Өзағамдар Сабыр Рахимовтың атын өшіріп жатыр

Oinet.kz 11-11-2010 1098

Screenshot_6.jpg

Ала тақиялы ағайындар қазақпен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан ел. Өзбекпен түбіміз бір, дініміз бір, тарихымыз бір. Тіпті, Алпамыс сияқты батырымыз да ортақ. Бірақ, ұлты қазақ,  тағдырдың жазуымен Ташкентте туған генерал, Кеңес Одағының батыры  Сабыр Рахимов қазақ пен өзбекке ортақ тұлға бола алмайтын сияқты. Осы аптада Өзбекстан билігі Ташкенттегі Сабыр Рахимовтың атымен аталатын метрополитен станциясының атын «Олмазор» (Алма бағы) деген атаумен алмастырды. «Олмазор» осы станцияға таяу жерде жатқан бір маххаленің атынан алынғанға ұқсайды. Осылайша өзағамдар осы уақытқа дейін өзбектен шыққан тұңғыш генерал деп әспеттеп келген Сабыр Рахимовты қазақтарға біржолата меншіктеп берді. Ұзақ уақыттан бері жасырылып келген тарихи шындықты мойындады. Мұны басқаша қалай түсінерсің? 

 Сабыр Рахимов 1902 жылы Ташкентте туылған. Жетімдіктің тауқыметін тартқан батырдың балалық шағы жалшылықта өткен. Ұлы Отан соғысын ол майор шенінде, Белоруссия жерінен бастаған. Соғыста бірнеше рет ауыр жараланса да саптан шықпаған қайсар қазаққа 1943 жылы генерал шені берілді. 1945 жылы 37-ші гвардиялық дивизияның жетекшісі ретінде Сабыр Рахимов Польшаны азат етуде ерен ерлік көрсеткен. Осындай жаужүректігі үшін оны кезінде Сталиннің өзі «темір генерал» деп атаған екен.  Даңқты генерал Жеңіске санаулы уақыт қалғанда, 1945 жылдың 26-наурызында поляк даласында ауыр жараланып, қайтыс болған. Сүйегі Ташкентте жерленген. Сабыр Рахимовқа Кеңес Одағының Батыры 1965 жылы берілген. Сонымен ол Ленин, Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Суворов, ІІ дәрежелі Кутузов, Қызыл Жұлдыз ордендерінің және басқа көптеген медальдардың иегері.

Алпысыншы жылдары қазақ ғалымдарының зерттеуінен кейін өзбектен қазаққа айналған әл-Фараби бабамыз сияқты Сабыр батырдың қазаққа оралуы кешегі өткеніміз жанып, өлгеніміз тірілген заманда жүзеге асты. Оны даусыз дәлелдеген батырдың жары Құралай апай еді. 

Жалпы, ұлттың ұлы тұлғаларын әспеттеуге келгенде  өзағамдардан үлгі алар тұсымыз көп екен. Олар  «өзбектен шыққан тұңғыш генералға» осы уақытқа дейін керемет құрмет көрсетіп келіпті. Батырдың басына зәулім ескерткіш,  сонымен бірге Ташкент пен Самарқан қалаларында тағы үш бірдей ескерткіш орнатса, оның атын Ташкенттегі бір ауданға, көшеге, мектепке, Ұлттық университеттің жанындағы академиялық лицейге, метрополитен станциясына, кинотеатрға, елді мекенге беріп, 1967 жылы ол туралы көркем фильм түсіріпті. Кейбір ақпарат құралдарының жазуына қарағанда,  метрополитен станциясының  соңынан Сабыр Рахимовтың атын иеленген нысандардың барлығының аты ауыстырылып, оған қойылған ескерткіш орнынан алынатынға ұқсайды. 

Не түлен түрткенін кім білсін, әйтеуір өзбек билігі кейінгі жылдары өздерінің тарихын аяусыз өшіріп жатыр.  2008 жылдың  сәуірінде президент Ислам Каримовтың өкімімен Ташкентте Ұлы Отан соғысы жылдарында әртүрлі  ұлттың 15 баласын асырап алған Шаахмед Шамахмудов пен оның әйелі Бахри Акрамоваға қойылған ескерткіш орнынан алынып, жұрт көзінен таса жерге көшірілді. Ол осы уақытқа дейін  Өзбекстанда халықтар достығын паш етіп тұрған Ташкенттегі ең әйгілі ескерткіштердің бірі болатын. Ал осы ескерткіштің артында тұрған Халықтар Достығы сарайы «Тәуелсіздік» атауымен, ал Халықтар Достығы даңғылы Бунедкор деген атауымен алмастырылды. Ал, былтыр Ташкенттегі кеңес жауынгерінің ескерткіші алынып тасталды. Жақында Өзбекстан астанасында Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлік көрсетіп, 22 жасында  Кеңес Одағының Батыры атағын алған ташкенттік Георгий Ивлевтің атындағы көшенің де аты өзгертілді. Г.Ивлевтің ұлты кім болғанын қайдам, бірақ өзбек еместігі көзге ұрып тұр емес пе? Көрші елде өзбекстандық деген ұғым жоқ. Онда өзбек деген ұғым ғана бар. 

Бұл науқанға өзбек зиялы қауымының қалай қарап отырғанын кім білсін, бірақ, кейбір сарапшылар мұндай «идеологиялық қуғын-сүргінді» Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың жүргізіп отырған саясатымен байланыстырады. 

«Не ексең, соны орасың» демеуші ме еді шығыс даналығы.  Каримовтың иран-тәжік отбасында дүниеге келгені кейбір ақпарат құралдарында ашық жазылып жүр емес пе?! Күндердің күнінде  қалыптасқан «дәстүрге» сүйенген келер ұрпақ Өзбекстанның тұңғыш президентін «өзбек емес» деп, оның есімін де тарихтан өшіріп тастамаса деңіз. 

Б.ЕРНАЗАР

Әмзе Қалмырзаұлы, ақын: Жазушы ақиқаттың алдында әрбір сөзі үшін жауап береді
ОҚМУ - мәдениет пен өнер ордасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу