«СҰҢҚАРЛАР» МЕН «АҚҚУЛАР» ДАЯРЛАЙТЫН «АТА ЖОЛЫ» ҚАЙ ЖОЛҒА БАСТАП ЖҮР?

Oinet.kz 08-07-2010 2933

D6MUKg.jpg

...Саған ойыншық па, «Ақ тырна»,

Көңіліңе қаяу келсе жақтырма.

Ақшаңды бердің бе, лақтырма,

Жоқ, басқа молда таптың ба?

Әй, ойыншық па саған «Ақ тырна»...

Бұл «Шаншар» әзіл – сықақ театрының белді әртісі болған Нұржан Төлендиев ойнаған «Тәуіп» атты пародиядан үзінді. Осы интермедия сахналанғаннан кейін, «Ойбай, не дейсің, әлгі «ақтырналар» Нұржанды ұрып, майып етіпті» деген әңгіме ел ішінде лезде тарап кеткені есімізде. Ал актердің өзімен хабарласқан журналистер оның дін аман екенін біліп, жұртты тыныштандырған еді. Осы пародия арқылы комедия  жанрының әртісі сол кезде көпшіліктің арасында әжептеуір әңгіме болған, баспасөзді де біраз шулатқан «сұңқарлар» мен «аққуларды» келемеждегенін көкірегі ояу, көзі ашық әрбір адам бірден түсінген. Шынында, сахна өмірі шынайы өмірден алыс кетпейді. Театр не айтса да, нені көрсетсе осы күнделікті тұрмыс тіршілігімізден мысал алады. Соған қарағанда «Шаншар» сахналаған осынау әулие аралап, әруақ қуалаушылардың өмірінде әлдеқандай шикілік жатқанын бірден аңғарасыз. Көзі ашық азаматтар мұның түп-төркіні ауыл қазақтарының әлі де болса дін-Исламды дұрыс түсінбейтінін, тіпті, дін жөнінен мұрнына иіс бармайтынын, Алла мен әруақты шатастыратынын бірден аңғарады. Ел ішінде кеңінен әңгіме болып жүрген тәуіптер тақырыбына қайта оралуымызға таяуда қолымызға түскен тілдей қағаз түрткі болды. 

Сонымен әңгімеміздің әлқиссасын «сұңқарлар» мен «аққулардың» «ұясы» болып табылатын «Ата жолы» қоғамдық қорының тарихынан бастасақ. Аталмыш ұйым 1997 жылы құрылады. Мақсаты – зиярат етушілердің басын қосып, әулие – әмбиелер жатқан киелі жерлерге апару, халықты имандылыққа тәрбиелеу тағысын тағылар дегендей. Бір қарағанда артық ештеңесі жоқ. Өткен тарихымыздан сыр шертетін қасиетті орындарды аралап, әулие – әмбиелердің өмірбаянын, олардың жасаған игі істерін білгенде тұрған не бар дерсіз. Сонымен қоса құрбандық шалып, әруақтарға дұға бағыштау дәстүрімізде кездеседі. 

Алайда кейбір зиярат етушілер қор мүшелерінің теріс әрекетін сезіп, тиісті жерлерге арыз – шағымдарын түсірген көрінеді. Содан қор басшылары дереу ұйымның атын өзгертіп, әділет органдарынан қайта тіркеуден өтеді. Сөйтіп алғашында «Ақ жол» деп аталған қор 2005 жылы «Ата жолы» болып шыға келіпті. Бірақ, қолымыздағы әлгі тілдей қағаздан түсінгеніміз қордың аты өзгергенімен олар өздерінің бизнес жолдарынан бас тартпаған. Мәселен, зиярат етушілерден әрбір сапарына жол шығыны үшін жинайтын алымның мөлшері әртүрлі болған. Ал соңғы екі – үш жылда ол 18000 теңгенің шамасында  екен. Бір барғанда кемінде 100 адамды апарады. Енді жүзді он сегіз мыңға көбейтіңіз. Қызық әлі алда. Айына екі рет өздеріне ыңғайлы уақытта жолға шығып отырған. Ал көпшіліктен жиналатын пәленбай мың ақша қайда, не үшін жұмсалып отырғаны да белгісіз. Зиярат етушілердің біреуі бір шикіөкпеге зар болса, енді бірі сырқатына ем іздейді, ал үшіншілері болса жолым ашылып, басыма бақ қонсын деген ниетпен барады. Адамдардың осындай жанды жерлерін ұтымды пайдаланған «атажолдықтар» оларды өздері құрған торларына оңай түсіріп отырған. Тіпті, зиярат етушіні сол әулие – әмбиелердің, өмірден озған ата – бабалары, әке – шешелерінің рухтарымен (әруақтарымен – авт.) «тілдестіреді – міс». Қалай дейсіз бе? Әулие кісінің немесе қайтыс болған жақын адамыңыздың әруағы әлгі сұңқар болмаса аққу арқылы сізбен «сөйлеседі» екен. Қайтіп, о жағы белгісіз. Ал өздері мұны тылсым дүние деп түсіндіреді.

Егер зиярат етушілердің бірін (сөз жоқ, қалтасы қалыңдарын таңдаған – авт.) жібергісі келмесе бір әулиенің басында онымен «әруақ» болып «сөйлесіп», әрі қарай әулиелерді аралауға көндіреді. Айтып отырғанымыз ертегіге ұқсап кетті ме? Алғашқыда біз де сенбегенбіз. Әйткенмен қолымыздағы қағаз талай нәрселерге көзімізді жеткізді. Әрі қарай тыңдаңыз, әлгіні әулие аралауға көндіріп болғаннан соң тағы да теңге талап етеді, жолкіре үшін, әрине. Бір берген 18000 пұлыңыз әулиелер әлемін аралап шығуға жетеді десеңіз, қатты қателесесіз. Осылайша әулие – әмбиелер жатқан жерлерді жүріп өту жолын бизнеске айналдырғандардың тірі әмиянына қалай айналғаныңызды өзіңізде білмей қаласыз.

Ал «сұңқар» мен «аққу» атану үшін кемінде 41 әулие аралауыңыз шарт екен. Онда да таңдау сізге түссе. Жол шығынын айтпағанда, босқа кеткен уақытты айтсаңызшы. Содан ер адамдар «сұңқар» атанса, қыз – келіншектер «аққу» болып шығады. Қызығы сол, олардың жүрегінің тұсына арнайы мөр басылады. Мөр соғылып, таңбаланғаннан кейін олар үшін отбасы, бала – шаға бәрі – бәрі адыра қалады. Тек әулиелі жерлерге адам жинап, әруақ болып сөйлесуге жаралғанбыз деп ойлайды өздерін. Осылайша қаншама бала-шаға «аққу» болып ұшып кеткен анасынан, талай әйел «сұңқар» атанған күйеулерінен тірідей айырылған. Құдды біреу оларды әдейі сиқырлап қойғандай. Олай болуы да мүмкін ғой. Ал бұл қордың мүшелігінен, яғни «сұңқар», «аққу» болып жүрген жолдан кімде – кім шығамын десе, «сені әруақтар ұрады, қала берді бізден кетсең өлесің» деп қорқытып - үркітетінге ұқсайды. Әрине бұл айтылғандардың барлығы да құзырлы органдарға мәлім. Бірақ олардың айтуынша, бірде – бір адам аталмыш қордың әлгіндей  әрекетіне арыз – шағым айтып келмеген, келмейді де. Себебі қорқады. Әруақтан қорықса да, өлімнен қорықса да қорқады. Оның үстіне күлетін дос, табалайтын дұшпан тағы бар. 

Кейбір мәліметтерге қарағанда біздің облысымызда 500 – ге жуық «сұңқарлар» мен «аққулар» бар екен. Жалпы бұлардың жұмысы жапон триадасы немесе итальян мафиясындағыдай өте жүйелі түрде жолға қойылған десек те болады. Астана, Алматы, Қарағанды, Балқаш және Ташкент қалаларында филиалдары бар. Ол жақтағы «сұңқарлар» мен «аққулар» зиярат етушілерді жинап, Шымкентке жіберіп отырған. Ал дәл бүгінгі таңда бас ғимараты болып саналып келген Шымкенттегі «Ата жолы» қоғамдық қорының жұмысы тоқтатылған. Тарқатып айтатын болсақ, аталмыш қор 2008 жылдың тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот шешімімен таратылған. Біздің қолымызға тиген сот шешімінің көшірмесінен ұққанымыз қордың тіркелген мекенжайда орналаспауы, нақтырақ айтқанда, құжатта қордың орналасқан мекенжайы Мангельдин көшесі №39 үй, №79 пәтер деп көрсетілгенімен, шын мәнінде қызметін Мәскеу көшесі №43 -ші үйде атқарған. Сонымен қоса құрбандық шалу кезінде санитарлық – эпидемиологиялық талаптар сақталмағаны үшін көршілерден түскен арыздар қордың таралуына негіз болған. Бәрі дұрыс. Сот та, өзге де құзырлы органдар өз қызметтерін заң шеңберінде атқарған. Алайда жоғарыда айтылған әңгімелерге қарап, сот негізге алған заңбұзушылықтарды «Ата жолы» қоғамдық қорының жасаған істерінің бергі жағы ма деп ойлайсың. Ал арғы жағына үңілсеңіз қордың кесірінен ошағы ойрандалған талай – талай отбасылардың, тағдыры тәлкекке түскен қаншама адамдарды көресіз. Әрине бұларды бір ғана сот шешімімен қалпына келтіру оңай болмаса керек, тіпті мүмкін де емес шығар... 

Пайғамбарымыз Мұхамед (ғ.с.) бір хадисінде: - Зиярат етудің ең абзалы – ата – анаңның қабіріне зиярат ету  - деген. Яғни бұл қайтыс болып кеткен жақын адамдарының басына барып, дұға бағыштап тұр деген сөз. Жаллпы, әулие – әмбиелердің болсын, жай қабірстанға болсын барғанда ол жақта жатқандардың біздей болғанын, біздің де солардай болатынымызды ойлап, тоба жасауы керек емес пе?! Шынында біз әруақ сыйлаған халықпыз. Қазақтың қасиетінің бірі осында. Бірақ дәстүр деп дін-Исламды аяқ асты етпеуіміз керек қой. 

Абдулла БАҚАДЫР,  «НҰР МҰРА» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, дінтанушы: 

-Әнебір жылдары «Ата жолы» дей ме, сұңқар аққу дей ме, әйтеуір өңшең ақ киім киген әулие аралағыш кезбелер көбейіп кетіп еді ғой. Міне, осындайлар қарапайым халықтың ықылас сеніміне кіріп, әулиелі жерлерді аралатуды бизнеске айналдырған. Бастысы – ақша табу. Біздің бірлестікке осылардан зардап шеккендер хабарласатын. Оларға түсіндіріп айтатынбыз. Бұл жол тек дүние (материалдық тұрғыда – авт.) табудың көзі. Бұл жерде имандылық, Құдайға құлшылық ету мәселесі мүлдем жоқ деп. Керек десеңіз, пайда табумен қатар, олар зиярат етушілерді күнәға да батырады. Өйткені әулие – әмбиелер де біз секілді пенде болған. Сондықтан олар тірілерге ешқандай жәрдем бере алмайды. Бәрін бір Алладан сұрау керек. Адамдар әлгілердің арбауына біріншіден рухани құлдыраудың, екіншіден діни сауаттылықтың төмендігінен түседі. Дегенімен үмітте жоқ емес. Соларға ілесіп шекесі тасқа тигендер, яғни алданғанын түсінгендер бүгінде кері қайтуда және олардың саны күн өткен сайын артуда. Өмірде бір орында тұрмайды. Қазіргі таңда көпшіліктің де діни сауаттылығы біртіндеп артып келеді. 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Кәрім Мәсімов облыс әкімдері жазаланатынын айтты
Емші қабір топырағымен дуалайтындардың көбейгенін айтып, дабыл қақты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу