Қарға мен бұлбұл туралы тәмсіл
Баяғыда бір қарға бақта қонып отырған бұлбұлдың дауысын естіп қалады. Бүткүл әлем құлақ түрген әсем сазды дауысқа есі кете тыңдайды. Өзі дауыс шығарып көріп еді, өз қандастарынан басқа ешкім құлақ аспайтындай көрінді. Өз дауысынан жеріген қарға бұлбұлдың әсем дауысын үйренбекке бекінеді. Күндіз түні жаттығып талай жылдарын сарп етеді. Ақыр соңында түк шықпасын түсініп, өз дауысымда қала берейін деп шешеді. Енді, қарғаша сайрайын десе өзінің төл дауысын ұмытып қалыпты. Не бұлбұл емес, не қарға емес! Қартайғанда өз қандастарымен қатар тұрұп тілдесе алмаға қарға, ақыры жалғыз қалып құсалықтан өлген екен!
Өзге тілге еліктеп, өз тілінің негізі мен болмысын сақтамаған пенденің жайы да осылай болмақ. Осындайда ақын Мұхтар Шахановтың бір шумақ өлеңі еске түседі:
Аз қайғы ма, талабыңды түсінігің алдаса?..
Мейлі, он тіл, тіпті жүз тіл меңгергенің далбаса,
Өз ұлтыңның тілі менен рухы
Ой санаңа іргетас боп қалмаса.
Айдар Темірбекұлы