Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
Киелі Шу өңірі табиғаты көркем, даласы дархан да шуақты шапағатымен ел-жұртына бақ-береке мен ырыс сыйлаған құтты мекен. Батысын облыстың тең жартысына жуық жерін қамтыған Мойынқұм алқабының құмды-қырқалы төбелері, шығысын Кіндіктас сілемінің батыс бөлігі, орталық және солтүстік бөлігін Шу-Іле тауларының Айтау, Хантау, Аңырақай таулары мен Жусандала үстіртті даласы алып жатыр... Тарихи дерек көздеріне жүгінсек,- 840 жылы Қашқар аймағында өмірге келіп, ізін ала Іле мен Шу өзені аралығын, сонан соң Талас бойын өзіне қаратып, осы өңірде Ислам дініне үстемдік құрғызып, түрік мәдениетінің жаңа сапаға көтерілуіне жол ашқан Қарахандар мемлекетінің саяси-экономикалық және мәдени орталығы Шу өзенінің орта ағысындағы Баласағұн қаласы орналасқаны белгілі.
Мәлік ағаның айтуынша:-« Шу- Іле таулары сілемінің бірегейі Хантауы қойнауының бүркемелі бет-перделерінің ашылмай жатқан тылсымды құпиялары қаншама. Хантауы атауының қалай аталғаны жайлы да толық біле бермейміз. 1980 жылдары Көктерек кеңшарында жүргізуші қызметін атқарып жүргенімде Хантауының жайлауларында жайғасқан малшыларға жиі қатынайтынмын. Хантауының түстігіндегі мен мұңдалаған Сұңқар шыңы алыстан көз тартады. Сұңқардың баурайында ел-жұртын отырықшылыққа ұйыстырып, Қоқан басқыншыларымен соғыста ерлігімен көзге түскен Биназар батырдың зираты мен кесенесі орналасқан. Екі ғасырдан астам тарихы зерделенген осы мекен-жайлардан өзге аса құнды да зерттеуді қажет ететін жерлердің көптеп ұшырасатындығы жасырын емес. Мәселен жаз жайлауының түкпіріндегі Қарасу өзенінің бойында «Хан қорасы» деген шатқал бар. Сондай-ақ, он шақты шақырым қашықтықтағы ең биіктікте Хан тақтары орналасқан. Меніңше, жүздеген мың, жер қайысқан қалың қолмен Шыңғыс ханның ХІІІ ғасырда жарты әлемді жаулағаны белгілі. Шау тартқан шағында Шыңғыс хан келешекті ойлап жаулаған өлкелерінен айырылып қалмас үшін әрі билігін әлсіретпеу мақсатымен жерлерді төрт ұлына рет-ретімен бөліп, белгілеп табыстағаны тарихтан мәшһүр. Шу мен Мойынқұм аймағы, Бетбақдала сонау Арқамен жалғаса үлкен ұлы Жошының құзырына тиесілі болғандығы рас. Жаугершілік заманда жаулаған жерлеріне көп тұрақтамай алдыға жылжый беретіні бесенеден белгілі. Сондықтан да Жошының бейітінің Ұлытау маңында жатуы, оған кесене орнатылуы анық дәлелді қажет етпейді десе де болады. Уақыт өте келе Шу өңірінің еліміздің шежіресінде аса зор маңызға ие болуы ХV ғасырдың орта шенінде Қазақ хандығының, яғни ұлттық мемлекетіміздің іргетасының қалану кезеңіне тұспа-тұс келеді. Ол туралы тарқатып айтсам. 1428 жылы әкесі Барақ хан өлген соң Дешті Қыпшақтағы саяси билік Әбілқайыр ханға көшеді. 1457 жылы жаздың соңында Әбілқайыр хан Сығанақ түбінде қалмақтардан жеңілгеннен кейін Керей мен Жәнібек сұлтандар қарамағындағы ұлысымен Моғолстанға көшеді. Тарихи аңыз бойынша көшуге Қобыланды батыр мен Ақжол би арасындағы дау-жанжал себеп болған деседі. Әбілхайыр хан тарапынан екі сұлтанға қауіп-қатердің төнуі Ұрыс хан ұрпақтарын өз ұлыстарымен бірге көшпелі өзбектер мемлекетінен кетуге мәжбүр етеді. Осылайша 1457 жылы күз айының соңында көшіп келген екі сұлтан ұлыстары Шудың төменгі бойына қыстап шығып, 1458 жылдың ерте көктемінде Керейді ақ киізге көтеріп, хан сайлайды... Қалай болғанда да Шудың төменгі бойын қыстап шыққанын ескерсек, Керей ханның таққа отырған жері Шу өңірінің Хантауы екендігі шүбәсіз шындық. Шүбәсіз шындық дейтін себебім, жоғарыда атап өткенімдей, бір емес 2-3 Хантағы тастары бар екендігі. Биіктегі- Үлкен хан тағын- Жошы хан тақ ретінде пайдаланса, бабасының орнын қадірлеп баспайын деп Кіші хан тағын- Керей хан тақ орнына қолданған болу керек. Ал, Хантауынан 70-80 шақырымдай қашықтықтағы Керегетаста хандық құрған Әз –Жәнібек 1480 жылдары қайтыс болған соң Керейұлы Бұрындық ханның «Бала тағын» иеленгендігі әбден мүмкін. Өйіткені, өңмеңіңнен өтетіндей азынаған желді де, боранды жазық даладан да Хантауының қойнауы елге де,мал-жанға да, тіптен аң-құсқа да қолайлы. Қазіргі күннің өзінде Кеңестік заманнан қалған қыстауларды көптеген шаруа қожалық иелері пайдаланып, қойларын қоздатып, малдарын төлдетіп отыр, тіптен Керей ханнан қалған «Хан қорасын» да пайдалануда. Аңыз бойынша, Жошы ханның баласының өліміне байланысты «Ақсақ құлан» күйінің шыққан жеріндегі қазылған орлар да «Хан қорасының» маңында әлі күнге дейін сақталған. Айтулы ғалымдардың зерделеуінше Керей хан қайтыс болғаннан кейін Хантауының етегіне жерленген екен. Ертеректен қызығушылық танытып, әр деңгейдегі басылымдардан алғашқы Қазақ хандарымыз жайлы жазып жүргендіктен менің (М.Ж.) бастамамды аудан әкімдігінің қолдауымен өлкенің бірқатар тарихшы ұстаздарымен Қазақ хандығының туы көтерілген Хантауы аймағына 2015 жылы Ұлы наурыз мерекесі қарсаңында автокеруен ұйымдастырғанбыз. Бірліктік жол көрсетуші Ғалым Құрманғалиұлы мен даңқты шопан, Еңбек Ері Ш. Шәріпбаев ақсақалды бірге апарған едік. Өйіткені Шоман ата:- Бала күнімнен ата-анам мал баққандықтан Хантауының баурайында ер жеткенмін. Сондықтан да киелі таудың әр тасы, әр шатқалы мен түкпірі маған етене таныс. Жасөспірім шағымнан үлкендердің айтқандарына мән беріп саралап жүретінмін, Мәлік, өзің сұрап жүрген Керей хан Теректі өзені мен Шаянтастың аралығындағы қазіргі теміржол маңына таман тұста жерленген деп, естігенмін-ді жеткізіп еді даңқты шопан аға. Өкініштісі 1-2 жылдан кейін ауыр науқастан ол кісі өмірден озып кетті. Сол қыстаулардың төрінде «Керей» қыстауы да тұр. Кезінде Көктерек кеңшарының қарамағында болған қыстаудың не себептен «Керей» аталғаны белгісіздеу болып келгентұғын. Кейіннен көкірек руынан шыққан бір кісінің аты болу керек деген дерек шыға бастады. Шынында солай болған болса сол Керей деген кісінің атын да 3-4 ғасыр бұрын өмір сүрген Керей ханның есімінің құрметіне атамағанына кім кепіл бола алар екен. Қалай айтсақ та «Хантау» мұндай атау бекерден-бекер айтылмайды. Ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер болған соң айтылады. Ол таудың басында немесе баурайында халық Керей мен Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған. Хантауының басы шынында да қозының басына ұқсайды. Хантауының үш биігі бар, ең биік шоқысы- Сұңқар, екіншісі-Көк шоқы, үшіншісі –Қызыл шоқы, Сұңқар тура қошқар болатын қозының дөң маңдайы, ал Шуға қарай біртіндеп аласарып барып, көкжиекке бататын жотасы тура қозының жотасына ұқсаса, Сұңқар шоқысының ту сыртында тұрған Көк шоқы мен Қызыл шоқы қозының екі құлағына ұқсайды. Бұл дерек «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалығы» кітабынің 230 бетінде бекерден-бекер жазылмаған. Кейбір дерек бойынша, алғашында Хантағы аталып, бірте-бірте уақыт өте келе Хантауы атанған».
Туып өскен киелі Шу өңірінің тылсымды – құпиялы сырлары әлі де толық ашыла қойған жоқ. Мен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты жайдан-жай айтып отырған жоқпын. Өйіткені, Қазақ хандығының құрылған мерзімінен 510 жылдай уақыт оздырып, 1966 жылы дүние есігін ашқан Қайраттың балғын балалық шағының көбісін бабалары – Керей мен Жәнібек Қазақ хандарының туын тіккен Хантауының баурайында өткізуі Жаратқан иенің өзгеше тылсымды бір шарапаты емес-пе екен? Кезінде хан ордалары орныққан көк майсалы шалғынды көркем өлкенің кәусар ауасын жұтып, балдай шәрбатты бұлағының мөп-мөлдір суынан қаныға сусындаған Қайраттың тұла бойына ұлттық ар-ожданды намысымыздың әбден орнығып қалыптасқаны айдан-анық. Иә, қандай жанға болмасын оның мінез-құлқымен рухани жан-дүниесіне туып-өскен ортасы ғана емес, табиғаты және сол жердің бағзы заманғы ертеден бергі бабалар рухтарының жалғасқан дәстүрлі, шапағатының тигізер ықпалы да аз болмағаны анық... Біздің жыл санауымыздан ХХІІІ ғасырдан астам ертеректе Ескендір Зұлқарнайынды жер қайысқан қолынан қаймықпай ақыл-айламен тоқтатқан қаған Шу батыр туралы, оның салдырған Шу қаласының тарихи орнының қайда екендігі әлі де бізге жұмбақ күйде қалып келеді. Сондай- ақ, 2001 жылы басталып, қазіргі уақытқа дейін жалғасқан ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, Жайсан ғибадатханасында 37 культтік-мемориалды кешені анықталып, зерттелді. Ғибадатхана құрылымы жерлеу, ғұрыптық құрылыстар мен жартастағы өнер туындыларын және рулық таңбаларды қамтиды. Мемориалды ескерткіштер Кіндіктас тауының солтүстік – батыс беткейіндегі далалы аймаққа орналасқан мәдени мұралар көптеген ғұрыптық және жерлеу құрылыстары, жартастарда бейнеленген суреттер мен рулық таңбалардан тұрады. 2001 жылы бастау алған археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде петроглифтер шоғыры табылып, киелі орынның шекарасы анықталды. Ескерткіштер орналасқан қорық көлемі шамамен 77 мың гектар аумақты қамтиды. Жайсан даласындағы археологиялық ескерткіштер ғылымға жаңадан еніп және зерттеліп жатқандықтан, алдағы уақытта түркі тайпаларының көне тарихын оқып-білуде маңызды орынға ие болады. Сонымен қатар түркілердің рухани мәдениетін және дүниетанымын тануда негізгі дерек көздері қатарына қосылады. Көп жылғы археологиялық қазбалар барысында табылған археологиялық деректерге анализ жасау нәтижесі Жайсан даласындағы көне түркі ғұрыптық ескерткіштері қазақ және түркі тілдес халықтарының ортақ мұрасы болып табылады. Шу даласындағы көне түркілердің археологиялық ескерткіштері жаңадан зерттеліп жатқандықтан, өз бойында тарихи құнды мәліметтерді сақтап жатқаны белгілі. Сондықтан да алдағы уақыттарда жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігі- айтпаса да түсінікті, осы тарихи деректерді болашақ ұрпаққа жан-жақты жеткізу сіздердің алдағы уақыттардағы абыройлы міндеттеріңіз, Назгүл Болысбайқызы.
Жоғары білім ала алмағанмен ....
Мәлік ағаның пайымдауынша, Шу өңірінің әрбір өлкесі, әрбір тау-тасы, әрбір шатқалы мен қойнауы шежірелі- тарихққа толы екендігі белгілі. Мені таңқалдырғаны ауыртпалы қиыншылықтарды басынан өткергендіктен әрі тіршілік қамымен жоғары оқу орнын бітіре алмағанмен сонау 1980-90 жылдардан қажымай-талмай жүріп, ауқымды қоғамдық жұмыстар атқарғандығы кім-кімге болса да үлгі-өнеге. Бұл ретте 35 жылдай ертеректе Шығыс Қазақстанның Ақсуат өңіріндегі жауырыншы- Жаңылтай әженің айтқан болжамдарының айна- қатесіз дәлме-дәл келгендігі. Мәселен:- лауазымды басшылардың (бүгінде қоғамымыздағы сыбайлас жемқорлы әрекеттердің асқынған ауруға айналғаны қашан) қылмысын ашу, «Қазақ тілі» қоғамында қызмет ете жүріп, жергілікті ұлт пен күрді ағайыны өкілдерінің арасындағы кикілжіңді жанжалдың тоқтауына ықпал еткен «Ақсақалдар Кеңесін» ұйымдастырып, іс-тәжрибесімен Халықтар Ассамблеясының құрылуына нақтылы деректермен көмектесуі, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында Қайрат Рысқұлбековке туған ауылында ескерткіш орнатып, т.б. игі істерге тікелей ат салысуы үйлесімді жалғастарын табуымен қоса Мәлік ағаға сенімді бағыт- бағдар көрсеткендей әсер еткені де шындық. Тіптен Жауырыншы әже ол кісіге жазумен айналысасың, жазуыңды тастама, үлкен абыройға ие боласың, деуі де, бекерден- бекер айтылмапты. 1990 жылдардың басында астананы Ақмола қаласына көшіру туралы Елбасының бастамасын қолдап, жылы орындарын қиғысы келмей қарсылық танытқан шенеуніктер мен кейбір депутаттар қарсылық танытып жатқанда Мәлік Жүмәділұлының 1994 жылы 30 тамызда Жас Алаш газетінде «Сарыуайымшыл Солженицынның саңдырағы жүзеге аспасын...» деген мақаласы жарыққа шығып, еліміздің болашағының баянды болуы мақсатында қолға алынған стратегиялық маңызы аса зор шараға қолдау көрсете алды. Шындығында, ол кісі бірнеше кітаптың авторы болумен қатар, Республикалық басылымдарда қоғамымыз туралы өзекті мәселелерді қозғаған мақалалары әрдайым жарияланып тұрады. Бірде кездесіп қалғанымызда Мәлік Жүмаділұлы:
- «1993 жылдары Қайрат Рысқұлбековтың өлімінің құпиялы бет-пердесін ашуға Семейге барып тұруыма тура келді. Арасында уақыт тауып, Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылында тұратын Жаңылтай апаға арнайы соғып, батасын алдым. Риза болғандықтан: - Осы аймақта талай адамдардың жоғалған, ұрланған малдарын тауып беріп едім, бірде-біреуі алғыс айтып келген емес, сен сонау Жамбылдан ризашылығыңды білдіріп, келіп отырсың, деп, алғысын білдіріп,жауырын ашты. Қайраттың өліміне байланысты деректердің ашылатындығымен қоса, жақын араларда еліміздің орталықтарында жастармен кездесетіндігімізді айтты. Расында да жас боздақтың құпиялы өлімінің бет-пердесі – бұрындары Қайрат «өзіне-өзі қол салды» желеуі теріске шығарылып, оған қастандық жасалғаны анықталды. Кешікпей сол жылы қорғаушы – ұстазы Сейіткерім Қожаназаровпен Қарағанды, Теміртау қалаларында жоғарғы оқу орындары тәлімгерлерімен ұлағатты кездесулер өткізе алдық. Өкініштісі, кейінгі жылдары- жаны жәннатта шалқысын, Жаңылтай апаның қайтыс болып кеткенін естідік... Сонау бала күнімнен кейбір көрген түстерім дәл келіп жатады. Бірақ кейбір аяндарды уақтысында дөп басып,болжай алмай жатамын» деп, жан-сырын ақтарып салды...
Денгельбаева Н.Б,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң, Тарих, археология және этнология факультетінің, Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының аға оқытушысы