Ұлттық символ қалыптастыру керек

Oinet.kz 22-06-2009 1265

f8544fe81ca02c869030dac3c269764f.jpg

«Ұлттық символ дегеніміз не? Париж десе Эйфель мұнарасы, Рим десе Колизей ең алдымен еріксіз еске түседі. Біздің еліміз де өзіндік ерекшелігімен танылуы үшін Отырар, Түркістан сияқты таңданарлық тарихы бар киелі өлкелерді өркендетуге, ішкі-сыртқы туризмді мәдениетті түрде дүнижүзілік деңгейде жан-жақты дамытуға және осындай өңірлердегі ұлттық жәдігерлеріміз есептелетін тарихи-мәдени ескерткіштерді, археологиялық кешендерді көздің қарашығындай сақтауға, әрі кеңінен насихаттауға көп күш-жігер жұмсауымыз керек. Қазақ тарихына есімдері таспен ойып жазылған хандарымыздың, батырларымыздың, билеріміздің талайы Түркістанға жерленген десек солардың бірқатарына қойылған ескерткіш белгілер кешегі кеңестік кезеңде бұзылып тасталғаны өкінішті-ақ. Енді тәуелсіз ел ретінде еңсе тіктеген тұста сол бұзылғанды түзеудің, қалпына келтірудің жолын қарастырудамыз. Қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы экономикалық тұрғыдан қанша салқынын тигізіп отырғанына қарамастан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асатын маңызды зор бұл тірліктерді атқаруға мемлекет тарпынан қаржыландыру жалғаса береді.  Дағдарыс бүгін келеді, ертең кетеді. Ал «Мәдени мұра» мәңгілік қалады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы айрықша қадағалауына алған, тікелей тапсырмасымен жүргізіліп, былтырғы маусым айында өзі өткізген алқалы жиында «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңінде қандай қам-қаракеттер жасау қажеттігі нақты айқындалған болатын. Түптеп келгенде « Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жобасы ұлттың брендіне айналуы тиіс».  

     «Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...» қасиетті Түркістан шаҺарына  бірқатар министрліктерден, көршілес облыстардан, ғылыми-зерттеу институттарынан жауапты басшыларды жинап, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басқан өзекті мәселерді талқылаған «Мәдени мұра» бағдарламасының көшпелі мәжілісін  ұйымдастыруға ұйытқы болған Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен жүздесуінде осындай ордалы ой айтты. «Мәдени мұра» бағдарламасына байланысты құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың әңгімесін әрі қарай нақты фактімен сабақтасақ расында да соңғы жылдары елдің тарихын танытатын ұлттық жәдігерлерді қалпына келтіру, қайта жаңғырту қарқынды түрде қолға алына бастады. Айталық, « Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы республикалық маңызға ие 25 ескерткіштің 16-сына қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлінгені  осының айғағы. Испиджаб, Кенджида, Сауран, Сидақ, Қошқорған, Шауғар секілді аумақтардағы 11 археологиялық ескерткішке ғылыми-зерттеу жасау тарихымызды  құнды жәдігерлермен, тың жаңалықтармен байта түскені тағы бар. Жалпы ресми мәліметке сүйенсек Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің саны 1111. Оның 931-і археологиялық ескерткіш. Қайсыбірін айтайық, оңтүстіктің әрбір тасын түртіп қалсаң арғы жағынан көне тарих шіркін күмбірлеп қоя беретініне көшпелі мәжіліске қатысушылар Отырар төбенің басына шыққанда кезекті мәрте көз жеткізді. Қойнауы құпияға, құнды дерекке толы осынау төбені бірнеше жылдан бері төңіректеп жүрген Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры, академик Карл Байпақов «Отырар төбеде  қазірдің өзінде күллі әлемге мақтанышпен  көрсете алатын бірнеше орындар бар. Топырақ астынан аршылып алынған көне шаһардағы медресе, ғылым мен  әкімшілік орталықтары құнды жәдігер болып есептеледі. Оған қоса мұндай орындар  еліміздегі  туризмнің локомотивіне айналмақ» дейді.

Бір кездері Ұлы Жібек жолының бойында қанат жайып, өркендеген Отырардың ежелгі келбетін бүгінде археологтар қайта айшықтауға жақын. Тарих қойнауындағы архологиялық кешендер бүгінде ашық аспан астындағы мұражайда жәдігерлер санатын толықтырып келеді. Төрт жыл бұрын ежелгі Отырарды қайта жаңғыртуға  байланысты арнайы бағдарлама қабылданды. Жоба сараптаудан өткізіліп, техникалық негіздемесі жасалды. Жалпы құны 5 миллиард теңге болатын бұл жоба іске асса Отырардағы туристік кешен ашық аспан астындағы мұражай, этно кешен секілді бірқатар орындардармен толықпақ. Сондай-ақ қонақтарға қызмет көрсетудің сапасы артып, кәсіпкерліктің дамуына жол ашылады. Бірақ әзірге бағдарламаны қаржыландыру кешеуілдеп жатыр. Үкімет тарапынан инфрақұрылымға қажетті 1 миллиард 600 миллион теңге бөлінсе, инвесторлар өз қаржыларымен тірлікті дереу бастап кетпекші. Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаевтың айтуынша қаржы бөлінген жағдайда қонақ үйді, этнографиялық мұражайды, қолөнер мектебін салатын инвестор дайын отыр.

Түркістанды түлетуге байланысты да шешімін таппаған жәйттер жетерлік. Бүгінде шаһарға туризм 50 миллионн теңгедей пайда әкеледі екен. Ал Иассауи кесенесінің маңындағы  архологиялық қазба жұмыстарына соның небәрі 3 миллион теңгесі ғана бөлінеді. Тарихи орын толық зерттеліп бітпейінше кесененің айналасын көркейтуге рұқсат жоқ.   Археологтардың жұмысын жеделдету мақсатында министрліктен туризмнен тауып отырған пайдасының едәуір бөлігін Түркістанның өз еншісінде қалдыру жайы көшпелі мәжілісте сөз болды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру  ойдағы тірліктер орындалып біткенше күн тәртібінен түспейтінін тілге тиек етті.

Ғалымжан Қамытбекұлы

Екі жарым жылдан кейін тағылған айып
Банктер үйді тексермей үлкен көлемде несие берген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу