Мектепте оқушыларды тамақтандыруға бар-жоғы 120 теңге бөлінген

Oinet.kz 20-10-2011 1015

Ас адамның арқауы. «Аштан ақыл сұрама» деген сөз бекер айтылған деймісіз. Мұны үнемі тоқ, кекірік атып жүргендер ғана білмеуі мүмкін. Атам қазақ он аурудың тоғызы астан демеп пе еді. Мамандардың пікірінше, соңғы он жыл ішінде сапасыз тамақтанудың салдарынан асқазан,ішек ауруы, қаны аздық секілді сырқатқа шалдыққан балалар саны көбейген. Статистикаға сенсек, мектепке дейінгі бүлдіршіндер арасында тірек-қимыл жүйесі патологиялары мен ас қорыту мүшелерінен зардап шегу фактілері алғашқы орындарға шығады. Одан кейінгі орындарда жүйке жүйесі сыр беретіндер жиі кездеседі екен. Мұның ішкен асына тікелей байланысты екенін мамандар жоққа шығармайды. Мектеп жасындағы балаларға зерттеу жасалғанда олардың 60-67 пайызында С витаминінің жетіспеушілігі анықталса, 50-57 пайызында В2 дәруменінің құрамы төмен деңгейде. Әскер қатарына шақырылған жасөспірімдерге тоқталсақ Отан алдындағы борышын өтеуге жарамды жігіттердің қатары сиреп бара жатқаны мемлекет болып қолға алатын мәселеге айналды.   

b31dd5f4328d9bfe1daa57fbc44469b5.jpg

Көрнекі фото

Мұның барлығы неге айтып отырмыз? Елбасы айтып жүрген дені сау ұлтты қалыптастыру балабақшадан бастау алып, мектепте дамығаны тиімді екенін ешкім жоққа шығармас. Батыс елдерінің көпшілігінде мектепке дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын сапалы тамақтандыру мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мәселесімен қатар қойылады. Өте дұрыс. Өйткені, баланы болашағымыз деп қарайтын ел олардың тамақтану мәдениетіне көп көңіл бөледі. Ал бізде ше? Шымкент қаласының мектептерінде оқитын аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалар үшін берілетін тегін ыстық тамақтың құны биыл 120 теңге болып бекітілген. Облыстық білім   басқармасының маманы Айнұр Шерімбеттің айтуынша, аудандарда бұдан да төмен, яғни 100-110 теңге деп белгіленіпті. Бүгінгідей азық-түлік пен жеміс-жидектің, ет, сүт, балық өнімдерінің базардағы бағасы аспандап тұрған кезде бұл қаржыға келетін тамаққа оқушы асқазанын алдандыра алады ма? Бізді мазалаған осы мәселе болып тұр. 

Рас, бүгінде тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардың мектеп жасындағы балаларын сабақ ортасында бір мезгіл ыстық тамақпен қамту мәселесі қолға алынып келеді. Шымкент қаласының өзінде бір мезгіл ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілуі тиіс оқушылардың тізіміне 4340 бала енгізілген. Ал бір балаға берілетін ыстық ас үшін 120 теңге деген қаржы қайдан шыққан?

- Бұл жалпы білім беру қорынан бөлінетін қаржы. Ал 120 теңге деген қаржыны біз ойлап тауып немесе есептеп шығарған жоқпыз. Бұған байланысты  Үкіметтің 2008 жылы шыққан №64 арнайы қаулысы бар. Сол қаулыда білім саласына бөлінген қаражаттың кемінде 1 пайызы жалпы білім беру қорына аударылуы тиіс екендігі көрсетілген. Ол қаржы өз кезегінде балалардың тегін тамағына, киіміне және жазғы демалыс лагерьлеріне тегін жолдама беруге жұмсалады. Ыстық тамаққа бөлінетін қаржы күніне үш рет тамақтандыруға емес тек бір мезгіл, яғни таңғы тамақпен қамтамасыз етуге бөлінеді. Бұл қаулыда атап көрсетілген. Ал ыстық тамақ деген бұл ботқа, жұмсақ тәтті нан, шәй немесе кофе болуы мүмкін, - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы Наталья Котлерова.

- Қаулыда кемінде 1 пайыз деп көрсетілсе, онда ыстық тамаққа деген қаржының көлемін көбейтуге болатын шығар?

- Жалпы білім беру қорынан бөлінетін қаржы көлемін 3 пайызға дейін арттыратын болса әлбетте көбейтуге болады. Ал әзірге бары осы. 

Наталья ханым осындай түсінік береді. Шын мәнінде осы қаражат балалардың сабақ ортасындағы тойынып тамақтануына жетеді ме? Бұған қалалық бюджеттің әр тиынының қайда, не үшін жұмсалып жатқанын бақылап, неге жұмсау керектігін ұсынып, бекітетін халық қалаулылары не дер екен? Олардың да балалары білім алатын болар.

- Күнделікті бала тойып тамақтану үшін шамамен 500 теңгедей керек шығар. Сонда ғана мектеп оқушысының қарны ашпайды. Тамақтың ішінде еті, картобы болуы керек. Ал қазір білесіздер ғой, азық-түліктің бағасы қымбат. Арзан тамақтың құнары болмайды. Менің балам үйден жақсылап тамақтанып шығады, ал мектепте булочка және басқа да жүрек жалғайтын нәрселер алуға деп қолына күнде 200 теңге беремін,- дейді Шымкент қалалық мәслихатының  депутаты Ғани Ташқараев.

- Бала қай жерде болмасын тоқ жүруі тиіс. Негізінде тамақтың құны теңгесінде емес құндылығында ғой. Ал астың құнары артқан сайын оның бағасы да көтеріле беретінін түсіну қиын емес. 120, тіпті, 200 теңгеге бала тоятын тамақ дайындалады деп айта алмаймын. Шындығын айтқанда оқушыларды тамақпен қамту мәселесі үлкен проблемалардың бірі, - дейді Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров.

Иә, депутаттардың  айтып отырғаны дұрыс, бірақ, неліктен осы мәселені сессияда көтермейді екен? Жоқ әлде депутаттар бұл мәселені көтеру үшін міндетті түрде өздерінің ұл-қыздары тегін тамақ ішетін балалардың тізіміне қосылу керек пе? Бәлкім бұл мәселеден хабарсыз да болар. 

Ал біз сайлаған халық қалаулыларының өзге қаладағы әріптестері оқушылар тағамына қатысты қандай амал-шаралар қолданып жүр? Мәселен, Алматы қаласында 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету мақсатында қала қазынасынан  2010 жылы 2 миллиард 363 миллион теңге қаралыпты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15 пайызға жоғары. Алматылық оқушылар үшін былтырғы жылдың өзінде бір күндік ыстық тамағының құны 220 теңге болып белгіленген-ді. Ал Шымкентте былтыр бір баланың ыстық асы үшін жаңылыспасақ 100 теңге бөлінген еді. Айырмашылық екі еседен астам. 

Балаларды ыстық тағаммен қамтамасыз ету бастамасын ең алғаш ұлыбританиялықтар қолданған екен. Дәлірек айтқанда, 1899 жылғы ағылшын-бур соғысынан кейін балаларды сапалы тамақтандыру нақты қолға алынған. Өйткені, осы соғыс барысында әскер қатарына алынған жас жігіттердің әрбір үшіншісінің денсаулығы дімкәс, соғысуға жарамсыз болып шыққан. Осы бастаманың арқасында 1906 жылы әлемде алғаш болып ағылшындар мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету жөнінде мемлекеттік қаулы қабылдаған. Соның арқасында 1950 жылдары мектеп оқушыларының 49 пайызы тегін тамақпен қамтылса, 84 пайызына бір шыны сүт тегін беріліпті. Мұның нәтижесі айқын аңғарылған. Алайда, 1980 жылдары Маргарет Тэтчердің бастамасымен бұл шаруа жеке кәсіпкерлердің құзырына өткізіледі. Осыдан кейін мектеп буфеттерінде шоколад, гамбургер, газдалған сусын секілді заттарды көптеп сата бастаған. Өзгенің қателігінен сабақ алу орнына қайталап отырған біздің мектептердегі асхана, буфеттердегі көрініс қазір дәл осындай. Араға 20 жылдай уақыт салып елде жүрек қан тамырлары аурулары, семіздік секілді дерттер күрт ұлғайып, ұлттың денсаулығына қауіп төнеді. Амал жоқ араға 5 жыл уақыт салып мектеп оқушыларын сапалы да ыстық тағаммен қамтамасыз етуді мемлекет қайта өз қолына алады. Бұл үрдіс әліге дейін үзілген емес. Әлемге билік жүргізгісі келетін Американың өзінде «Мектептегі таңғы ас», «Мектептегі түскі ас» деген бағдарламалар тұрақты жұмыс істейді. Осы мақсатта АҚШ мемлекеті қазынасынан 12 миллиард доллар қаражат шығындайды екен. Есесіне, мұның қайтарымында шек жоқ. Ұрпақтың денсаулығынан артық қандай байлық болуы мүмкін?! 

Салауатты өмір салтын насихаттап, денсаулыққа ерекше назар аударудағы Елбасы саясаты түптеп келгенде дені сау ұрпақ қалыптастыруға бағытталғанын түсіну қиын емес. Алайда, дені сау ұлт қалыптастыру бала-бақшалардан, мектеп оқушыларынан бастау аларына жергілікті билік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.

Айтқандай, бірнеше жылдан бері картоп, пияз, сәбіз секілді азық-түлік сатумен айналысатын бір танысым соңғы жылдары кәсібінің қалдықсыз бизнеске айналғанын айтып, қуанып жүр. Өйткені, базарда нақты ақшаға өте қоймайтын сапасыз, ұсақ картоптарды бала-бақша, мектеп, аурухана секілді әлеуметтік мекемелерді ыстық тамақпен қамтамасыз ететін мердігерлер сыпырып-сиырып алып кетеді екен. Міне, біздің балаларымыз сапасы қандай өнімдерді пайдаланып жүр. Мұның бала денсаулығына кері  әсері зор екені сөзсіз. Бұл бір жағы, ал екінші жағы – ашқұрсақ балаға қаншалықты ақыл қонады? Сонда біз ауру да ақылсыз баланы қолдан жасап алып жатқан жоқпыз ба? Бұл тұтас ұлтқа төнген қауіп.  


Арыстағы жойқын жарылыс. Қателіктің қайталанып жатқаны қалай?
Өлгендердің не жазығы бар еді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу