Құралбай Құрақбайұлы: «Көппен көтерген жүк жеңіл»

Oinet.kz 10-12-2017 1051

Әлбетте, жаңа жоба болғандықтан, осы тақырыпқа қатысты әрқилы ойлар айтылады. Оның үстіне елімізде 90-шы жылдардың екінші жартысында 3 жыл бойы жұмыс істеген сақтандыру қорының сәтсіз тәжірибесі бар. Сол кездері, есіңізде болса, қордың жабылуына байланысты түрлі алып-қашпа сөздер мен теріс ұғымдағы ақпараттар тараған. Әдетте сыни пікірлердің көбірек есте қалып қоятынын ескерсек, қазіргі жобаға байланысты күдіктердің айтылуын түсінуге болатын сияқты. Халық арасында алаңдаушылықтың бары рас. «Жиналған қаржы бұрынғыдай қолды болып кетпей ме? Тағы да қаражат талан-таражға түспей ме?» деген сұрақтардың жиі қойылатынын естіп те, көріп те жүрміз. 

Screenshot_2.jpg  

Негізінде 90-шы жылдардағы сақтандыру қорының төңірегінде келеңсіз жағдайдың орын алғаны рас. Алайда, қордың жабылуына әсер еткен себеп ол емес. Сақтандыру қорының өз жұмысын тоқтатуына 1998 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс ықпалын тигізді. Сол жылдың екінші жартысынан бастап-ақ елдегі кәсіпорындар жаппай жабыла бастады.  1999 жылға қарай зауыттардың табыстары күрт төмендеп, жұмыс орындары азайды. Бұл мемлекеттік қазынаға құйылатын қаржы тапшылығына да әкеп соқты. Жұмыссыздық көбейгендіктен жарна төлейтін база да күрт қысқарып, соған байланысты қор өзінің халық алдындағы міндеттерін орындауға шамасы келмейтіні анық болды. Осыны ескере отырып,  халықаралық қаржы ұйымдарының кеңесіне сүйене отырып, Сақтандыру қорын жабу жайлы шешім қабылданды. 

Негізі, сол уақытта жап-жақсы жұмыс істеп тұрған басқа да осы сияқты ұйымдар болған. Мәселен,  Жол қоры деген ұйым бар еді. Көмек көрсететін Әлеуметтік қор да жұмыс істеген. Жұмыспен қамту қоры дегенді де естіген боларсыз. Солардың барлығы жабылып қалды.  Бір сөзбен айтқанда, сол жылдарда сақтандыру қорының жұмысына ұлттық экономикамыз дайын емес еді. Қазір бұған біздің шамамыз келеді. Бұрынғыдай қаржы талан-таражға түсіп кететінінен де қорқатын түгі жоқ, себебі қазір мемлекет тарапынан   бұған тосқауыл болатын көптеген  инструменттер қолданылып отыр. Қордың қаражатын сақтап, қолды болуына жол бермейтін тетіктер енгізілді, түрлі тексеруші құрылымдар бар.  

Бұл ретте «Жаңа жүйені енгізудің не қажеті бар еді? Халық үшін тегін мемлекеттік медицинадан артық не бар?» деген орынды сұрақ туындайды. Жалпы, жаңа жүйеге ауысқанда әр уақытта осы секілді сұрақтар пайда болады. Әйткенме, халықтың талабы бұрынғыдай емес, жоғарылап келеді. Әлемнің  дамыған елдеріндегідей сапалы медициналық көмек алуға деген ұмтылыс бар. Ал сол дамыған елдер осы деңгейге сақтандыру жүйесі арқылы жетіп отыр. Тереңірек түсіндіре кетейін. Егер бүгінгі күні денсаулық сақтау саласына халықтың көңілі толмай жатса, онда оның түпкі себебі не деп ойланамыз ғой. Ал түпкі себебі сол - денсаулық сақтау саласы қыруар қаражатты талап етеді. Шетелде де денсаулық сақтау саласындағы шығындар бір адам басына шаққанда 3 мың доллардан асып түседі. Бұл дамыған елдерде. Орта деңгейдегі елдерді алатын болсақ, оларда 1000 доллардай. Ал Қазақстанда адам басына шаққандағы шығын көлемі 50 мың теңгенің айналасында. Яғни, 200 долларға да жетпейді. Қаржы тапшы  болса, техникалық база нашар болады, алдыңғы жоғарғы деңгейдегі қондырғыларды, жақсы дәрі-дәрмектерді халыққа қолжетімді түрде жеткізуге шектеулер, кедергілер пайда болады. Сонымен қатар, қаражаттың аздығы дәрігерлердің жаппай біліктілігін арттыруға да, білімін көтеруге де қолбайлау болып шыға келеді. 

Мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы негізгі қажеттіліктерді өтегенімен, медицинаның  дамуын жаңа деңгейге шығаруға жеткіліксіз. Оның үстіне, бәсекелік орта орнамайынша,  денсаулық сақтау саласын ойдағыдай дамыту мүмкін емес. Нарық заманының талаптарына сай әртүрлі деңгейдегі жеке медициналық емханалар көбейіп жатыр. Олардың қондырғылары, дәрігерлерінің біліктілігі күннен күнге дамып, бізден озып келе жатыр. Бірақ, олардың қызметтері түгелге жуық ақылы әрі қымбат. Қарапайым халық емделе алмайды. Міне, сондықтан осы олқылықтардың барлығын жойып, бір жолға салып, жоғарғы деңгейдегі медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру үшін осы жаңа реформаны ұсынып жатырмыз. Яғни, бұл халыққа пайдалы - әрі сапалы, әрі қолжетімді. Оған әрине қосымша қаржы керек. Сол үшін дүниежүзіндегі қалыптасқан ұстаным - бір мемлекет бүкіл дүниенің бәрін мойынана алып жүре алмайды. Ал біз "көппен көтерген жүк жеңіл" дейміз ғой.

Сақтандыру қорының негізгі қағидасы -  бірлескен жауапкершілік. Яғни, қоғамынң әр мүшесі үлес қосады деген сөз. Дегенмен, барлығымызға медициналық көмек бір уақытта керек емес қой. Азаматтар медициналық жәрдемге тек қажеттілік туындағанда жүгінеді. Есесіне көпшіліктің қосқан қаражаты қомақты болғандықтан, жалғыз адамға түсетін қаржылық ауыртпалық анағұрлым жеңілдей түседі. Яғни, жылына әр жүз адамынң орта есеппен 15-і ауруханада ем қабылдайтын болса, қалған 85-і де сол шығынды көтеріседі. Бүгін сенің біреуге көмегің тисе, ертең өзің де жәрдемді сезінесің. Ай сайынғы төленетін жарна мөлшері аса көп емес. Сонда жылына шамамен 15-16 мың теңге шығындалсаң, қиын жағдайға тап болған жағдайда миллион теңгелік медициналық көмек алуға мүмкіндік бар. Мәселен, жығылып қалып, ұршықты ауыстыру керек болады. Ол өте қымбат операция. Қатардағы қарапайым адамның қалтасы көтермейтін шығын. Осындайда сақтандыру қорының көмегі тікелей тимек. 

Құралбай Құрақбайұлы, 

С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің Денсаулық сақтау экономикасы және медициналық сақтандыру кафедрасының меңгерушісі

Болатбек Баймаханов: «Сақтандыру жүйесі медицинаның дамуына септігін тигізеді»
Оқушының сөмкесі мен киімі қандай болуы керек?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу