Гитлердің атасы еврей ме?
11-01-2024
ТМД елдерінің арасында алғаш рет ашылған Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай, Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен 2001 жылдың қараша айында ашылды. Бұл республика көлемінде жаппай саяси қуғындауға ұшырағандардың тағдыры жайлы шаңырақ көтерген алғашқы мекеме. Мұражайдың Шымкентте ашылуы кездейсоқтық емес. Облыс орталығына жақын орналасқан Албастысай, Қайтпас елді-мекенінде 1937-1938 жылдары КСРО көшпелі әскери жоғары сотының төрағасы Горячевтің бұйрығымен өлкенің көптеген азаматтары жазықсыз атылған.
Мұражай - киелі мекен, әруақтарды аза тұтып, тағзым ету орны. Оның табалдырығын аттағаннан-ақ, қаралы кезең тарихын көрсеткен экспозиция залын аралаған, көрермен қауымның көз алдына сонау 30-жылдардың адам айтқысыз ауырпалықтары сай сүйегіңді сырқыратып, қуғын-сүргін құрбандарының басынан өткен тарихын айқындайды.
Мұражайдың қақ ортасында орналасқан «Репрессия» деп аталатын мүсінді көргенде сол зұлмат заманның небір сұмдықтарын бастан кешкендей боласың. Бұл мүсін жазықсыз жалған айыппен атылған ер азаматтардың, өз ерлеріне адал аналардың, күнәдан пәк бүлдіршіндердің бейнесі бейнеленген. Елім деп, өз жері, халқы үшін басын бәйгеге тіккен асыл азаматтарымызды «Халық жауы» деп ату жазасына кессе, олардың жарларын «халық жауының әйелдері» ретінде «АЛЖИР» лагерінде 8-10 жылға дейін тұтқында ұстаған. Ештеңені ұқпайтын, ана сүті аузынан кете қоймаған баланы әкесінен өлідей, анасынан тірідей айырып, халық жауларының ұрпағы деп атап, балалар үйіне өткізіп жіберді. Бұл бір жанұяны тарыдай шашқан нәубет жылдарын еске түсірсе, сол мүсінді Алаш азаматтары, Әлихан, Мұстафа, Жүсіпбек, Ахметтер айнала қоршап тұр.
Экспозиция залы қызыл, қара, сұр түстермен өрнектелген. Қызыл түс жазықсыз төгілген қанды, сұр түс НКВД-нің шинелін меңзесе, қара түс – еліміздің басына түскен нәубет қара күнді еске түсіреді.
Мұражайдың басты атрибуттары – голощекиндік «Кіші Қазан» саясатының дүмпуі, яғни, байларды тап ретінде жою, мал-мүлкін тәркілеу арқылы қазақ халқын қолдан ұйымдастырған жұтқа әкеліп тіреу; шаруаларды күштеп ұжымдастыру, бай-батырақтарды жер аудару, өзге ұлт өкілдерін тоығытып әкеліп Қазақстанға қоныстандыру; 1935-1938 жылдары қазақ зиялыларын қуғын-сүргінге салып, атып-азаптап өлтіру; Ең соңғы саяси қуғын-сүргін – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, республика бойынша 25 мың адам ату жазасына кесіліп, 113 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша (ол кезде Әулиеата, Қызылорда мен Оңтүстік бір өлке болған) 7 мың адам тұтқындалып, 2500 адам атылған екен. Өкінішке қарай, бұл тізім күні бүгінге дейін жалғасып, құжаттарды іздестірудің арқасында дерексіз кеткен құрбандар әлі де анықталуда.
Мұражай ашылғалы бері тек облыс көлемінде емес, республика бойынша отаршылдық саясатқа қарсы шығып, ел бостандығы жолында құрбан болған арыстарымызды ардауқтау бағытында жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, биылдың өзінде Ж.Аймауытов пен С.Асфендияровтың туғанына 120 жыл, Қ. Көсеубаев, Ж.Қыстаубаевтың туғанына 110 жыл толуын кең көлемде атап өттік. Жылдың аяғына дейін Т. Рысқұлов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Қожанов, А.Сейітовтің туғанына 115 жыл, М.Тынышбаевқа – 130 жыл, О.Жандосовтың туғанына 110 жыл толуына орай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз.
Мұражай директоры, белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызының бастамасымен мұражай қорын толықтыру үшін Алматы, Астана, Тараз қалаларының мұрағаттарынан көптеген құжаттар жинақталуда. Ең басты жаңалықтардың бірі - Ташкент қаласынан өткен ғасырдың басында жарыққа шығып тұрған «Ақжол» (1920-1925 ж.ж.) газеті мен «Шолпан» (1922-1923 ж.ж.) журналының түпнұсқаларын тауып, көшірмелерін қолға алып отырмыз. Жалпы, қазіргі таңда мұражайымызда 11 мыңнан астам тарихи құжаттар жинақталды.
31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында мұражайда әкімнің қатысуымен митинг өткізіліп, артынан ас беріледі.
Нұржамал Медетбекова,
Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының ғылыми қызметкері