Мөлдір махаббат. Махаббату туралы өнегелі әңгіме

Oinet.kz 05-09-2020 1188

Махаббат.jpg

Әкем он жетісінде жәрмеңкеге барып, бір қызды көріп қалады. Көк көйлек киіп, шашына көк бау таққан он төрт жастағы бойжеткен. Көрген бетте ғашық болады. Бойжеткен он сегізге толғанша күтеді. Сосын анамды айттырып барып, келісімін алады, той жасайды. Әкем анамды керемет жақсы көретін...

Әке-шешем кедей малшылар еді. Анам сиыр сауатын, үйдің бар тірлігін істейтін, бірақ олар тату-тәтті ғұмыр кешті, әр күніне тәубе дейтін. Өле-өлгенше ұстасқан қолдары айырылмады. Олардың бір-бірін жақсы көруі сондай шынайы болатын. Қарасаң, көз тоймайтын мейірім мен шаттыққа бататын да кететінсің.

Мен кейбір өнегелі отбасыларда кім шай қояды деп дауласатынды көргем. Біздің үйде үнемі "мен қояйын" деп дауласатын. Әкем де, шешем де "мен істей салайынды" айтатын.

Өмірлік серігің сенен артық жауапкершілік алайын деген сайын адам одан да көп жауапкершілік алғысы кеп тұрады екен…

Әке-шешемнің арасында мен бақылап анықтаған ерекше механизм бар. Серігің сенен гөрі аз жауапкершілік алған сайын сен де аздан алуға дағдыланасың. Және керісінше... Кері байланыс бар. Ата-анам үй тірлігіндегі әр істі бір-бірінің қолынан жұлып ап кететін. Мейлі қиын іс, шешілмейтін түйін болса да... Екеуі бір-біріне қызмет еткісі келе беретін.

Әкем таңертең тұрып қырынғанда ән салатын. Анам оған: "Ән салма, ойың бөлінеді ғой!" дейтін. Ол кезде анам мектепке дейінгі білім беретін мекемеде жұмыс істейтін, таң атпай тұрып есеп жазып отырушы еді.

Ал әкем оған: "Мақұл, салмадық, ал, бір күні ән салғаны жақсы еді, ән салса ғой деп армандарсың" дейтін. "Ән салса ғой деп армандарсың" дегені көңіліме жазылып қапты. Қызық, неге дәл осы сәт есімде қалды екен?

Олардың некесі өте бақытты әрі көңілді болды. Екеуінің тілегі мен ниеті бір еді. Дәл осындай некені ешкімнен кездестірмедім. Парасатты, терең болып шектелмей, әр сәт сайын көңілді, күн сайын көз қуантатын некені таба алмадым.

Әр таңымыз әкемнің дұғасынан басталатын. Ол күн сайын Құдайға осындай керемет адал жарға жолықтырғанына, ғажап махаббат пен осындай сиқырлы сыйластықты бергеніне разылығын білдіретін. Біздер, балалары, осынау мөлдір махаббаттың, сыйластықтың аясында өстік.

- Қазір анаң қайда? - деп сұрадым шыдамай.

- Анам он жыл бұрын қайтыс болды.

- Құдайым-ай, әкең қайтті?

- Әкем тірі.

- Анаңнан айырылып, күйзелген шығар?

- Жоқ. Ол күн сайын айырылысудың ауыр салмағы анама емес, өзіне түскені үшін алғыс айтады...

©Лилианна Лунгина

Аударған Шынар Әбілда

Сұлтанбек Қожанов пен Салықбай бастаған ерлердің тәуелсіздік жолындағы ерлік істері
Туған ауыл. Туған жер туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу