Әмзе Қалмырзаұлы, ақын: Жазушы ақиқаттың алдында әрбір сөзі үшін жауап береді

Oinet.kz 07-10-2010 1933

Screenshot_22.jpg

--Әмзе Қалмырзаұлы, көпшілік сізді әуелі ақын ретінде, содан кейін  заман талабын түсінетін,  өмірге бейімді жан ретінде біледі. Кәсіпкерліктің арқасында жағдайыңызды  түзеп алған сияқтысыз. Баспаңыз бар, газет-журнал шығарасыз. Бірақ кейінгі кезде шығармашылық өміріңізден жаңалық байқалмайды. Бұл  да заман талабынан туып отыр ма?

--Мен бұл сөзге келісе алмаймын. Рас, тынымсыз адаммын, кез-келген жұмысқа бар ынтаммен, аянбай кірісіп кеткенді жақсы көремін. Өйткені тағдырым соған үйретті. Алпысқа келген шалдың тұңғышымын. 12-13 жасымда жетім қалдым. Артымда інілерім болды. Ешкім қарасқан жоқ. 27 жасымнан ақындыққа біржолата бет бұрдым. Содан бергі отыз жылда қаламымды бір күнде қолымнан тастағаным жоқ. Әр күнім жазумен өтеді. Қазір 12 томдық кітабымды баспаған дайындап жатырмын. Бәлкім, оқырман мені емес, менің атымды жоғалтып алған шығар. Себебі менің еңбектерім қазір бірнеше бүркеншік есіммен жарияланады. Мәселен, Кемел Кеніш, Кенен Кеніш, Кеніш Хикмет, Хамза Көктәнді, Манас Мұңтегін,  Әмзе Қалмырзаұлы. 

--Бір басыңызға мұншама аттың қажеті қанша? 

--Оған өмірдің өзі үйретті. Адамдар бір автордың бінеше кітабын бірден, әлде қайта-қайта сатып ала бермейді. Оған өзім де куә болдым. Содан кейін кітаптарымды әртүрлі атпен бастыру туралы ой келді. Осы шешімім дұрыс болды деп ойлаймын.  

--Сіз тарихи еңбектеріңізді Хамза Көктәнді деген атпен жазасыз. Бұл нендей ұғымды білдіреді?

– Бұл есімді өзіме әншейін қоя салғаным жоқ. Орхон-Енесей бітік жазуларында Тәнікөк деген дана бар. Ғалымдар оның атын Тоныкөк деп қалыпастырды. Мен де сол көне түркі жазуын зерттедім. Ол әліпбиде тек дауссыз дыбыстар таңбаланады. Ол бітік жазуда «ТНКК» деп жазылған. Мен оны Тәнікөк деп оқыдым. Ол тәні Тәңірілік, ғарыштық деген сөз. Көк – Құдай дегенді білдіреді. Көктүрік, Көктәңірі, Көкбөрі деген ұғым осыдан келіп шыққан. Қоңыраттың ішінде Көктіңұлы деген ру да бар. Мен осы Тәнікөкті «Көктәнді» деп есім етіп аударып алдым. 

      --Сіз осы есіміңізбен күллі республикаға танылдыңыз. Шыңғысханның жатқан жерін тапқаныңыз туралы жаңалығыңыз зиялы қауым арасында көп талқыға түсті. Мұны негізсіз дегендер көп болды. Қазір сол жазбаларым қателік болды деген ой келмей ме, сізге?

-Жоқ, ол қателік емес. Мен Шыңғысхан туралы шындықты алғаш болып тараттым. Шаханов пен Мағауиннің арасындағы айтыс та негізінен осыдан өрбіді. Бұл тақырыпты әуелі қозғаған мен. Екеуі айтысып кетті де, мен сыртта қалдым. Көп адамдар менің Шыңғысхан туралы жазғандарымды оқымай сыртымнан тон пішіп айтады.

     Шын қаламгерлерге Алла тағала ерекше түйсік береді. Мен Шыңғысхан туралы көптеген дүниелер жинаған соң қатты ауырдым. Осыдан кейін ойландым. «Арқаға ердің батқанын иесі емес ат білер» деген сөз бар. Ақыры аяғы жинаған деректерімді, түйген пікірімді тек жариялау керек деп шештім. «Аспан мен даланың төрт ұмытылған тарихын» жарыққа шығардым. 50 баспа табақтық бұл еңбекте Тәңір діні, «Шахнамадағы» Афрасиаптың Алпамыс екенін дәйектейтін арнайы бөлімдер бар. Афрасиап пен Алпамыстың арасында көп ұқсастық бар. Екі жырдың да сюжеті бір. 

Осы еңбектің бірі бөлімі – Шыңғысханға арналған. Сол бөлімге тән «Алтын төркін» деген кітабым ағылшын, орыс тілдерінде жарық көрді. Жуырда теледидардан көрсетілген «Шыңғысхан» деген  сериалға да менің сюжетім арқау болған. Өйткені сол фильмнен бес жыл бұрын жоғарыдағы кітаптың ағылшын, орыс тіліндегі нұсқасын монғол елшісіне өз қолыммен апарып тапсырғанмын.

        Шығысхан әулие адам. Ол бүкіл көшпенділердің басын қосқан. Шыңғысханның ұлы бабасы қоңыраттың жиені, анасы аты – Сүйімкүл. Әкесі Есугей де қоңыраттың жиені. Шыңғысханның шешесі Оалун де қоңырат қызы. Оның алған жары—Бөрте де қоңырат Тай шешеннің қызы. Ал, енді қараңыз: Қорқыттың кітабында қоңыраттар Сырдың бойында жүр. Шыңғысхан заманына дейін де, кейін де осында жүрген қоңыраттарды қалайша қазіргі моңғолдардың ішіне апарып тығып, монғол дейміз. Менің зерттеуім бойынша Шыңысхан қазіргі ұлы жүздің бірнеше тайпасын құрған нирунан шыққан. Мың жыл бұрын қоңырат та, нирун да Ергенекөнде бірге болады. Сол нирун тайпасын өрбіткен, нұрдан үш бала туған ұлы мама аты – Оолун, ұлы баба есімі–  Дубу. «Оолун» деген сөз көне түркі тілінде «Әуелгі, алғашқы ай» дегенді білдіреді.  

--Ал, «Шыңғысхан – Ұзын ата» деген пікіріңізге қандай ғылыми дәлел бар?

– Қысқа айтар болсам, Шығысханнан кейін түркі әлемінің даңқты тұлғасы Ақсақ Темір. Ол Шығысханның жақын ағайыны барлас руынан шыққан. Әмір Темір кезінде әулиелерден қолдау тапқан. Ол Ахмет Ясауиге кесене салдырардан 15-20 жыл бұрын, яғни 1385 жылдары Ұзын атаға келген. Оның жорықтары туралы жазылған «Жеңіс» кітабына қарағанда,  осы арамен келе жатқан Ақсақ Темірдің аты жүре алмай қалыпты. Қараса, жер астынан бір қол шығып, атты аяғынан ұстап, жібермей тұр екен. Әмір Темір «Сіз кімсіз?» дегенде, «Ұзын Хасан атаңмын, мен ескерусіз қалдым ғой» деген бір дауыс естиді. Әмір Темір осы түсіне аян берген әулиенің басына 1040 қолымен келіп, бір күнде кесене тұрғызған. Сол кесене әлі күнге сол күйінше мұрты бұзылмай тұр. Даңқты қолбасшы кесенені алдымен неге Самарқанның, Түркістанның әулиелеріне емес, Ұзын атаға тұрғызды? Ең ғажабы, бірінші – Ұзын атадан басқа ешбір әулиеге үш қабатты сағана салынбаған. Екінші – бұл әулие басына Шермұханмед Халифа Дұрманұлы деп есімі жазылған. Бұл жазуда сыр, хикмет бар.

Ұзын ата Шыңғысхан деп айту үшін үлкен жүрек қажет болды. Оның артында зіл батпан жауапкершілік жатты. Мен бұл сөзді жайдан-жай айта салғаным жоқ. Мен қаламға серт беріп жаздым. Тарихшы әрбір дерек үшін ақиқаттың алдында жауап береді. Жазушы ақиқаттың алдында әрбір сөзі үшін жауап береді. Ал, ақиқат деген Құдай, о дүние.   Мұның бәрін екі-үш ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сіз «Алтын төркінді» оқып көріңіз. Бәрін түсінесіз. Сену-сенбеу өз еркіңізде. Мені мазаққа ұшыратқандардың көпшілігі топас адамдар. Осылай десем қателеспеймін.  Өйткені олар кітабымды оқыған жоқ, менімен пікірлескен жоқ. Мен Дүкенбай Досжанға ризамын. Өйткені ол кітабымды үш қайыра оқып көрді. Өзі солай айтты. Шын пейілімен қолдады, кейін «Алтын табалдырық» атты мен туралы мақала жазды. 

– «Осы тапқан жаңалығымды тек Елбасының өзіне жеткіземін» дедіңіз. Бұл қандай мақсатпен айтылды?

– Елбасыға ғана айтамын дегенім біріншіден, діттеген жеріме жетпей мазаққа ұшыраймын дедім. Екіншіден,  жұрттың назары   аусын дедім. Осындай ішкі есебім болды. Өйткені мен де пендемін.  Бірақ мен еш нәрсе дәметкенім жоқ. 

Алғашқыда Елбасыға жолықтырмады. Содан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа кіріп «Кітапты сіз тапсырыңыз» дедім.  Ол «Жоқ, мұны өз қолыңмен беруің керек» деді. Бірінші жолы Астанадағы Конгресс Холда кітапты Елбасыға берудің сәті түспеді. Ақыры кітапты мемлекет басшысына Шымкентке келген сапарында «Кең бабада» табыс еттім.  

Ол кісіден нақты жауап болған жоқ. Бірақ оның қасында жүрген азаматтардың айтуынша, Елбасы кеңес өткізіп, «Ешқандай пікір айтпау керек, бәрін уақыттың еншісіне қалдырайық» деген көрінеді. 

Бәлкім, осылай дегені  дұрыс та болған екен. Бірақ көп адамдар мені мазақ қылды. Өйткені бұл – оғаш пікір айтқан кітап. Жұрттың санасына әбден бекіген нәрсені өзгерту қиын еді. Шыңғысханның киносы шыққаннан кейін «жазғандарыңның бәрі дұрыс екен» дегендер болды. Шыңғысханды жамандау өз тарихыңды, дәстүріңді жамандау. Біз Отырарды жатжерліктерден өзімізге қайтарып алдық. Шыңғысханның Орта Азияға шабуылы «Сарт ауылға шабуыл» деген сөз. Шаханов айқайлап қорғап жүрген Қайыр хан қыпшақ емес, қаңлы. 

Шыңғысханның тарихын жазу үшін тарихшы болу жеткіліксіз. Оның бойында ұлтжандылық, ақындық, тарихшылық сияқты қасиеттер тоғысуы тиіс. Өткені соңғы он жылда Шыңғысханға қатысты көзқарас түбегейлі өзгерді. Енді келесі он жылда менің жазғандарымның бәрі шындыққа айналады. Тірі болсақ, көреміз.

Оinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Көмірдің бағасы шарықтап тұр
Өзағамдар Сабыр Рахимовтың атын өшіріп жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу