Айран ішкен кім? Шелек жалаған кім?

Oinet.kz 29-05-2009 1201

Screenshot_10.jpg

Кешегі кеңес заманындағы шенеунік үшін ең  абыройсыз жазаның бірі—партиялық билеттен айрылу болатын. Компартияның қылышынан қан тамып тұрған заманда талай қызметкер тәртіптік жазаға тартылып, партбилетін үстелдің үстіне қойып шықты ғой. Ол кезде көпшілік партиядан шығаруды қызметтік карьераға соңғы нүктке қою деп түсінетін. “Нұр Отан” партиясы осы бір ұмыт қалған дәстүрді қайта жаңғыртпақ. Дәлірегі оны партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Асқар Мырзахметов білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тақырыбында өткен жиынды қадап тұрып айтты. 

Білім мекемелері қазір тек жергілікті аудан әкімдіктеріне бағынады. Оған білім департаментінің де, тіпті Білім министрлігінің де құзыры жүрмейді. Әсіресе, аудандық медицина бірлестіктері облыстық денсаулық сақтау департаментіне қарағалы білім ұялары жергілікті шенеуніктердің “еркелігін” қаттырақ сезінетін болып жүр. Тағы әйтеуір, ұстаздар бәріне төзіп келеді, бәріне шыдап келеді. Аудан әкімдері бұрын-соңды қолына журнал ұстап  көрмеген туған-туыстарын директор етіп тағайындады. Оған да көнді. Мұғалімдердің азын-аулық жалақасын қызғанғандай, зорлап газетке жаздырды, кітап, лоторея билеттерін таратты. Әкімдер тіпті, мұғалімдерді сайлау өтсе, сенбілік ұйымдастырылса зыр жүгіртіп,  көше сыпыртып, күл-қоқыс жинауға да мойынсұндырды. Жарайды, көпшілікке белгілі жайттарға тоқталмай-ақ, облыс әкімдігінде өтіп жатқан жиынға оралсақ. 

Мәжілісте прокуратура қызметкерлері білім беру мекемелеріндегі  мемлекеттік сатып алу саласында анықталған фактілерді жария етті. Заңбұзушылыққа барған мектептер мен білім бөлімдерінің ішінде неге екенін кім білсін, Түркістан қаласы жиі аталады.

Мәселен,  Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты мекемелерді 178 571,4 литр сұйық отынмен қамтамасыз ету үшін 20 наурыз 2009 жылы 10 млн. теңгеге конкурс өткізілген.  “Нышан” ЖШС-і осы конкурстың жеңімпазы деп танылған. Алайда кейіннен белгілі болғандай, аталға серіктестік мұнай өнімдерін тасымалдауға, сақтауға лицензия алмаған болып шығыпты.

Тағы да осындай жағдай. Түркістан қаласындағы 15 мектептің директоры 26 924 000 теңгеге жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін лицензиясы жоқ “Ассай” және “Оксикпаев” деген фирмалармен келісім-шартқа отырады. Сонда қалай, мектеп директорлары заң білмейтін сауатсыз ба, әлде бұл жоғарыдан келген тапсырма ма? Соңғысы шындыққа мейілінше жақын келетін сияқты. Өйткені, қазір директорлар аудан әкімдігінде отырған шенеуніктердің рұқсаты болмайынша  ең ақыры мектепке от жағушыны да қабылдай алмайтын дәрежеге жеткен. 

Енді мына бір жайтқа назар аударыңыз, Түркістан қалалық білім бөлімі 100 орындық балабақша ашу үшін 2008 жылдың 17 маусымында А.Сапарбеков деген азаматтан 34 523 000 теңгеге ғимарат сатып алған. Алайда бұл ғимарат облыстық санитарлық-эпидемологиялық қадағалау басқармасының берген қорытындысы бойынша талапқа сай келмейді. Ғимараттың ұйықтайтын, ойнайтын, басқа да бөлмелері белгіленген нормаға сай емес. Сонда білім бөлімі оны не үшін сатып алған?  Бәлкім, бұл да жоғарыдан келген нұсқау шығар.  Ең масқарасы, сот-құрылыс сараптамасы ғимараттың нақты құны 34 523 00 теңге емес 17 976 300 теңге екенін анықтап отыр. Сонда 16 546 300 теңге кімнің қалтасында кетті. Тапсырыс берушінің бе? Қазір Түркістан қалалық білім бөлімінің қызметкерлерінің үстерінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.

Әңгімеміздің басында біз жемқорлыққа жол берген шенеуніктердің партиядан шығарылатынын айтқан едік. Жоғарыдағы  мектеп директорларының, білім бөлімі қызметкерлерінің “Нұр Отаннан”  аластатылатыны сөзсіз (әрине егер олар партия мүшесі болса). Өйткені, бұл шара  тексеру амалдарының ақырын, сот үкімін, шешімін  күтпей-ақ жүзеге асырыла беретін көрінеді. Солай-ақ болсын. Дегенмен  алдымен кімнің айран ішкенін, кімнің шелек жалағанын да  анықтап алу керек шығар. Біздің айтпағымыз, мектептердің үстінен қарап отырған “сүттен ақ, судан таза”  білім бөлімінің меңгерушісі мен қала әкімі мен оның орынбасарының партиялық мәселесі қалай болады? Тасада тұрып тапсырыс берушілер партбилеттерін үстелдің үстіне қоя ма, жоқ па? Бұл сауалдың жауабын төраға Асқар Мырзахметовтың өзіне қалдырдық.

Саяси қуғын-сүргін жылдары ОҚО-да 2500 адам атылған
Жаннета Жазықбаева: «Ауру балалардың ақшасына талас-тартыс туғаны рас»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу