Шымкентте I сортты ұнның қабы 2700 теңгеден сатылуда

Oinet.kz 23-01-2009 1185

Screenshot_2.jpg

Теңгенің девальвацияға түскен алғашқы күндері азық-түлік бағаларының негізсіз көтерілгені байқалды. Мәселен, Шымкенттегі «Оптовик» көтерме сауда орталығында 4 ақпан күні І сортты ұнның қабы 2300 теңгеден саудаланса, араға екі күн салып 2700 теңгеге көтеріліп кетті. Көтерме саналатын «Акбар» базарында да ұн бағасы күндегіден 200 теңгеге, «Қазына» базарында 350 теңгеге қымбат сатылған. Сондай-ақ, осы орталық қоймаларда құс еті орта есеппен 73 теңгеге көтерілсе, сары май 130, маргарин 33, мақта майы 333, күнбағыс майы 350 теңгеге дейін көтерілген. Ал шайдың бағасы бірден аспандап кетті. Мәселен, «Оптовикте» 1 кг. шайдың бағасы 500 теңгеден 950 теңгеге жетті. Бір таңқаларлығы, көтерме бағамен босататын бұл қоймалардағы баға қаладағы қымбат саналатын сауда үйлеріндегі бағадан да асып түскен. Бұл байбаламның арқасында қалта қампайтқысы келген алып-сатарлардың қулық әрекеті болса керек. Жергілікті билік «базардағы бағаның бұрынғы деңгейін ұстап тұру үшін барымызды салып жатырмыз, азық-түлік бағалары қатаң қадағалаудың арқасында қалпына келтірілді» деген мәлімет таратқанымен, кейбір азық-түліктің бағалары бұрынғы, яғни девальвацияға дейінгі бағадан қымбат сатылуда. 

Мәселен, Шымкент қаласындағы ең арзан есептелетін «Қырғы базарда» бір қап ұнның бағасы әлі де 2650-2900 теңге аралығында сатылуда. Дүкендердің өзінде 80 теңгеден аспай келген сүттің бағасы қазір базарда 100 теңгеден, ал 250 теңгеден сатылып келген ірімшік 300 теңгеге көтерілген күйі төмен түспей тұр. 

Әрине, қолында бар тауарды қоймаға тығып қойып, жоқ деп жалған сөйлеген кейбір саудагерлер осы әрекеттері арқылы азық-түлік бағасын қолдан көтеріп жіберген жайттар орын алды. Қазір тауарлар сөрелерде қайтадан  самсап тұр. Бағасы да біршама төмендеген. Дегенмен, қит етсе қолындағының құнын аспандатып жіберетін саудагерлер қолдан ұйымдастырылған байбаламды сәтті пайдаланып, тауарларының бағасын біраз көтеріп алды. Жергілікті билік бағаға қадағалау жасап отырмыз деп қамсыз отырғанымен көзді ала бере көзбояушылыққа салған саудагерлер бәрібір өзіне қолайлы бағаға саудалап, есебін түгендеуін жалғастыруда. Арзандауы ұзаққа созылатын, қымбаттауы бір-ақ күнде көрініс беретін базарлардағы ахуал әзірге осындай құбылмалы күйде. 

Медакадемияның болашағы бұлыңғыр
Коммуналдық қызметтерге ең көп ақша төлейтін - шымкенттіктер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу