«Өзге тілдің бәрін біл...»

Oinet.kz 25-08-2020 535

Screenshot_27.jpg

Мәдениеттің негізі – тіл. Тіл- қатынас құралы. Әлемге көзі ашықтықты үйретуші жетік ресурс. «Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың». Аты әлемге әйгілі, қолжазбалары ғылыми маңызға ие ғалымдардың бәрі зерттеуін көп тілді мәліметтерді оқып, үйреніп барып жариялайтын болған. Мәселен, ғұлама Әбу Насыр Әл-Фараби жетпіске жуық тіл білгені тарихтан белгілі. 

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» – деп ақын Қадыр Мырза Әлі кейінгі буынды көкірегі ояу, көңілі тәуекелге бейім етіп ой салады. Ана тілін анасындай сыйлайтын адам ғана келесі тілді сауатты деңгейде бойына сіңіреді. Елбасы Н. Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін баса айтқан болатын. 

Осыған орай, Түлкібас ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен «Полиглот» аудандық байқауы өтті. Бұл байқаудың мақсаты – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау және қолдау болды. Өзге жастарды көп тіл білуге шақырып, өз тілін құрметтеуді насихаттады. Осы байқауда Әсем Зеева білімділігімен көзге түсіп, бірінші орынға ие болды. Әсем Зеева бұл байқау оның өміріне серпіліс алып келгенін, әлемді тануға деген қызығушылығы оянғанын айтты. Ал, байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, руханият саласына тер төгер мамандардың көп тіл білуі мемлекет азаматтарын жаһандану үдерісіне ілесуге баулиды. Шекспирді ағылшынша, Пушкинді орысша оқи білген есті оқырманнан қоғамда белсенді адам тұлғасын көруге болады. Ауданда тіл үйренуге ұмтылған жастар қатары артып, білімді жастар шоғыры ұлғаюда.


Төле би ауданында Абай аллеясы салынуда
Қазығұртта тындырымды тірлік көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу