Жұмыссыз жүрген жастар көп пе, әлде аз ба?

Oinet.kz 14-12-2017 1447

Бүгінде мектеп түлектерінің мамандық алуға деген талпынысы жоғары. Жастардың барлығының дерлік жоғары оқу орнын, кем дегенде колледж бітіргені жөнінде дипломы бар. Ал енді сол жас мамандардың жұмыспен қамтылуы өзекті мәселе. Бұл орайда оқу орындары түлектерінің жұмысқа орналасып жатқаны жөнінде жарнамалап, беделін өсіруді көздесе, ұл-қызының бос жүргеніне алаңдаулы  ата-аналар  да аз емес. Алған мамандығы бойынша емес, «табылған» жұмысқа баруға мәжбүр болатындары қаншама. Мамандықты дұрыс таңдамау да кері әсерін тигізуде.  Осы арада, жұртқа жақсы мәлім, бірақ ресми түрде «жасырын» жатқан бір мәселені айта кетелік. Ол - есеп берудегі сәйкессіздік және кей мекемелер осы арқылы жастарды өтірік айтуға, яғни жұмысқа орналасқаны жөнінде уақытша болса да жалған құжат жинауға мәжбүрлейді. Жас мамандар, әсіресе жоғары оқу орын бітірген, дипломын алу үшін амалсыз тамыр-таныс іздейді. Бәлкім, ересектер бұл сөзімізді жоққа шығарар. Алайда, осылай деуімізге біз әңгімелескен жастардың, замандастарымыздың жанайқайы себеп болып отыр. Жас мамандардың жұмыспен қамтылуына қатысты сауалнаманы алдымен оқу орындары арасында жүргіздік. Ашық пікірін білдіргісі келетін жастар хабарласып жатса, жариялауға дайынбыз. 

Screenshot_25.jpg

Бұл мәселеге алаңдауға себеп те көп. Мысалы, бүгінде жастар арасында жұмыссыздық деңгейі әлемде - 12,5 пайыз. Бұл көрсеткіш жалғасатын болса, 2018 жылға қарай 13 пайызға жетеді екен.  Келер жылдың соңына қарай, жер шарында 75 млн. жас жұмыс іздейтін болады (бұл 2017 жылға қарағанда 3,5 миллионға көп).  Ал, елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайыз. Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда жұмысшы күшінің жалпы саны 8,9 миллион адамға тең, жұмыссыздар саны - 439,2 мың, ал өнімсіз жұмыспен қамтылғандар саны - 296,9 мың. Яғни, елдегі жұмыссыздардың шынайы саны (өнімсіз жұмыспен қамтылғандарды қосқанда) 736,1 мың адамға тең.

Қылмыс –жұмыссыз жастар арасында тамырланатын ұя, себебі күнкөріс көзін таба алмаған жастар оның басқа жолдарын, көбінесе қылмыспен пайда табу жолдарын іздестіруге көшетіні жасырын емес. Кейбір мәліметтерге сүйенетін болсақ, жоғарғы оқу орындары  (ЖОО) мен колледждерде түлектердің жұмысқа тұру көрсеткіші төмен болған жағдайда, мемлекеттік білім грантын қысқартатыны туралы айтылған. Сол себепті оқу орындары бітіруші түлектерден дипломалды тәжірибе кезінде жұмысқа орналасқанын растайтын құжат алып келуді талап ететін көрінеді. Жолғарыда айтып өткеніміздей, дипломды қолдарына алуға асығатын студенттер таныстарын немесе туысқандарын араға салып, жалған жұмыс істейді деген құжатты алып барады. Осы мәліметтер негізінде көптеген жоғары оқу орындары статистика шығаратын көрінеді. Айталық  «Шымкент жоғары медицина колледжі» МКҚК  оқу бөлімінің дерегіне сүйенсек 2015- 2016 жылдарда  оқу орнын 567 студент бітірген.  Оның 370-і  жұмыспен қамтылыпты, яғни 60 пайызы. Ал 2016-2017 оқу жылында 480 түлек тәмәмдапты. Олардың бүгінде 60-сы  жұмыспен қамтылған. Яғни 12,5 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.  Айта кететін жайт, түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәлімет медициналық ұйымдардан анықтамалар алынып, үнемі толықтырылып отырады. Бітірушілердің арасында бала күтімімен декреттік демалыста  отырғандар, жоғары оқу орнына түсіп оқуын жалғастырып  жүргендер де бар.

Бұл бір ғана оқу орнына қатысты дерек. Бұдан басқа да бірқатар оқу орындарының өкілдерімен сөйлесіп көрген едік, кімнің сөзі шындық, кімдікі жалған екенін олардың жауаптарына қарай өздеріңіз саралап ой түйерсіз мәртебелі оқырман! 

Салима Мухитдинова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мансап бөлімі  бастығы  :

- Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша біздің университетті тәмәмдаған түлектер қолдарына диплом алған бойда 50 пайызы тұрақты жұмысқа орналасады. Яғни біздің түлектер жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие.  2016 жылы диплом алған түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші 65 пайызды құраған. Айта кету керек, 4 курста оқитын  студенттеріміздің 10 апталық өндірістік іс-тәжірибе кезінде тұрақты жұмысқа орналасып кететіні қуантады. Сондай-ақ, біз жұмыспен қамту орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Дәлірек айтсақ бос орындар жәрмеңкесін университет қабырғасында жыл сайын өткізіп отырамыз. Студенттер түйіндемелерін алып келіп, жұмысқа орналасып жатады. Республика бойынша мекемелермен байланысқа шығып, бос орындар болып жатса біз студенттерге ұсынамыз. Аурухана мен емхана басшылары біздің медицина факультетінің студенттеріне қызығушылық танытып жұмысқа шақырады. Жалпы, биылғы жылы  түлектеріміздің жұмысқа орналасу жөнінде зейнетақы қорларынан статистика мәліметтеріне сұраныс жолдадық. Нәтижесінде 55 пайызы жұмыспен қамтылғанын көрсетеді. Біз жылдың соңына дейін тағы зерттеу жүргізіп нақты қанша диплом алған түлектеріміздің жұмыссыз жүргенін білетін боламыз.

Марат Мамадияров,Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының кәсіптік бағдар беру, жұмыспен қамту және іс-тәжірибе бөлімінің басшысы:

- ОҚМПИ түлектері бүгінде жұмыспен толықтай қамтылған. Себебі мұғалімдер қашанда сұранысқа ие. Осы тұста айта кететін жайт,  талапкерлер мамандықтарын дұрыс таңдай алмайды. Қарап тұрсаңыз қазір барлығы   экономист, заңгер немесе физика пәнінде мемлекеттік грантқа түсуге мүмкіндік жоғары деп ойлайды. Салғырттықпен қарайтынын байқауға болады. Бұл дұрыс емес. Негізі сұранысқа ие, кадр тапшылығы байқалатын маман иелері болуға шақырамын. Біріншіден, бітірген түлектер жұмысқа орналасып кетеді. Екіншіден, елімізде кейбір салаларда кадр тапшылығы тұтастай жойылады.  Сондықтан мамандық таңдауда жан-жақты зерттеу жүргізіп одан кейін  қандай оқуға түсу жағын таңдауға шақырамын.

Диплом алған түлектеріміздің болашағы бізді алаңдататындықтан біздің оқу ордамыз студенттер білім алып  жүргенде жұмыспен қамтамасыз етуге  жағдай жасайды. Мәселен, біз студенттерімізге бірнеше бағдарламаларды ұсынамыз.  Еліміздің солтүстік өңіріндегі бос жұмыс орындарын студенттерге  4 курс кезінде көрсетеміз. Егер студент келіскен жағдайда біз екі жақты  келісімге келіп диплом алған түлегімізді солтүстікке жібереміз.  Ауылдық квота грантымен білім алған студент  міндетті түрде ауылда 2-3 жыл жұмыс істеу керек. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Біз білім саласындағы мекемелерден бос орындардың тізімін алып келісімшарт  негізінде жұмыс істейміз. Бос орындар тізімін әр факультеттің қабырғасына іліп қоямыз. Okmpi.kz  сайтында еліміздегі  бос орындар, жұмысқа кірген кезде психологиялық қолдау, кеңестер  сайтта көрсетілген. Ал диплом алған 2017 жылы түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.  Бұл статистика  сұраныс хаттарға негізделген.  

Айсұлу Шалкеева, Қазақстан инженерлі педагогикалық  Халықтар достығы университетінің маманы: 

- Біздің университет мекемелермен арнайы келісім шартқа отырған. Келісім шарт негізінде бітірген түлектеріміз жұмысқа орналасып жатады. Мәселен, «ПетроҚазақстан ОйлПродактс» ЖШС-і  мекемесінде  7 түлегіміз жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, «Сити Инжинеринг» ЖШС құрылыс компаниясында 6 маманымыз, университетіміздің өзінде  11 түлегіміз жұмыспен қамтылып отыр. Ал  өз мамандықтары бойынша  диплом алған 965студент  әр түрлі мекемелерде жұмыс істеуде. Жалпы статистикаға көз жүгіртетін болсақ, жұмыспен 2014-2015 жылдары бітірген түлектеріміздің 53,5 пайызы қамтылса, 2015-2016 жылдары 55,4 пайыз, 2016-2017 жылдары бұл көрсеткіш артып 77,2 пайызды құрап отыр. 

Жұмаділлә Оразалы, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі  директорының оқу-өндірістік практика жөніндегі орынбасары: 

- Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжін  2016-2017 оқу жылында 533 студент бітірді. Оның ішінде 489 түлек толықтай жұмыспен қамтылып отыр. Атап айтсақ, 62 студент мемлекеттік қызметте, 427 түлегіміз жекеменшік нысандарда жұмыспен қамтылған. Студенттердің зейнетақы қорларына ай сайын салым түсіп жатыр, яғни заңды түрде жұмыс істеп келеді.  Биыл жоғары оқу орнына түсіп білімін жалғастырған 12 студентіміз бар. Сондай-ақ, әскерге кеткен 2 студент тіркелген. Ал жалпы жұмыссыз жүргендер 25. 

Асылбек Асқар, Шымкент аграрлық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

- Қазіргі таңда оқу орнымызда  14 мамандық бойынша білім беріледі, соның  ішінде  4 мамандыққа сұраныс көп. Олар «Орман шаруашылығы, бақ-саябақ және ландшафт құрылысы»  сонымен қатар,  «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ветеринария», «Тамақтандыру кәсіпорындарының өнім өндіру технологиясы және оны ұйымдастыру»  мамандықтарына сұраныс жоғары. Шаруа қожалықтары ауданға, ал аудандар облыс әкімдігіне мамандықтарға сұраныс жібереді. Біздің колледж сол сұраныстарға негізделіп, кадр дайындайды. Сондықтан оқу орнымыздағы түлектер жұмыс іздеуден қиындық көрмейді. Биыл колледжімізді  253 студент тәмәмдады. Олардың 92 пайызды толықтай жұмыспен қамтылған. 

Дана Сүлейменова

Алаңда болған көп қыз-жігіттердің тағдыры әлі күнге белгісіз
Нұркен Бегулиев: «Кәсіпкерлер индустриалды аймақтар бар-жоғын да білмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу