұл қазiргi кезде өмiр сүрiп отырған халқымыз үшiн де, келер ұрпақ үшiн де тарихи әдiлеттiлiктiң салтанат құруының бiр жарқын көрiнiсi болар едi.

Өткен жылдан бастап Шымкентте тұратын кәсіпкер, Сұлтанбек ханның ұрпағы, «Тама-Қарабура» қоғамдық қорының төрағасы Орынбек Ибжанов қанды көтеріліс болған Созақ қыстағының кіреберісіндегі үш гектар жерге, «Созақ қасіреті» мемориалдық кешенінің құрылысын бастаған еді. Болашақ кешеннің айналасы темір шарбақпен қоршалып, екі үлкен қақпа мен бастырма тұрғызылды. Алда мемориалдық кешен ішін абаттандыру мен көгалдандыру, сәндік плиталар төсеу, жиекжол салу, артезиан құдығын қазу, цистерна қою, арықтар қазу, күзетхана мен әжетхана салу, трансформатор орнату, екі жүз адамға лайықталған киіз үй жобасындағы ғимарат тұрғызу, елді жиып ас беру сияқты ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Одан кейін де мемориалдық кешен ішін мазмұнды етіп безендіру, ескерткіш орнату, мұрағат ашу сияқты шаруалар біртіндеп жүзеге асырыла беретін болады. Осындай үлкен шаруаны атқарып шығуға қыруар қаржы қажет екенін, елжанды азамат Орынбек Ибжановтың бір өзінің шамасы келе бермейтінін ескеріп, Созақ көтерілісінде еліміздің тәуелсіздігі үшін шыбын жанын пида еткен ата-бабаларымыздың рухын құрметтеу жолындағы жалпыхалықтық ортақ іске мүмкіндігі бар азаматтардың атсалысуын сұраған болар едік. «Тама-Қарабура» қоғамдық қорының төрағасы Орынбек Ибжановқа хабарласып, (қалта телофоны 87002001955), қажетті мәлімет алуға болатынын еске сала кетуді жөн көрдік.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ, 

Қазақстанның құрметті журналисі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Созақ — Қазақ хандығының тірегі
Мөлдір махаббат. Махаббату туралы өнегелі әңгіме
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу